Жаңалықтар

ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЙЫ ТУРАЛЫ ОЙ

ашық дереккөзі

ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЙЫ ТУРАЛЫ ОЙ

Қоян жылының қазiргi заманғы Қазақ тарихына алтын әрiптермен жазылар тұсы – Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына тұспа-тұс келуi болмақ. Ел президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзiмен айтқанда, "тәуелсiздiктiң жиырма жылдығы той тойлаудың емес, ой ойлаудың" сәтiн тудырса керек. Жалпыұлттық жоспарға сәйкес, тәуелсiздiктiң 20 жылдығы биылғы жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында жыл бойы тойланады. Ендеше, жыл бойы 20 жылда не тындырып, не бiтiргенiмiз жайлы ой қорытуға тиiспiз деген сөз.

2009 жылдың мамыр айында өткен "Нұр Отан" ХДП кезектен тыс ХII съезiнiң барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанның тәуелсiздiк алуының 20 жылдық мерейтойын тойлау қазақстандық мемлекеттiлiк пен отансүйгiштiктi нығайтуға септiгiн тигiзуге тиiс", – деп мәлiмдеген едi.

"Бiз үшiн екi жылдан кейiн атап өтетiн Қазақстанның тәуелсiздiк алуының 20 жылдық мерейтойы айрықша идеологиялық маңызға ие. Бiз оған жан-жақты дайындалуымыз қажет. Мерейтойды атап өту – қазақстандық мемлекеттiлiк пен отансүйгiштiктi нығайтуға септiгiн тигiзуге тиiс. Бұл атаулы тойды экономикадағы, әлеуметтiк саладағы, ғылым мен мәдениеттегi тың жетiстiктермен қарсы алуымыз қажет", – дедi Президент.

Былтырғы жылдың өзiнде тәуелсiздiктi ұлықтауға арналған бiрқатар акциялар, шаралар өткiзiлдi. Солардың iшiнде "Кiтап – сыйға" акциясы ерекше атап өтуге тұрарлық. "Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған акция аясында Астана, Алматы қалалары мен облыстардағы iрi кiтапханаларға, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен балалар кiтапханаларына партия атынан "Қазақстан Республикасы. Тәуелсiздiк шежiресi" жинағынан кiтаптар табыс етiлген.

"Нұр Отан" ХДП хатшысы Ерлан Қарин ой ойлаудың бiр жолы туралы былай деген: "Елiмiз келесi жылы амандық болса, өз тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығын атап өтедi. Бұл – сөзсiз, елiмiздiң тарихындағы жаңа үлкен мiндет. Тек қана той ретiнде аталып өтiлмеуi тиiс. Мерейтой ең алдымен өткен тарихымызды қорытындылап, жеткен жетiстiктерiмiздi саралап, болашақта атқарылуы тиiс мақсат-мiндеттердi белгiлеп алуға қажет. Осы жылдарда қол жеткiзген басты ортақ жемiсiмiз – қазақ мемлекеттiлiгiнiң берiк iрге тасының қалануы. Бүгiнгi таңда бiздi әлемдегi бiр мемлекет, бiр ел деп сыйласа, басқа мемлекеттер бiздi пiр тұтады, қалғандары есептеседi, санасады".

20 жылдықты рухани қорымызды түгендеуге арнасақ, қанекей?

Рас, Қазақ елi Тәуелсiздiгiн Кеңестер одағы мемлекеттерi iшiнде ең соңынан жариялады. Бiрақ қазақ үшiн тәуелсiздiктiң бағасы кемiген жоқ. Атадан балаға қанмен келетiн азаттық рухы атойлап, барға – қанағат, жоққа – шүкiр еттiк.

Бiз үшiн Тәуелсiздiктiң ең үлкен сабағы да – осы, бәлкiм.

Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялаған 1991 жыл – Қазақстан тарихындағы ең бетбұрысты, шешушi кезең болды.

Бұл жылдың әрбiр күнi тарихи оқиғаларға толы, әрбiр оқиға – болашақтағы жеңiстер мен жетiстiктердiң алғышарты болды деуге негiз бар.

Сол күндерде қабылданған шешiмдердiң жемiсi қазiргi ғана емес, келер ұрпақтарға да азық болар деген үмiт басым.

1991 жылы 1 желтоқсанда республика тарихында тұңғыш рет Қазақстан Президентiнiң сайлауы өткiзiлдi.

1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-н Қазақстан Республикасы деп атау туралы заңға қол қойды.

12 желтоқсанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында жазықсыз жала жабылып, жазаға тартылғандарды ақтау туралы жарлық қабылданды. Қазақ жастарын қанға бөктiрген қайғылы оқиғадан 5 жыл өткен соң Желтоқсан оқиғасы Тәуелсiздiк тарихында Ұлт-азаттық қозғалыс болып жазылды.

1991 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркiменстан, Тәжiкстан басшылары Ашхабадта бас қосты. Орта Азия мемлекеттерiнiң басшылары Минск (Беловеж келiсiмi) шешiмiн қолдайтындықтарын бiлдiрдi.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанда тәуелсiздiк және мемлекеттiң егемендiгi туралы заң қабылданды.

1991 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, РСФСР, Украина, Беларусь, Армения, Молдова мемлекеттерiнiң президенттерi Алматыда бас қосты. Оған Грузия бақылаушы есебiнде қатысқан.

1991 жылы 21 желтоқсанда аталған 11 республиканың басшылары КСРО-ны ыдыратып, ТМД-ны құру туралы келiсiмге қол қойды.

Алматы кездесуi кезiнде Беларусь, Казақстан, Ресей Федерациясы және Украина республикаларының басшылары ядролық қаруға қатысты бiрлескен шара жөнiндегi келiсiмге қол қойды. Бұл келiсiм бойынша осы мемлекеттер ядролық мәселе жөнiндегi саясатты бiрлесе жасап, Тәуелсiз Елдер Достастығына енетiн барлық республикалардың ұжымдық қаупсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiстi болды.

Осылайша, Қазақстанның Тәуелсiздiк тарихы сан түрлi, сабағы мен салдары мол оқиғалармен толыға бердi.

Былтыр Астананы айналдыра егiлген "Жасыл аймақты" аралап көрген соң, Елбасы "Бүкiл Қазақстан, барлық қалалары, ауылдары осымен шұғылдануы керек. Қазақстанның 20 жылдығын таза ауыл, таза аудан, таза облыс, көгалданған өлке деп отырмыз ғой, осының барлығына барлық әкiмдер, халық қолдау бiлдiруi керек", – деген едi.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсiздiктiң 19 жылдығына орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзiнде: "Алдағы мерейтой – Отанымыздың тағдырына алаңдайтын әрбiр адам үшiн қымбат. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы ресми iс-шаралар ғана емес. Оны абыроймен қарсы алу – әрбiр қазақстандықтың патриоттық парызы!", – деген-дi.

Қазақстан азаматтары тәуелсiздiктiң 20 жылдығында азаматтық белсендiлiк танытуға тиiс.

"Бұл – ресми шара ғана емес, бұл – әр қазақстандықтың патриоттық парызы. Миллиондаған азамат азаматтық белсендiлiк танытып, жаңа Қазақстанның құрылысына қатысуға тырысуы тиiс", – дедi Президент.

Қазақстанның тәуелсiз мемлекет ретiндегi алғашқы 20 жылдығында алған биiктерi аз емес. Солардың бiрi – 2011 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ Үштiгi құрамында жетекшiлiк етудi жалғастырып, Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етедi.

Биылғы жылғы мемлекет өмiрiндегi барлық салалардағы жаңалықтар мен жеңiстер Тәуелсiздiк тойына тарту ретiнде бағаланатыны түсiнiктi.

Бүгiнгi күнiмiзге тәубе етiп, жеткен жетiстiктерiмiздi саралаудың бiр тәсiлi де – бұл.

Жылдың басындағы айшықты оқиға – VII Қысқы Азия ойындары да ұлт мерейiн асқақтатуға бағышталады.

Тiптi Алматыда ұзақ жылдар iске қосылмай келген метро желiсiнiң ашылуы да – қала тұрғындарына мерейтойға тарту ретiнде ұсынылмақ.

Бұл оқиғалар халықтың көңiлiн тоғайтып, мемлекеттiң халықаралық имиджiн арттыра түсерi сөзсiз.

Дегенмен тәуелсiздiктiң ең үлкен тартуы – мемлекеттiлiктiң сақталуы екенi естен шықпаса болғаны.

Тәуелсiздiк – ұлтты ұйыстыра алатын идеяға айналса, қанекей?!

Саяси ғана емес, экономикалық, ақпараттық, рухани тәуелсiздiгiмiздi сақтау жөнiнде ой ойлау керек.

Ең бастысы, Тәуелсiздiкпен құрдас жас ұрпаққа Тәуелсiздiктi сақтаудың жолдарын үйрете алсақ, қанекей?!

Гүлбиғаш Омарова