Амантай КӘКЕН: АНДРОПОВ БАСТАП, ҚАЛҒАНДАРЫ ҚОСТАП...

Амантай КӘКЕН: АНДРОПОВ БАСТАП, ҚАЛҒАНДАРЫ ҚОСТАП...

Амантай КӘКЕН: АНДРОПОВ БАСТАП, ҚАЛҒАНДАРЫ ҚОСТАП...
ашық дереккөзі

Кремльдiң басын ауыртып, оларды беймаза күйге түсiрген немiс мәселесi Саяси бюроның 1976 жылғы 6 тамызындағы кезектi мәжiлiсiнде сөз болады. Бұл проблеманы зерттеп, оны қалай реттеу жөнiндегi нақты ұсынысты жасау Ю. Андропов бастаған арнаулы комиссияға тапсырылады. Партия көсемдерi мiндеттеген iстi тиянақтауға бiраз уақыт кетедi, жиналған, қорытылған материалдар зерттеледi, сарапқа салынады. Ақыры, 1978 жылдың тамыз айында, КОКП Орталық Комитетi жауапты қызметкерлер тобының Немiс автономиясын құру туралы хаты өмiрге келдi. Оған қол қойғандар – КГБ төрағасы Ю. Андропов, КОКП Орталық Комитетiнiң хатшылары И. Капитонов, М. Зимянин, КСРО Министрлер Кеңесi төрағасының бiрiншi орынбасары З. Нуриев, IIМ министрi Н. Щелоков, Бас прокурор Р. Руденко, КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумының хатшысы М. Георгадзе, КГБ төрағасының бiрiншi орынбасары В. Чебриков.

– Комиссия КСРО-да немiс азаматтарына қатысты құжаттар мен материалдарды зерттедi, осы проблеманың әртүрлi жағдайын қарастырды, жергiлiктi партия және кеңес органдарының кейбiр басшы қызметкерлерiмен пiкiр алысты. Комиссияның пiкiрi бойынша, – делiнген хатта одан әрi, – қазiргi уақытта немiс халқына ұлттық-территориялық автономия берген дұрыс болар едi. Әрмен қарай хат авторлары осы ұсынысты айғақтайтын деректер келтiредi. – Саяси жағынан алғанда автономияны құру немiс ұлты азаматтарымен жұмыс жөнiндегi Орталық Комитеттiң қаулысында көрсетiлген мiндеттердi ойдағыдай жүзеге асыруға жағдай жасайды. 1941 жылы Едiл жағалауындағы немiс АКСР-ның таратылуы салдарынан туындаған жағымсыз зардаптарды түбегейлi жоюға мүмкiндiк бередi, ұлттық ерекшелiктерiн сақтап, оны дамытуға деген немiс халқының табиғи ұмтылысына сай келедi деп есептеймiз. Мұның өзi сонымен қатар эмиграциялық пиғылмен, ұлтшылдықпен және кейбiр Кеңес немiстерi арасындағы жағымсыз көрiнiстермен, сондай-ақ Батыстың идеологиялық арандату қызметiмен күресте маңызды дәлелдеме болар едi. Бұдан соң Андропов бастаған жоғары мәртебелi шенеунiктер автономияны неге Қазақстанда құру керектiгiн дәлелдемек болады. – Қазiр елiмiзде 1 миллион 800 мыңан астам немiс тұрады. Соғыстан кейiнгi жылдары олар негiзiнен Қазақстан, Қырғызстан, кейбiр Сiбiр облыстарының аумағына қоныстанып, сiңiсiп кеттi. Кеңестiк немiстердiң жартысынан көбi – 936 мың адам Қазақстанда тұрады. Олар республика халқының 6,6 пайызын құрайды, ал Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Целиноград сияқты облыстарда – 10-13 пайыз. Республикада немiс халқы сан жағынан көп болатын 230-ға жуық елдi мекендер бар. Қазақстанның партия және кеңес органдары немiс халқымен жұмыс iстеуде бiраз тәжiрибе жинақтады. Немiстер экономика мен мәдениеттiң барлық салаларында жақсы еңбек етедi, қоғамдық-саяси өмiрге белсене қатысады. Басшы кадрлар iшiндегi немiс ұлтының қатары молайған: Орталық Комитет пен облыстық партия комитеттерiнiң номенклатурасына 500-дей, қалалық және аудандық партия комитеттерiнiң номенклатурасына үш мыңнан астам адам кiредi. 8 адам қалалық, аудандық партия комитеттерiнiң, ал 440 адам бастауыш партия ұйымының хатшылары болып iстейдi. Республикада 7 мыңнан астам немiс ұлтының еңбеккерлерi жергiлiктi кеңестердiң депутаттары болып сайланған. Республикалық радио жұмасына бес сағатқа жуық немiсше хабар бередi. Целиноград қаласында немiс тiлiнде күнделiктi "Фройндшафт" газетi шығады. Қарағанды филармониясының жанында немiстiң эстрадалық ансамблi жұмыс iстейдi. "Қазақстан" баспасында немiс тiлiнде әдебиет шығарумен айналысатын арнайы редакция бар. Республика мектептерiнде 30 мыңнан астам оқушы немiс тiлiн ана тiлi есебiнде оқиды. Осыны ескере отырып, комиссия Қазақстан құрамында немiс халқының автономиялық облысын құру жөнiнде ұсыныс жасайды. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетi (Д. А. Қонаев ж.) бұл ұсынысқа дұрыс қарайды. Хаттың қорытынды бөлiмiнде бұл құрылымның нақты қай жерде орналасатындығы, оның ел экономикасын өркендетудегi алатын орны атап өтiлiп, Едiл жағалауындағы бұрынғы автономияны неге қалпына келтiруге болмайтындығы сөз болады. – Немiс автономиялық облысының орталығы Ерейментау қаласы болатын қазiргi Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Целиноград облыстарының құрамына кiретiн бес ауданның территориясында құруға болады. Сонда оның аумағы шамамен 46 мың шаршы километрге жетiп, халқы 202 мың адамнан асады, оның 30 мыңы немiстер, ал партия ұйымының құрамы 10 мың коммунистен артық болар едi. Жаңа облыстың құрылуы сонымен бiрге Қазақстанның солтүстiк бөлiгiнiң экономикасын, әсiресе ауыл шаруашылығын дамытудағы резервтердi неғұрлым молырақ игеруге мүмкiндiк берер едi. Осы мәселе жөнiнде нақтылы ұсыныс жасау Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне тапсырылғандығы жөн. Немiс автономиясын Едiл жағалауында құруды қолайсыз деп есептеймiз, өйткенi мұнда немiстер жоққа тән және бұл ауданда олардың тарихи тамыры жоқ… Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Д. А. Қонаевтың көмекшiсi В. Владимировтың "Феникс" альманағында жарияланған "Кремлевская карусель" (1993, № 1) деген хикаясында мынандай жолдар бар: "1979 жылдың 31 мамырында, бейсенбiде, Димекеңе Кремльден ЦК хатшысы И. Капитонов телефон соғып, “Биыл Қазақстанда қайткен күнде де немiс автономиялық облысы құрылуы тиiс. Созуға болмайды. Бiзге барлық әлем қарап тұр” дейдi" (296-б.). Тап сол күнi немiс халқының өмiрiне қатысты құжатқа қол қойылған едi. Оқып көрiңiз.
Немiс автономиялық облысын құру туралы
КОКП Орталық Комитетi Саяси бюросының қаулысы  
Саяси бюро мәжiлiсiнiң хаттамасы. №153/ХI 31 мамыр 1979 ж.
1. Немiс халқының ұлттық мәдениетiн дамытуға қажеттi жағдай жасау мақсатымен және олардың арасында идеялық-тәрбие жұмысын жақсарту, сонымен бiрге облыс құрамына кiретiн аудандардың экономикасы мен табиғи байлықтарын неғұрлым тиiмдi игеру үшiн Қазақ ССР-ның құрамында республикалық органдарға тiкелей бағынатын Немiс автономиялық облысын құру орынды деп есептелсiн. 2. Немiс автономиялық облысын құруға байланысты нақты ұсыныстарды жасау Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне тапсырылсын. Орталық Комитет хатшысы Кремльдiң сөзi – заң. Қайталанбайды – орындалады. Олай болса немiс автономиялық облысы туралы орталықтың нұсқауын И. Капитоновтың шегелеп тапсырғанынан кейiн бiр жұма өтпей жатып Брежневтiң өзi Қонаевқа звондағанда (5.06.1979) бұл туралы сөз қозғамай-ақ, әңгiме төркiнi негiзiнен егiн орағы төңiрегiнде болған. Келесi аптада, маусым айының басында, Қазақстан Компартиясы ОК-нiң кезектi пленумы өтедi. Бiрақ онда болашақтағы немiс автономиясы жөнiндегi жоғарыдан берiлген бұйрық туралы ештеңе айтылмаған. Алайда, мәжiлiстен тысқары кезде жаңа облыс хақындағы хабар құпия бола қоймады. Пленумға қатысқандар дәлiзде өзiнен-өзi түсiнiктi жағдай сияқты жан-жаққа қарап, қысылып-қымтырылмай-ақ ол жөнiнде өзара сұхбаттасып жатты. Тiптi кейбiреулерi Целиноград обкомының бiрiншi хатшысы Николай Ефимович Морозовты құттықтағандар да болды (Сонда 298-б.). Жаңа облыс туралы қаулыға байланысты одақтық, республикалық органдар қабылдауға тиiстi құжаттар дайындалды. Айталық, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының Немiс автономиялық облысын құру жөнiндегi жарлығының жобасында оған қандай елдi мекендер енетiндiгi анықталған. Олар: Целиноград облысының Ерейментау және Сiлетi аудандары, Павлодар облысының Ертiс ауданы, Көкшетау облысының Уәлиханов ауданы, Қарағанды облысы Молодежный ауданының Молодежный поселкелiк кеңесi, Дальненский, Пролетарский, Родниковский, Тельман және Шiдертi селолық кеңестерi. Бұдан соң жарлық КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумында, одан кейiн КСРО Конституциясы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесiнде бекiтiлуi тиiс. Ең соңында Қазақ КСР-ның құрамында Немiс автономиялық облысын құру жөнiнде республика парламентi заң қабылдап, Конституцияға өзгертулер енгiзуi керек. Неге бұрынғы Едiл жағалауындағы автономия қалпына келтiрiлмей оның Қазақстанда құрылуы керек? Кеңес елiндегi немiстердiң жартысына жуығы қазақ жерiнде тұрады, мұнда әбден сiңiскен, кетiп қалса ауыл шаруашылығындағы жұмыс тоқтайды, құрдымға кетедi. Ал Едiл жағалауында құруға болмайды, "өйткенi мұнда немiстер жоққа тән және бұл ауданда олардың тарихи тамыры жоқ". Билiктiң ресми жауабы – осы. Мұны А. И. Микоян, Ф. Бобков, Ресей басшылары ауызекi айтып қана қоймайды, тiптi партияның Орталық Комитетiне жазылған баянхатта да осылай делiнген. Тарихи деректерге үңiлсек, қазақ елiнде кезiнде әртүрлi себептермен жер ауып, қоныс тепкен диаспора үшiн жеке отау тiгiп, автономия беру мәселесi Кеңес заманында бұрын да болған. Мәселен, 1947 жылдың ақпан айында Қ(б)КП ОК-нiң хатшысы Ж. Шаяхметов Мәскеуге БК(б)П ОК-нiң хатшысы Н. Патоличевтiң атына Талдықорған облысының Панфилов және Октябрь аудандары, Алматы облысының Шiлiк, Еңбекшiқазақ, Ұйғыр, Нарынқол және Кеген аудандарының есебiнен Қазақ КСР құрамында Ұйғыр автономиялық облысын құру жөнiнде баянхат жазады. Құжатта мұндай шараның нелiктен жүзеге асырылуы қажет екендiгi сараланады. Қазақ жерiнде тұратын ұйғырлар арасында ұлттық тұрғыдан бiрiгiп, мәдениетiн дамытуға деген құлшыныс ерекше. Аты аталған аудандарда олар ұлттық ерекшелiктерiн сақтап, бiршама шоғырланып қоныс тепкен. Ұйғыр облысын құру нәтижесiнде түрi ұлттық, мазмұны социалистiк ұйғыр мәдениетi пәрмендi түрде көркейе түседi, партия және кеңес органдарына ұлттық кадрларды тартуға мүмкiндiк жасалады, сөйтiп олардың арасында саяси жұмыс жақсарады және ұлтшыл элементтерiнiң өз iшiмiзде және жат жұртта ұйғырларды кемсiтiп жатыр деген жалған байбаламын тоқтатып, ұйғыр халқының газетi мен мектептерi жабылып жатыр деген дәлелсымақтарын терiске шығара аламыз. Жаңа ашылмақшы облыста аудандардың экономикалық дамуы қарқын алады. Мұның өзi Ұйғыр облысының Қытайдағы ұлт-азаттық мұсылман қозғалысының ошағы болып табылатын Iле аймағындағы Синьцзянмен шекаралас болуы аса маңызды екендiгiн атап өткен жөн. Жаңа облыстың өмiрге келуi Синьцзяндағы 3 млн. ұйғырлар тарапынан қызу қолдау тауып, Кеңес Одағына көбiрек назар аударып, олардың ұлт-азаттық қозғалысына жаңа серпiн тудырады. Болашақ құрылымның орталығы аты аталған аудандарға жақын болып табылатын Панфилов (бұрынғы Жаркент) қаласы болғаны жөн деп есептейдi Ж. Шаяхметов жолдас (А. Ш. Ахтаев, Б. О. Жангуттин. История Казахстана. т. II, Алматы, "Бастау", 2008, 97-100-б.). Менiңше, бұрынғы НКВД қызметкерi сауысқаннан сақ Ж. Шаяхметов бұл ұсынысты Мәскеудiң сұратуымен жазған сияқты. Өйткенi мұндай үлкен саясатқа қатысы бар принциптi мәселенi көтеру үшiн қалыптасқан тәртiп бойынша әуелi орталықпен келiсiп алу қажеттiгi белгiлi. Сондықтан Шаяхметовтың мұндай қағаз жазып, өздiгiнен ұрандатып алға шыға қоюы екiталай. 1956 жылы КСРО Iшкi iстер министрi Н. Дудоровтың Қазақстанда Шешен-инғұш автономиясын құру туралы КОКП Орталық Комитетiне ресми ұсыныс жасауының себебi де Жұмекеңнiң тiрлiгiне ұқсас дүние болуы әбден мүмкiн. Әуелде партия көсемiнiң бiреуi "солай жасаңдар" деп нұсқау бередi де, кейiн сарапқа сала келе оның iске асуы шүбәлi деп тоқтатылуы ықтимал. Өйткенi одан кейiн ұйғыр, шешен-ұңғыш диаспорасына қазақ жерiнен мемлекеттiлiк беру туралы өкiмет тарапынан мәселе көтерiлген жоқ. Билiктiң адам түсiнiп болмайтындай iс-әрекетiне пәлендей таңданудың қажетi шамалы. Өйткенi "қазаншының еркi бар, қайдан құлақ шығарса" дегендей, Кремль әрқашан ойына келгенiн iстеген. "Бөлiп ал да, билей бер!" деген принциппен. Мәселен, екiншi дүниежүзiлiк соғыс алдында Ресей құрамында Қырым Автономиялық Социалистiк Республикасы болды. Осы аймақтың иесi – қырым татарларына нақақтан-нақақ жала жабылып, туған елiнен күштеп жер аударылған соң атамекен статусы төмендетiлдi. Ал Н. Хрущев болса ендi облыс деңгейiне көшкен құрылымды 1954 жылы Украинаға сыйға тартты. Осыған байланысты екi бауырлас елдiң – Ресей мен Украина арасындағы дау-дамайдың жалындаған оты күнi бүгiнге дейiн бiрде өршiп, кейде сөнiп дегендей, әлi бықсып жатыр. Сол Н. Хрущев Өзбекстан басшыларының ұсынуымен мақта өндiрiсiн бiр орталықтан басқару керек деп тапты да Оңтүстiк Қазақстан облысының аудандарын 1962 жылы көршi республикаға бергiздi. Бiраз жер көршi елге өтiп кеттi, соның шамалы бөлiгi кейiн қайтарылды. Бiрақ өзбектерде қалған Бостандық ауданының қазақтары күнi бүгiнге дейiн атамекенге қосыла алмай зар жылап жүр. Партия көсемi Никита Сергеевич Қарағанды облысын Тың өлкесiнiң құрамына берудi талап еттi. Бұған Димекең қарсы болды, оны А. Микоян қолдап, әзер алып қалды. Тың өлкесi көмiр өндiруге емес, астықтың мол қорын жасау үшiн ұйымдастырылған. Бұдан соң қазақ жерiнде Батыс Қазақстан және Оңтүстiк Қазақстан өлкесi шаңырақ көтердi, Шығыс Қазақстан өлкесiн құру жөнiнде ұсыныс жасалды. Арам пиғылдың сыры ашыла бастады. Орта Азия бюросы құрылып, бұған Өзбекстан, Түрiкменстан, Қырғызстан, Қазақстанның Оңтүстiк Қазақстан облысының басшылары ендi. Д. Қонаевтың пайымдауынша, Н. Хрущев республикалар арасындағы шекараны тезiрек құртуға асықты. Онымен қоймай, партия жетекшiсi "түбек байлығын түрiкмендер шапшаңырақ игередi" деген сылтаумен Маңғыстау өңiрiн Түрiкменстанның қарауына беруге ұсыныс жасайды. "Қазақстанда болғанда бұл жөнiнде айтқан едiм, бiрақ сiз негiзсiз қарсылық бiлдiресiз" дегенде Димекең: "Сiз геология министрi А. Сидоренкомен сөйлесiп көрiңiзшi" дейдi. Қолма-қол телефон соқса, Александр Васильевич Қазақстандағы геологиялық қызметтiң күштi екенiн, қазақтар Маңғыстау байлығын жақсы игере алатындығын Н. Хрущевке түсiндiредi. Сонымен қатар жуырда Маңғыстау өңiрi Ақтөбе және Гурьевпен (Атырау) темiр жол арқылы жалғасады. Бұл да оны игерудi тездете түспек. Көсем идеясының асығыстық екендiгi түсiнiктi болды. Хрущев: "Бiз ойланамыз, ал қазiр Қазақстан мен Түрiкменстанның шекарасын бұзбай-ақ қояйық" дейдi (Д. Кунаев. От Сталина до Горбачева. Алматы, "Санат", 1994, 154-б.). "Дәуiр" баспасынан шыққан "История Казахстана" (1993) деген кiтапта 1979 жылдың көктемiнде КОКП ОК-нiң Саяси бюросы мәжiлiсiнде Қазақстанда Немiс автономиялық облысын құру туралы қаулысы республика үкiметi және Жоғарғы Кеңестiң келiсiмiнсiз қабылданды делiнген (378-б.). Сыпайылап айтсақ, бұл жаңсақ пiкiр. Бiрiншiден, Д. А. Қонаев Саяси бюро мүшесi болғандықтан мәселеге тiкелей қатысы бар. Екiншiден, болашақ құрылымға қандай аудандар кiретiндiгiн анықтау үшiн шамадан тыс үлкен науқан ұйымдастырылды. Бұған партияның одақтық және республикалық Орталық Комитеттерi, Министрлер Кеңесi, Жоғарғы Кеңес сияқты мекемелердiң аппараттары қатысты. Кадрларды iрiктеу, партия-кеңес номенклатурасының элитасын әуелде Алматымен, сосын Мәскеумен келiсу және басқа шараларды жүзеге асыру тәртiбi Д. Қонаев және оның айналасындағыларды, Министрлер Кеңесi мен Жоғарғы Кеңестi айналып өтпегенi және түсiнiктi. Л. Ахметова "Патриотизм в ракурсе истории" деген монографиясында сөз болып отырған тақырып жөнiнде орынды пiкiр айтады. Кеңес өкiметiнiң басшылығы Қазақстанда немiс автономиясын құра отырып, бiраз күрделi сұраққа жауап бергiсi келген. Бiрiншiден, – деп жазады Л. Ахметова, – бұл жобаның авторлары қазақстандық немiстерге этнос есебiнде ұлттық толық салмақтылығын танытатын, ең керектiсi кеңес ұлттық мемлекеттiгiнiң осы түрi екендiгiн сездiргiсi келдi. Екiншiден, Кеңес басшылығы Қазақстанда немiс автономиясын құра отырып "тарихи әдiлеттiлiктi" қалыптастырып қана қоймады, сонымен бiрге, ең бастысы, олардан кешiрiм сұрағандай ниет бiлдiрдi. Алайда, мұндай кешiрiм сұрау байырғы жергiлiктi халық қазақтар есебiнен жасалғаны жоба авторларының ойына кiрiп те шықпады. Үшiншiден, жаңа мемлекеттiлiктi жандандыру елiмiздегi немiс қауымдастығының арасында қаулап өскен шет елге кетемiз деген терiс пиғылға су сепкендей болып, бұл мәселе күн тәртiбiнен түседi деп есептедi. Өйткенi алаш жерiнде барлық немiстердiң жартысына жуығы (900 мыңнан астам) тұратын. Ал сол кезде қазақтардың саны 6,5 миллионнан артық екенiн еске алсақ, басқа өңiрден ауып келген миллионға жуық жат тектiлерге атамекен жерiнен аумақтық автономия құру қазақ деген халықтың ұлттық сана-сезiмiнiң небiр кiнаратшыл шегiн қозғайтынын Кремль ойлады ма екен?