Жаңалықтар

“ШАҺНАМАНЫ” ЖЫРЛАҒАН

ашық дереккөзі

“ШАҺНАМАНЫ” ЖЫРЛАҒАН

Сердалы деген кiм?

Бiз бүгiн оқырман қауымды осы күнге дейiн есiмi ескерусiз келе жатқан, Шығыс шайырларын оқып, көркем тiлмен қазақша аударып, насихаттаған ақын Шөбеков Сердалы Мырзалыұлы жайында таныстыра кетудi парыз санадық. Айтылып отырған тұлға жайында бұрын арнайы бiрде-бiр зерттеу жүргiзiлмеген, жеке басына арналған бiрде-бiр мақала жазылмаған.

Сердалы Мырзалыұлы (ХIХ ғ.) бұрынғы Көкшетау уезi, Мезгiл болысында дүниеге келген. Қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысы, Айыртау ауданының жерi. Зираты белгiсiз. Бiрақ қазақ дәстүрi бойынша мәйiттi туған жерiне немесе аталары жатқан жерге қойған. Оны айтып отырған себебiм, Сердалы Айыртау ауданындағы Кiшi Қоскөл деген жерде туса керек. Ал аталары, оның iшiнде Байсарының моласы осы аудандағы Карасевка ауылындағы Ақтөбе деп аталатын жерде жатыр. Ауыл аумағында және Сердалының үлкен ұлы Мәмбетәлiнiң де зираты орналасқан. Бiр жылдары тiптi осы зираттардың үстiнде геологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлiп, елдiң айтуынша, сол жерден бас сүйектер табылыпты. Молаларда еш белгi жоқ. Яғни бұдан қорытатынымыз, ақынның зираты Кiшi Қоскөлде немесе Карасевка ауылы маңында. Ол өз заманына сай көзi ашық, парсы-араб тiлдерiнен хабары бар, қисса-жырларды көп оқыған, атақты ақындармен пiкiрлес болған, аймағына аты шыққан бай болыпты. Шыққан тегi – арғынның жетi момынына жататын қарауыл, оның iшiнде есенбай-шұңғыршасы. Аталары Байсары мен Шөбек – елге танымал, билiкке араласқан адамдар екен. Хан ордасымен де қарым-қатынаста болған. Мысалға Сәбит Мұқановтың "Аққан жұлдыз" романында: "Байсары да, Шөбек те Айғаныммен дос-жар екен. Олар жаз – бiр, күз – бiр, қыс – бiр үйiне қонаққа шақырып, сыбағасын жегiзедi екен". Бұл жердегi Айғаным – Орта жүздiң соңғы ханы Уәли ханның жары, яғни ханшайым, Шоқанның туған әжесi. Шөбек талай рет болыс, би болып, хорунжи атағын алған. 1855 жылы I Николайдың азасына, II Александрдың таққа отыру рәсiмiне шақырылған 8 сiбiрлiк қазақтың бiрi. Мырзалының алты ұлы болған: үлкен ұлы – Сердалы, одан кейiнгiлерi – Сералы, Баялы, Жаналы, Мұқанәлi, Нұралы. Мырзалының аталған ұрпақтары да ел басқаруға араласқан, әсiресе Жаналысы мен Баялысы. Сердалының Мәмбетәлi, Абдол, Жәмшит, Паридон деген ұлдары болған.

Тортай Садуақасовтың "Ел мен Жер" атты деректi кiтабында мынадай мәлiмет келтiрiледi: "Мәмбетәлi Бурабай төңiрегiндегi Бағыс iшiнде Әйтiмбет атасына жататын атақты Қожағұл бидiң жиенi", – делiнедi, яғни Сердалы Қожағұл бидiң туған күйеу баласы болып шығады.

Бiз материалдар жинау барысында бiрнеше қиындықтарға тап болдық, жоғарыда айтып кеткенiмiздей: бiрiншiден, бiрден-бiр зерттеу жұмысының жүргiзiлмегендiгi, екiншiден, тiкелей архив құжаттарының жоқтығы. Бiрақ қолымызда қазiр Сердалының "Қисса-и Рүстем" атты еңбегi, бiрнеше жанама деректер, сонан соң кейбiр еңбектердiң iшiнде айтылып отырған тұлғамызға байланысты кездесетiн ойлар мен тұжырымдар, естелiктер бар. Бiздер iзденiсiмiздi алдымен бұрынғы 12 томдық "Қазақ Совет энциклопедиясынан" бастап едiк, бiрақ өзiмiз де ойлағандай оның есiмi еңбекке енбептi. Энциклопедияның тоғызыншы томындағы "Рүстем-дастан" атты мақаладан мынандай сөйлемдi байқаймыз: "Шаһнаманың" кейбiр тараулары революциядан бұрын да Ораз молданың, Сердалының, Мұхаметжан Сералиннiң, Жүсiпбек Қожа Шайхыисламовтың аударуымен жарық көрген болатын", – деген жалғыз жол кездеседi. Бiрақ ол Сердалы жайында кiшкене де болсын бiлгiсi келген оқырманның сұранысын қанағаттандырмайтындығы анық. Ол қашан туды, қай жердiң тумасы, қандай еңбектерi бар деген сұрақтарға жауап табу қиын. Ал, ендi энциклопедиядағы "Рүстем-дастан" Ораз молдадан кейiн, келтiрiлiп жазылған, бiздердiң байқауымызша, рет-ретiмен жазылып отырған авторлардың аттары хронологиялық тiзбекпен жазылған. Одан Сердалы қазақ топырағында қызылордалық Ораз молдадан кейiн екiншi болып Фирдоусидiң атақты "Шахнамасын" аударған ақын болып шығады. Бұл жайында "Қазақ әдебиетiнiң тарихының" екiншi томының екiншi кiтабында былай делiнедi: "Ораздан 50-60 жылдан кейiн, яғни ХIХ ғасырдың соңғы кезiнде бұл әйгiлi шығарманың ("Шаһнаманың" – С.Б.) қазақ топырағында екiншi аудармасы жасалды. Мұны жазған Көкшетау төңiрегiнде туған белгiлi ақын Сердалы Мырзалыұлы". Дәл осы жерде бiрнеше мәселелер туындайды. Ең бiрiншi, Ораз молда деген кiм? Қай дәуiрде өмiр сүрдi? "Шаһнаманы" қалай аударды? Бұл сұрақтар және Сердалыға да байланысты. Сонымен "Қазақ Совет энциклопедиясы" не дейдi: "Молда Ораз (Ораз молда) Жүсiпұлы (1814, қазiргi Қызылорда обл., Сырдария ауд., –1868, сонда, Қатыкөл) – қазақ ақыны, "Шаһнаманы" парсы тiлiнен қазақ тiлiне бiрiншi аударушы", – дей келiп, – "ақынның өз шығармалары мен "Шаһнамадан" аудармасы баспа бетiнде жарық көрмеген. "Шаһнамадан" аудармасы (қолжазба) 1934 ж. табылды. Қазiр ҚазССР ҒА-ның Орталық ғылыми кiтапханасында (папка №1187) сақтаулы…". Осы жерде "Қазақ әдебиетiнiң тарихына" көңiл бөлiп қарасақ: "ХVIII ғасыр мен ХIХ ғасыр арасында өмiр сүрген Ораз ақын – "Шаһнаманың" алғашқы аударушысы.

…Ақынның (Ораз молда – С.Б.) бұл еңбегi өлеңмен емес, бастан-аяқ прозамен жазылған. Дегенмен де оның ақындық аршынын аңғартар ара-тұра бәйiт өлең жолдары кездеседi. Шығарма тiлi – негiзiнен шағатайша. Тәлiм-тәрбиенi араб, парсы, түрiк тiлiндегi кiтаптардан алғандықтан және қазақта баспахана жоқ болғандықтан, оның үстiне кiтап қылып бастыруды ниет еткен Ораз ақын, бұл еңбегiн өз ана тiлi – қазақ тiлiнде жазбай, шағатайша жазып шыққан", – деп келедi. Келтiрiлген екi мәлiметте байқап отырғандай, бiрнеше сәйкессiздiктердi байқауға болады. Бiрiншiсi, шығарма энциклопедияда айтылғандай қазақ тiлiнде емес, шағатай тiлiнде және өлеңмен емес, прозамен, яғни қара сөзбен жазылған және баспа болып шықпаған. Ал ендi "Қазақ әдебиетiнiң тарихынан" энциклопедиядағы мәлiмет нақтырақ, яғни Ораз молда – ХVIII ғасырда өмiр сүрмеген, ХIХ ғасырдың (1814-1868) ақыны. Ораз ақынның еңбегi шағатайша жазылғандығы турасында "Қазақ әдебиетiнiң тарихынан" алып мынадай дәлел ұсынсақ: "Қолжазбаның кiрiспе бөлiмiнде керемет iстi атқаруға қол ұрып, бел байлап отырғанын ақын былайша бiлдiредi: "Бу дебочани қолидан келганша турки лабсига алгани, оқиған уа бираулардан дұға-ғайыр умит қилғани, кәраганда нәпси аураси болгани, мұндағ кәттә ишка қол урган молла Ораз Мұхаммед ғариб", – деп келедi. Жаппас руынан шыққан Өткелбай деген кiсiнiң айтуынша, ақын өз еңбегiне 54 жасында кiрiскен екен. Ол дегенiмiз – 1868 жылға сайма-сай, өздерiңiз де байқағандарыңыздай, жоғарыдағы мәлiметте көрсетiлгендей, Ораз молда дәл осы жылы қайтқан, сонда ақын көлемдi (450 бет) поэманы бiр жылда, тiптi мүмкiн бiрнеше айда жазып тастады ма деген ой туындайды немесе келтiрiлген мәлiметтер қате. Мұхаметжан Сералиннiң "Айқап" журналында "Шаһнаманың" "Рүстем-Зораб" бөлiмiн орысшадан аударып шығарғанда, өзi жазған алғы сөзiнде ("Сөз басы") мынадай мәлiмет келтiрiледi: "Мұнан жиырма-жиырма бес жыл бұрын Ақмешiт (Перовский) шаһарында Молда Ораз деген бiр найман "Шаһнаманы" қазақшаға аударған екен. Баспа болып шыққан-шықпағанын бiле алмадым", – дейдi. Мұхаметжан Сералин де Ораз молданың туындысы баспа болып шыққан-шықпағанын бiлмейдi. Бiрақ Ә.Қоңыратбаевтың "Қазақтың "Қозы-Көрпеш" жыры туралы" атты кiтабының соңында библиографиялық тiзiмде қызықты сiлтемелер келтiредi. Онда: "107. Сердалы ақын. Қисса Рүстем дастан. Қазан. 1888", "112. Ораз молда. Шаһ-Нама. Ташкент. 1886", – деп көрсетедi. Ал ендi М.Сералиннiң "жиырма-жиырма бес жыл бұрын" деген жерiне оралсақ, "Рүстем-Зораб" "Қазақ әдебиетiнiң тарихы" кiтабында көрсетiлгендей, "Айқап" журналында 1914, 1915 жылдары (1914, №22, 23, 24; 1915 №2, 3, 4,5,9) басылған делiнедi. Бiздiң қолымызда – "Айқаптың" жинағы. Онда М.Сералиннiң аудармасы 1913 жылғы бөлiмiнде келтiрiлген. Мәселе бiр-екi жылда емес, байқағанымыздай, М.Сералин "жиырма-жиырма бес" деп тек шартты түрде ғана алып отыр, ол тiптi отыз жыл бұрын да болуы мүмкiн. Бiрақ соның өзiнде Ораз молданың аудармасы сексенiншi жылдардан ары аспайды. Бiздiң ойымызша, Ә.Қоңыратбаевтың библиографиялық тiзiмiнде келтiрiлген мәлiметтер шындық болса, онда М.Сералиннiң Ораз молданың еңбегi туралы естiгенi Ташкентте басылып шыққан кiтабы болса керек, себебi көрсетiлген жылдар соған саяды. Бiрақ ашып көрсеткенiмiздей, ғалымдардың денi Ораз ақынның туындысы баспа болып шыққан жоқ дегендi құптап отыр. Сердалыға келетiн болсақ, "Қазақтың "Қозы-Көрпеш" жыры туралы" кiтабында келтiрiлген тiзiмде оның (Сердалының – С.Б.) еңбегi "Қисса Рүстем-дастан" делiнiптi және де 1888 жылы шыққан деп көрсетуi ойланарлық жайт. Бiздiң пайымдауымызша, Ә.Қоңыратбаев не қателеседi, не Сердалының дастаны екi рет баспаланған. Яғни алғашқы аты библиографиялық тiзiмдегiдей. Бiрақ мұны шындық деп толық айта алмаймыз, себебi "Қисса-и Рүстем" жырының соңғы беттерiнде мынадай жолдар кездеседi:

…Алла бұ Рүстем тәмам болды,

Бiздей ғарiп жанменен әлем толды.

Бiр мың үш жүз он сегiз хижриада,

Жетiншi ноябрьда тамам болды, – дейдi. Сонан соң ең соңғы сөйлемдерiнде тағы да:

Бiр мың үш жүз он сегiз хижриада

Жамағат тәмам болды мiне сөзiм, – деп қисса аяқталады. 1318 жыл миладиға ауыстырғанда 1899 (1901) жылға келедi. Сондықтан автор өз еңбегiн жазбай тұрып 1888 жылы баспадан шығуы мүмкiн емес, ал қателесiп келтiрiлген дастан аттары мен жыл да ел арасындағы бiр аңызға сүйенiп, жазылып кетсе керек.

Қайткенмен де, Ораз молда Жүсiпұлы жайында әлi де толық, арнайы зерттеулердi қажет ететiн сияқты. Жоғарыда келтiрiлген таңдаулардан қорытатынымыз: бiрiншi, "Шаһнаманың" тұңғыш деген аудармасы қазақ тiлiнде емес, екiншiден, өлең түрiнде емес, ол прозамен жазылған, үшiншiден, баспа болып жарияланбаған. Ә.Қоңыратбаевтың библиографиялық тiзiмiндегi мәлiмет дәлелiн таппаса да, болашақта ашыла жатар деген үмiттемiз. Сердалының аудармасына көңiл бөлсек, бiрiншiден, ол қазақ тiлiнде жазған, екiншiден, өлең түрiнде, үшiншiден, баспа болып шыққан. Бiрақ Ораз молдадан бiр айырмашылығы, ақын түгел "Шаһнаманы" емес, ол поэма iшiндегi "Рүстем дастанын" ғана аударған. Сондықтан да Сердалыны әлем классикасына айналған "Шаһнаманы" (толық болмаса да) өлең түрiнде қазақ тiлiне тұңғыш аударушы десек те болатын сияқты. Осы жерде бiз бiр мәселенiң бетiн ашып кеткендi жөн көрiп отырмыз. Қазақ сахарасында "Шаһнама" поэмасы бұрыннан белгiлi болғаны және кейбiр ақындар жатқа айтқандығын көптеген деректер дәлелдеп отыр. Мысалға "Трагедия и прозрение" деген кiтаптағы "Ыбырай Сандыбаев (1858-1930)" деген қазақ тiлiнде берiлген мақалада мынадай мәлiмет кездеседi: "Ыбырайдың әкесiнiң ағасы Әбiле дiни оқуды көп оқыған, сөзге жүйрiк шешен, әрi оюшы шебер болған. Ол өз дәуiрiнде шығыстың классик ақын-жыршыларының шығармаларын, "Шахнама" сияқты эпостарын жатқа бiлген", – дейдi. Бұл тек бiр мысал ғана, ал қазақ сахарасында талай "Шаһнаманың" жыршысы табылатын сияқты. Сондықтан да Ораз молданы да, Сердалыны да бiрiншi аудармашылары емес, ал қағаз бетiне алғашқы түсiрушiлер, бiр жүйеге келтiрушiлер ретiнде олардан бұрынғыларға қиянат жасамай, осылай қабылдағанымыз дұрыс болар. Сердалының өзi "Қисса-и Рүстемiнде" былай дейдi:

Азғанбайдан жазғанмын екi жылдай,

Жазушы ем күнi-түнi дамыл таппай, – дегенiне қарап ой түйетiн болсақ, ақын дастанда Азғанбай деген адамнан естiп, өлең түрiнде жазып шыққан көрiнедi. Осы жерде және қорытатынымыз, Сердалы қиссаны түпнұсқадан емес, бiреудiң аузынан естiп, қағаз бетiне түсiрсе керек. Бiрақ жазып шыққан туындысының өзi алтын қорымыздан көрнектi орын алып, әдебиетiмiзге үлкен үлес қосып, зор еңбек сiңiргенi – бiздер үшiн мақтаныш.

Ендiгi кезекте ақынның шығармашылығына тоқтала кетсек. Ең бiрiншi "Мен Ақан серiнi көрдiм" деген деректi мақалаға көңiл бөлсек, оның авторы – Сердалының туған құда баласы Хамит Тiлеубаев. Бiз естелiгiнде Сердалыға байланысты жерлердi толық келтiрiп кетудi жөн көрiп отырмыз. Себебi жоғарыда айтқанымыздай, ақынға байланысты мәлiметтер жоқтың қасы, сондықтан бiрден-бiр қолда бар дерегiмiз – осы. Онда былай делiнедi: "Ақан өмiрiмен хабардар болуымның тағы да бiр себебi, менiң үлкен апамды Қарауыл iшiнде Сердалының ұлы Жәмшитке ұзатты. Ал Сердалы (Мырзалының үлкен баласы) Ақанмен тұстас, әрi қоныстас, заманында бiлiктi, қисса-жырлар жазып, "Шаһнаманы" аударған адам. "Салсал" мен "Зарқұмды" аударып, Қазан баспасына жiбергенде, оларды Мәулiкей дейтiн бiреу пайдаланып кетсе керек. Содан кейiн Сердалы "Рүстем Дастанды" қолға алады. Бұл жырды бастарында ол былай дейдi:

Жәрдем бер тiл, жағыма бiр Құдайым,

Шаттық бер, екi дүние қылма уайым,

Жамиғат, құлақ салып тыңдасаңыз

Хикаят Рүстемнен сөз қылайын.

Бұрын жаздым "Зарқұмдай" асыл затты,

Оларды жұрт естiп, дәмiн татты.

Бұл өлеңiм Қазанда баспа болып,

Шығыпты бiр Мәулiкей деген атты, – деп келiп, ақынның балалары жайында айтып кетедi. Бұл жерде бiзге белгiлiсi "Шаһнаманы" аударғаны, ал ендi Сердалының басқа да еңбектерi бар екендiгi қызықтыратын жайт және ол туындыларын басқа бiреу иеленiп кеткендiгi жайында үзiндiде анық байқалып, басқа бiр мәселенi тудырып отыр.

Сонымен Хамит Тiлеубаевтың айтуынша, ақын "Салсал" мен "Зарқұмды" аударған көрiнедi, бұған қарағанда Сердалы қазақ әдебиетiнде өзiндiк орны бар ақын деп айтсақ, қателеспейтiн шығармыз. Бiрақ анық бағасын халықтың өзi бере жатар. Жоғарыда айтылған Мәулiкей деген кiм? Бұл сұраққа Әбен Сатыбалдиев былай жауап бередi: "Мәулiкей (немесе Мүлкәй) Юмашиков – қазақтың әдеби мұраларын жинап-терiп бастырып шығаруға көп еңбек сiңiрген адам. Бiз оның қолымен өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарынан бастап, революция тұсына дейiн қазақ тiлiндегi қырыққа жуық қиссалардың Қазанда басылып шыққанын бiлемiз. Мәселен халық арасына көп тараған атақты "Дариға қыз", "Тамимдар", "Жұм-жұма", "Сал-сал", "Сейт-Батталғазы", "Тақаба", "Қарабек", "Наушарбан" деген қиссалар осы Мәуликәйдiң қолымен шыққан. Осылардың көбiнде ол өлеңмен кiрiспе жазып, өзi туралы немесе бұл қиссаны қалай тапқандығы туралы мәлiметтер бередi, кейде "дүние жалған" жайын толғап, дiни уағыздарға да түсiп кетедi, – дей келе "Сал-сал" жайында, – "Ал "Сал-сал" дейтiн қиссаның кiрiспесiнде Мәуликәй өзiнiң бұл қиссаны iздеп ұзақ сапар шеккенiн, әуелi Тюменьге барып, одан таба алмаған соң, пароходпен он бес күн жүрiп, Омскiге келгенiн баяндайды. Тағы да бiр жерiнде ол Тасеке дейтiн бiреудiң үйiнде қонып жатып, қиссаны бiр ақынның аузынан жазып алғандығын айтады. Бiрақ ол ақынның аты-жөнi кiм екенiн айтпаған", – дейдi. Байқап отырғанымыздай, Мәулiкей дегенiмiз – қазақ сахарасында жүрiп, көптеген жыр-дастандарды жинап, қағаз бетiне түсiрiп, кiтап қылып шығарып, қазақ әдебиетiне еңбегiн сiңiрген фольклорист екен. Бiрақ "тура биде туған жоқ" демекшi, бiздер "Сал-Сал" мен "Зарқұмды" (Мәулiкейдiң қырыққа жуық шығарған қиссаларының iшiнде "Зарқұм" да бар) төл иесiне қайтаруды мақсат тұтқандықтан, кейбiр жайттарды ашуымызға тура келедi. Сердалы өз дастанында еңбегiнiң басқа бiреудiң есiмiмен шыққанына кейiп:

Мен жаздым деп қиссаға қол қойыпты,

Бiр Мәулiкей деген есер ноғай,

Бұл Рүстем Зарқұмдай Қазан барса,

Салсал мен екеуi баспаланса

Ноғай сөзi өлеңге келмейдi

Тiлi бөтен шығады миға салса.

Келтiрiлген үзiндiде ақын "Рүстем" мен "Сал-Салды" баспаға жiбермекшi, бiздерге белгiлiдей Мәулiкей "Зарқұм" мен "Сал-Салды" бiрге қоса жазып әкеткен (төмендегi үзiндiге назар аударсаңыз), сонда ақын не себептен "Рүстеммен" бiрге "Сал-Салды" жiбермекшi деген ой туады. Бiздiң ойымызша, Сердалыдан Мәулiкей "Сал-Салды" Айыртауда жатып, өзi қағаз бетiне түсiрген, сонан соң қалада кiтап қылып шығарған. Ал ақынның және қолжазбасы бар емес пе? Мiнекей, Сердалы қолында қалған қолжазбаны Қазанға "Рүстеммен" қоса жiбермекшi. Сердалы жырда былай дейдi:

Озар болса тағы да баспаға енер,

Нағылып өлең қылмай жасырайын.

Яғни, ақын "тағы да" деп "Сал-Сал" жайында айтып отырған секiлдi, себебi, "Рүстем дастан" бұрын жарияланбаған. Бұдан қорытатынымыз, Сердалы "Сал-сал" жарияланғанымен де, өз атынан қайта жiберсе керек.

Ал "Сал-Сал" жайында Мәулiкей қиссаны көп iздеп Тюменге барғандығын, соңынан Омскiге келiп, Тасеке дейтiн адамның үйiнде жатып, бiр ақыннан қиссаны жазып алғандығын баян етедi. Бiрақ та ақынның есiмiн жазбапты. Сердалының дастанына үңiлсек:

Мәулiкей бай бұнда үш жыл тұрған,

Өлең қылған Зарқұмды, сонда көрген.

Шу мен Тобыл, Троицк бәрiн қыдырып,

"Зарқұм" мен "Салсалды" баспа қылған.

Бұл өлеңге Сердалы басайын атын,

Көрiнсiн тыңдағанға жақсы затың.

Мәулiкейдiң аруағын бiр қашырдым,

Рүстемнiң ендi жазайын хикаятын, – дейдi. Яғни Сердалы да Мәулiкейдiң көп жердi аралап, соңында "Зарқұм" мен "Сал-Салды" содан жазып әкеткенге ұқсайды. Омск немесе Омбы қаласы Ақмоланың (1895-1918), Сiбiр казак әскерiнiң (1808-1917), Батыс Сiбiр (1824-82) және Дала генерал-губернаторлығының әкiмшiлiк орталығы болғаны белгiлi. Сердалы елi осы аймақтарда орналасқан. Сондықтан да Омск деп тек қаланың аты емес, сонымен қатар оған қараған жерлердi де солай атаған. Мәулекей Омск деп қаланы емес, соған қараған аймақты яғни қазiргi Айыртау жерлерiн атап, ал сол "есiмсiз" ақын Сердалы болуы әбден мүмкiн. Содан кейiн Сердалы "Рүстем дастанды" аударып, 1901 жылы Қазанда "Қисса-и Рүстем" деген атпен бастырып шығарады. Сердалы еңбегiнiң кiрiспесi ретiнде өлеңмен сонау Адам Ата мен Хауа Анадан бастап пайғамбарлар жайлы, халифалар мен сахабалар, имамдар мен әулиелер жайында толғанып, олардың қанша ұлы адамдар болса да, өлiмдi жеңе алмағанын баян етедi.

"Ажал келiп жөнелген пайғамбарлар,

Тағы да отыз үш мың сахабалар

Абу Бәкiр, Омар менен Осман, Әли

Хасан, Хусейн және өттi шахзадалар.

Бұлардан соң төрт имам тағы да өттi,

Бiздерге имам Ағзам дiн түзеттi.

Қожа Ахмет Йассауи әулиелер

Рухтары бұ күнге шейiн бiздердi сүйер.

Осындай сарынмен келiп өз қоғамындағы ел жақсыларының да қатары азайып, өзi де бiраз жасқа келгендiгiн мына жолдардан аңғартады:

Күн күнде кетiп жатыр жақсы-жаман

Бiзде келiп тұрмыз жол аузына, – деп жырлайды. Қиссаның соңында Сердалы "Қисса-и Рүстемнiң" авторы ма деген дау туындайды. Оған себеп жырдың соңында жазылған мына жолдар болып отыр:

Мұны жазған молла Хасен менiң атым,

Өзiм өлсем, өлмейдi жазған хатым.

Фазыл iнiм қалаға бара қалсаң,

Жiбергiн баспашыға аманатым

Бұ Рүстем тәмам болды қолыңа ал,

Бiр Құдаға тапсырып поштаға сал, – дейдi. Сонан соң ең соңғы сөйлемдерiнде тағы да:

Аманат баспашыға мына сөзiм,

Тапсырған бұл Фазылға үшбу кезiм.

Мешжанда мен Хасен ноғай затым

Қырғызда моллакамда тұрдым өзiм.

Бiр мың үш жүз он сегiз хижриада

Жамағат тәмам болды мiне сөзiм, – деп қисса аяқталады.

Келтiрiлген үзiндiлерден Хасен "Қисса-и Рүстем" авторы болып тұр. Әбен Сатыбалдиев осы жолдармен танысқаннан кейiн мынадай тұжырымдарға келген екен: "…өзiнiң қолы қысқа екенiн, сондықтан бастыртуға шамасы келмейтiнiн айтып, әлгi Фазыл деген кiсiден көмек сұрайды.

Демек, бұл дастанның Тобыл маңынан шыққан Хасен молда жасаған тағы бiр аударма нұсқасы бар. Бұл сияқты нұсқалар, iздей берсе, әлi көптеп табылуы да мүмкiн, – деп келiп, – "Сал-Сал" мен "Зарқұм" дейтiн қиссаны Мәуликәйдiң пайдаланып кеткендiгi туралы нақ осы дау жоғарыдағы Хасен молда аудармасынан да шыға келдi. Бiрақ онда Хасен молда Мәуликәйдi Сердалының аудармасын пайдаланып кеттi деп айыптамайды, "Сал-Сал" мен "Зарқұмды" өзiм қисса етiп жазып едiм, соны Қазан жiберсем, Мәулiкәй дейтiн бiреу өз атын қойып шығарыпты" деп ренжидi". Бiрiншiден, Ә.Сатыбалдиевтiң қай жерден қателескенiн аңдап көрсек, алғашқы қателiк негiзiнен Қазан баспасынан немесе Сердалының өзiнен кеткен, олар кiтаптың сыртына және бiрiншi бетiне дастанның атын жазғанымен, автордың атын жазбаған. Яғни тұңғыш рет қиссаны қолға алған адамға еңбек иесiз болып көрiнедi. Сонан соң дастанның iшiнде Сердалының есiмi бiр-ақ рет ұшырасады. Ал, жырдың соңында Хасен молданың аты автор ретiнде бiрнеше жерде кездеседi, сондықтан да оқып отырған адам әбден шатасуы мүмкiн. Әбен ағамыздың да қателескен жерi осы болса керек. Мақаламыздың басынан Сердалыны "Қисса-и Рүстемнiң" иесi деп таныстырып келiп, не себептен оның туындысында тағы бiр автор жүр деген сұрақ туындаған шығар. Оған жауапты "Қазақ әдебиетiнiң тарихынан" бергендi жөн көрдiк: "Кейбiр әдебиет зерттеушiлерi Сердалының бұл аудармасы Құсайындiкi (Хасендiкi – С.Б.) деп шатастырып жүр. Шынында, Құсайын аудармашы емес, Сердалы еңбегiн кiтап қып бастырушы, көшiрушi ғана. Қолжазбаны өз қолымен көшiрiп, Қазанға жiберген Құсайын кiтаптың соңына өз атын қосқан…

Революцияға дейiнгi басылған қазақ кiтаптарының көпшiлiгiне тән нәрсе – бастырушы, жинаушы адам екiншi автор болып, оның аты кiтапта қосарланып жүретiн әдетi бар. Сондықтан "мұны жазған" деген бiр сөзге сүйенiп, бұл кiтапқа Құсайынды ие етсек, онда Сердалыға қиянат жасаған боламыз", – дейдi. Бұған бiздердiң алып қосарымыз жоқ.

Қорыта айтқанда, тәуелсiз елдiң тарихы бүгiнгi күнi ешкiмге жалтақтамай жазылуы керектiгiн айтпаса болады. Ақиқатты байрақ етiп ұстап, бұрын атын да атауға рұқсат етiлмеген саңлақтарымыздың жарқын есiмдерiн туған халқымен қауыштыру – бүгiнгi ұрпақтың парызы деп түсiнемiн.

Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ, тарихшы