"ҚОРҒАСТЫҢ" ТҮБIНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА ҚЫЗАДЫ
"ҚОРҒАСТЫҢ" ТҮБIНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА ҚЫЗАДЫ
"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы ашылмақ
Барыс жылын шығарып салдық. Өткенге салауат айтып, келер күннен үмiт күтетiн қазақ халқы үшiн жаңа бiр жыл табалдырық алдында тұр. Өткен жыл несiмен қуантты, "әттеген-айларымыз" не? Неден кемшiлiк жiбердiк, неден ұттық? Көңiлдi күптi қылған сауалдарға айтылар жауап та көп. Ең бастысы, барыс жылында елiмiздiң еңсесiн тiктеп, әлем жұртшылығы алдында қасқая тұрып, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуiнiң өзi – тарихымызда алтын әрiптермен жазылатын айтулы оқиға.
Қазақстан дағдарысты ақырындап артқа қалдырып, "тәй-тәйлап" қадам басып келедi. Ел экономикасы түзелдi. Халық базар жағалап, "сары бала, қара қазанның" қамымен, қу тiршiлiктiң соңында "ала дорба" арқалаған күндер де келмеске кетiп барады. Тәубә! Ел еңсесiн тiктеп келедi. Елiмiздiң экономикасы жерге қарап отырған жоқ. Түрлi-түрлi шағын кәсiпорындар мен сан түрлi шағын цехтардың елiмiздiң индустриясына қосылып жатқаны да көңiлге жұбаныш! Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау iсi дұрыс жолға қойылғалы берi, ел экономикасы да дамудың жаңа сатысына түскен.
Елiмiзде "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" жобасының жүзеге асуы Қазақстанның экономикасын көтеруге өзiндiк үлесiн қосып келедi. Сонымен бiрге, Қазақстан мен Қытай шекара аймағында Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын құру жобасының қолға алынғандығы да экономикамызды дамытудың басты алғышарттарының бiрi болып саналады. Жуырда "Литер" газетiне берген сұхбатында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Берiк Камалиев мырза: "Бұл жоба елiмiздiң Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың инициативасымен қолға алынып отыр. Қазақстан мен Қытай шекарасы маңында 528 гектарды құрайтын аймақты құрайтын жаңа халықаралық сауда орталығы құрылатын болады. Бiздiң өз тарапымыздан жасалатын аймақ 185 гектарды құрап отыр. Ең бастысы, құрылыстың алғашқы жобасы қолға алынды. Тiптi қажеттi инфрақұрылымдар аяқталды деп айтуға да болады. Бұл дегенiңiз – жұмыстың жетпiс пайызы дайын деген сөз. Әзiрге автокөлiк жолдары, жылу жүйелерi және құбыр тарту жүйелерi жасалды. Протоколға сәйкес, 2011 жылдың 1 шiлдесiне дейiн Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының (МЦПС) инфрақұрылымы құрылысының алғашқы нұсқасы аяқталады" деген болатын.
Сонымен "Қорғас" ШМЫХО жаңа концепциясын дамыту мәселелерi қолға алына бастады. Алғашқы концепция бойынша, аталмыш жоба этнографиялық қазақ ауылы мен қытай елдiмекенiнiң негiзiнде салыну керек болатын. Бұл жоба кейiнiрек қолға алынатын болғандықтан, әзiрге тек халықаралық сауда-туристiк орталығы ашылатын болады. Бұл Қазақстанның, Ресей мен Белоруссияның азаматтары мен кәсiпкерлерi үшiн аса тиiмдi жоба болғалы отыр. Өйткенi бұл мемлекеттердiң азаматтарының ағымдағы жылдың 1 шiлдесiнен бастап, отыз күн бойы визасыз "Қорғас" Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аймағында жүруiне мүмкiндiгi бар. Сондай-ақ, осы жоба аясында аталмыш аймақта заманауи көрмелiк павильондар мен қоймалар салтанат құратын болады. Әрi мұнда келген қонақтарға Қытайдың кез келген тауарлары мен экспорттық бұйымдарын тез табуына мүмкiндiк бар. "Қорғас" орталығының арқасында, кәсiпкерлер мен сауда-саттық жасайтын саудагерлерге ендi Қытайға барып, әуре болудың да қажетi шамалы. Олар өздерiне қажеттi кез келген тауарды Қазақстан мен Қытайдың шекара маңына орналасқан ШМЫХО-нан қиналыссыз-ақ таба алады. Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының арқасында Қытай тауарларының құны төмендеуi мүмкiн. Оның да өзiндiк себебi бар. Бұрындары Қытайға барып, тауар алу үшiн арнайы виза аштырып, әуре-сарсаңға түсiп жататын. Әрi ары-берi барыс-келiстiң өзi де кәсiпкерлердi бiрталай шығынға батыратын едi. Ендi ол күндердiң бәрi артта қалатын болды. Сонымен бiрге, аталмыш орталыққа келетiн қонақтар мен кәсiпкерлер үшiн арнайы қонақүйi де даяр.
Осы орайда, жуырда Астанада екi ел делегаттарынан құралған өкiлдер арнайы бас қосты. Қытай Халық Республикасының Синьзян Ұйғыр ауданы халықтық саяси кеңесiнiң Төрағасы басшылығы, Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының құрылыс жұмысын қолға алған жетекшi топтың басшысы Асхат Керiмбай мырза және Индустрия және жаңа технология министрлiгi басшылығының кездесуi аясында бiрлескен протокол жасалынды. Қазақстандықтар да және қытайлықтар да жеке бизнестiң дамуына үлкен мән берiп отыр. Сондықтан аталмыш жоба екi тараптан да, мемлекеттiк тұрғыда әрi жеке әрiптестiкте үлкен қолдауға ие болуда. Әрi отандық инвесторларымызды аталмыш жобаға тарту мәселесi де ойластырыла бастады. Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында түрлi кеңселердiң, әртүрлi сауда-туристiк кешеннiң құрылысының түзуi, қонақ үйлер мен жатын орындардың салынуы да тиiмдi бизнес көзi болары сөзсiз. Сондай-ақ Қорғас маңындағы ауылдар мен Жаркент қаласы үшiн де бұл орталықтың тигiзер пайдасы орасан. Жаркентте сауда орталығының кеңеюi аясында жергiлiктi халықтың өз кәсiбiн дамытуына да мүмкiндiк бар. Бұл аймақтарда жаңа қонақүйлер мен кафе-асханалар да көптеп салына бастайды. Өйткенi бұл елдi мекендерде келешекте аталмыш жоба негiзiнде қазақстандық және өзге де мемлекеттерден келген қонақтардың орналасатын аймағына айналатын болады. Сол себептi де, "Қорғас" маңындағы елдi мекендердiң көркейiп, өркендеуiне де, ел экономикасының түзелуiне де бұл жобаның тигiзер үлесi мол болмақ.
Гүлзина Бектасова