Жаңалықтар

АЗИАДАНЫҢ АЛАУЫ ЖАҒЫЛҒАН КҮН

ашық дереккөзі

АЗИАДАНЫҢ АЛАУЫ ЖАҒЫЛҒАН КҮН

Кеше қазақ халқы үшiн ерекше күн болды. Атам қазақ мұндайда "ақ түйенiң қарны жарылды" демей ме?! Бүткiл қазақ баласы бөркiн аспанға атып, қуанған, шат-шадыман күйге бөлендi. Қуанбағанда қайтсiн, бұрын-соңды қазақ тарихында мұндай айтулы оқиға болып па едi?!

Қазақ даласына көл-көсiр қуаныш сыйлаған нәрсе, қазақ елi Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет олимпиада алауы эстафетасын өткiзу құрметiне ие болды. Күнi кеше ғана Кувейт қаласында тұтанған алау Алатаудың бөктерiндегi Алматыға да келiп жеттi.

Қаңтардың 11 күнi салтанатты рәсiм Кувейт қаласында басталғаны белгiлi. Оған елiмiздiң атынан бiр топ делегат қатысып қайтты. Қасиеттi алауды Олимпиада Кеңесiнiң Президентi, шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах мырза ҚР Спорт және туризм министрi Темiрхан Досмұхамбетовтiң қолына табыс еттi.

"Бүгiн шын мәнiнде тарихи оқиға болып отыр. Бiрнеше күндерден кейiн қазақ топырағында өте үлкен шара – Азиада ойындары басталмақ. Бiз өз кезегiмiзде әрiптестерiмiздiң дүбiрлi жарыстың жемiстi, жеңiстi аяқталуына тiлектеспiз", – деген болатын салтанатты алау жағу рәсiмiнде сөз алған Ахмад әл-Фахад әл-Сабах мырза.

Шейх тұтандырған алауды қазақстандық тараптан бiрiншi болып Т.Досмұхамбетов қабылдап алды. Министрдiң қолындағы алауды алғашқы болып мұзда мәнерлеп сырғанаушы жерлесiмiз Абзал Рахымғалиев қабылдап алды. Одан кейiн Алау – кувейт спортшысының және бұған дейiн Қысқы Азия ойындарын өз алаңдарында қабылдап алған мемлекеттер Корея, Қытай және Жапония елдерi спортшыларының қолдарына өттi. Кувейт жерiн аралаған шағын эстафетаны "Астана" велокомандасының мүшесi Аслан Базаев аяқтаған болатын.

Кеше Алматыға келiп жеткен Алау елiмiздiң барлық аймақтарына саяхатқа аттанды. Әрбiр алаугерге алты алау сақшысы мен 13 көлiктен құралған колонна iлесiп жүретiн болады. 30 қаңтарға дейiн әр аймақтарды аралап шығатын алау "Астана-Арена" стадионына әкелiнiп, Азиаданың ашылу салтанатына ұласады. Эстафетаға республикамыз бойынша – барлығы 1020 алаугер, әр облыстардан – 60, Алматыдан – 80 және Астанадан – 100 адам iрiктелiп отыр.

Салтанатты шарамен басталған Алау эстафетасын тамашалап тұрып, "Күн нұрынан жаралған" киелi алау – қазақ елiнiң спортшыларына жеңiс тiлейтiн сәттi қадам болсыншы деген тiлек тұрды әрқайсымыздың ойымызда. Иә, қазақ спортшыларының бағын жандыратын, қасиеттi алау болсын! Қазақ қашанда ырымшыл халық қой. Алматымызда бастау алған Алауды да iштей жақсылыққа жорыдық. Алау – қазақ халқының маңдайына өз оғландарының жеңiстi сәтiн тамашалауға жазсын, лайым!

Гүлзина Бектасова