БОЛАШАҚ ҚАЗАҚСТАН ҮШIН
БОЛАШАҚ ҚАЗАҚСТАН ҮШIН
Өскемен қаласында өткен елiмiздiң тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкiлеттiгiн 2020 жылғы желтоқсанға дейiн ұзарту мақсатында бүкiлхалықтық референдум өткiзу жөнiнде республикалық ынталы топтың жиынында сөз сөйледiм. Жиында ұлт көшбасшысының егемендiктiң алғашқы күнiнен тәуелсiз мемлекетiмiздiң өсiп-өркендеуiне сiңiрген еңбегi өлшеусiз екенiне, көк байрағымыз желбiреген әлем таныған ел болғанымызды мақтанышпен жеткiздiм.
Қазақстан өз алдына мемлекет болғалы ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылды. Мұның бәрiне Елбасының көрегендiк басшылығы мен сарабдал саясаты нәтижесiнде қол жетiп отыр. Елдегi экономикалық өрлеу, әлеуметтiк даму, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастық қай мемлекетке де үлгi болғандай, Елбасының халықаралық дәрежедегi биiк беделi мен абыройы кешегiдей әлем елдерiнiң Саммитiн өткiзуге жол ашты.
Мен сапарларым барысында 20-дан астам мемлекеттiң iскер топтарымен кездесiп, әңгiмелескенiм бар. Олар бiрден Президент Н.Назарбаевты таниды, Қазақстанның тамаша табыстарына тәнтi болады. Сайып келгенде, Елбасы мен Қазақстан егiз ұғым, бiз қуатты Қазақстан үшiн Елбасымен бiрге боламыз. Жиынға қатысушылардың барлығы Елбасының өкiлеттiгiн ұзарту жөнiндегi референдумды қолдайтынын айтып, Қазақстан халқына Үндеу қабылдады.
Елге оралысымен, ынталы топтың отырысы өткiзiлдi. Онда алдағы атқарылатын жұмыстарымызды жоспарлап, топ төрағасының орынбасары мен хатшысын сайладық. Ендi ынталы топ мүшелерi аудандарды аралап, халықпен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткiзедi.
Самұрат ИМАНДОСОВ,"РЗА" АҚ президентi,
облыстық мәслихат депутаты, ынталы топтың төрағасы
ПАТРИОТ АЗАМАТТАР ҮН ҚОСАДЫ
Өскемен қаласында өткен республикалық жиынға Қызылорда қаласынан барған делегация құрамында Отанымның патриот азаматы ретiнде қатысқанмын. Сол жиналыста отырып көкiрегiмдi керемет толқыныс кернедi. Осыдан он тоғыз жыл бұрын елiмiз егемендiк алған уақыттан берi Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлының жүргiзiп отырған саясаты елiмiздiң келешегiнiң кепiлдiгi деп бағамдадым. Кеңестiк кезеңмен бүгiнгi елiмiздi салыстырғанда көш басында тұрғанымыз Елбасымыздың халқымызға деген адал еңбегiнiң жемiсi деп бағамдадым.
Халқымыздың ежелден бергi тарихын келер ұрпаққа аманат етiп қалдыру мақсатында жасалған арнайы "Мәдени мұра" бағдарламасының шеңберiнде мен қызмет атқарып отырған облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң өзiнде қаншама игiлiктi iс атқарылды. Менiң ойымша, бiлiмге, мәдениетке, экономикаға, тағы да басқа салаларға елмен етене араласа отырып, реформа жүргiзiп отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлының Президенттiк өкiлеттiгiн 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейiн ұзартуды дұрыс шешiм деп есептеймiн. Барды бағалай бiлетiн Сыр елiнiң азаматтары, патриот жастары бұны бiрауыздан мақұлдап, үн қосады деген сенiмдемiн.
Нұрлан БАҚТИЯРОВ,облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң директоры
ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕК ЖОЛЫ
Шығысқазақстандықтардың шынайы бастамасы бәрiмiздiң де көңiл түкпiрiмiздегiнi қозғап кеттi. Елбасы Н.Назарбаев қазақ халқы үшiн қаншама қыруар iс тындырды. Тiптi, Президентiмiз осы күнi бiздiң елiмiз шеңберiнде ғана емес, бүкiл адамзатты ымырасыздықтан ынтымаққа бастаудың жолында жүр. Кешегi өткен Астана Саммитi осының дәлелi. Елiмiздi осындай дүниежүзiлiк беделi зор, сара саясаткердiң басқаруы әрбiр отандасымыз үшiн мақтаныш деп бiлемiн.
Бiздiң жас мемлекетiмiз жиырма жылға жетпейтiн уақытта ғасырлық iс тындырды. Кешегi бiр нан кезегiнде тұрған кезiмiз де есте, ендi, мiне, дастарқанымыздың белi қайысып дәмге толды. Бұл қарапайым ғана бiр мысал. Даму сатысында тұрған қазақ елiнiң болашағы мұнан да бедерлi екенiне күн сайын көз жеткiзiп отырмыз.
Сондықтан бiз, бiр топ қызылордалықтар өскемендiк бауырларымыздың бастамасын естiп, бiрден сол жаққа жол тарттық. Өскеменде өткен форумға қатысып, өзiмiздiң оң көзқарасымызды бiлдiрдiк, қолдауымызды қостық.
Туған жерге орала сала да бастамашыл топ есебiнде ел арасына жүрiп кеттiк. Жалпы, елдiң бұл бастамаға бiрауыздан түсiнiстiк танытып, Елбасының ертеңге бастай беретiн ерiк-жiгерiне сенетiндiктерiн бiлдiк. Бұл бәрiмiздi қуантты. Шын мәнiнде бүгiнгi жарқын күнiмiз, ертеңгi жарық болашағымыз үшiн, алға қойылған ауқымды мiндеттердiң, ерлiкке тең ерен бастамалардың тiкелей бiр ғана авторы, ол – Елбасы. Осы iстi оның мұнан әрi де жалғастыра беретiнiне күмән жоқ. Оған күнi бүгiнге дейiн атқарылған тарихи iстер куә.
Нұрмұрат ЕРМАНОВ,кәсiпкер, облыстық мәслихат депутаты