ТYБI БIР ТYРКI ТIЛДЕРI
ТYБI БIР ТYРКI ТIЛДЕРI
ҚР Мәдениет министрлiгiнiң Тiл комитетi Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi Жалпы тiл бiлiмi және аударма теориясы кафедрасымен бiрлесе отырып, 2010 жылдың 22 желтоқсанында "Жалпы тiл бiлiмi және түркi тiлдерiнiң өзектi мәселелерi" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткiздi.
Аталған шараға арнайы ат басын бұрған ҚР Мәдениет министрлiгi Тiл комитетiнiң төрағасы Б. Омаров кiрiспе сөз сөйлеп, әлемнiң түкпiр-түкпiрiне тарап кеткен 40-қа жуық түркi елдерiнiң бүгiнгi жай-күйi жайында ой қорытты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң ректоры Б. Әбдiрайым түбi бiр түркi елдерiнiң Еуразияның кiндiгi Астанада бас қосқандығын атай отырып, құттықтау лебiзiн бiлдiрдi.
Конференцияда ҚР Парламентi Сенатының депутатыӘ.Ахметов, ҚР Президенттiк мәдени орталығының директоры, профессор М.Жолдасбеков, Ш. Айтматов атындағы Тiл және әдебиет институтының директоры А. Ақматалиев (Қырғызстан), М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы Э. Мишкуров (Ресей), Башқұрт мемлекеттiк университетi Шығыс тiлдерi кафедрасының меңгерушiсi, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғ.Ибрагимов (Башқұртстан), С.Демирел атындағы университеттiң доцентi, филология ғылымдарының кандидаты Ш. Айдоглу (Түркия), және тағы басқа да алыс және жақын шетелдер мен республика өңiрлерiнен жалпы тiл бiлiмi мен түркология ғылымына еңбек сiңiрiп жүрген бiрқатар ғалымдар баяндама жасап, қазiргi тiл бiлiмi мен түркiтанудағы өзектi мәселелердi талқылады.
Қазiр түркi тiлiнде сөйлейтiн 40-қа жуық мемлекет бар. Әртүрлi геосаяси қақтығыстардың салдарынан бiр-бiрiмен географиялық тұрғыдан ажырап кеткен елдер түбi бiр түркiлiгiн, қаны бiр туысқандығын ешуақытта ұмытқан емес. "Түркi халықтарының тамыры тым тереңде жатыр. Олар бiр-бiрiнен әлi де ажырап кете қойған жоқ. Бүгiнгi таңда Түрiк академиясы құрылып жатыр. Бiз осыны дұрыстап пайдалануымыз керек. Атамыз бiр, анамыз бiр, тiлiмiз бiр. Бiз сондай халықпыз. Тезiрек жақындасуымыз керек. Осы конференция бұрынғыдан да бiр-бiрiмiзге жақындай түсуiмiзге септiгiн тигiзедi деп ойлаймын", – деп атап өттi Президенттiк мәдениет орталығының жетекшiсi Мырзатай Жолдасбеков.
Конференцияда сөз алған делегаттардың көбi түркi халықтарының өзара жақындасуы үшiн қолдан жасалып отырған кедергiлердi жою қажеттiгiне арнайы тоқталды:
"Түркi халықтары қоныс тауып отырған осынау кең аумақты қамтып, осы салада қалыптасқан мәселелердi әлi де тереңдей қазу қажет", – дейдi Сенат депутаты Әдiл Ахметов.
Конференцияда латын әлiпбиiне көшу мәселесi де қамтылды. Мамандар қоғамның бұл әлiпбиге бiржолата көшуi кейбiр ортақ құндылықтарды бағалауға керi әсерiн тигiзуi мүмкiн екенiн алға тартып отыр. "Егер бiз алдағы уақытта латынға көшетiн болсақ, онда 10-20 жылдан кейiн ғылыммен айналысатын келешек ұрпақ кириллицамен жазылған бiздiң еңбектерiмiздi зерттеген кезде бiраз қиыншылыққа тап болуы әбден мүмкiн. Сондықтан, менiңше, болашақта қазақтың бүгiнгi алфавитiн латиницамен қатар қолданған дұрыс. Себебi ол да бiздiң мәдени мұрамыз болып саналады", – дейдi Ә.Ахметов.
"Түркiстан-ақпарат"