Жаңалықтар

АСТАНА САММИТI: ӘЛЕМ ТIЛШIЛЕРIНIҢ ТIЛ ҰШЫНДА...

ашық дереккөзі

АСТАНА САММИТI: ӘЛЕМ ТIЛШIЛЕРIНIҢ ТIЛ ҰШЫНДА...

Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитiнде төрткүл дүниенiң тiлшi қауымы бас қосты. Олар екi күн бойы аяғынан тiк тұрып, қоян-қолтық жұмыс iстедi. Бiрi дайындаған хабарын сол мезетте интернет арқылы жөнелтiп жатса, ендiгi бiрi тегiн байланыс арқылы ауызша түрде жеткiзiп отырды. Жедел-ғабыл ақпарат тарату үшiн елiмiздiң тарапынан барлық жағдайдың жасалғанына ризашылық бiлдiрген әртүрлi мемлекеттен келген журналистер қазақтың қонақжайлылығына ерекше тәнтi болғанын жасырмады. Бiз де шетелдiк әрiптестерiмiздi әңгiмеге тартып, аз-кем ой бөлiскен едiк.

Андрей ЮРИЧКО, "Украин телевидениесi мен радио хабарын тарату дүниежүзiлiк қызметi" жаңалықтар бөлiмiнiң директоры:

ЯНУКОВИЧ РЕСЕЙДЕ ДЕ УКРАИНША СӨЙЛЕЙДI

– Андрей, Қазақстанға қош келiпсiз! Сiздiңше, бұл Саммит ЕҚЫҰ-ға кiретiн мемлекеттерге не бердi?

– Көзқарасым жақсы. Өйткенi бұл – ЕҚЫҰ-ның соңғы он бiр жылдық үзiлiстен кейiнгi өткiзген шарасы. Және бұл маңызды басқосудың Қазақ жерiнде өтуi – үлкен абырой. Астанаға ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң бiрiншi басшылары жиналып, өз мәселесiн ортаға салды. Пiкiр алмасып, бiр-бiрiн тыңдауы – өте жақсы үрдiс. Ресей президентi Д. Медведев пен Украина президентi В.Янукович көтерген мәселелер өте маңызды. Сәтiн салса, Украина 2013 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етедi. Осы тұста бiз көп тәжiрибе алмасуымыз қажет. Бәлкiм, бiз сол кезде қазiр төраға болып отырған Қазақстан көтерген мәселелердi жүзеге асыруға күш салатын шығармыз. Неге десеңiз, кейбiр күрмеуi қиын жайттар бiр ғана Саммитпен шешiле салмайды. Оны келесi, одан кейiнгi төраға болатын мемлекеттер қолға ала бастайды.

– Бiр көңiлге жылы әсер еткендiгi, Украина президентi Виктор Янукович мырза ештеңеге қарамастан украин тiлiнде сөйледi.

– Сiз бiлесiз бе, бұл хаттамаға байланысты болуы мүмкiн. Негiзi мемлекет басшылары қайда бармасын, ресми сөзiн өз мемлекетiнiң тiлiнде сөйлеуi тиiс. Януковичтiң украин тiлiнде сөйлеуi алғаш рет емес. Бәлкiм, екiжақты келiсiм шаралары орыс тiлiнде өткен шығар. Хаттаманың аты – хаттама ғой. Бұл жерден саяси ағаттық iздеудiң қажетi жоқ. Бiздiң президент халықаралық мемлекеттiң статусына сай жұмыс iстеуге тырысады. Бiр жағынан хаттаманы бұзу – олар үшiн қиын әрi ыңғайсыз дүние. Әртүрлi мемлекетке барғанда, ол орыс тiлiн өте жақсы бiлсе де, жергiлiктi тiлшiлерге өз ана тiлi – украин тiлiнде ғана сұхбат берiп жатады. Сол мемлекеттiң өкiлдерi ол үшiн арнайы аудармашы жалдап, әбiгер болады. Тiптi, Янукович Ресейге барса да, үнемi украинша сөйлейдi (күледi).

– Осыдан бiраз уақыт бұрын Жоғары Радада "Украин тiлi және аймақтық тiлдер туралы" Заң жобасы талқыланып, бiраз пiкiрталасқа айналған едi. Бұл жөнiнде не айтасыз?

– Мен мұны бiр конфликт деп айтпас едiм. Заң жобасы ұсынылды. Шын мәнiнде, Украинада тiл мәселесiн түсiну керектiгi байқалды. Менiңше, Қазақстан да тура осы мәселемен бетпе-бет келiп отыр. Мәселен сiздерде мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi болса да, бiрақ халықтың көпшiлiгi орыс тiлiн қолданып келедi. Қазiр украин тiлi негiзгi тiл ретiнде Конституцияда жазылған. Оған заң арқылы өзгерiстер мен толықтыруларды Конституция арқылы енгiзуге болады. Шығыс Украина тұрғындары көбiнесе орыс тiлiнде сөйлейдi. Салыстырмалы түрде айтсам, елдiң шығыс бөлiгiнде халық тығыз қоныстанған. Мұнда батысына қарағанда халық он есе көп. Ал, Батыс Украина украин тiлiнде сөйлеуге үлкен күш салып отыр. Негiзi Украинадағы тiл мәселесiнiң күрделi болып тұрғандығына бiрден-бiр себеп, соңғы кезде көптеген саяси күштер тiлдi күрестiң қолшоқпары ретiнде қолданып келедi. Шындығын айтқанда, бiзде украин және орыс тiлi мәселесi бар деп ауыз толтырып айтуға болмайды да. Орыс және украин мектептерi бiр мезетте жұмыс iстеп тұр. Жоғары оқу орындарына түсу үшiн өткiзiлетiн сынақты украин тiлiнде тапсырудың да зияны жоқ. Өзiм Киев Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде дәрiс оқимын. Сонда байқағаным, украин тiлiн түсiнсе де, сауатты оқып, жаза алмайтын жастар көп. Яғни өмiрдiң шындығы – осы.

– Бiр кездерi Украина сырттан келген фильмдерге мiндеттi түрде дубляж жасауды қолға алған едi. Бұл мәселе даулы тақырыпқа да айналғанын бiлемiз. Оған ақшаны шығындап қайтемiз дейтiндер де табылды. Осы жөнiнде тарқатып айтып берiңiзшi.

– Иә, дубляж да саяси мәселеге келiп тiрелдi. Не нәрсенi бастағанда кемшiлiксiз болмайды ғой. Мысалы алғашқы кезде украин тiлiне аударылған фильмдердi көргенде өте қорқынышты едi. Мүлдем түсiнiксiз, сапасыз болатын. Неге десеңiз, бiз сапалы аударылған орыс тiлiндегi киноларды көрiп, үйренiп қалғанбыз ғой. Алайда, қазiр украиндық дубляж ресейлiктердiкiне қарағанда әлдеқайда түпнұсқаға жақын. Себебi осы дубляжбен айналысып отырған компания бұған мол қаражат құйып отыр. Яғни бәсекеге қабiлеттi етуге тырысуда. Жасыратыны жоқ, қазiр бiз көп фильмдi түпнұсқадан көрмеймiз. Украинада сағат түнгi 12-ден кейiн ана тiлiмiздегi фильмдердiң көрсетiлiмi тәжiрибеге енген болатын. Бiрақ бұл көп қолдауға ие болмады ғой деймiн, көрермендер киноның орыс және ағылшын тiлiндегi нұсқасын көрдi. Олар кейде алдымен орысша, сосын украинша дубляж жасалған фильмге барып жүрдi. Айта кету керек, қазiр украиндық дубляждың сапасы айтарлықтай өстi. Олар актердiң дауысын да интонациясына қарай жақсы таңдайды. Мәтiнмен де жақсы жұмыс iстейдi. Әуелгiде жасалған дубляждың аудармасы да сәйкес келе бермейтiн едi, қазiр өте жоғары деңгейде. Өзiм басында ағылшын тiлiндегi, сосын орыс тiлiндегi нұсқасын көретiн едiм, қазiр тек қана украин тiлiндегi сапалы нұсқасын тамашалауды ұнатамын.

– Интернет сайттарынан украин тiлiндегi жарнама экономикалық өсiмге керi әсерiн тигiзедi деген де пiкiрлердi көзiмiз шалып едi. Бұл қаншалықты рас?

– Бұлай деп айту қиын. Украин тiлiндегi жарнама елдiң экономикасына әсер етедi дей алмаймын. Экономиканың дамуы тiлге тәуелдi емес. Тiптi, тауардың қай тiлде сатылып жатқанына да қатысы жоқ. Бұған қарапайым мысал ретiнде айтсам, Польшада Еуроодақ темекi тартудың зияны туралы заң қабылдаған-тұғын. Алайда, бұл сатыға кiрмейтiн тауар Польша арқылы Украинаға келгенде сол темекiнiң бағасы түсiп кеттi. Бұл арагiдiк болатын жағдай. Тiлдiң кәсiпке зияны бар дегенге қосыла бермеймiн.

– Демек, Украинада тiл мәселесi бар ма, жоқ па?

– Тiл мәселесi тек саясатқа байланысты туындап отыр. Қырымға, Карпатқа жолыңыз түсе қалса, бәрi украин тiлiнде сөйлейтiнiне куә боласыз. Өздерiнiң диалектiсi бар. Кез келген украин Қырымға, Севастопольге барса да, бiр-бiрiн түсiнедi. Қазiргi таңдағы тек орыс тiлi немесе украин тiлi деп ұлттық қозғалыстар ұрандатып, көтерiп жүрген мәселе шынайы өмiрде жоқ.

– Экс-премьер Юлия Тимошенконың былтырғы жылы "Мемлекеттiк тiл – украин тiлi. Мұғалiмдер сабақ тұрмақ, қоңырау кезiнде де украин тiлiнде сөйлеуi керек" дегенi, яғни орыс тiлiндегi мектептердi украин тiлiне көшiруге байланысты бұйрығы қалай жүзеге асты?

– Заңнамалық құжат бойынша, бұл қабылданды. Бiрақ мұны бюрократия деп те, шындық деп те айтуға болады. Батыс Украинада орыстiлдi сыныптар ашайын десе, балалар жоқтың қасы. Шығыс Украинада да осылай. Қазiр олар мектепке реформа жасауға тырысып жатыр. Олардың ең негiзгi мәселесi – бала санын толтыру және мұғалiмдер құрамының қатарын азайтпау. Жақында Мәскеудiң мектепке дейiнгi бiлiм мекемесiнде жұмыс iстейтiн бiр танысым белгiлi себептермен Украинаға ауысты. Бiрақ ол украин тiлiнде мүлдем сөйлемейдi. Алайда, оған тәжiрибелi маман болсаң болды, жұмыс табылады дептi.

Бiз жұмыста мемлекеттiк мекеме ретiнде барлық құжатты украин тiлiнде жүргiзсек те, арамызда орыс тiлiнде сөйлейтiндер көп. Қазiр жаңалықтардың орыс тiлiндегi нұсқасын жасауға тырысып жатырмыз. Әрине, орыс тiлiнде хабар тарататын арнайы телеарна бар. Әзiрге мұны енгiземiз бе, жоқ па, белгiсiз.

– Сiз қалай ойлайсыз? Орыс тiлiнiң статусын заңда нақтылау керек пе, жоқ па?

– Бұл сұрағыңызға нақты жауап беру қиын. Өз басым, бүгiнгi таңда қажет деп ойлаймын. Бiздiң қоғамда да орыс тiлiнiң алатын өз орны бар. Бiрақ кейбiреулер дабыра қылатындай, орыс тiлi тарылып жатқан жоқ. Жасыратыны жоқ, көптеген тұрғындар әлi күнге орыс тiлiнде сөйлейдi.

– Мысалы, олар қанша пайыз?

– Бiзде "Голос Украины" деген украин және орыс тiлiнде жарық көретiн газет бар. Бұл газет ай сайын, тоқсан және жарты жыл сайын орыстiлдi қанша оқырманы бар, украинтiлдi қанша оқырманы бар, зерттеу жүргiзедi. Мiне, осы газетте iстейтiн журналистердiң пiкiрiнше, 1991 жылдан берi пайыздық өсiм өзгермептi. Сол кезде орыстiлдi оқырман 30 пайыз болса, қазiр де солай. Ал 70 пайызы украин тiлiнде оқитындар. Дегенмен, орыс тiлiне қарсы шығатындарда бiр қорқыныш бар. Олар: "Егер орыс тiлiне ерiк берсек, халық украин тiлiн ұмытып кетедi" деп үрейленедi. Әрине, бүгiнде екiтiлдi, үштiлдi мемлекеттер бар. Егер екiтiлдi мемлекет болса, құжаттарын да екi тiлде жасайды. Кез келген мемлекеттiк құрылым құжатын екi тiлде дайындауы тиiс.

– "Аймақтар партиясының" өкiлдерi қазiргi президент В. Янукович сайлауалды кампанияға берген уәдесiн орындамады деген сыни пiкiрлер айтуын жалғастырып келедi. Бұған не айтасыз?

– Тағы да қайталап айтып кетсем, орыс және украин тiлiнiң мәселесi – ең алдымен саяси мәселе. Соңғы он жылда барлық саяси партиялар орыс тiлiн екiншi тiл ретiнде қабылдаймыз деп уәде берiп келедi. Бiрақ билiктегiлер мұны тiптi, техникалық жағынан да енгiзуге болмайтынын түсiндi. Бұл Конституцияға өзгерiс енгiзудi талап етедi. Ол үшiн 300 дауыс жинап немесе референдум өткiзу мүмкiн емес.

– Бiрақ та Янукович сайлау алдында орыс тiлiн қызғыштай қорғап, дауыс жинаған едi ғой. Янукович бұл уәденi орындауға дайын ба?

– Президенттiң тiлден басқа айналысатын өте маңызды мәселелерi көп. Украинада орыс тiлiнiң ауқымы тарылып жатыр немесе азайып, көбейiп кеттi деуге болмайды. Батыс Украинадағы ұлттық саясаткерлер: "Президент, премьер негiзiнен орыс тiлiнде сөйлейдi, олар заңнамалық құжатты бұзып жүр" деп мәлiмдеме жасап жүредi. Қазiр Премьер-министр Николай Азаров қиналса да, украин тiлiн үйрендi.

– Оның үстiне Украинада билiкке қарсы оппозициялық партиялар да ерекше рөлге ие ғой…

– Бiздiң оппозициялық партиялар да орыстiлдi (күледi). Олар да орыс тiлiнiң сойылын соққанмен, мұның техникалық жағынан мүмкiн еместiгiн бiлдi. Тiптi, украин тiлi үшiн күрескен экс-президент Ющенконың өзi де орыс тiлiне қарсы ештеңе жасаған жоқ. Өйткенi орыс тiлiнде сөйлейтiн тұрғындардың көптiгi орыс тiлiне тыйым салдыра алмайды. Бұл – мүмкiн емес шаруа.

– Өзiңiз украин тiлiнiң патриотысыз ба?

– Өмiрде үнемi украин тiлiнде сөйлеймiн. Отбасым да – солай. Әрине, әр адам өз ұлтының, тiлiнiң нағыз патриоты болуы керек қой. Өзiмдi украин ұлтының патриоты деп бiлемiн.

– Ал Қазақстанға алғаш келуiңiз бе?

– Иә, алғаш рет. Бiрақ суық екен. Үнемi жел соғып тұрады. Астана қаласына келген бетте көз алдыма болашақтың қаласы келдi. Қазақстанның экономикасы дамып, әлеуетi артып жатқаны көзге ұрып тұр. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ Саммитiнiң Қазақстанның бас қаласы – Астанада өтуi Қазақ халқы үшiн үлкен мәртебе. Бұл Саммит тарихта қалай қалса, Қазақстанның аты да алтын әрiптермен жазылатыны белгiлi.

Ян Молачек, Чех республикасы телеарнасының тiлшiсi:

ЧЕХИЯДА СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ БАР

– Астана Саммитiнде қандай мәселенi көңiлiңiзге түйдiңiз?

– ЕҚЫҰ – көп мемлекеттi қамтып отырған ауқымды ұйым. Чех республикасы – ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттiң бiрi. Бұл Саммиттiң Қазақстанда өтуi – үлкен саяси оқиға. Чехия бұл Саммиттен өзiне пайдалы нәрсе күткен жоқ. Өйткенi Чехияда қауiпсiздiк жағынан айтарлықтай мәселе жоқтың қасы. Осыдан екi жыл бұрын Украинамен арада энергетикалық қауiпсiздiк, мұнай және газ мәселесiне қатысты түсiнiспеушiлiктер туындаған едi. Қазiр бәрi қалпына түскен. Астана Саммитi Ресей мен Грузия, Молдова, Армения мен Әзiрбайжан қақтығысын басты назарда ұстады. Ресей мен Грузия осы Саммиттен кейiн өзара келiсiмге келетiн шығар деп үмiттенемiз. Бiрақ бұл бұрыннан қордаланып келген мәселе ғой. Әзiрге, айтылғанмен, бүгiн, не ертең шешiле қоймайды. Әрине, бұл жағдайдың Чехияға қатысы жоқ болса да, қақтығыстың реттелуiне көмек бередi.

– Ал Саммиттiң өту деңгейi ұнады ма? Қандай баға бересiз?

– Өте жақсы. Қазақстанда ақша бар екендiгi көрiнiп-ақ тұр. Бәрiне жан-жақты, жоғары деңгейде дайындалған. Тiлшi қауымына да барлық жағдай жасалды. Бұл Саммиттiң ұйымдастырылуы стандартқа сәйкес келдi. Менiң көңiлiм толды.

– Чех республикасында қанша халық тұрады?

– Шамамен 15 млн. халық тұрады. Бiзде iрiлi-ұсақты этникалық топтар бар. Бәрi бiр-бiрiмен тату-тәттi тұруға тырысады. Анау айтарлықтай ұлтаралық, этникааралық қақтығыстар болған жоқ.

– АҚШ-тан келген әлемдiк экономикалық дағдарыс бiраз елдi әбiгерге салды. Бұл дағдарыс сiздiң елге қалай әсер еттi?

– Әрине, экономикалық дағдарыс бүкiл әлем елдерiне оңай тиген жоқ. Кейбiр мемлекеттер бұл тығырықтан ендi ғана шығып келедi. Ал бiз қатты қиналмасақ та, зардабын сезiндiк. Жұмыс орындары қысқарып, жұмыссыздардың қатары көбейдi. Көпшiлiгi бiр жалақыны мiсе тұтып, күнiн көрiп келдi. Қазiр жағдай бiрқалыпты.

– Кейбiр мемлекеттiң шешiлмей жатқан бiр мәселесi бар. Ол – тiл мәселесi. Мемлекеттiк тiлдiң жағдайы қалай?

– Ана тiлiмiз – чех тiлi. Бiзде тiлге қатысты мәселе жоқ. Қазақстанда орыс тiлiнде сөйлейтiндер көп екен. Орыс тiлiнiң қанымызға сiңiп кеткенi осыдан-ақ аңғарылмай ма?! Жалпы бұған либерал ретiнде қараймын. Өзiм төрт тiлде сөйлеймiн. Әрине, әр мемлекеттiң өз тiлiн құрметтеп, төрге оздырғаны дұрыс.

– Ал қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында сөз бостандығы бар ма?

– Бар болғанда қандай?! Чех республикасы бұрын коммунистiк мемлекет болса, қазiр демократиялық мемлекет. Демократия жағынан анау Ұлыбритания, Германиямен салыстыруға келмесе де, Қазақстандағы жағдаймен салыстырғанда, жер мен көктей. Сiздiң елiңiзде демократияның белгiсi де байқалмайды. Бiздегi газет-журналдардың көпшiлiгi дерлiк – тәуелсiз. Журналистика саласындағы 13 жылдай қызмет атқарған уақытымда бiреудi өтiрiк мақтап, не болмаса қисынсыз жала жапқан кезiм жоқ. Не бар, соны ашық жазуға тырысамыз.

– Қазiр жер-жерде журналистерге қысым көрсетiп, соққыға жығу деректерi көбейiп кеттi. Әсiресе, Ресейдегi оқиғаларды тiлге тиек етуге болады. Бұл сөз бостандығының шектен шыққандығынан емес пе?

– Чехияда мұндай оқиға iлуде бiреу тiркеледi. Расында да, журналистердi ұрып-соғу фактiлерi Мәскеуде жиi тiркеледi. Неге? Себебi, Ресей – ерiктi мемлекет емес. Ашық жазуға кедергi жасайтын арнайы топтар көп. Мұны демократияның көрiнiсi деп айтуға болмайтын шығар.

– Астана қаласына алғаш келуiңiз бе?

– Қазақстан Орта Азия мемлекеттерi арасында өте қарқынды көтерiлiп келедi. Әрине, Қазақ жерiнде мұнай көп қой. Менiңше, Астана сол мұнайдың ақшасына салынған қала ғой (күледi). Әйтпесе, аз ғана уақыттың iшiнде мынандай зәулiм ғимараттар салып тастау мол қаржыны талап етедi емес пе?! Қазiр қаражатың болса, кез келген дүниенi тез әрi сапалы салуға болады.

Эстер Бродерс, "DW" радиосының тiлшiсi (Германия):

– Қазақ жерiне, Астанаға алғаш келуiм. Күн тым суық екен. Бiрақ менi бұл елдiң қонақжайлылығы жылытты. Саммитке ерекше дайындықтың болғаны тайға таңба басқандай. Ұйымдастырылуы – өте тамаша. Германия – ЕҚЫҰ-ның тұрақты мүшесi. Сондықтан Саммитте қаралған кез келген мәселе бiз үшiн де маңызды.

Райхон Демитри, "ВВС" телеарнасының Орталық Азиядағы тiлшiсi:

– Бiрталай әрiптесiммен тiлдестiм. Бәрi де өте ауқымды жұмыстың атқарылғанын атап өттi. Әртүрлi елдерден келген тiлшiлердiң мұншама көптiгiн алғаш рет көруiм. Қазақтың қонақжайлылығы. Интернет. Телефон. Оның бәрi бiз үшiн маңызды. Барлық тiлшiлер атынан бiзге жасаған жағдай үшiн алғысымызды бiлдiремiз.

Мұхаммед Хабери, "Кабул-банк" экономикалық журналының тiлшiсi (Ауғанстан):

– Күш қолданумен ешнәрсе шешiлмейдi. Себебi, Ауғанстанда не әсер, не күш жоқ. Сiздердiң президенттерiңiз тек экономикалық әлеуеттi арттыру арқылы Ауғанстанды жаңартуға болады дедi. Бұл – ұтымды ұсыныс.

Дионисиос Ботонис, Ұлттық телеарнаның тiлшiсi (Грекия):

– Өмiр көрсеткендей, экономиканың дамуы қауымдасуға жол ашады. Ол тек Еуропа үшiн маңызды емес. Бiрлескен даму ұйым елдерiнiң де көптеген әлеуметтiк проблемаларын шешуге көмектеседi.

ИТАР-ТАСС:

– Астана Саммитi өзара сенiмдi жоғары деңгейге көтеруге, ЕҚЫҰ аясында ортақ қауiпсiздiк жүйесiн құруға, қауiп-қатерге бiрлесiп жауап беру үрдiсiн жеделдетуге мүмкiндiк бередi.

Ассошейтед пресс:

– Саммит барысында АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон Беларусь президентiмен кездестi. Кездесу барысында Александр Лукашенко өз елiндегi ядролық қалдықтардан 2012 жылға қарай бас тартатындығын жариялады. Бұл – ядролық материалдарды терроршылардың қолынан қорғау жолында жасалған үлкен қадам.

Франс Пресс:

– Астана 1997 жылы Алматыдан көшкелi өркендеу жолында. Оның аспанмен бой таластырған модерн үлгiсiндегi үйлерi мен ғимараттарынан орасан зор футуристiк құрылысты байқауға болады.

"Тайм" газетi:

– Қазақстанның посткеңестiк елдерде алғашқы мемлекет болып төрағалықты қолға алуы – президент Назарбаевтың сыртқы саясатты тиiмдi жүргiзуiнiң жемiсi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ