Жаңалықтар

МЫҢ ӨЛIП, МЫҢ ТIРIЛГЕН ҚАЙРАН ҚАЗАҚ

ашық дереккөзі

МЫҢ ӨЛIП, МЫҢ ТIРIЛГЕН ҚАЙРАН ҚАЗАҚ

Жазушы Жәди Шәкеннiң "Қаралы көш" аталатын романы қазақ көркем әдебиетiне келiп қосылған үлкен олжа деуге болады. Мұндағы оқиға жайлы бұрын аздап қалам тартылып жүргенмен дәл мұндай егжей-тегжейлi көркем шежiре шертiлмеген-дi.

Айтса айтқандай-ақ, қазақтың басына түскен қаралы көш оқиғасы автордың көп тер төгiп еңбектенуi арқасында терең қамтылған. Баркөлден басталып Гансу, Чиңхай, Тибет, Үндiстан, Пәкiстан жерлерiн көктей өткен бұл көштiң небiр қанды қырғындардан аман қалған тамтығы Түркияға жетiп жығылады. Бiр кереметi, солардың жұрнағы бүгiнгi Еуропа қазақтарын қалыптастырып отырғанын ауыз толтырып айтуға әбден болады. Қазақ ұлты үшiн осындай қомақты тарих жатқан бұл ғажайып оқиға жайлы қай-қай оқырман оқыса да тұшынарлықтай терең тамыр тартқан романды жазудың үлесi Жәди Шәкенұлының маңдайына бұйырған екен. Және кiм оқыса да iзi жосылған тарихи шындыққа әрi роман тiлiнiң әшекейiне тәнтi болғандай.

Мұндай романды қоя тұрғанның өзiнде, қайран қазақ ұлты басынан кешкен бұл қанды оқиға сол көштiң сiлемiн, жалпы көрiнiсiн баяндап өткен Халифа Алтайдың жазбасы арқылы да тұтас қазақ елi үшiн ерекше құнды болған. Көзбен көрiп, қолмен ұстаған оқиға болғандықтан қай жерде қаншасы қалай қырылғаны сол Халифа Алтайдың жазбасынан және автордың өз тарапынан зерттеуiнiң арқасында тарихи нақты дәлелдерiмен алынған. Олай болса, қанды қырғын, қаралы көштiң жұрт бiлмейтiн терең қатпарларына үңiлiп, қансырап жатқан тарихи шындығымызды дәп баса отырып, еңiрегенде етегi жасқа толған елдiң қасiреттi тағдырын айрықша көрсетiп, осындайлық көркем шежiре шерткен бұл кiтапты ойланбай оқу қиын.

Ағылшын жазушысы Жюль Верннiң "Он бес жасар капитанында" құлдық дәуiрдегi Африка негрлерiнiң көретiн азап-қырғыны Жақсылық Сәмитұлы жазған Алтай қазақтарының қырғыны мен Жәди Шәкенұлы жазған "Қаралы көштегi" қазақ қырғынының ширегiне келмейдi. Мақұл, Жюль Верн сәттiлiк толқынына тұс келiп, тарих сахнасында аталмыш негр қасiретiн жарыққа шығарып, төрткүл әлемге танытқан екен. Сынаптай сырғитын кеңестiк сайқал саясат "жығылғанның басында, жылағанның қасында" табылғысы келетiн қашаннан бергi үйреншiктi қитұрқы әдетiмен Үндiқытай, Вьетнам бар ма, немесе сонау қара үйек түбектегi негрлерге ме, қай-қайдағы қолайыма келедi-ау деген елдерге әке болып қамқорситын әдетiмен "Он бес жасар капитанды" әлемдiк деңгейдегi классик шығарма дәрежесiнде уағыздап өттi. Жарайды, талас жоқ, құлдық дәуiрдегi Африканың сол нәубеттегi жағдайымен танысып, бәрiмiз де жағамызды ұстағанбыз. Билеушi елдердiң өз қарамағындағы бағынушы елдерге көрсететiн зомбылығын сол кiтаптан тани түскенбiз. Езiлген ұлттың құдайға зары жеткенi абзал. Бiрақ, негрлер азап тартады, оған күллi әлем үн қатады. Жоқтаушы болады. Ал, қазақ қырғын табады. Оны жазушыларымыз жақсылап жазады. Оған: "Е, солай болған екен ғой" дей салуға бетiмiз шыдамауы керек. Ар-ұжданымызға қарып басқан қарғыс таңба болып батуы керек. Намысымызды қайтаруы керек. Бұл тұрмақ "көсеумен түрткеннiң кегi бiтпейдi" дегендi айтқан қазақ, қайдасың? Иә, бiздiң елдiк бiлдiрер қапы қалмас ұрымтал тұсымыз осындай орайда көрiнуi керек. Қан жылап өткен қайран қарындастарымызды, намысы бiр қандас бауырларымыздың қызыл қырғынын осы кiтап арқылы күнi бүгiнгiдей жоқтау айтып алдымызға тартқан авторға жүрегiмiзбен қуана бiлуiмiз керек. Ол ғана емес, шығармасына да адал баға беруiмiз керек. Мұнан бұрын қазақтың көрнектi жазушысы Жақсылық Сәмитұлының "Сергелдеңiндегi" Ырысхан, Есiмхан, Ақтекелердiң 1940 жылдан басталатын көтерiлiсiнiң қырғынынан жүрегi бiр шайлыққан оқырман ендi одан бұрын Баркөл өңiрiнде бас көтерген Әлiп үкiрдай және оның баласы Елсiхан батыр бастаған елдiң жан түршiгерлiк қанды қырғынына куә болады. Куә болу аз, неше жерде кеңсiрiгiң қақ жарыла дуылдап ашып, күлгенiң де, жылағаның да белгiсiз кеңкiлдеп жiбересiң. Көзiңе жас үйiрiлiп, алқымыңа түйiлген түйiншек не ары, не берi кетпей кептелiп қалатын сәттер жиi қайталайды.

Жай ғана бiлуге, ермекке оқитын шығарма бұл емес. Романның желi-арқауы ондағы қасiрет жалпылама мақтауды, жәй дүрмектi көтермейдi. Мұнда мыңдаған аруақ рухының шамшыл киесi бар. Ол салғырттықты, сүлесоқ немқұрайдылықты көтермейтiн кие. "Тәуiптiң ең жақсысы ауруға ауру қоспай кеткенi" дегендей, бұл кiтапты ықылассыз, немкеттi оқырманның оқымағаны жақсы. Баға бермей-ақ, зиянын тигiзбей жүргенi жақсы.

Жоңғар қалмағы заманын айтпағанда, өзге қазақ рулары басынан кешпеген қырғынды жауынгер керей елi кешкен. Және қасық қаны қалғанша күресе бiлген. Жауының жағасынан алып өлген. Намысын таптатпай өлген.

Елсiхан бастаған Қожақын, Адубайлар сияқты көптеген жаужүрек батырлар елiн қорғауда қытайдан, моңғолдан, ұйғырдан – сан тараптан тиiскен қанды қол қас жауларымен бастарын бәйгеге тiге шайқасқан. Елсiханның әкесi Әлiп үкiрдайдың жаман түс көруiмен бiрден басталатын бұл оқиға қазақ халқының көрмеген қырғыны қалмағанын әйгiлеп, жаныңды жаралап отырады. Әлiптiң әйелi Мәмила бәйбiше сыр бiлгi күйеуi айтқан жаман түстi естiгенде жүрегi шошып, iштей үркiп отырса да: "Ой, сабазым-ай, түс – түлкiнiң боғы емес пе, – деп қинала жымиды. Онысы Әлiпке жымиғаннан көрi жылауға бейiм тұрғандай көрiндi" дейдi автор. Оқырман сол кезде-ақ бiр сұмдықтың болғалы тұрғанын "жылауға бейiм" Мәмиланың қалпынан сезе бастайды. Өйткенi ел басына мұнан бұрын да қара бұлт үйiрiлiп жүрген. Заман райынан жұрт түршiгiп, үркiп отырған.

Мемлекет армиясы 36 дивизиясының бастығы, дүңген генералы алаяқ Ма Жұңйың өз мүддесi үшiн Елсiханға хат жолдап, әкесiне көңiл айтады. Елсiханның көзсiз батырлығын бiлетiндiктен оған үкiметтi аударып, бiрлескен мұсылман мемлекетiн құрайық дейдi. Бұның барлығы да тарихи шындықтан алынған. Яғни Ма Жұңйың өз қолымен жазған хат ұзақ жылдар бойы қолдан-қолға сақталып жанды архип болған.

Тегiнде жазушы атаулының көз майын тауыса, сабырын сарқа, жылдап зерттеп жазғанын оқырман бiрер тәулiкте ғана оқи салады емес пе. Автордың еңбек еткенi, оның қанша қиналғаны есепке алынбайды. Жұмсаған күшiңдi сұрамайды, бiтiрген iсiңдi сұрайды. Тынысың таусылғанша, жұмысың таусылмайтын әбiгер өмiрде кiмде-кiм үшiн де мiне, бiтiрген iсiнiң бағаланғаны абзал. "Қаралы көш" романы тәрiздi соқталы шығармалар көзi қарақты оқырман алдында өз орнын тапқаны жақсы.

Аталары Алтайдан Баркөлге ауып келгенiне жарты ғасыр уақыт болған Әлiп үкiрдайдың елiне Шыңжаңды билеп тұрған Жин Шурынның өзi тiсiн басуда болатын. "Жау жағадан алғанда, бөрi етектен" болып, Әлiп үкiрдай Дихуадағы (Үрiмжiдегi) өлке басшысы сол Жин Шурынмен түс шайысып келе жатқанда ұйғырдан шыққан Қожанияз оны жарым жолда тосып алып: "қытаймен достасуға бардың" деп жазықсыз Әлiптi байлап әкететiнi тiрi қорлық едi. Дiнiм бiр деп арқа сүйегiсi келген дүңген Ма Жұңйың, ұйғыр Қожанияз да қазақтың өзiне жау болып тигенi жан төзбестей қаскөйлiк болатын. Бұлар ғана емес, бастарына күн туған қазаққа тағы бiр жағынан моңғолдар да жау боп тиiп жатады. Осылай iшi-сырты бола келiп, Әлiп ауылын қытай әскерi басып қалып, еркек-әйел, бала-шаға, шал-кемпiр демей тып-типыл етiп қырып кетедi.

Басқа әрекетпен жүрген Елсiхан, Қожақындар келгенде жұрттағы қызыл қырғынның үстiнен түседi. Елсiханның әке-шешесi, әйелi Зүбайда, екi баласы Өнерхан, Әнуархандар да бүкiл ауылымен тiгерге тұяқ қалмай қырғынға ұшырағанын оқығанда жаның түршiгедi. Жазушы бұны ойынан шығармай, нақты тарихи оқиға бойынша уақыт күнiмен, қоныстанып отырған жерiмен көз алдыңа тартады. Баласын алдырған барыстай жаралы болған Елсiхан жанпида айқасқа бiржола бел шешiп шығады. Ендi дүңгендер жайлаған өлкелер Гансу, Чиңхай жаққа ығысуға мәжбүр болады. Амалсыздан мұсылман ғой деп пана iздеп соларды арқа тұтпақ. Бiрақ қанқұйлы Ма Буфаң алғашында өз мүддесiне бола емексiткенмен, Елсiханның елiне зұлымдық тигiзгеннiң бiрi осы дүңген генералы болады.

Оқырманға түсiнiктi болу үшiн Ма Буфаң өзi гоминдаң үкiметiнен шыққан генерал бола тұра қытай үкiметiне қарсы шыққан екi жаққада опасыз адам екенiн де айтуымыз керек. Елсiханға: "бәрiмiз мұсылманбыз, бiздiң қарамағымызда болғыңыз келсе қаруларыңызды тапсырып, бейбiт-қатар өмiр сүрiңiздер" деп қару-жарақтарын тапсырып алған соң қазақтың жас балаларын оқытамыз деген болып күшпен жинап әкетiп ауыр еңбекке салып, олардың алды өле бастайды. Жұрт адам айтса нанғысыз күйзелiске түседi. Сол әрекет жалғаса барып, Елсiханға өштескен Ма Буфаң қазақты иесiз тастайды. Әскер басы Хан Жиңбау арқылы қыра бастайды. Жерден жерге ауған жауынгер керей елiнiң ең көп қанды қырғыны осы Хан Жиңбау әскерiмен соғысқан тұста болады. Бiр тәуiрi Елсiхан қай жерде бағынышты болған адамына қару-жарақ тапсыруда жарамсыздауларын жинап тапсырып, iске жарайтындарын жасырып қалып отырған. Оның үстiне соғыста түскен мылтықтар да олқысын толтырып отырған. Сопа басы қалған Елсiханға алғашқы кезде ағасы Қожақын мен жеңгесi Ташбала ес болады. Кейiннен тiршiлiктiң талабымен қайтыс болған iнiсi Шәрiпханға атастырған Зәйiппен бас құрауға мәжбүр болған.

Романға қатысатын адам аттары, айтпаса болмайтын қажеттi кейiпкерлер шығарманың шындығын арттырып, суреткерлiкпен берiледi. Санап алғысыз адам аттары қай жерде қаншасы қалай қырылғаны, бәрi орын-орнында. Барлығы да өздi-өзiнiң қажеттi жүгiн арқалап тұр. Көптiгi сонша, мысалға келтiрейiн десең, қайсысын айтарыңды бiлмейсiң.

Дүңген көтерiлiсiн бастаған Ма Жұңйың Жин Шурыннан кейiн таққа отырған әйгiлi аяр Шың Шысайдан өле таяқ жейдi. Елiнiң тоз-тозы шығады.

Бұл романдағы ең ғажап кейiпкердiң бiреуi – Абай образы. Негiзi Iледе – Қорғас шекарасындағы бiздiң өңiрден шыққан Абай Шарапат деген келiншектi алып қашып, бүкiл елдi шулатып, Қазақстанға өтiп кеткенi бiздiң бала күнiмiзден құлағымызда бар әңгiме болатын. Мына романда соның әрекетi табылғанын, асқан сығаяқ, пысық Абайды Кеңес үкiметi қолбала ретiнде пайдаланып, алдымен Моңғолияға жiбергенiн, одан кейiн Шың Шысайға жұмсағанын Жәди Шәкенұлы тарихи шындық бойынша тауып, дәп басып жазып отыр.

Романда жоқ бiр үзiктi қоса кетуге тура келедi. Қорғастағы керей мен уақтың ортасында бiр үлкен дау шығып, керей Ордахан зәңгi деген кiсi Абайдың ауылына аяусыз салық салса керек. Соған қатты кектенiп кеткен Абай Кеңес үкiметiнiң тапсырмасымен оңтүстiк Шынжаңға барып, Құмыл аймағында әскер басы болғанда қасына қорғаушы бес әскер алып, Сайрам жағасында отырған Ордахан зәңгiнiнiң ауылын iздеп келедi. Жұрт көзiнше Ордаханға: "бiзге iстегенiңдi бiлесiң бе" деп өлiмшi қып сабайды. Ордахан ақыры сол таяқ зардабынан өледi. Ордаханның тұқымдары күнi бүгiн Алматы облысындағы керей руы жайғасқан Қарашоқы деген ауылда. Ал, Кеңес үкiметi жұмсап, Шынжаңда гоминданың үкiметi қолбала ретiнде пайдаланған Абайдың қазаққа салған лаңы аз емес. Автор оны нақты тарихи дәлелдерге сүйенiп жазған. Осыдан елу жыл бұрын құлағымыз шалған Абайдың сол әңгiмесi ендi мына жерден шыға келуi ғажап-ақ. Сатқын Абайдың Елсiхандарға iстемеген әрекетi қалмайды.

Тарих ешкiмнiң ақысын жемейдi екен. Қызыл қанға бөккен елдiң есесiн бүгiн Жәди Шәкенұлы деген жазушы жоқтап отыр.

Қытай әскер басылары Чың Пищудың жымысқылығымен Хан Жиңбаудың қанды қырғыны тұтас қазақ баласының баласына табыстап кетерлiктей жағдайға душар етедi. Қысқартып айтқанда, "Қаралы көш" жорығын Жәди Шәкенұлы ұмытпастай етiп жаза бiлген. Әлемдегi ең ұзақ көш бойында қазақ деген елдiң көрмегенi қалмаған. Тағы бiр ғажабы – қазақ әйелдерi сонау жоңғар заманынан берi жаугершiлiктiң қай-қайсысында да ерлерi жаумен арпалысып жатқанда мына жақта үйiн жығып, жүгiн артып, дем арада қуған жауға көшкен жұрттарын сипатып кетiп отырған. Бала-шаға қасында еркектiң жоқтығын бiлдiрмей, мен-мен деген азамат атқарар iстi мойнына алған. Мұзарттарға тiрелiп қалғанда көлiктердiң аяғына киiз төсеп, қарсы алдындағы керме тастарға маңдай тiреп тоқтап қалған жерлерде түйелерiнiң белiне арқан байлап, өздерi ер-әйел демей үстiңгi жағынан жабылып тартып шығарып отырған. Шығара алмағандарын жүк-мүгiмен құз-шатқалға жiберуiне тура келген.

Сөз соңында ешқайдан, ешкiмнен опа көрмей, өгей өмiр соққысынан зарыққан бауырларымызды өз қанымыз деп iшке тартып, бас қалқа болған ұлы Түркия елiне шексiз алғыс-рахметiмiздi арнауымыз керек. Олар дiндес, қандастығын ақтаған. Қорған болған. "Соңына сор ергеннiң де бiр бақыты болады" демекшi, сорға батқан қаралы көш адамдары Түркия үкiметiнен пана тауып, бүгiнгi Еуропа қазақтарын қалыптастырып отырғанымыз ұлтымыздың маңдайына бiткен Елсiхандардай жүрегi түктi баһадүр перзенттерiмiздiң арқасы екенiн мақтанышпен айтуымыз керек. Нағыз ер шешiм деп Елсiхан бастаған қаралы көштiң шешiмiн жар салуымыз керек.

Жанат АХМАДИ, жазушы, Халықаралық "Алаш" әдеби

сыйлығының иегерi