МӘСIМОВ МИНИСТРЛЕРДIҢ ҚЫЗМЕТIН ОҢ БАҒАЛАДЫ
МӘСIМОВ МИНИСТРЛЕРДIҢ ҚЫЗМЕТIН ОҢ БАҒАЛАДЫ
Биыл Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң Министрлер Кабинетiн басқарғанына бақандай 4 жыл толыпты. Қазақстан басқару құрылымында премьерлiк қызметте ұзақ отырған да осы – Мәсiмов екен. Өз әрiптестерiнен жылы лебiз естiген Премьер-министр ескi жылда жеткен жетiстiктерге шолу жасап, жаңа жылдағы алғашқы отырысты тың жобаларды жоспарлаудан бастады.
Ол алдымен Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң есебiн тыңдап, келешекте атқаратын жұмыстарымен танысты. Министрлiк басшысы Әбiлғазы Құсайыновтың айтуынша, биыл көлiк жолдары саласын дамытуға баса мән берiлмек. Ол үшiн қазынадан 262 млрд. теңгеден артық қаржы көзделген. Экономиканың негiзгi күретамырына айналған жолды жасау – бүгiнгi күннiң басты мiндетiне айналуы тиiс. Бұл тұрғыда елiмiздегi және әлемдiк ауқымдағы iрi жобалардың бiрi болып саналатын "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлiк дәлiзiне ерекше тоқталуға болады. Көлiк дәлiзiнiң жалпы қашықтығы – 8445 шақырым, оның iшiндегi 2787 шақырымы Қазақстан арқылы өтедi. Ал маңызды жобаның сметалық құны – 825 миллиард теңгеге бағаланған-тұғын.
Айта кету керек, он жыл iшiнде көлiк инфрақұрылымына 1,4 триллион теңге жұмсалған. Әлем елдерiн сансыратқан дағдарыс кезiнде де көлiк жолдарын дамытуға деген көзқарас өзгерген жоқ. Сондай ауыртпалыққа қарамастан, халықаралық қаржы институтынан 4,2 млрд. АҚШ доллары тартылып, осы саладағы ең iрi жоба – "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлiк дәлiзiнiң құрылысы қолға алынды. Жоба аясында 34 мыңнан аса адам еңбекке тартылып, жаңа жолдың 417 шақырымы қолданысқа берiлдi. Ал жыл соңына дейiн Үкiмет көлiк магистралiнiң мың шақырымын аяқтап, тапсыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, Көлiк және коммуникация министрлiгiне осы саладағы жобаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк және жеке әрiптестiктi дамыту мiндеттелдi. Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсайынов ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлiк дәлiзiнiң 1000 шақырымы мен жаңа екi темiржол желiсiнiң тапсырылатындығын қуанышпен жеткiздi. Биылға бекiтiлген жоспар бойынша темiр жол саласында Жетiген-Қорғас, Өзен-Түркiменстан мемлекеттiк шекарасы желiлерi бойынша темiр жол құрылысы мен Тұлпар-Тальго жолаушылар вагонын шығаратын зауытты пайдалануға беру көзделiп отыр. Қазiргi күнге дейiн темiржолдың 162 шақырымы салынып бiттi.
"АСТАНА – БУРАБАЙ" ТАС ЖОЛЫ АҚЫЛЫ БОЛАДЫ
Биылғы жылдың бiр жаңалығы – шiлде айынан бастап "Астана – Бурабай" автобанының ақылы жүйеге көшетiндiгi. Министрлiк соның арқасында жыл сайын 1,3 млрд. теңге көлемiндегi қаржыны басқа жолдарды жөндеуге жұмсаймыз дейдi. Яғни автобандағы баға жеңiл көлiктер үшiн шақырымына – 2 теңге, ал коммерциялық көлiктерге – 15 теңге болып, оның iшiнде автобустарға 5-тен 15 теңге аралығында ақы төлеуге тура келетiндiгi белгiлi болды. Бiрақ автомагистраль бойында орналасқан елдi мекеннiң тұрғындары үшiн жүру тегiн. "Өйткенi оларға бiр күннiң iшiнде осы жолмен бiрнеше мәрте қатынауына тура келедi. Сондықтан жол бойындағы елдi мекен тұрғындарынан ақы алынбайды", – дейдi министр.
Көлiк және коммуникация кешенiнiң бюджетi 2011 жылы 333 миллиард теңгенi құрайтын болды. Бұл қаражаттың 80 пайызы, яғни 262 миллиарды автожол саласын дамытуға арналатын көрiнедi. Министрдiң көлiк және коммуникация саласы бойынша жасаған баяндамасын мұқият тыңдаған Кәрiм Мәсiмов министрлiк жұмысын оң бағалады. Бiрақ Премьер-министр Елбасының: "Бұдан былай министрлiкке ақшаны бюджеттен емес, басқа қаражат көздерiн қарастыруға тура келедi", – деген сөзiн еске салды. "Мемлекеттiк бюджетке түсетiн салмақты азайтып, бюджет қаржысын тиiмдi пайдаланған жөн. Ол үшiн жаңа нарық тетiктерiн iздестiру бағытында министрлiкке көп жұмыс iстеу қажет. Өйткенi мемлекеттiк және жеке әрiптестiктi дамыту бағытындағы нақты, iрi жобалармен мақтануға ерте", – дедi К.Мәсiмов. Сондай-ақ келер жылы Қазақстан Бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке енетiндiктен, көлiк-коммуникация саласына зор салмақ түсетiнiн тiлге тиек етiп, көлiк-байланыс саласында түсiндiру, дайындық жұмыстарын жүргiзудi жүктедi.
2011 ЖЫЛ – "ВОКЗАЛДАР ЖЫЛЫ" ДЕП ЖАРИЯЛАНДЫ
Елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзген жылдары темiржол бекеттерiнiң жұмысы да бақылаудан шығып қалды. Әр бекетте жұмыс iстейтiн медициналық пункттер де жабылып, темiржолға қарасты мекемелерден маза қаша бастады. Тiптi талай жылдан берi халыққа қызмет көрсетiп келетiн күту залдарының күрделi жөндеу көрмегенi де жанға батады. Алайда темiржол саласындағы жемқорлықты жоюға күш салып жатқан Маминның бiраз шаруаға мұрындық болғаны айтылып жүр. Қазiр темiр жол нысандары мемлекеттiң игiлiгiне қайтарыла бастады. Бүгiнге дейiн жолаушы және жүк тасымалдайтын вагондарды Қытайдан, басқа да елдерден алып келсек, ендi мiне, өзiмiз де локомотив пен жүк вагонын жасайтын деңгейге жеттiк. "Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы 2010 жылды 598 млрд. теңге табыспен, 61,4 млрд. теңге таза пайдамен жауыпты. ҚТЖ басшысынан кейiн сөз алған Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң төрағасы Нұрлан Алдабергенов әңгiмесiн елiмiздiң темiржол саласына биыл тартылатын инвестиция көлемiн таныстырумен бастады. Оның айтуынша, биыл аталмыш салаға 268 млрд. теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл өткен жылғыдан 40 пайызға көп. Оған 623 шақырымдық темiр жолдың үстiңгi құрылымы жөнделiп, 69 локомотив пен 6070 вагон сатып алынады, 85 локомотив пен 1200 жүк вагоны жөнделетiн көрiнедi. Компания биылғы "Вокзал жылында" 100 вокзалдың ғимараты жаңадан салынып, 120 вокзал күрделi жөндеуден өтедi деп сендiрдi.
АЗЫҚ-ТҮЛIК БАҒАСЫН ҚАДАҒАЛАУ КЕРЕК
Үкiмет елiмiздiң 2010 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының алдын ала болжамдық көрсеткiшiн жария еттi. Былтыр iшкi жалпы өнiм 7 пайызға өссе, ал инфляция деңгейi 7,8 пайыз шамасында болған. "2010 жылдың болжамды көрсеткiштерi тәп-тәуiр. Үкiмет мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтiксiз орындады", – дедi Премьер-министр. Нақтырақ айтқанда, макроэкономикалық көрсеткiштерге келетiн болсақ: өндiрiс 2010 жылы 10 пайызға, ауылшаруашылығы 88,3 пайызға, көлiк саласынның даму қарқыны 7,4 пайызға, ал байланыс өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артқан.
Бұдан соң бағаны тұрақтандыру мәселесi талқыланды. Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң төрағасы Мәжит Есенбаевтың айтуынша, жергiлiктi әкiмшiлiктер өткен жылы азық-түлiк бағасын жiтi қадағалауда ұстаған. Дегенмен бiрқатар аймақтарда – Астана, Өскемен, Алматы қалаларында ет, сүт өнiмдерiнiң бағасы шарықтап кеткен. "Оған бағаны қолдан қымбаттатқан алып-сатарлар кiнәлi", – дедi агенттiк төрағасы. Былтыр кейбiр өңiрде нан бағасының өсуiне байланысты жергiлiктi билiк те, Үкiмет те бiраз дүрлiгiп, бағаны тұрақтандыруға барынша әрекет еткен болатын. Ал биыл мұндай жағдай қайталана ма, жоқ па, белгiсiз. Ауылшаруашылық министрi Ақылбек Күрiшбаев қамбадағы астықтың жеткiлiктi екендiгiн, 2011 жылы нан бағасы көтерiлмейтiндiгiн нық сенiммен жеткiздi. "Астықтан өзге, ел қорында 900 мың тоннадан артық картоп, 150 мың тоннадан артық сәбiз және 100 мың тоннадан артық пияз бар. Бұл халықтың қажеттiлiгiн қамтамасыз ету үшiн әбден жетедi", – дедi ол.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ