АНАЛАРҒА "АЛТЫН АЛҚА" МЕН "КҮМIС АЛҚА" ЖАРАСАДЫ
АНАЛАРҒА "АЛТЫН АЛҚА" МЕН "КҮМIС АЛҚА" ЖАРАСАДЫ
Алтын құрсақты аналарды қалай құрметтесек те орынды. Әсiресе Елбасының жарлығымен, үстiмiздегi жылдан бастап ана мәртебесiн арттыру мақсатында көпбалалы аналарды "Алтын алқа" және "Күмiс алқа" алқалаларымен марапаттау ережесi қайта бекiтiлгелi берi құрметке бөленiп жатқан аналардың қуанышында шек жоқ.
Бұл да болса, елiмiздiң демографиясына өз септiгiн тигiзiп жатқан аналарға жасалған алғыс пен көмектiң бiр түрi. Жаңа жыл қарсаңында Алматы қаласы Жетiсу ауданы әкiмшiлiгi көпбалалы 9 анаға "Алтын алқа" мен "Күмiс алқаны" салтанатты түрде табыс еттi. Жетiсу ауданы әкiмiнiң орынбасары Жанат Мұрынова көпбалалы аналарды бүгiнгi мерекелерiмен шын жүректен құттықтап, "әрқашан да бала тәрбиесiнде қажымай, шаршамай, аман-есен жүрiңiздер!" деген тiлегiн бiлдiрдi. "Бұл марапатты – сiздерге жасалған құрмет деп бағалаңыздар. Алдағы уақытта сiздердiң жолдарыңызды қыздарымыз бен келiншектерге берсiн" деген әкiмнiң орынбасары кейiнгi жастарға да құлаққағыс жасады.
Алқаларын мойнына тағуға келген көпбалалы аналардың iшiнде орыс ұлтының да екi өкiлi бар. Олар анау-мынау емес, "Алтын алқаның" иегерi атанды. Соған қарағанда, қазақ елiнде демографияға серпiлiс жасауда басқа ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң де айтарлықтай үлесi бар екен. Ал "Күмiс алқа" иегерi Мәрия Бәжiрқызы дүниеге 6 баланы әкелiп, жеткiзген ана. Бүгiнде бала-шағасының зейнетiн көрiп отырған Мәрия апаның көңiлi көтерiңкi. "Бүгiн қуаныштан төбем көкке жетiп отыр. Бала-шағамның арқасында бақытты ана атандым. Көпбалалы аналардың көңiлiн аулап жатқан Елбасыға, аудан әкiмiне алғысымды бiлдiремiн" – дедi "Күмiс алқаны" мойнына таққан Мәрия апа.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ