Жаңалықтар

ӘЛЕМГЕ ӘЙГIЛI ТҰЛҒАЛАР

ашық дереккөзі

ӘЛЕМГЕ ӘЙГIЛI ТҰЛҒАЛАР

Адамзат дамуының соңғы жүзжылдықтарында саясатта, ғылымда өзiндiк қомақты үлес қосқан тұлғалар аз болған жоқ. Олардың атқарған игi iстерi күнi бүгiнге дейiн айтылып та, жазылып та келедi. Сондай тұлғалардың бiрi – Уинстон Черчилль. Ол – кезiнде Англияның екi мәрте Премьер-министрi болған жан. Әскери журналистiгiмен және жазушылығымен де баршаға кеңiнен таныла бiлдi. Бiз газеттiң "Жаһан" қосымшасында сондай әлемдiк тұлғаларды оқырмандарға қысқаша таныстырып отыруды жөн көрiп, осы бағдарламаны Уинстон Черчилльден бастағалы отырмыз.

Уинстон Черчилль – 1874 жылы 30 қарашада Ұлыбританияның Вудсток қаласы маңындағы Бленхеймск сарайында өмiрге келдi. Сарайды ХVII ғасырдың бас кезiнде "Мальбороның" бiрiншi герцогi Джон Черчилль салдырған. Әкесi – Рэндольф Черчилль жетiншi Мальборо герцогының үшiншi ұлы екен. Ал анасы ауқатты американдық отбасынан шыққан.

Уинстон Черчилль саяқ өсiп, сырлас достары болмапты. Оны ата-анасы Аскоттағы ең таңдаулы мектепке оқуға бередi. Содан соң Хэрроудағы орта мектепте оқиды. Баланың есте сақтау қабiлетi күштi бола тұра көп пәндерге аса қызығушылығы жоғын, тек әдебиеттi ғана жаны сүйетiнiн ұстаздары ерте байқайды. Әскери ойындарға жанын салатынын, әскери басшы ролiн ойнағанды ұнататынын әкесiне ескерткен. Рэндольф Черчилль баласы орта мектептi бiтiрген соң Сэндхестагi корольдiк әскери колледжге оқуға бередi. Ол сол оқу орнын жиырма жасында бiтiрiп, кiшi офицер шенiн алады. Әскери тiлшi ретiнде Кубаға барып, партизандардың испан отаршылдарына қарсы күресiн өз көзiмен көрiп, "Дейли грэфию" газетiне бес мақаласын жариялатқан. Ол содан соң Үндiстанда болып, тайпалар көтерiлiсiн басуға қатысып, мақалалар жазумен айналысады. Тiптен пуштун халқына қарсы жасалынған экспанция жөнiнде кiтап жазып шыққан. 1898 жылы ағылшын армиясының Суданға баса-көктеп кiруiне қатысып, сол туралы да үлкен еңбек жазды.

1899 жылы әскери қызметтен кету жөнiнде арыз берiп, саясатпен айналысуға бет бұрады. Консервативтiк партия атынан өз кандидатурасын парламенттiк сайлауға ұсынады. Алайда бұл қадамы сәтсiз аяқталып, келер жылы екiншi рет бақ сынайды. Сол жылы жеңiске жеткен. Ол сонда небәрi 26 жаста ғана едi. Оның өмiрлiк ұстанымы либералдық партиямен үндес келiп, 1904 жылы мүшелiкке өтедi. 1908 жылы үкiмет басына Генри Асквита бастаған либералдық партиясы келiп, Уинстон Черчилль 33 жасында Сауда және өнеркәсiп министрi болып тағайындалды. Черчилль болашақ әйелi, француз тiлiнiң маманы Клементин Хозьемен танысып, отау құрады. Черчилль одан төрт қыз, бiр ұл сүйген.

Черчилль министр кезiнде еңбекақыны тұрақтандырумен, жұмыссыздықпен күресе отырып, сақтандыру мен зейнетақы жүйесiн жетiлдiрумен айналысты. Шамадан тыс жұмсалып жатқан флот бюджетiн едәуiр қысқартуға қол жеткiздi. 1910 жылы Iшкi iстер министрi қызметiне ауыстырылып, мұнда да бұрынғы бағытын ұстанып, түрме жағдайын жақсартуға күш салды. Алайда жұрттың наразылық шерулерiн аяусыз басқаны үшiн, өзiне сынды көбейтiп те алған.

Уинстон 1911 жылы Адмиралтеиствоның бiрiншi лорд қызметiне тағайындалып, флотты қайта жаңартып, жабдықтауды қолға алды. Көмiрмен жүретiн барлық кемелердi сұйық отынға ауыстырды. Англияның тұңғыш рет әскери-теңiз флотын құрды. Алайда 1914 жылы басталған бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста Германия мен Түркияға қарсы қолданған әрекеттерi нәтижесiз аяқталып, тағы да қатты сынға ұшырайды. Түрiктермен Дарданель бұғазы үшiн болған ұрыста 47 мың әскерiнен айырылған. Соның салдарынан қызметтен бiраз уақытқа шеттетiлген.

Уинстон Черчилль 1918 жылы көктемде нағыз антикоммунист ретiнде Ресейге қарсы ағылшындардың басқыншылық iс-әрекетiн басқарады. 1919 жылы Қорғаныс министрi қызметiнде Қызыл армияға қарсы күресiп жатқан ақ гвардияшыларға көмек көлемiн барынша ұлғайтты. Дегенмен премьер-министр Ллойд Джордж соғыстан шаршаған халықтың көтерiлу қаупiнен қаймығып, әскердi кейiн қайтаруды жөн көрген. Ал Черчилль: "Большевиктердi жөргегiнде тұншықтыру керек",– деп Советтiк Ресейден әскердi шығаруды 1920 жылға дейiн созады. 1922 жылы Ллойд Джордж үкiметi билiктен кеткен кезде Черчилль елдегi ең күштi буржуазиялық консервативтiк партия қатарына өтуге бел байлайды. 1924 жылы ол дегенiне жетiп, Қаржы министрi қызметiне тағайындалды. Өзiнiң либералдар партиясынан кетуiн жұртқа: "Ұлт – коммунизмге қарсы тұратын күшке зәру. Ол тек консервативтiк партияның ғана қолынан келедi" – деп түсiндiрдi. Бiрақ Черчилль Қаржы министрi ретiнде экономиканы жетiк бiлмейтiн. Әрдайым көмекшiлерiнiң кеңесiне сүйенiп отырды. Оның экономикаға осалдығы елдегi жұмыссыздар санын көбейтiп жiбердi. Кеншiлер ауық-ауық наразылық шерулерiне шығып жатты. Ел iшiндегi жағдай 1929 жылы консервативтiк партияның билiктен кетуiне әкеп соқты. Черчилль он жылдай саясаттан тысқары қалған. Бiрақ ол осы жылдары әлемде болып жатқан жаңалықтарға өз көзқарасын баспасөз арқылы бiлдiрiп бақты. Англияның Премьер-министрi Невилл Чемберленнiң нацистiк Германияға көзқарасын қатты сынға алумен болды.

1939 жылы 1 қыркүйекте Германияның Польшаға баса-көктеп кiруi мен Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды. Екi жылдан соң Уинстон Черчилль Англияның Адмиралтейство бiрiншi лорд қызметiне қайта тағайындалып, Германияға табанды түрде қарсылығын бiлдiредi. Чемберлен онымен идея жағынан келiспесе де, әскери тәжiрибесiн қажет еттi. Келесi жылы немiстер Англияны бомбалап жатқанда Чемберлен қызметiнен бас тартқан. 1940 жылы 10 мамырда Англия корольi Георг VI Уинстон Черчилльдi Премьер-министр етiп тағайындап, немiс-фашистерiмен соғыста сол ғана елдi жеңiске жеткiзе алады деп сенiм артты. Бұл кезде Англияның соғыс жағдайы мүшкiл едi. Қолдайтын әрi қорғайтын одақтасы жоқ болатын. Черчилль өзiне одақтас ретiнде Американы тартып, уәжiне көндiрдi. Бұл кезде Ла-Манш жағалауында немiс-ағылшын әскерлерiнiң кескiлескен шайқасы жүрiп жатқан болатын.

1941 жылы 22 маусымда немiс фашистерi Советтер Одағына шабуыл жасады. Черчилльдiң күткенi де – сол едi. Ол Иосиф Сталиндi немiстерге қарсы одақтасуға шақырды. Сталин ұсынысын құптаған. Алдын ала келiсiм бойынша Англия мен Америка Батыстан фашистерге қарсы екiншi майдан ашуы керек болатын. Бiрақ олар Совет әскерлерiне азық-түлiк пен қару-жарақ жағынан көмектесумен ғана шектелiп отырды. Екiншi майданды ашуға еш асықпады. Бұл – сұңғыла Черчилльдiң саясаты едi. Ол қанды соғыста Германия мен Советтер Одағының әбден әлсiреуiн күттi. Екiншi майданды ашу мәселесi тек 1943 жылы қараша-желтоқсанда – үш елдiң басшылары Сталин, Рузвельт және Черчилль қатысқан Тегеран конференциясында түбегейлi шешiлдi. 1944 жылы көктемде АҚШ пен Англия әскерлерi Солтүстiк Франция жағалауынан соғысқа кiрдi. Совет армиясы фашистердi ел аумағынан қуып шығып, Румыния, Венгрия, Польша жерiне аяқ басты. Жеңiс күнi жақындай түскен едi.

Соғыстан кейiнгi Еуропаны одақтастар әуелi Тегеран конференциясында, содан соң 1945 жылы Ялта мен Потсдам конференцияларында талқыға салған. Черчилль сол конференцияларда Советтер Одағының Еуропадағы ықпалын мейлiнше азайту үшiн жанын салды. Тiптен Америка мен Советтер Одағы арасын шиеленiстiрудiң айла-тәсiлдерiн де қолданып көрдi.

1945 жылы Англияда консервативтiк партия жеңiлiс тауып, билiкке лейбористiк партия қайта келдi. Черчилль қызметтен шеттетiлсе де коммунистерге қарсы "қырғи-қабақ соғысын" жалғастырып жатты. 1946 жылы 5 наурызда оны Трумэн Америкаға арнайы шақыртып, Фултон қаласында әйгiлi сөзiн сөйледi. "Протянувшись через весь континент от Штеттина на Балтийском море и до Триста на Адриатическом море, на Европу опустился "железный занавес",– деген сөзi лезде дүние жүзiн шарлап кеттi. Ол осы сөзiмен Батыс елдерiн, сондай-ақ АҚШ пен Англияны бiрiктiрiп, Советтер Одағына қарсы қоя бiлдi. Солай Еуропаны коммунистер ықпалынан босатуға шақырды.

Консервативтiк партияның жетекшiсi Уинстон Черчилль 1951 жылы 77 жасында үкiмет басына қайта келдi. 1953 жылы оның басты қарсыласы Сталин дүниеден озды. Черчилль өз саясатын бiрден өзгерттi. Жауласушы елдердi қарусыздануға шақыру үшiн "Жоғары конгресс" конференциясын шақырмақшы болған. Бiрақ түрлi кедергiлерге байланысты ойындағысын жүзеге асыра алмай қалды. Бос уақытында кiтап жазумен айналысты. Оның 1953 жылы жарық көрген "Екiншi дүниежүзiлiк соғыс" кiтабына Нобель сыйлығы берiлдi. 1955 жылы Черчилльдiң мемлекеттiк белсендi қызметi аяқталды. Алайда ол 84 жасында сайлауға түсiп, төменгi палатадағы өз орнын сақтап қалды. Ол сол жылы "Ұлы британшыл тұлға" атанып, ұлт символына айналды. 1965 жылы 24 қаңтарда Лондон қаласында өмiрден өттi.

Көлбай Адырбекұлы