Жаңалықтар

КӨШКЕ САЛИҚАЛЫ САЯСАТ КЕРЕК

ашық дереккөзі

КӨШКЕ САЛИҚАЛЫ САЯСАТ КЕРЕК

"Көш" – қазақ баласы үшiн мәңгiлiк киелi ұғымдардың бiрi. "Көш" бiрыңғай, бiртүстi болмайды. Әр дәуiрдiң өзiне сай көшi, оның заманына қарай тағдыры, қоғамына орай проблемалары туындайды. "Көш" адамзат баласының бiр жерден екiншi бiр өлкеге қоныс аударуы ғана емес, "көш" – ұлы қозғалыс, жаңарып сiлкiнудiң, қайта түлеп жетiлудiң, өркендеп дамудың белгiсi. Әрбiр көштiң туындау себеп-салдары, алға қойған өзiндiк мақсат-мүдде талабы, оны орындау үшiн жүктеген iс-әрекеттерi, жеткен жетiстiктерi болады. Қазақ тарихында айтулы көштердiң қатары аз болмаған. Сондай Ұлы Көштердiң қатарына елiмiз егемендiк алғаннан кейiнгi жылдарда басталып, күнi бүгiнге дейiн жалғасып отырған, әлемнiң қырықтан астам елiне зұлматтар кесiрiнен, зұлымдық саясаттардың құрбанына айналып, бытырап, тарап кеткен бауырларымыздың Атажұрт, Атамекен Отаны, Қара шаңырағы Қазақстан Республикасына қайта оралу үдерiсiн атау лазым. Бұл көштiң басқа көштерден ерекшелiгi – бүтiннiң бөлiнiп жарылуында емес, жер жүзiне тараған барлық қазақтарды қамтып, бөлшектiң бiрiгiп, олардың өз ұлт, өз нәсiлiн сақтап қалу үшiн бiр Отанға, бiр тудың астына жиналуға мүдделi болғандығымен айқындалады.

Сондықтан да бұған Елбасы бiрден назар аударып, өзi көшбасшы болып, тiкелей бақылауына алды. Бұл күнде "Көш" Қазақстан Республикасының мемлекеттiк саясатының аса маңызды құрамдас бөлiгiнiң бiрiне айналып отыр. Демек "Көш" ұғымын шектелетiн шеңбердегi өтпелi дүние емес, қозғалыс тұрғысынан қарайтын болсақ, ол үнемi жалғасып отыратын мәңгiлiк құбылыс болса керек.

АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ ЖӘНЕ АҢСАР

"Көш" десе көз алдыма кешегi күнiм, балалық балғын шағым, бал дәурен күндерiм еске түседi…

Шыр етiп жерге түскеннен көкiрегiмiз күйге толды. Көнiмiзге көң иiсi сiңдi. Көк тезегi көмбедей, көрмегенге көрмедей, көк күмбезi шаңырағынан көрiнетiн, бүкiл тынысы бiр сабақ жiбiнен өрiлетiн киiз үйде өстiк. Салқын самалды сары жондарда жаз жайлауын, көрiктi көлдi мекендерде күз күзеуiн өткiздiк. Төрт тоқсанда тобаяқтанып топ болып отырмай, мезгiл сайын жұрт жаңартып, тiлеп көшiп, түлеп қонған, "бiрыңғай қой бақпаған, ой да баққан, қан жирен қаз мойыны ойнақтаған, ер елдiгi ешкiмдi жатсынбаған, тереңдiгi ешкiмдi бойлатпаған", басқаның өлшемiмен жүрмеген, өзiнiң мөлшерiмен күн кешкен, ертегiнiң кейiпкерi емес, егей күндердiң ай таңбалы, айбарлы елiнiң баласы болдық. Құзды шыңды қалап қаз тұрып, мұзды тауға қарап бой түзедiк. Тақымымызды тай жiбiттi. Аттың жалын, түйенiң қомын көрдiк. Шудалары жер сызған, екi өркешi баладай Ақ бас атандарға артқан тай-тай теңдерге айқара жабылған сары ала сырмақтар көздiң жауын алып, көштiң сәнiн келтiретiн. Көшбасында – кермаралдай бәйбiше. Ақ бас атанның ақ бұйдасын ұстаған. Көркем кимешегi көрiктi келбетiне жарасып, қарқара шылауышы ақ самайлы ақ бас шыңдарға ұқсаған. Ақ күмiстi ер тұрманы айлық жерден жарқырайды. Ақ боз ат мiнiп, ақ бесiгiн алдына алған. Жас жадымызға тасқа бәдiздеп соққандай жазылып қалған көш суретi осындай едi. Сол көш бойын жыр-думанға бөлеп, дүбiрлетiп өтiп бара жататын шыттай киiнген бозбала, бойжеткендер болатын. Арасында бiз де бармыз. Ат құлағында ойнадық. Арқырап ағатын, ақ бұйра асау өзенге шомылдық. Аталы сөздi тыңдап, баталы сөзге ұйыдық. Алыс арманға қол сермедiк. Кеш сермемедiк, дер кезiнде, дәл уақытында ұядан ұшырды. Қиялап ұшпадық, қырқалап, биiктеп, самғап ұштық. Сарайымыз ашылды, санамыз кеңейдi.

ХХ ғасырдың екiншi жартысында дүние есiгiн ашқан баянөлгейлiк бiздiң ұрпақтың бақытына бар мiндеттi өз мойнына көтерген социалистiк қоғамның қормарал кезi бұйырды. Қоғамның тоқырауға ұшырап тоқтап тұрған, тоң мойын тоқпағы мен табан ет маңдай терiңдi сығып алғанынша жұмысқа жегетiн темiр тәртiбi ұстасып тұрғанымен билiктiң бұрынғыдай өз халқына қырғидай тиiп, қырмандай қырған қанiшер мiнезiнiң тас тыйылған кезеңi. Қырық жылда қазан, елу жылда ел жаңарды. Қар мен мұз басқан қалың қабат қайғы шердiң астынан қасқайып қаракөктiң тұқымы көрiндi. "Басың бар ма, бар, оқы, ғылым үйрен, бiлiм ал, қайтып келiп қоғамға адал қызмет ет, еңбек қыл, өсесiң, өнесiң!". Осы талапқа әркiмнiң болды таласы, ешкiмнiң ешкiм тауын шақпады, талабын тойтармады. Әркiм өз жүрек қалауымен шама-шарқына сай өмiр жолын таңдады. Тiршiлiк шанасына жегiлдi. Айналасын барлады. Алысқа қарады. Дүниенi таныды, өмiрдi парлай бастады… Алғашқы махаббаты оянды… Бойды да, ойды да сағыныш өртi биледi. Аңсары айлы аспанға ұлытып, iңкәрлiк әлдебiр құпия құдырет күшке ынтық етiп қойды. Алайда, асты-үстiңдi түгел шырмаған темiр тор асқақ арманыңды алысқа жiбермедi. Өз кеңiстiгiнде, өз қорасында ұстады. Одан шықсаң, жаза қатал. Олай ойлаудың өзi – қылмыс. Отанды сату. "Тауда тудым, таудың нар тақтасында, ай да, күн де, жұлдыз да тап қасымда, қайдан бiлем бiр дәннiң өнетiнiн, көкiрегiмнiң көк орай бақшасында" дейтiн жолдар осы жылдарда туды емес пе? Сол көкiрегiнiң көк орай бақшасында көктеген дәндi бiреу сезiнсе, бiреу байыбына бара алмады. "Ауыл кешiмен" астарлаған Алаш үнi Алтайды асып Алатаудaн естiлiп жататын. "Маңдайымнан сипап өткен самалды, қазағымның алақаны деп бiлем" деп ат бауырына түсiп шабатынбыз. "Қыз Жiбек" фильмi сол өлкеде тап бүгiн өмiр сүрiп, көз алдыңнан өтiп жатқандай әсерленетiнбiз. Имандай шыным. Сол алғашқы махаббат та, сол алғашқы сағыныш та – Қазақстан едi. Қазақстан деген Ұлы есiм – шеттегi қандастарын өзiне тартатын ұлы магнит, үлкен күш едi. Мен осылай десем, бүгiн бiреу сенедi, бiреу сенбейдi. Ақындықтың ақ жал арыны мен жастықтың албырт сезiмiне балайды. Бiрақ, бұл – шындық. Алыс-жақын шетте жүрген, ағайыннан жатта жүрген бауырымыздың барлығының басынан кешкен күй осы. Тап осындай елiккен көңiл күйде отырған шоғыр ХХ ғасырдың сексенiншi жылдардың басындағы СССР (ол кезде орыс империясы осылай аталатын) саяси жағдайын бiр сәт назардан тыс қалдырмайтын. Өйткенi онда әлгi айтқан зор күш, ұлы магнит – Қазақстан бар.

СССР-дiң IРУI

Сол сексенiншi жылдары Кеңестер Одағын билеушi орталық, түп аппараты – КПСС-тiң бюро мүшелерi мен партияның бiрiншi басшылары жаппай қартайып, билiк саяси дағдарысқа душар болды. Осы кездегi басқа социалистiк елдердегi билiк жағдайы да тап осындай едi. Өйткенi барлық социалистiк деп аталатын жүйедегi он бес елдiң басқару тетiктерiнiң құрылымы бiрiн-бiрi айна-қатесiз қайталап, Мәскеудiң сұқ саусағының ұшымен қимылдап, қас-қабағына қарап қам-қаракет жасар едi. Билiк тұтқасын ұстаған топтың, яғни бiрiншi басшылардың жүйе көлемiнде жаппай ұлғайып, ұзақ жылдар бойына жаңаланбауының салдары бiр ғана қоғамды емес, бүкiл-бүтiн бiр системаны тоқырауға әкелiп тiредi. Осының салдары тақтың өзiнен-өзi шiруiне жеткiздi. Әбден iрiп, ылжырап, қайта қалпына келмейтiн деңгейге жеткен қоғамды жөндеу Горбачев сияқты жас басшылардың да қолынан келмедi. Олар неше түрлi айла, әрекет жасап, қанша тыраштанғанмен тамырынан айырылған алып империя күннен-күнге құлдырап, бұрынғысынша өмiр сүре алмайтындығын көрсеттi. Кеңестер Одағындағы күрделi күйзелiс одақтың бiр мүшесi болмаса да, бiр мүшесiндей бiте қайнасқан социалистiк Моңғолияға да оңай тиген жоқ. Горбачев таққа отырысымен Моңғолияның Халық Революцияшыл Партиясының Бас хатшысы Цэдэнбалды денсаулығына байланысты деген сылтаумен орнынан алып тастап, Мәскеуде мырзақамақта ұстады. Билiктiң аяқ астынан өзгеруi бұқараны iштей iрi қобалжуға түсiрдi. Бiрақ түп қопарылып көшеге шықпады. Бұқара билiкпен келiстi. Қосылғыштардың орны ауысқанмен қосынды өзгермейдi. Өйткенi ел өзiн-өзi билеп отыр.

1986 жыл. ЖЕЛТОҚСАН. ҚАРАБАУЫР ҚАСҚАЛДАҚ

Ал Қазақстанда жағдай басқаша өрбiдi. 1986 жылдың желтоқсан оқиғасы моңғолиялық қазақтардың да санасына салмақ салып, бағытын басқаша бағамдап, болашағын өзгеше болжауға әсер еттi. Бұл оқиғаға ешқайсысы бейжай қарай алмады. Қазақ жастарының бұл көтерiлiсiн қуаттайтындығын әрi олармен әрқашанда бiрге екендiктерi айқын сезiлдi. Ешкiм "Правда", "Литературная газеталарда" жарық көрген айыптауларға сенбедi. Өйткенi олардың да өзегiнен өктем ұлттың өзiмшiлдiгi әбден өткен едi. Моңғолдардың өзi "хасагууд боч байгаа юм байна шүү" (қазақтар көтерiлiс жасап жатыр екен ғой) деп қазақтың көкейiндегi қоламтасын қозғап қойды. Сол сөздiң өзi қазақты намыстандырып, жiгерiн жаныды. Моңғол халқы қазақты еңбекқор, жанкештi ұлт деп танып келсе, ендi өз бостандығы жолында жанын қиятын, азаттығы үшiн күресе алатын, басқаға бодан, орысқа отар екенiн бiлетiн батыр халық екен деп бiлдi. Моңғолдардың да ұлттық сана-сезiмi өрлей түстi. Олардың да Мәскеу билiгiнен қол үзгiсi келетiндiгi жария бола бастады. Сөйтiп, олар 1989 жылы коммунистiк халық партиясын төңкерiп тастады. Қазақтардың да ұлтшылдығы олардан қалыспай қатар дамыды. Моңғол демократтарының басында қазақ Қинаятұлы Зардыхан тұрды. Тап сол тұста доктор Зардыхан саясаттағы №1 адам болды. Оның iле-шала Моңғолияның тұрақты парламентi спикерiнiң орынбасары және вице-премьер қатарлы жоғары лауазымды қызметтердi атқаруы қазақтың "менiн" күшейтiп, оған зор сенiм сыйлады. Қоғамдағы жариялылық қазақтың да саяси сана еркiндiгiн ұлғайтты. Ұлттық құндылықтарға деген ынтызарлық күшейдi. Бұрынғы қордаланып, қорланып қалған "ой түбiнде жатқан асыл сөздер шер толқытып", жарыққа шыға бастады. Түрлi ұлттық қоғамдық ұйымдар құрылды.

Ұланбатырда "Рух", Өлгейде "Қазақ", "Бал дәурен" бастатқан бiрнеше қазақтiлдi ұлтшыл, рухты газеттер жарық көрдi. Елдiң, жұрттың рухын асқақтатып, намысын оятатын "Қазақпын, қазақтың мен бөлшегiмiн, Қажетi не басқаның өлшемiнiң. Айбарлы елдiң ұлымын ай таңбалы, Кейiпкерi емеспiн ертегiнiң!" сияқты арынды, арқалы өлеңдер осы тұста жазылды.

АҚ ТIЛЕК

1990 жылдың күзiнде Қазақстан Республикасы егемендiгiн жариялады. Бұл оқиғаны Моңғолиялық қазақтар Қазақстан Кеңестер Одағынан бөлiнiп, жеке мемлекет болып құрылғандай аса зор қуанышпен қабылдады. Әркiм өзiнiң идеялас, пiкiрлес тобымен, өзi қатарлас, араластарымен атап өттi. Араға көп уақыт салмай Қазақ Елiнiң президентi Н.Назарбаевтың "Алыстағы ағайындарға ақ тiлек" атты жолдауы жеттi. "Ақ тiлек" ауылдан ауданға, ауданнан аймаққа тарады. Анда да, сүйiншi, мұнда да сүйiншi! "Сүйiншi!!! Атажұртына келем деген ағайынға, әрқашан есiгiмiз айқара ашық!". "Жел де Баян деп сөйлейдi, су да Баян деп сыңғырлайдының" дәл өзiндей аспан астында, жер үстiнде "Ақ тiлек" қана қалықтады. Қазақстан дегенде жергiлiктi қазақтардың әукесi салбырап, өмешегi үзiлдi. Халықтың жүрек түкпiрде қоздап жатқан арманының орындалатын кезi келдi. Кез келген адамды қолынан ұстап жетектесең еш қарсылықсыз шекара асып, Қазақстанға кете берер едi. Бұл – әсте кездейсоқтық емес едi. Және бiр күнде, кенеттен пайда да бола қалған құбылыс та емес. Бұл ертеден қордаланып, жан-жүйесiн ертеден жайлап алған көкейкестi арманның көзге көрiнген шағы болатын. Осылайша Моңғолия қазақтарының атамекенiне оралуының психологиялық алғы шарттары қамтамасыз етiлген едi.

КҮДIК, ОНЫҢ ПАЙДАСЫ

Осындай қобалжуды сезген Кеңестер Одағы КП-ның бас хатшысы М.С.Горбачев: "1990 жыл. Сәуiр. Кеңестер Одағының Моңғолиядағы елшiсiне: Моңғолия қазақтары Қазақстанға көшкелi жатыр деген қауесет рас па? " деген телеграмма жолдаған. Кеңестер Одағының Моңғолиядағы елшiсiнiң кеңесшiсi Қайыр Рахметжанұлы Омаров: "1990 жыл. "Моңғолия қазақтары арасында Қазақстанға көшу туралы бұзық ой мүлде жоқ " деп жауап бередi.

Қазақтың қазаққа қарай көшкен бiр көшiн жетектеп, осы ұлы iстi бастау Тәңiрiнiң қалауы түскен қазағымның қайсар қызының бiрi Сағат Заханқызы "Ұрпақ тоғысы" атты кiтабында: "Қайыр Омаровтың бұл iс-әрекетi бiзге пайдалы болыпты. Егер Қайыр Омаров елдiң көшкiсi келетiн ниетiн жоғарыға хабарласа, орыстар шекараны жауып тастауы мүмкiн едi" деп жазады.

№1 ЖОЛХАТ

Өткен ғасырдың 90-жылдары Моңғолияда жұмыссыздық қарқын алды. Елдегi еңбек дағдарысын ұтымды пайдаланып қалу қажеттiлiгiн аңғарған адам – Сағат Заханқызы. Еңбек министрлiгiнде қызмет атқарып жүрген ол, үкiметке "жұмыссыздарды еңбекпен қамтамасыз ету үшiн шет елдерге шығару, соның iшiнде қазақтарды Қазақстанға шығару керек" деген мәселенi көтередi. Сөйтiп, 1990 жылы желтоқсанның 19-ы күнi С.Заханқызы Моңғолияның Еңбек министрлiгiнен Қазақ ССР-ына барып, еңбек келiсiмшартын жасауға құқық берiлген №1 жолхатқа қол жеткiзедi.

ТАРИХИ КҮН

Ұлы көштiң басталуына себепшi болған алғашқы еңбек келiсiмшарты сол кездегi Талдықорған облысының Сары-Өзек кеңшарында 1990 жылы желтоқсанның 27-күнi дүниеге келедi. Келiсiмшартқа Қазақстан тарапынан Кербұлақ ауданының атқару комитетi төрағасының орынбасары В.М.Колупаев, ауылшаруашылық бiрлестiгiнiң төрағасы Нұрбай Жантiлеуов қол қояды. "Келiсiм қарапайым ғана болғанымен, iс жүзiнде 1990 жылдары басталған қазақ көшiне сара жол ашылуына түрткi болған құжат осы" деп жазды З.Қинаятұлы. Мiнеки, осы күн, 1990 жылдың желтоқсанының 27-i қилы замандарда әр қиянға кеткен ағайындардың басын қосуға мұрындық болған тарихи күн ретiнде қазақ тарихында белгiленуi керек деп ойлаймыз.

АЛҒАШҚЫ КӨШ. 96 АДАМ

Моңғолия Еңбек министрi Ц.Цолмонның бұйрығымен С.Заханқызы Қазақстанға баратын жұмысшыларды басқаратын өкiл ретiнде тағайындалады. 1991 жылы наурыздың 12-i күнi құрамында 96 адамы бар алғашқы көш Ұланбатырдан аттанып, атамекендi бетке алады. "Сол 96 адам Ұлы көштiң алғашқы қарлығаштары едi". Туған елдiң топырағын тұңғышы болып аттаған сол тоқсан алты батырдың есiмi де қазақ тарихынан орын алуға тиiстi деп ойлаймыз. Бұлардың аты-жөнiн С.Заханқызының "Ұрпақтар тоғысы" атты кiтабынан табасыз. Елдi елге қосуда, нар тәуекел етiп, ерен ерлiк көрсеткен ерлердiң есiмi ескерусiз қалмауға керек. Моңғолиядан басталған қой жылғы қоңыр көш жалпы қазақтық, халықаралық сипат алды. Көштi Ресей Федерациясының Таулы Алтай өлкесiндегi Қосағаш, Қарақалпақстан, Түркия, Ауғанстан, Иран қазақтары жалғап әкеттi. 1963 жылдары үзiлiп қалған көшiн қытайдағы қандастарымыз қайта жандандырды. Бұл күнде отанына оралғандар саны миллионнан асты.

ОРАЛМАН НЕ БЕРДI?

Көшi-қон үдерiсi басталған жылдарда мұндай сұрақ қойылмаған едi. Ол кезде қазақтың жыбырлаған жәндiгiнен жан баласына дейiн қазаққа құшағын айқара ашты. Қазағым өз жерiнде азшылдыққа ұшыраған этнодемографиялық ахуалын шеттен келетiн ағайындар арқылы толтыратынына күманданбады. Бұл мақсат орындалды. Қазақ қаймағы бұзылмаған, ұлттық күре тамыры тулаған құнды капиталмен толықты. Бұл күнде қазақтың саны Қазақстан халқының 70 пайызға жуығын иеленедi. Соңғы он жылдықтың үлесiне тиесiлi әлгi сауалды кейбiр саясаткерлер де, журналистер де қайталап жатады. Еш әбестiгi жоқ, бiрақ, ешкiм де қарынның қамы үшiн келген жоқ, қара домалақ баласының болашағы үшiн келгендiктен бұған түсiнiстiкпен қарайды. Сол қара домалақтардың атамекенiнде дүние есiгiн ашқаны, төл топырағынан нәр алған жас ұрпағы, Тәуелсiз елдiң төл құрдастарының өзi азамат болып Отанын қорғап, азаматтық борышын атқарып жатыр. Олар отанның өз өнiмi, өз тумасы, аларын сұрамай алып, берерiн сұратпай бередi.

Шет елдерден "барымды, күш-қуатымды қазағыма, Отаныма беремiн" деп келген пассионерлерi аз болмады. Олардың барлығын жiпке тiзiп, санамалау мақсат емес. Iздеген адам табады. Бұл туралы ақпарат құралдары көп те жазды. Осы "Түркiстан" газетiнiң беттерiнде де жiлiктi мақалалар мол жарияланды.

Сұрауын сұраймыз-ау, сонда оралмандардың алып келген ұлттық мол байлығын пайдаға асыра алдық па деген де сұрақ туындайды. Мысалы, Алманиядан келген бауырымыз Арыстан Шәдетұлы 1992 жылы атамекенге оралғаннан берi той-томалақта ғана емес, түрлi деңгейде "Қара жорға" биiн насихаттап, "бұл қазақ биi, көненiң көзi, тарихи, ұлттық мұра, бұның магиялық құдырет күшi бар" деп қаншама дәрiптеп, төккен терi мемлекеттiк орындар тарапынан еленбей, ақыры қытайлар қолға алып, бiр сәтте он үш мың адамға "Қара жорғаны" билетiп, Гиннес кiтабына енгенде аузымызды бiр-ақ бастық. Осы олқылықты жуып-шаю үшiн "Қара жорға қазақ биi емес" екен дегенге бардық. Сондай-ақ, бес жүзге тарта халық әнiн сөзiмен, жүз жиырмадан астам күйiн жинап, нотаға түсiрген, өз жадынан шығарған жиырмадай күй, осыншама әннiң авторы, қазаққа жат жұртта жүрiп Затаевичтен артық қызмет жасаған қайраткер ағамыз Қабыкей Ахмерұлының өзi де, еңбектерi де ескерiлмей бiр таудың қуысында қалғанына жиырма жыл болғанын қалай түсiнемiз. Тағы да қытайлар не iстейдi деп қарап отырамыз ба? Қазақтың мәдениетi мен өнерiнiң қорына қосылған ұшан-теңiз шұрайлы, таза тiл мен этнографиялық салт-дәстүрдi немен теңестiруге болады? Кешегi "Көшпендiлер" фильмiндегi "Балапан қаз" әнiнiң мәтiнiн жазған, "Кешiр менi, туған жер, Моңғол елiм, Пендемiн ғой қаныма тартып барам" деп жырлаған Арғынбай ақын атаусыз Арқада дүниеден өттi. Бұл өнер саласында мысал үшiн атағанымыз ғана, ал өмiрдiң басқа салаларындағы кәсiби шеберлiгi кемел қаншама қандастарымыздың бiлiм мен iлiм қоры пайдаға аспай, iстеген iстерi көзге көрiнбей, отанға әкелген қазыналары қараусыз, ескерусiз қалып жатыр.

КӨШ ТОҚЫРАДЫ

Бұл күнде кешегiдей аспан астын шаңдатқан, айран асыр көш саябырлады. Оның бiрнеше басты себептерiн атай кеткен артық болмайды. Бiрiншiден, Қазақстан этнодемографиялық дағдарыстан шықты. Ендiгi жерде Қазақстан халқының ұлттық құрамы шет елдерден келетiн жасанды өсiмге иек артпай-ақ, өзiнiң iшкi табиғи өсiмiнiң арқасында жуық жылдарда одан әрi өсе беретiн болады. Екiншiден, Қазақстанның өндiрiс, өнеркәсiп мегахолдингтерiнiң тiзгiнiн қазақтар емес, шет елдiктер ұстап отыр. Ал оларға, магнаттарға жұмыс күшi үшiн шет елдердегi қазақтарды емес, керiсiнше, шет елдерден еңбекке жарамды арзан жұмыс күшiн әкелу тиiмдi. Үшiншiден, қоғамдағы экономикалық дағдарыс салдарынан жер мен үйдiң бағасы шарықтап кеттi. Мұнадай бағамен мемлекеттiң өзi көшiп келетiндердi үй-жаймен қамтамасыз ете алмайды. Ал шеттен келетiн не капиталы жоқ, не жерi жоқ қазақ үшiн баспана мәселесiн шешу оңайға түспейдi. Төртiншiден, Қазақстан кезiнде құшағын айқара ашқан кезде алды артына қарамай елiм-жұртым дегендерi "көзiн жұмып" келiп алды. (Қытайдағы қазақтардан басқа елдердегi). Осындай себеп-салдарға байланысты қазақтың салиқалы көшi тоқырап тұр.

КӨШКЕ САЛИҚАЛЫ САЯСАТ КЕРЕК

Қазақстан жиырма жылда көшi-қон саясатында мол тәжiрибе жинақтады, үлкен сынақтан өттi. Жиырма жылда көш саясатында мемлекет өзiнiң алға қойған мақсатына жеттi. Жүктеген мiндеттерiн орындады. Ендiгi көш жалаң ұран, қызыл сөзбен жүрмейдi. Оған басқаша бағыт, сарабдал бағдарлама, жаңа керiмсал саясат керек. Шет елдердегi қазақтардың қомақты бөлiгi Қазақстан аумағын қоршап отыр. Кейбiр саясаткерлер өз атажұртында отырғандар қазақтың қорғаныс қалқаны болатын сияқты ой айтады. Бiрақ, қазақтың басынан кешкен тауқыметi мол тағдыр сабақтары, қазақты қазаққа айдап салған, өз қолыңмен от көсеткен отаршылар саясаты мұндай пiкiрге қосылуға болмайтындығын дәлелдеген едi. Қазақстан үкiметi келем деушiлердi қабылдаудан, оларға көмек қолын созудан әлбетте бас тартпайды. Барлық елдерде ұсақ ұлттарды ассимиляциялау саясаты жүрiп жатады. Оған ешкiм шектеу қоя алмайды. Сондықтан шет елдерде қалып жатқан қандастарымыздың ұлт ретiнде жойылып, басқа жұртқа сiңiсiп кетудiң алдын алатын iс-шараларды айқындап, оған қажеттi алғы шарттарға жататын тiлiн, дiнiн, дiлiн, өнерiн қорғау үшiн рухани ықпалды күшейтудiң жаңа жолдарын нығайту жөн. Сонда ғана шет елдердегi қазақтарды әлi де бiраз он жылдықтарға сақтап қалуға болады.

Бақытбек БӘМIШҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi