Жаңалықтар

Шыңғыс Айтматов: "ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТIНЕ ӨЗ ӘДЕБИЕТIМIЗДI ҚОСУЫМЫЗ КЕРЕК"

ашық дереккөзі

Шыңғыс Айтматов: "ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТIНЕ ӨЗ ӘДЕБИЕТIМIЗДI ҚОСУЫМЫЗ КЕРЕК"

Еуразия Жазушылар Одағының бастығы Якуп Делiөмероғлы осыдан бiрнеше жыл бұрын көрнектi жазушы, қоғам қайраткерi, марқұм Шыңғыс Айтматовпен сұхбат жүргiзген едi. Түрiк тiлiнде жүргiзiлген сұхбатты тәржiмалап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдiк.

– Құрметтi Шыңғыс мырза, қазiргi жалпы Түрiк әлемi әдебиетi туралы әңгiме қозғасаңыз.

– Рахмет, Якуп мырза! Бүгiн әдебиет жайында әңгiмелесермiз, пiкiрлесермiз. Алдымен мынаны айтып қояйын. Менiң Елизаққа келуiм – өте үлкен мазмұнды ұсыныс болды. Түркия – өте үлкен өлке, қалалары көп, аудандарының шаршы метрi кең, халық саны тығыз. Түркияға келгенде, бiз көбiнесе Анкара, Измир сияқты қалаларда болушы едiк. Елизаққа бiрiншi рет келiп тұрмын. Елизаққа келу арқылы түрiк халқының мәдениетiнiң қандай кең екендiгiн, қаншалықты күштiлiгiн түсiндiм. Мұнымен бiрге бiздiң бiраз мәселенi ойлануымыз керек. Проблемаларымыз бар. Көп. Мәдениет пен әдебиетке байланысты мәселелерiмiз де жетедi. Әдебиет – мәдениеттiң ең ескi бөлшегi, туындысы. Бұрынғы уақытта теледидар, театр, кино жоқ болатын, бiрақ әдебиет бар едi. Жазу болмай тұрып та, жазуды ойлап таппағаннан бұрын да әдебиет бар едi. Ауыз әдебиетте ақындар бiлгендерiн түсiндiре алу мәдениетiн дамытқан, жеткiзе бiлген. Қазiргi күнiмiзге қарасақ, 21-шi ғасырда өз мәдениетiмiз үшiн әдебиетке тағы көп көңiл бөлiп, оралуға тиiспiз. Түрiк әдебиетi әлем әдебиетiнiң маңызды бiр бөлiгi болғандығы сөзсiз. Түрiк әдебиетi ХХ ғасырда батыс мәдениетiнен әсерлендi, әсер алды, бiрақ басқа жағынан шығыс мәдениетiнiң әсерi де күштi болды. Түрiк әдебиетi мұның екеуiнiң ортасында қалды. Бұл – түрiк әдебиетiнiң бiр ерекшелiгi. Әлем әдебиетiне түрiк дүниесi әдебиетiнен қазақ, қырғыз, өзбек, түрiкмен әдебиетiнiң де қатысуы қажет. Бұл әдебиеттердiң барлығының өзiне тән ұлттық бағыттары болғаны анық. Жалпы алғанда, бұл әдебиеттер ХХ ғасырда қалыптасты. Әсiресе, Кеңес идеологиясының негiзiнде, көлеңкесiнде қалыптасты. Өзiм де сол идеологияның желiсiнен шықтым. Бiзге әрi жақсы, әрi жаман ықпал болды, бiрақ болымды ықпалы тiптi көп болды. Орыс әдебиетi – әлем әдебиетiнiң ең күштi әдебиеттерiнiң бiрi. Орыс әдебиетi Түрiк халықтарының қырғыз, қазақ, өзбек, түркiмен сияқты әдебиеттерге әсерiн тигiздi. Бiз оның күшiнен пайдаланып қалдық. Пайдамызға, кәдемiзге асырдық. Өз халық ауыз әдебиетiмiзбен, әдет-салттарымызбен орыс әдебиетiнiң әсерiн бiрлестiрдiк. Барлығыңызға мәлiм, бiздiң "Манас" дастанымыз бар. Бұл – бiзге көнеден қалған, жазба әдебиетiмiздiң қалыптаспаған заманнан қалған бiр мұра дастаны. Қазiрде бiз үшiн соңғы дәреже маңызды. Қазiр “Манас” кiтабы шықты. Қытайдағы қырғыздар жаңа “Манас” дастанын жариялады. Көлемдi, өте әдемi шыққан. Менiң жұмыс iстейтiн бөлмемде үстелiмнiң үстiнде тұр. Еуропадан келген журналистерге, қонақтарға айтамын: "Мiнеки, бұл – “Манас” дастанының кiтабы! Қараңыз, көрiңiз, қолыңызға алып байқаңыз да салмағын салмақтай берiңiз", – деймiн. Қайран қалып қарайды да, әлекке түседi. “Манас” дастанының iшiнде бiр миллион жол бар. Бұл жолдарды оқымаған кезде де жаттаған, жадында сақтап жеткiзген манасшылар бар. Бұл манасшылар – қазiргi күнiмiзде де бар. Бiз “Манас” дастанынан, халық ауыз әдебиетiнен және орыс әдебиетiнен пайдаландық. Бiз өзiмiз сiздердiң жаныңызға келдiк. Түрiк дүниесiн бүтiндеп бiрлестiруге, Түрiк дүниесiнiң рухын, көңiл әлемiн бiрлестiруге жұмыс жасаймыз.

– Түрiк халықтарының әдебиеттерiн тану кезеңi, сатысы хақында не ойлайсыз?

– Бұл – өте көңiл бөлерлiк маңызды iрi мәселе, үлкен проблема. Мен мынадай бiр ұсыныс айтқан едiм. Қазақ тiлi мен қырғыз тiлi бiр-бiрiне өте жақын, тек аздаған айырмашылықтары бар. Қазақ, қырғыз әдебиетiнiң айлық ортақ бiр журналы шықса деп ойлағам. Әркiм "жарайды" дедi. Бiрақ қазiргi кезде тек сол пiкiрден iлгерi жылжи алған жоқ. Бiз Түрiк дүниесiнiң ортақ журналын шығаруға тиiспiз. "Бауырлас қаламгерлердiң" түрiк әлемiнде басқа үлгiлерiн де шығаруымыз қажет. Бұл журналдың өлшемдерi, жазу жұмыстары, редакторлары өзiнше бөлiмдерi болуы керек. Түрiк әдебиеттерiнiң жаңа романдарын, өлеңдерiн, әдеби шығармаларын да осы журналда жарияласақ, сонда түрiкше, қазақша, қырғызша бiр-бiрiмiзбен тағы да тiптi жақын сөйлесемiз.

– Сiз – қырғыз әдебиетiнiң, әлем әдебиетiнiң ең үлкен жазушыларының бiрiсiз. Жаңа өсiп келе жатқан жас жазушылар туралы пiкiрiңiз қалай?

– Мен кейiнгi нәсiлдердi, жазушыларды жақсы бiлмеймiн. Ұзақ жылдар бойы өз еркiмде емеспiн. Еуропада дипломаттық қызметте елшiмiн. Жаңа басылымдарға, журналдарға, газеттерге көз жүгiртiп, оқу керек. Ол үшiн уақытым өте аз болады. Кейде жас жазушылармен әңгiмелесемiн. Жаңа өсiп, жетiлiп келе жатқан ұрпақтар арасынан керемет үлкен жазушылар әлбетте, өсiп шығады. Мұны уақыт көрсетедi. Жақында менiң жаңа романым шықты. Орысша, ағылшынша, немiсше, жапонша, қытайшаға аударылды. Ол жерлердегi тiлдерде оқыла бастады. Еуропада немiсше басылым ең көп оқылады. Былтыр көктемде Германияның жетi қаласында кiтаптың тұсаукесер рәсiмiн өткiздiк. Мыңдаған кiсi келдi. Оқырмандардың назарын аударған ХХ ғасырдағы бiздiң болашақ үшiн тер төккендер – романның қаһармандары. Орысшасы "Катя ботие горы" – "Таулар құлағанында" мағынасында, қытайша, французша, жапонша қалай аталғанын бiлмеймiн?!

– Әпендiм-мырзам, түрiк тiлiне аударылу жағы қалай боп жатыр?

– Түрiкшенi жақсы бiлетiн тәржiмәшi кiсiмiз Гүзәл Сарыгүл түрiк тiлiне аударды. Оның күйеуi редактор болды. Ахмет Сарыгүл қырғызшаны менен де жақсы бiледi. Түрiкше жағына сол ие. Ол барлығын ретке келтiрдi. Түрiк оқырмандарының, халқының маған деген ыстық-ықыласы мен сенiмiнен соң мен де өз жауапкершiлiгiмдi түсiнемiн, бiлемiн. Жаңа әдебиеттiң ұшы-шегi жоқ. Мәселен бүгiн кiтаптар шығады, көп уақыт өтпестен олардан тағы да кейiн жаңа кiтаптар шығады, себебi адамның iшкi дүниесi, рухани әлемi ғарыш кеңiстiгi сияқты. Бұл шексiз ғарыш кеңiстiгiн зерттеу керек.

– "Бауырлас қаламгерлер" журналына көңiл бөлген iлтипатыңыз үшiн көп алғыс айтамыз!

– Менiң де сiздерге айтар алғысым шексiз. Елизақ қаласына келiп, әдебиет пен мәдениет хақында әңгiмемiз, пiкiр бiлдiргенiмiз – күнделiктi өмiрдегi маңызды кездесуiмiздiң бiрi болды. Кеңес кезiнде мұндай жүздесулер, пiкiр алмасулар, мәселелер болмайтын-ды. Ендi қазiр бәрiмiздiң түсiнуiмiз керек. Күш-қуат алып, күшейiп, бiрлесiп, әлем әдебиетiне өз әдебиетiмiздi қосуымыз қажет.

Түрiк тiлiнен тәржiмалаған Мақсұтхан ЖАҚЫП