Жаңалықтар

ЖОҒАРЫ БIЛIМГЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕ ТҮСЕДI

ашық дереккөзі

ЖОҒАРЫ БIЛIМГЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕ ТҮСЕДI

6 қаңтарда "Казахстанская правда" газетiне сұхбат берген ҚР Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов 2012 жылы Жоғары оқу орындарының (ЖОО) бiразы жабылатыны жайлы мәлiмдеген едi.

ЖОО-лар көп. Бiлiм сапасы соған сай ма?

Министрдiң айтуы бойынша, 1992 жылы Қазақстанда 60 ЖОО болса, 2005 жылы оның саны 185-ке жеткен. Бүгiнде оқу орындарының саны 148-ге дейiн азайтылған. Министр: "ЖОО-ға талап күшейетiн болады. Қазақстан мемлекеттiк емес секторға да теңдей жол ашып, жоғары бiлiм берудi әртараптандыруға көшкенi мәлiм. Әлемдiк қауымдастық бұл қадамды жоғары бағалады. Алайда бұның соңы жақсылыққа апармады. ЖОО-лардың қисапсыз өсуi – бiлiм берудiң сапасына керi әсерiн тигiздi, тек қана соңғы кезде сәнге айналған заңгерлер мен экономистердi дайындайтын оқу орындары көбейдi. Тексерiс барысында университет атын жамылған бiлiм беру ошақтарының бiрқатары оған лайық емес екендiгiн көрсеттi. Сондықтан, тек жекеменшiк ЖОО-ларға ғана емес, мемлекеттiк оқу орындарына қойылатын талаптар күшейедi. 2012 жылы жоғары оқу орындарының аккредитациясын коммерциялық емес үкiметтiк емес аккредитацияланған агенттiктер өткiзетiн болады. Жоғары бiлiм беру мен ғылым саласындағы оқу ордалары алты түрлi категорияға бөлiнедi: ұлттық зерттеу университеттерi, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттерi, университеттер, академия және институттар. Сондай-ақ, Мәжiлiс мақұлдаған "Ғылым туралы" жаңа заң жобасында "зерттеу университеттерi" атты жаңа түсiнiк енгiзiлдi. Бұл ереженiң жүзеге асырылуы ғылым мен оқу барысын ұштастыруға зор мүмкiндiк жасайтын болады", – деген онда. Министр болашақта Қазақстанда 50 немесе 30-дай ғана жоғары оқу орны қалуы мүмкiн деген ойда.

Рахман АЛШАНОВ, ЖОО қауымдастығының президентi:

ЖОО-лардың қысқартылуы нарық механизмдерi бойынша жүзеге асырылуы тиiс

“Tengrinews.kz” сайтына сұхбат берген ЖОО қауымдастығының президентi Рахман Алшанов "Қазақстандағы бiлiм беру туралы" Заң бойынша мамандықтардың саны жоғары оқу орнының категориясын анықтайтындығын айтады.

– Егер ЖОО-ға берiлген лицензия бойынша оқу орны 12 иә одан да көп мамандық иелерiн дайындайтын болса, оны бiтiрушiге университет, ЖОО-да оқытылатын мамандық саны 12-ден аз болса, онда бiлiм ордасы – академия не институт атағымен ғана шектелмек.

Бүгiнде бiлiм ордаларының санын қысқарту – лицензиясын қайтарып алу арқылы жүргiзiлуде. ЖОО-лардың саны жайында мәселе шешiлiп жатқан жоқ, сапасы жайындағы мәселе қарастырылып жатыр ғой. Бәсекелестiк сайысында университеттерге қойылатын талаптар күшейдi. Сондықтан ЖОО-лардың саны азайып барады. Алайда оның орнына жаңа оқу ордалары ашылып жатыр.

Жыл сайын жекелеген мамандықтар бойынша лицензияларды бақылау жөнiндегi комитет қайтарып алады. Менiңше, жоғары оқу орындарын қысқарту процесiн жасанды жолмен жүзеге асырмаған жөн. ЖОО-лардың санының қысқаруы – заңды құбылыс. Бұл ретте шартты градация және формальды қадамдардан пайда болмайды. Сондықтан бұл мәселенi Бiлiм және ғылым министрлiгi емес, нарық шешкенi дұрыс болар едi, – деген ол.

Әлихан БӘЙМЕНОВ, "Ақ жол" партиясының төрағасы:

ЖОО-ларда бiлiксiз мамандар сабақ бередi

– Қазақстанда шынайы жоғары бiлiм беруге дайын ұстаздардың санын, материалдық-техникалық жабдықталу жағын қарасақ, 40-50-ден артық ЖОО-ға ресурс жоқ. Бiздегi 150-ге жуық ЖОО-ның басым көпшiлiгi шынайы дәрежеде бiлiм бергеннен гөрi, бiлiмгерлердi алдаусырататын орынға айналып кеткен. Қазiргi уақытта бiлiм беру деңгейi – өте төмен. Қазақстанда жалпы жоғары бiлiм деген ұғым девальвацияға ұшырап жатыр. Қазiр екi парақ қағазды сауатты жазып бере алмайтын ғылым докторлары мен кандидаттардың саны көбейiп кеттi. Сондай адамдардан бiлiм алған балалардан қандай маман болады. Сондықтан мемлекеттiк бiлiм грантының құнын көтеру керек. Екiншiден, жекеменшiк оқу орындарында бiр студентке жұмсалатын шығынды да арттыру керек. Оқу орындары шынайы аттестациядан өткiзiлуi тиiс. Егер мемлекет бұл жоғары оқу орындарын баланың уақытша жұмыссыздық мәселесiн шешетiн немесе әлеуметтену орны деп қарастыратын болса, оған басқаша атау беру керек. Бiрақ ол жоғары бiлiм деген сөздiң мағынасына көлеңке түсiрiп келедi.

– Оқу орындарында қаншама студент бiлiм алады, мұғалiмдер сабақ бередi. Студенттер не iстейдi, ал мұғалiмдер жұмыссыздар қатарын көбейтуi керек пе?

– Сөзсiз, балалар мен ата-аналардың кiнәсi жоқ. Бiлiм ордаларын бiр күнде жауып тастау да шарт емес. Егер ол жоғары оқу орындарындағы ахуал талапқа сай келмейтiн болса, талапқа сай келетiн оқу орындарына талапты балаларды iрiктеп, оқытудың жағдайын жасау керек. Себебi ата-ана, бала мемлекеттiң лицензиясы бар оқу орындарына түбегейлi сенiп келедi. Кейбiр оқу орындарында күндiз бiлiм алғаннан гөрi, басқа мықты оқу орындарында сырттай немесе кешкi бiлiм алғанның өзi артық. Өткенде бiр студентке кездесiп қалдым. Машина жүргiзiп жүр екен. 4-шi курстың студентi. Қай шет тiлiн бiлесiң десем, ешқандай тiлдi бiлмейдi. Бүгiнгi күннiң талабы бiр шет тiлiн оқыту ғой, бағдарламада жоқ па десем, қазiр бiздiң әрбiр емтиханымыздың өз бағасы бар дейдi. Ол өз мамандығын да бiлiп отырған жоқ, оны қажетсiнiп те отырған жоқ, бiлiм үшiн емес, диплом үшiн оқып жүрген бiреу көрiнедi. Демек бiздiң жоғары бiлiмнiң бүгiнгi сиқы – осы. Сол үшiн оған министр айтқандай қандай да бiр өзгерiс енгiзбесе, Қазақстан қоғамы алға жылжымайды.

Ал қабiлетсiз балаға беретiнi жоқ оқытушы жоғары оқу орындарында сабақ беретiн болса, бұл – болашақтың алдындағы қиянат. Бiр жылдары ғылыми дәреженi қап-қабымен тараттық қой. Бұл – ғылымға жасалған қиянат болды. Осы мәселенi реттеу үшiн Бiлiм және ғылым министрлiгi қоғам алдында талқылау өткiзсiн. Өтiрiк, жалған рейтингiлерден бойын аулақ салып, нақты мәселелердi қоғам алдында жайып салсын. Бұрынғы министр Қазақстан бiлiм беру саласынан алғашқы үштiктiң қатарында деп күпиiттi емес пе?!

– Рахмет!

Есенгүл Кәпқызы