"ҚАЗСАТ"-тың ҚАЙТА ТIРIЛУI

Қазақ елi «ҚазСат-1» жер серiгiнен мол үмiт күтiп едi. Алайда оның iзiм-ғайым жоғалып кетуiне байланысты жұрттың «Қазғарыш» агенттiгiне деген сенiмi де азая бастады. Ұшты-күйлi кеткен 65 млн. долларды қайта-қайта айтып, iшiмiз удай ашыды. Бiрақ амал қанша?

Жоғалған жер серiгiнiң соңын күтiп отыра беру – тағы жарамас. Қазақстан үкiметi тәуекелге бел байлап, «ҚазСат-2» жер серiгiн ұшыру дайындығына кiрiсiп кеткен-тұғын. Одан соң Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке шаруаның жай-жапсарын жеткiзген «Қазғарыш» Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев: «Жер серiгiн жасау жұмысының 80 пайыздан астамы орындалды» деп мәлiмдеген. «Жобаның құны өзгерген жоқ, сол 115 млн. долларды құрайды. Ресей жағы спутниктiң жұмысында туындауы мүмкiн iркiлiстер үшiн толығымен жауап бередi. «ҚазСат-1″ ұшыраған сәтсiздiк қайталанбайды» деп уәде бергенi жұрт жадында. Бiр қызығы, осындай оптимистiк әңгiмеден кейiн «ҚазСат-2» жер серiгi 2010 жылдың желтоқсан айында орбита нүктесiне көтерiледi деп бөркiмiздi аспанға атқанбыз. Өкiнiштiсi сол, қазақтың жер серiгi тағы да жер бауырлап жата беретiн түрi бар.

Ендi «Қазғарыш» агенттiгi «ҚазСат-2» жер серiгiн биылғы жылдың 29 наурызында ұшырамыз деп алақанын ысқылап отыр. «Қазғарыш» Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев: «ҚазСат-2″ жер серiгi толығымен дайын. Бiрақ оны қабылдау кезiнде қазақстандық мамандар борттағы аппаратта кiшiгiрiм ақаулардың бар екенiн анықтады. Қазiр бас мердiгер сол кемшiн тұстарын қалпына келтiруде» дедi үкiметтiң кезектi алқа мәжiлiсiнде. Мұсабаевтың сөзiн ұйып тыңдаған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов агенттiк өкiлдерiне «ҚазСат-2» жер серiгiне байланысты жұмыстарды тездетiп аяқтауды жүктедi. Мәсiмов «ҚазСат-1» жер серiгiне қатысты туындаған мәселеге агенттiктiң қазiргi басшылығын кiнәлаудан аулақ екендiгiн айтса да, айыптыларды iздеп-табатындығын емеурiнмен жеткiздi. Ол қазiргi таңдағы ең негiзгi мәселе – «ҚазСат-1» жер серiгiн сақтандыру құнын өндiрiп алу екенiн қаперге салды. «Бұдан тек салық төлеушiлер зардап шегiп отыр. Техниканың сынуы немесе iстен шығуына дау жоқ. Тым құрығанда, оның сақтандыру құнын өндiрiп алуымыз қажет. «Кейiн бармақ шайнап қалмас үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасаңыздар» деген Үкiмет басшысы осы жолы да сақтандыру шараларын қатаң қолға алуды тапсырды. Қазiр аталмыш iске қатысқан 23 компанияның 13-i қаржыны қайтаруға келiсiм берiп, оның 12-сi тиiстi ақшаны қайтарған.

Парламент мәжiлiсi депутаты Уәлихан Қалижанның: «ҚазСат» – бұл өте күрделi мәселе. Ендi жасалып жатқан «ҚазСат-2»-нiң құны – «ҚазСат-1»-мен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары. «Қазғарыш» Ұлттық агенттiгiнiң басшылары: «Бұл жер серiгi жоғалып кетпейдi, бұрынғы қателiктердi жiбермеуге тырысамыз», – деп жатыр. Бiрақ кiм бiледi? Бұған менiң көзiм анық жеткен жоқ. Өйткенi оның ешқандай ғылыми сараптамасы жоқ, ғылыми орталықтарда ол туралы талқылаулар жүргiзiлмеген. «Судың да сұрауы бар» демекшi, халықтың қаржысына жасалып жатқанын түсiну керек», – деген пiкiрi де орынды.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтың қатысуымен өткен алқа мәжiлiсiнде алдағы уақытта қазақстандық ғарышкерлердi ұшыру туралы да сөз болды. Бұл тұрғыда Ресей мен Қазақстан басшылары арасында ауызша болса да келiсiмнiң бары айтылды. Сол себептi дайындық жұмыстары мен қажеттi құжаттарды мұқият қарап, бұл шараға кез келген уақытта әзiр болу керек. Өкiнiштiсi сол, барлық сыннан сүрiнбей өтiп, «қазан айында ғарышқа аттанамыз» деп жүрген Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетовтың жолын экономикалық дағдарыс байлады. Ресей тарапы екi үмiткердi ғарышқа ұшыру үшiн Қазақстаннан 900 млн. рубль немесе 4 млрд. 50 млн. теңгеге жуық қаржы сұраған. “Қазғарыш” агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаевтың айтуынша, осы жобаның жүзеге асырылуына бөлiнген 26 млн. жуық АҚШ доллары республикалық бюджеттен алынып тасталған. Сөйтiп, 3 жыл бойына қиын дайындықтардан өтiп, тер төккен екi үмiткердiң еңбегi заяға кеттi. «Қазғарыш» қолға алған тағы бiр жоба – «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенiн iске қосу мерзiмi де 2015 жылға шегерiлiп отыр. Бұл мәселеде де Ресейге тәуелдi болып отырғанымызды жасыра алмаймыз.

Бiр кездерi Парламент депутаттары: «Ресейдiң ғарыш саласы мамандары өз елiнде ғарыш айлағын салуды жоспарлап отыр, егер Ресей Байқоңырдан бас тартса, алып айлақ қаңырап қалуы мүмкiн», – деп дабыра көтерген-дi. Сондықтан алдағы он жылда айлақты игеретiн отандық мамандар дайындау керектiгi жиi айтылып жүр. Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлердi дайындау орталығының бастығы Сергей Крикалевтiң әзiрге Ресей тарапы Байқоңырдан бас тартпайтындығы туралы нақты тiл қатқаны бiраз жайттан хабар бергендей болды.

Жәнiбек ӘШIМ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button