БАУЫРЫ БҮТIН ЕЛ БОЛУ ҮШIН...
БАУЫРЫ БҮТIН ЕЛ БОЛУ ҮШIН...
Бүгiнгi таңда шетелдердегi шашыраған 5 миллионнан астам қандастарымызды тарихи Отанына уақыт оздырмай оралтып, оларды ұйымдасқан түрде орналастыру, әлеуметтiк-экономикалық мәселелерiн жан-жақты көп болып ойластырып, шешу – өзектi мәселелердiң ең бастысы екенi белгiлi. Бұл iс – қалың қазақтың, бүкiл елдiң мүддесi екенiн, мемлекетiмiздiң стратегиялық мақсаты екенiн бүгiн түсiнбесек, ертең кеш болатынын Елбасымыз да жиi-жиi ескертумен келедi.
Сырттағы қазақтардың ең көп тұратын жерi – Өзбекстан, онда 2 миллионға жуық, Ресейде – 740 мың, Түркiменстанда – 90 мың қазақ бар. Қытайда 1,5 миллионнан астам. Моңғолияда – 100 мың, Ауғанстанда – 30 мың және Түркияда – 25 мың қазақ тұрады. Шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың өз Отанына, елiне, туған топырағына тездетiп оралуға толық құқы бар. Шетке кеткен қандастарымыз кезiнде отаршылардың тепкiсiнен атамекенiнен, елiнен, жерiнен айырылғандар. Ендiгi жерде осы отандастарымыздың тарихи Отанына оралуы халқымыздың сан жағынан өсуiне әсер етiп, демографиялық жағдайды жақсарта түспек. Ал iшкi диаспоралармен Қазақстанның демографиялық өсiп-өну, даму мүмкiншiлiгiн жүзеге асыра алмайтынымыз қазiрдiң өзiнде айқын болып отыр. Ендеше қалай болғанда да бұл тарихи көшi-қонды жас мемлекетiмiз тым ұзаққа созып алмай, оны жеделдету, халық санын 20 миллионға жеткiзу межемiздi нақты орындау мiндеттi парыз ретiнде қабылдап, 2015 жылға дейiн тамамдасақ құба-құп болар едi. Осы райда отандастарымызға жан-жақты көмек көрсету мақсатында Президентiмiз бен Үкiметiмiз бiрқатар құқықтық құжаттарды әзiрледi. Бұл құжаттар, сондай-ақ, барлық қазақстандықтардың, әр түрлi дәрежелi басшылардың санасында тарихи отанына қимай келген қандастарымыз жөнiнде оң көзқарасты қалыптастыру сияқты маңызды шараларды да қамтиды. Мәселен, осы салада оралмандарды жаңа ортаға бейiмдеу орталығының бiраз жылдар бұрын ашылуы құптарлық-ақ жағдай. "Оралман әйелдердiң жаңа ортаға әлеуметтiк-экономикалық бейiмделуiнiң ресурстық орталығын" ашудағы мақсат – атамекенiне көшiп келгендердi жаңа қоғамды өмiрге бейiмдеу, еңбекке араласуына және кәсiби бiлiктiлiгiне жол ашу болып табылады. Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы елшiлiгi Қазақстанның iскер әйелдер қауымдастығы жанынан құрылған осы орталықтың қызметiн әйелдер ғана емес, қолдау күткен барлық оралмандар пайдалана алатындығын ескерттi. Өйткенi Еуропадағы қаупсiздiк пен ынтымақтастық ұйымы Қазақстанда шағын және орта кәсiпкерлiктi өркендетуге мүдделi. Елшiлiктiң айтуынша, бiрер жыл бұрын осы ЕҚҰЫ аталған қауымдастықпен бiрге төрт облыста оралман әйелдердiң шағын және орта кәсiпкерлiкке белсендi араласуына ықпал ететiн бiрқатар семинар ұйымдастырып, оған қатысқан 700 әйелдiң 600-i өз iсiн бастауына мұрындық болды. Олардың көпшiлiгi қолөнершiлер көрiнедi. Сол ЕҚҰЫ Алматы қаласында да осы орталықты ашуға 10 мың доллар қаржы бөлдi. Егер бұл ниет одан әрi өрiстейтiн болса, келесi жылдары басқа да аймақтарда осындай орталықты көптеп ашуға ықпал ететiндiгiн сездiрдi. "Өйткенi қолдау, көмек жасау – бiздiң ұйымның басты мiндеттерiнiң бiрi. Демек, бұл жоба жалғасын таба беретiн болады", – дейдi елшiлiк өкiлдерi. Осы жылдар аралығында ЕҚҰЫ аймақтарда семинар өткiзуге 30 мың АҚШ доллары көлемiнде қаржылық демеу көрсеткен. Жаңа орталыққа заңгерлер, аудармашылар қызметке алынған. Өйткенi, бiрiншiден, оралман әйелдер Қазақстанның еңбек және басқа да әлеуметтiк заңдылықтарын жете бiлмегендiктен, көп жағдайда өз құқын қорғауға қауқарсыз. Әрi бiздiң елде әлi күнге iс қағаздарының орысша жүргiзiлетiндiгi қол байлау болып отыр. Сондай кезде тәжiрибелi аудармашылар көмек көрсетедi. Қазақстанның iскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаеваның сөзiне қарағанда, орталықтың қызметiне жүгiнуге ықылас танытып отырған оралмандардың қатары күн сайын өсiп келедi. – Егер Қазақстандағы кез келген компания сырттан келген қандастарымызды бiздер секiлдi жұмысқа қабылдап, баспанамен қамтамасыз ететiн болса, оралман қауым далада қалмас едi, – деп ой бөлiстi "Төре" компаниясының вице-президентi Әбдiғаппар Сейдолаұлы бiздермен әңгiме барысында. "Төре" компаниясының бiр ерекшелiгi мұнда жұмысқа оралман ағайындар қабылданады. Компаниядағы мыңға жуық жұмысшы, құрылысшылардың басым көпшiлiгi атамекенге осыдан 3-4 жыл бұрын оралған қандас бауырларымыз екендiгi шындық. Осы жылдар аралығында компания басшылығы құрылыста iстейтiн оралмандарға саяжайдан 23 үй сатып алып берген. Оған қосымша компания әрқайсысының құны 30 мың АҚШ долларына бағаланатын 5 үйдiң құрылысын аяқтады. Бұл үйлерге Өзбекстаннан көшiп келген қандастарымызды жайғастырды. Алдағы уақытта олар бүтiндей бiр оралмандар ауылын тұрғызуды көздеп отыр. – Осы оралмандар ауылына мектеп, медициналық бөлiмше, кiтапхана, сауда орындарын ашып берудi де жоспарлап отырмыз, – деген едi Әбдiғаппар Сейдолаұлы. Мiне, осындай үлгiлi, өнегелi iстер бүгiндерi қанатын кеңге жайып келе жатқан қазақ кәсiпкерлерiне, бизнестi ұршықша үйiрiп жүрген қазақ азаматтарына жұғысты болса екен дегiмiз келедi. Сондай-ақ, дүниежүзi қазақтары қауымдастығының "Атажұрт" баспа орталығы соңғы жылдары сыртта жүрген зиялы қауым өкiлдерiнiң шығармаларын атамекен оқырмандарына таныстыру мақсатында 30-ға жуық кiтап шығарып, осындай бiр игiлiктi iстi алдағы уақытта да одан әрi жалғастыра түспек. Мысал ретiнде айтар болсақ, Халифа Алтайдың "Алтайдан ауған ел", Дәлелхан Жаналтайдың "Қилы заман, қилы күндер", Жақсылық Сәмитұлының "Қытайдағы қазақтар", Зардыхан Қиянатұлының "Моңғолия қазақтары", Қажығұмар Шабданұлының "Пана", "Қылмыс" романдары, тағы да басқа танымдық тағылымы мол кiтаптарды қауымдастық қазақ мектептерiнiң оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттерiне, бiлiм ұяларының кiтапханаларына тегiн таратып берiп отыруды да дәстүрге айналдырған. Шетелдерден атамекенiн аңсап көшiп келген немесе көшiп келгелi жүрген отандастарымызға барынша жағдай жасау барша қазақстандықтардың парызы болса керек. Дегенмен, тарихи Отанына оралған қандастарымызға деген жоғарыдағыдай көзқарастардың кейде керiсiнше белең алып, жағымсыз әрекеттерге бой алдырып жүретiнiмiздi де несiне жасырамыз. Жауырды жаба тоқып, шындықтың бетiн бүркемелегенмен бүкiл халқымызға ортақ аса маңызды мәселенiң өздiгiнен шешiм таппасы белгiлi. Алғашқы кезеңде кейбiр республикалық және жергiлiктi үкiмет орындары тарапынан көшiп келушi бауырларымызға дер кезiнде көңiл бөлiнбегендiгiн ашық айтуымыз керек. Қандастарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесi дер кезiнде шешiмiн таппай жатты. Өз Отанына келген олардың азаматтық алу мәселелерi қияметке айналды. Азаматтығы болмаған соң, оралмандар банктен несие ала алмады, көпбалалы аналар жәрдемақыдан қағылды, зейнеткерлердiң зейнетақысын алуы қиындады, ең сорақысы – олар жекешелендiруге де қатыстырылмады. Осылайша олардың азаматтық, адамгершiлiк құқықтары шектелдi. Мәселен, осыдан бiраз жыл бұрын Қарағандыға таяу Ақтау ауылындағы оралман ағайындар ереуiлге әбден ашынғандықтан шыққан. Олардың ашынуының басты себебi, жергiлiктi бұзақылар Моңғолиядан көшiп келген Тоқтау Жолбар мен Әнуар Қасбатыр деген оралман бауырларымызды аяусыз азаптап өлтiрген. Дәл осындай ашынғандықтан туындаған оралмандар ереуiлi Талдықорған қаласында да орын алды. Бұл жолы атажұртын аңсап келген қандастарымыздың үйiне бетперде киiп, мылтық және пышақпен қаруланған екi бұзақы түнделетiп басып кiрiп, оларға қарсылық көрсеткен отағасын пышақтап өлтiрген. Оралмандар ұлттық баға жетпес байлығымыз екендiгiн жете түсiнетiн кезең жеттi емес пе?! Осы тұста халқымыздың саны өспейiнше, мемлекетiмiздiң нығайып, экономикамыздың өркендемейтiндiгiн неге шынайы сезiнiп, терең түсiне алмай келемiз? Дәл осы ретте "Сыймай жүрсек бiр сәрi, сыйыса алмай жүрмiз ғой!" деп ұлы Ғабеңнiң тауып айтқаны ерiксiз ойға оралады, ойға қалдырады. Павлодар облыстық көшi-қон және демография басқармасы бастығының айтуынша, осы аймаққа 1991 жылдан берi Ресей, Өзбекстан, Моңғолия және Қытайдан 13 мыңнан астам оралман қоныстанған. Бүгiнгi таңдағы статистикалық деректерге жүгiнсек, мұндағы еңбекке қабiлеттi 6 мыңнан астам оралманның 4 мыңдайы ғана жұмысқа қамтылған. Қалғандары орыс тiлiне "жетiк" емес немесе мамандықтары сәйкес емес дегендей әртүрлi сылтауларға орай бүгiнге дейiн жұмыссыз күй кешуде. Осындай көзқарастарға және де басқа әлеуметтiк мәселелерге байланысты болуы керек, соңғы жылдары атамекенге бет бұрған көш саябырси бастағандай. Мұндай "тасбақа" аяңмен бiздер шеттегi 5 миллион отандастарымызды өз Отандарына әлi 500 жылда да толық қайтарып бiте алмаспыз. Сондықтан да бұл мәселенi ұзаққа созбай шешу үшiн шұғыл бетбұрыс, тиянақты да жоспарлы iс-қимыл, нақтылы әрекеттер қажет-ақ. Бұл мiндеттi жедел жүзеге асыруға, қаржы-қаражат шығаруға мемлекеттiң пейiлi жетсе, шамасы жетерi белгiлi. Алайда осынау демографиялық саясатымызды жете түсiнбейтiндей сыңай танытып, аса құлықты болмай, бұл мәселеге әлi жете мән бермей жүргенiмiз өте қынжылтады. Ендiгi жерде мұндай келеңсiздiктерге жол бермей, соның алдын алудың, қандастарымыздың әлеуметтiк жағдайын шешудiң шараларын көп болып қолға алуды ойластырған жөн. Түйiп айтқанда, шетелдердегi бауырларымыз елге оралғанда оларды жақсы дайындықпен және жылы көңiлмен қарсы алу әрбiр қазақстандық тұрғындардың қашанда патриоттық мiндетi, азаматтық парызы деп санауымыз керек. Ендеше, сол мiндетiмiз бен парызымызды өтеудi жауапкершiлiкпен сезiнейiкшi, ағайындар!.. Болат Шайманұлы, журналист, заңгер.