Жаңалықтар

МҰНАЙ ӨНДIРУШI КОМПАНИЯЛАРДЫҢ КЕУДЕМСОҚТЫҒЫ

ашық дереккөзі

МҰНАЙ ӨНДIРУШI КОМПАНИЯЛАРДЫҢ КЕУДЕМСОҚТЫҒЫ

Жаңа жыл табалдырықтан аттап, босағаға бас сұққалы әлемдiк нарықтағы мұнайдың бағасы жиi құбылды. Ол АҚШ экономикасы мен әлемдегi шикiзат қорының төмендеуiнен болып отыр дейдi сарапшылар. Айтқандай, шикiзат төмендеуi елiмiзде жуық арада байқалуы мүмкiн, себебi Мұнай және газ министрлiгi 24 мұнай-газ компанияларымен жасасқан келiсiм-шартты тоқтатты.

Қазақстанда мұнай өндiретiн компаниялар көп-ақ. Әлбетте, олардың барлығы аталмыш министрлiкпен келiсiм-шартқа отырған. Соған қарамастан шикiзат өндiретiн компаниялар ҚР Мұнай және газ министрлiгi көрсеткен талаптарды менсiнбей отырған көрiнедi. Мұнай өндiрушi компаниялардың iшiнде шетелдiк және отандық компаниялар да бар. Сондықтан кейбiр олқылықтар жиi орын алып жатады. Мәселен, министрлiктiң басты талабы – мемлекеттiк сатып алулардағы ашықтық мәселесi. Компаниялардың басым көпшiлiгi мұндай мәлiметтi жасырын ұстағанды жөн көредi. Ол өз кезегiнде тендерлiк процестерге кедергi келтiредi. Сонымен қатар мұнай өндiрушi компания қызметкерлерiнiң ұлттық және азаматтық мәселесi ең бiр кiрпияз шаруаға айналған. Айта-айта жауыр болса да, мұнай өндiрушi компаниялар бұл талапқа мойынсұнар емес.

Мiне, осы аталған критерийлердi алға тарта отырып, Мұнай және газ министрлiгi 24 компаниямен ат құйрығын кесiстi. Ал 2011 жылдың еншiсiндегi 50 компанияның тағдыры қыл үстiнде. Олардың қатарында "CaspiOilGas" ЖШС, "North Caspian Petroleum" АҚ және "Атыраумұнайгаз" АҚ бар.

Сонда да болса министрлiктiң хабарлауынша, келiсiм-шартты бұзу шарт емес, мұндағы басты нәрсе Қазақстан өндiрiсiне төнген қатер. Осы мәселелердi ортаға салған Мұнай және газ министрлiгi мұнай өндiрушi компанияларға мүмкiндiк берiп отыр, яғни қосымша келiсiмшарт арқылы олар Қазақстанның жеделдетiлген даму бағдарламасы бойынша келiсiмге қол қояды да жұмысын жалғастыра бередi. Өз таңдауын жасап, келiсiмiн бермеген компанияға айыппұл салынады, болмаса келiсiм-шарт бұзылады. Естерiңiзде болса, 2010 жылдың қаңтарынан бастап компаниялар Жер қойнауы мен оны пайдалану заңына сәйкес электронды "Жер қойнауын пайдаланудағы қызмет көрсету мен жұмыс, тауарлар реестрiне" тiркелуi шарт. Осы реестрге жұмыс нәтижесiн ашып көрсетпеген компаниялар қызметi жоққа шығарылады. Бiрақ Қазақстан заңдары мен құқықтарына көктен қарайтын шетелдiк алпауыт компаниялар бұл реестрдi санатқа қосып жүрген жоқ.

Ақниет ОСПАНБАЙ