АЙНДАР
АЙНДАР
Аз санды ұлттың ақиқаты мен аңызы
Бiздiң эрамыздың кейiнгi ғасырларында тарихи кеңiстiктен шеттетiлген ұлттардың бiрталайы бүгiнде ұмытылды. Этнос аты қалса да, жерiнен айырылып, өзге бiр бөтен ұлттың құрамына енiп кеткенi бар, дербестiкке қолы жетсе де, ұлттығын ұлықтай алмай отырғандары бар, тiптi өзiнiң жер бетiнде әлi де бар екенiн бiлдiрiп, үнiн шығаруға шамасы жетпей бұйығы тiршiлiк кешiп жатқан этностар қаншама? Iздеушiсi жоқ ел дегенiңiз – солар. Сондай iздеушiсiз елдiң санатынан айндарды да көремiз. Ғасырлар бойы Күншығыстағы аралдардың солтүстiк түкпiрiнде томаға-тұйық өмiр сүрiп жатқан айн халқының өз iздеушiсiн табуға хақысы бар. Хоккайдо өрiсiне жылқысын жайып, қойын бағып отырған азғантай жұрттың жайын бүгiнде бiреулер бiлiп, бiреулер бiлмейтiнi аян.
Жылқыны кез келген ел бақпайды. Жер көлемi бар болғаны 375 мың шаршы шақырым болатын, құрақ-құрақ аралдардан құралған Жапонияның солтүстiк өлкесi – Хоккайдода жылқы шаруашылығы сақталған. Жал-жаядан әзiрленген елуден астам тағамдар дәмiн осы аймақтан татуға болады. Айндардың көне мұраларын көрген адам көшпендiлер өркениетiнiң бiр шетi Жапония екенiне көзi жетерi сөзсiз. ҚОС ҰЛТТЫ ХАЛЫҚ Күншығыс елiнiң 97 пайызы – жапондар. Бiрақ бұл Жапонияда бiр-ақ ұлт бар деген сөз емес. ХХ ғасырда Корея, Қытай, Еуропа елдерiнен оқуға барып, қоныс теуiп қалғандардан бөлек, бұл жерде тұрғылықты екi ұлт барын бiле бермеймiз. Қазiргi жапондар айндарды ұлт ретiнде мойындамайды. Айндар өздерiн мойындатуға құлықты да емес. Жапондар қысым көрсетiп, басып тастайтындай, айндар бас көтермейдi де. Ешкiмге зияны жоқ, бейбiт тiрлiктiң иесi. Жалпы қандай да бiр жапоннан айн туралы сұрасаңыз, "Хоккайдоны мекендейдi" дегеннен басқа ештеңе айта алмайды. Хоккайдода 6 миллион халық бар. Айндардың саны 20-30 мың төңiрегiнде. ШЫҢҒЫСХАН – ХОККАЙДОНЫҢ СИМВОЛЫ Жапонияның солтүстiк өңiрiнiң тұрғындары жылқы етiмен қатар қой етiн де тұтынады. Хоккайдоның орталығы, қысқы олимпиадамен аты шыққан Саппоро қаласының тұрғындары Шыңғысханмен мақтанады. Қазанға қақтау арқылы әзiрленетiн "Шыңғысхан" – тек қойдың етiнен жасалатын Саппороның дәстүрлi ежелгi тағамы. Саппоролық әдiспен әзiрленетiн тағамның "Шыңғысхан" деп аталуы тегiн емес. Қарапайым ұлттық асының өзi айндардың көшпендi тегiне меңзесе керек. Өйткенi қой етiн өзге емес, көшпендiлер ғана басым түрде пайдаланғандығы мәлiм. Дәл осындай "Шыңғысханды" манъчжуриялықтар да тұтынады екен. Хоккайдоның ежелден келе жатқан дәстүрлi тағамы болғандықтан айндар көшпендiлердiң бiр тармағы деген тұжырым жасауға болатын сияқты. АЙНДАР ҚАЙДАН ШЫҚҚАН? Бүгiнге дейiн айндардың бiрде бiр зерттеушiнiң назарына iлiкпегенi таңдандырады. Жапон кiм? Айн қайдан келген? Екеуiнiң де арғы тегi – ғылым үшiн көмескi. Ертеде Күншығыс аралдарына айндар көшiп келiп (қайдан келгенi беймәлiм), қоныстаныпты. 10 мың жылдан кейiн жапондар көшiп келiп (қайдан келгенi беймәлiм) айндарды солтүстiкке ығыстырып, жерiн иеленiптi. Бар болжам – осы ғана. Айн елiнiң тарих жадынан өшпеуiне аз да болса үлес қосып отырған жалғыз мекеме бар. Ол – Хоккайдо ғылыми зерттеу мұражайы. Бұнда айнның этнографиялық дүниелерi, Хоккайдо аралдарынан табылған ежелгi аң-құстардың қаңқалары сақталған. Мұражай директоры Танбо Норихитоның айтуынша, айндар бұл өлкенi 20 мың жылдан берi мекендейдi. Теңiз асып көшiп келген айндар сауда-саттықпен айналыса бастапты. Одан соң аңшылықты кәсiп етiптi. Этнографиялық заттар болмаса, мұражай бүгiнде ғылыми мәлiметтерге зәру боп отыр. Зерттелiнбеген этнос десек те болады. Айнның саны аз болатын себебi жапондармен көп соғысыпты-мыс. Соғысса соғысқан шығар, оны тек жапон тiлiнде сақталған айнның фольклорлық мұрасынан бiлемiз. Хоккайдо аңыз-әпсаналары дегенiмiз – айн ұлтының туындылары. Кейiпкерлерiнiң есiмдерi, жер аттары, тұрмыстық заттардың атаулары жапон тiлiнде емес, айнның өз тiлiнде берiлген. Сонымен қатар аңыздарының көпшiлiгi жаугершiлiк замандағы оқиғаларды бейнелейдi. Дүниежүзiлiк лингвистика бүкiл ұлттардың тiлдерiн топқа, бұтаққа бөлiп жiктегенде, айн тiлi шет қалып қойған. Тiптi айнның тiлiн iргесiндегi жапондар да зерттемегендiгi таңдандырады. Айнның көне әдебиетi де Жапонияда жапон әдебиетi ретiнде тараған. Бүгiнде айндар жапондық өмiр салтын ұстанады. Хоккайдо мұражайындағы этнографиялық заттардан көшпендiлiк белгiлердi көптеп табуға болады. Ақсақалдың шапаны, алаша, ши, т.б. этнографиялық дүниелердiң бейнесi, пiшiнi көшпендi қазақтың қолынан шыққандай әсер бередi. Бұл заттардың ою-өрнектерi отырықшылық емес, таза далалық өмiр салтын танытатын, көшпендiлердiң ой-танымына тән екендiгiн мойындау керек. Айн ұлтының архаикалық тегi туралы аңыздың бiрi былай деп сыр шертедi: Аспанның астыңғы қабаты – тұманды, ортаңғы қабаты – бұлтты екен. Ал одан да жоғары биiкте, жұлдыздардың ар жағында көгiлдiр бұлттар қалықтайды. Сол бұлттардан да биiк кеңiстiкте Күнекей сұлу тұрады. Күнекей күндiз-түнi төрт тарапқа шуақ шашып, әлемдi нұрға бөлейдi. Оның сұлулығын, шуақты шапағын қызғанған түнек жын дүниенi қараңғылыққа батырғысы келiптi. Ол жұлдызды аспаннан ары асып, Күнекейдi ұрлап кетедi. Сол сәтте бүкiл әлемдi қараңғылық басып, дүние түнекке оранып, тiршiлiк тоқтап қалады. Күн шуағынан айырылған өсiмдiктер солып, жан-жануарлар өлуге айналыпты. Адамдар болса Жаратқанға жалбарынып, Күннiң шуағын тiлейдi. Көк пен жердiң пiрлерi жиналып, Күнекейдi құтқаруға бекiнiптi. Алайда түнек жынның жойқын күшiне төтеп бере алмаған пiрлер кейiн шегiнуге мәжбүр болыпты. Жын тұратын сарайдың алты ағаш қоршауы, алты тас қоршауы және алты алтын дарбазасы бар екен. Күнекейдi құтқарамыз деген алпыс пiр сарай қоршауына жақындай бергенде түнек жын оларды қамап алыпты. Ошақтың айналасына алпыс бесiк құрған жын әлгiлердi сиқырлап, нәрестеге айналдырып, бесiктерге бөлеп тастайды. Осының бәрiн көрiп тұрған Көк пен Жердiң пiрi құтқарса Айн батыр құтқарар деп, Таудың пiрiн Айнға жiберiптi. Айн батыр буырқанып-бұрсанып, мүздай темiр құрсанып, аспанға көтерiлгенде найзағай жарқылдап, жер қозғалып, елдiң зәресi ұшыпты. Айн батыр алпыс тас қоршаудан, алпыс алтын қоршаудан асып, түнек жынның сарайына келедi. Сарайдың iшiнде ошақ бар екен. Сол ошақтың айналасында алпыс бесiк тербелiп, сәбилер iңгәлап жатыр. Жын Күнекейдi алпыс қабат сандықтың iшiне салып, түпкi бөлмеге жасырып қойыпты. Айн ағаш сандықты ашып едi, iшiнен алты қабат алтын сандық шықты. Одан соң тас сандықты ашқанда алтын арайлы, күмiс нұрлы Күнекей шықты. Айн батыр жын сарайын жардан домалатып жiбердi. Ал бесiктер төрт тарапқа домалап кеттi де, сәбилер қайтадан пiр қалпына оралды. Отты көздерi жарқ-жұрқ етiп, аузынан От тауының жалынындай жалын шашқан жын Айн батырды жұтпақ болғанда, алпыс пiр бұлт кемесiн жiберiп, Күнекей екеуiн құтқарып алыпты. Ал түнек жын алпыс қабат жер астына түсiп кетiптi. Күнекей Көктен күлiмдеп, алтын нұрлы, күмiс сәулелi шуағымен жер жүзiн шапағатына бөлей бастады. Айн елi сол Күнекейдi құтқарған Айн батырдан тараған деседi. Айн батырдың ерлiк дәстүрi ұрпақтан-ұрпаққа осылайша аңыз боп жеткен. (Туынды түпұсқадан аударылды: “Нихон минва”, 3-том, Токио, 1945 жыл, 52-54 беттер) Ал айн жерiнiң тарихынан сыр шертетiн айшықты аңыздың бiрi мынандай: Ертеде Хоккайдоның Моцурикэши деген аймағында айн елiнiң екi ауылы арасында соғыс болып, бiреуiнiң Экаши деген әскербасы қаза тауыпты. Оның артында Тонкуру деген баласы қалады. "Экаши өлгенмен, оның ұлы Тонкуру бар ғой. Ұрпағының көзiн жою керек" деген жау соғыс кезiнде орманға тығылған баланы үйiн таба алмайтындай етiп сиқырлап, адастырып жiбередi. Экаши ауылы төңiректегi сай-сала, бұта-бұтаның арасынан баланы iздедi. Атқа мiнген жiгiттер сегiз тарапқа аттанып, алыс аймақтарды араласа да Экашидiң ұлы табылмайды. Сөйтiп, ну орманда бағдарынан адасқан бала бетi ауған жаққа жүре бередi. Оған "Тонкуру, сен мына жаққа жүр, жау мына жақта" деген әжесiнiң даусы төрт тараптан естiлiп тұрғандай. Расында, баланың әжесi жалғыз немересiн орман iшiнен табанынан тозып iздейдi. Ол қолын бұлғап, бар даусымен: "Тонкуру, қайдасың? Тонкуру, шық берi" дейдi. "Ау, Тонкуру, керi қайт!". Бiрақ бала оралмайды. Әжей Батыс пен Шығысты шарлап, ақыры өзi адасады. Кейуана сылқ түсiп, сұңқылдап жылайды. Кемпiрде Тонкурудiң атын атап шақыратындай қауқар қалмайды. Орнынан тәлтiректей көтерiледi. Жүрегi "Тонкуру, Тонкуру" деп дүрсiлдеп тұрғандай. Күн де батты. Түн жамылған орманда жалғыз кемпiр iлбiп басып келедi. Қылтиған бұтаны немересi екен деп қалады. Арқыраған аңның даусынан зәресi қалмай, ағаштың қалқасын пана тұтқан байқұс кемпiр немересiн бұта-бұтаның арасынан iздейдi. Бiрақ бала табылмады. Бiр кезде орман қақ айырылады да, жарық сәуле түседi. Көгiлдiр Куцучяро көлi ай сәулесiмен нұрланып, күлiмсiреп тұр. Әжей: "О, көлдiң Пiрi! Менiң немерем қайда кеттi, бiлесiз бе?" – деп сұрады. Бiрақ көлдiң Пiрi үн қатпайды. "Немерем бұнда келмеген екен ғой". Әжейдiң еңiрегенде етегi жасқа толады. Iлби басқан кемпiр ұзақ-ұзақ жолдарды артқа тастап, тағы бiр көлге келiп жетедi. Ол – Машю көлi едi. Жанында жартасты Машю тауы қасқайып тұр. Әжейге Машю көлi Куцучяро көлiне қарағанда әлдеқайда салқын көрiндi. Тау да айбат шегiп тұрғандай. Кемсеңдеген кемпiр Таудың Пiрiнен медет тiлейдi. "Мына көлдiң жағалауында тынығуға рұқсат ете гөр". Таудың қатал сұлбасынан жұмсақ үн естiледi. "Қанша уақыт демалсаңыз да өз еркiңiз, осы көлдiң жағалауы сiздiкi" дейдi тау. Әжей қалың шөпке бүк түсiп жата қалады. Аяқ-қолын созған ол, сол сәт өзiн Тау Пiрiнiң қамқорлығына бөленгендей сезiнедi. Алайда "Тонкуру қайда екен" деген ойдан арылмаған әжей әлi де қан жылап жатыр едi. Сол сәт кемпiрге осы бiр қатыгез дүниеде мейiрiмдi жан ендi мүлдем табылмайтындай көрiнедi. "Мен арал болғым келедi. Егер аралға айналсам, немерем Тонкуру әйтеуiр бiр iздеп келер. Бәлкiм ол тiрi шығар". Кейуана тiзерлей отырып, Пiрге жалбарынды: "Менi арал қыла гөр! Айна көлдiң ортасына арал етiп орналастыр". Сөйтiп, әжей аралға айналды. Машю көлiнiң меңiндей титтей ғана арал болды. Ол немересi Тонкурудi осылайша күтiп жатыр екен. Қазiрдiң өзiнде бiреу-мiреу қайықпен аралға бара қалса, Арал әже немересi келгендей қуанып, көзiнiң жасын төгiп-төгiп жiбередi екен. Күн ашық болса да, Машю аралына жаңбыр жауып тұрады. Ал қыста бұл Арал қардан көз ашпайды дейдi. (Аңыз жапон тiлiндегi түпұсқадан аударылды: “Нихон минва”, 2-том, Токио, 1975 жыл, 192-196 беттер) АҚ ҚҰЙЫП ҚАЙТАРУ ЫРЫМЫ Айн аңыздарынан бұл этностың дiнiнiң негiзi шаманизмде екенiн аңғарамыз. Бiр аңызда елдi табиғат апатынан, ауру-сырқаудан бақсы ақсақал ғұрыптық рәсiмдер арқылы құтқарса, бiр аңызында табиғаттың заңдылығына қайшы әрекет етiп, Құдайдың қаһарына ұшыраған аралдағы бiр рулы елдiң суға кеткендiгi туралы айтылады. Айн фольклорында ұлттың ой-танымы да жан-жақты һәм терең бейнеленген. Мәселен Хоккайдоның мына бiр аңызы былай дейдi: Баяғыда Шибучяри өзенiнiң жағасына таяу жердi бiр ауыл жайлапты. Бiрде сол ауылдың бiр адамы балық аулауға шығады. Өзенге жете бергенде жаңбыр жауып кетедi. "Күн – шайдай ашық қой. Жаңбыр жауғаны қалай?" – деп таңданады ол. Ернiндегi жаңбыр тамшысына тiлiн тигiзiп едi, ащы екен. Өзен де әдеттегiдей емес, тымық. Әшейiнде шолп-шолп жүзiп жүретiн балықтар жым-жылас. Балықшы сезiктенедi. Бұл теңiз бұрынғыдан басқа, әйтеуiр бiр өзгерiс бар. Балықшы теңiзге қарай жүредi. Сол сәт теңiз бетiн қара тұман басады да, жал-жал толқындар буырқана көтерiледi. – Цунами! Балықшы екi өкпесiн қолына алып, ауылына жүгiрiп жетедi. – Цунами! Дауысты естiген ауыл тұрғындары үйлерiнен жүгiрiп шығып, бiрi ойынға кеткен баласын iздеп, бiрi сасқанынан тауға қашып, әйелдер күйеуiнiң атын атап айғайлап, у-шу, азан-қазан болады. Сол кезде абыз халықты сабырға шақырып былай дептi: – Ау, ағайын! Цунамидiң Пiрi сакэнiң (күрiштен жасалатын, ашытылған ұлттық сусын) иiсiн жақтырмайтынын ұмыттыңдар ма? Улап-шулап қайда қашсақ та құтылмаймыз. Одан да саба түбiндегi сакэнi ауылдың айналасына шашып, цунами пiрiнiң меселiн қайтаратын амалын жасаңдар. Ел "дұрыс, дұрыс" десiп, үйлерiндегi добурокудiң (сакэнiң түрi) қалдығын ауыл сыртына апарып шашады. Содан соң бәрi бiр жерге жиналып, Құдайдан медет тiлеп, жалбарыныпты. Цунамидiң екпiнi басылып, теңiз тынышталған екен дейдi. Ал Цунамидiң бетiн ақпен, яғни сакэмен қайтару ырымы қайдан шыққан десек, ертеде сол өңiрдегi бiр ауылда саба-саба сакэ iшiп, той-тойлап отырған үй ғана аман қалып, қалған жұрт тулаған толқындармен теңiзге кеткен екен. Содан берi халық цунамидiң белгiсi басталғанда сакэнiң қалдығын шашатын болыпты. Ауыл тұрғындары сакэнiң қалдығын цунамиден сақтану үшiн жинауды әдетке айналдырыпты. Цунами жайында Хоккайдода мынандай бiр әңгiме бар. Поройфу ауылы биiк беткейдi жайлапты. Ал Харайэчикики ауылы жазықтау жерде отырыпты. Осы жазықтағы елге цунамидiң қаупi төнiптi. Тулаған теңiз суы Харайэчикики ауылына жетiптi. Бұны көрген биiктегi Поройфу тұрғындары "ананы қараңдар, каюге (ботқаның түрi) малынған данго (күрiш күлшенiң түрi) сияқты батып барады" деп күлген көрiнедi. Сол сәтте нән толқындар төмендегi Харайэчикики ауылының үстiнен асып барып, биiктегi Поройфу ауылына құйылып, шайып кеткен екен. Ал төмендегi ауыл аман қалыпты. (Аңыз жапон тiлiндегi түпұсқадан аударылды: “Нихон минва”, 6-том, Токио, 1945 жыл, 130-133 беттер) ТЕК 20 мың айнның тек мыңы ғана қалада тұрады. Айндар негiзiнен Нибутани деген жерге шоғырланған. Тiлi, өмiр салты жапондық болғанмен, Хоккайдодағы жер-су атаулары әлi күнге айн тiлiнде. Айн этнографиясы мен руханиятын зерделегенде қолөнер бұйымдары мен Орта Азияға тән наным-сенiмдерi бұл этностың архаикалық тегi көшпендiлер өркениетiмен бiр болғанын дәлелдейдi. Туған тiлi мен ұлтының дәстүрлi өнерiн сақтап қалуға ұмтылушы айн ұлтының өкiлдерi бiрен-саран болса да бар… Капитализм көшiнен кейiн қалмау үшiн айндардың бiраз бөлiгi Жапонияның орталығына ХХ ғасырда қоныс аударып, қалалық өмiр салтына бейiмделiп кеткен. Жапонияның мәдениет пен өнердi зерттейтiн орталықтары, жоғары оқу орындарының ғылыми институттары айн елiнiң не тiлiн, не мәдениетiн зерделеуге селқостық танытқаны жасырын емес. Жалпы айн тұрмақ, жапон ғалымдары өз ұлтының рухани мұраларын танытып, тарихын терең зерттеу жағынан ақсап жатқандығы ақиқат. Жапон университеттерiнiң гуманитарлық бөлiмдерi Еуропаны тануға көбiрек ден қойғандығы байқалады. Жапон аралдарын 20 мың жылдан берi қоныстанып отырған айндар азиялық көшпендiлердiң құрамындағы бiр этнос деп ашық айтуға негiз бар. Жапон мен айнның тiлi бөлек, бiрақ ұқсастықтар аз емес. Екi ұлт та шаманизмге негiзделген наным-сенiмдердi берiк ұстанған. Ұлттың өмiр салты өзгерсе де, архаикалық негiзi өзгермейдi. Сол негiз ұлттың бүкiл болмысынан көрiнiс табады. Әлемнiң назарын аудартып, тарихи санада қайта жаңғырған көшпендiлер өркениетi құпиясын әлi толық ашпады. Сол құпияның бiр бөлiгi алыстағы айн елiнен көне күйдiң күмбiрiндей болып қазақ даласына ендi жетiп отыр. Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы