Жаңалықтар

КЕШЕГI ЕРЛIКТI БҮГIНГIГЕ ҮЛГI ҚЫЛСАҚ

ашық дереккөзі

КЕШЕГI ЕРЛIКТI БҮГIНГIГЕ ҮЛГI ҚЫЛСАҚ

Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласындағы Ұлттық кiтапханада "Қазақтың Ұлы қолбасшылары" атты ғылыми-тәжiрибелiк конференция өттi. Аталмыш шараға ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, Алматы қалалық ардагерлер кеңесi және "Генералдар одағы" республикалық қоғамдық бiрлестiгi мұрындық болған. Қазақтың қол бастаған қолбасшыларының ерлiктерiн бүгiнгi ұрпаққа өнеге етiп, насихаттауды мақсат тұтқан конференцияға екi дүркiн Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов, ҚР Тұңғыш ғарышкерi, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкiров, әдiлет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтар қатысты.

"Конференцияның негiзгi мақсаты – қазақтың қолбасшылық өнерiн кеңiнен таныстырып, қазақ батырларының ерен ерлiгiн ұлықтай отырып, ел болашағы жастарды отансүйгiштiкке, батылдық рухта тәрбиелеуге аз да болса өз үлесiн қосу" дейдi ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президентi, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанұлы. Сондай-ақ, бұл шара алғаш өтiп отырғандықтан, кем-кетiктерiнiң де болып жатқанын айтты.

Қара тамақ найза ұстаған, қазақтың даласын жаудан қорғаған бабалардың ерлiгi – айтып та, жазып та тауысқысыз дастан. Ал бүгiнi тәуелсiз елдiң жастары, кешегi ерлiк пен қаһармандықтың жемiсiн жеген бақытты буын, даланың оғлан ұлдары жайлы қаншалықты бiледi? Тәуелсiздiк алғалы берi, қазақтың талай батырының аруағына арналып ат шаптырылды, ас берiлдi. Егенмендiкпен бiрге қайтып келген ер бабалар рухының бүгiнгi ұрпаққа берерi мол. Бұл бастама әрмен қарай жандана түссе, екпiнiнен жау жасқанып, қаһарынан қас дұшпаны жасыған, жай отындай жарқыраған қолбасшылар ерлiгi жас ұрпақтың бойына күш-жiгер берiп, қанымыздағы ерлiк сабақтастығының өз жалғасын таба беретiндiгiне күмәнiмiз жоқ.

Конференция барысында батыр бабалардың ерлiк рухтарын ұлықтаған, қолбасшылық шеберлiктерi мен көзсiз ерлiктерi жайлы сыр шертетiн оншақты баяндама жасалды. "Қолбасшы Ағыбай батыр" атты баяндамасын жасаған Ұлттық мұрағат директорының орынбасары Әсеметов Марат былай дедi:

"Бiз тәуелсiздiк алған жылдары қазақтың барлық батыр-бағыландарына ас бердiк. Бастарына ескерткiш тас қойдық. Батырларды ұлықтайтын iзгi бастама әлi де жалғасын тауып келедi. Бұл конференция Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық қарсаңында сол бастамалардың басын қосқан, халыққа берген есебi iспеттi".

Конференция соңында ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының тарапынан жарық көрген "Алғадай: Батыр қолбасшы. Батыр генерал" атты кiтаптың тұсаукесерi болды. Бұл кiтапта XVII-XVIII ғасырларда тарих сахнасына шыққан әскери қолбасшы батырлары, XIX ғасырда өмiр сүрген қазақтың тұңғыш генералы Шыңғысхан Ғұбайдолла Жәңгiрұлының өмiрi мен қызметi жайлы, 1941-1945 жылдардағы генерал, қолбасшы батыр қазақтар мен тәуелсiз Қазақстанның әскери салада аянбай қызмет еткен азаматтардың ерлiк iстерi туралы жазылған. Қазақтың барлық батыр қолбасшысын қамти алмаса да, өз оқырманына қазақ тарихындағы ерлiк пен өрлiк жайында аз да болса сыр шертедi.

Жәнiбек ҒАЛЫМ