Жаңалықтар

МӘҢГIЛIК МАХАББАТ ЖОҚТАУЫ

ашық дереккөзі

МӘҢГIЛIК МАХАББАТ ЖОҚТАУЫ

М.Әуезов "Еңлiк-Кебектiң" бес нұсқасын неге жазды?

"Еңлiк-Кебек" спектаклi көрерменге таңсық емес. Ол осыдан 85 жыл бұрын тұсауын кескен спектакль. Қазақ театрының тарихы да осы пьесамен басталады. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың 85 маусымына лайықтап, "Еңлiк-Кебектi" таңдауында да үлкен сыр жатыр.

"Еңлiк-Кебектi" қара шаңырақ бұған дейiн де талай рет қойды. Бiрнеше рет, әртүрлi көркемдiк шешiммен қойылған спектакльдiң бұл жолғы қойылымы да "бұрынғысынан өзгерек". Еңлiктiң де, Кебектiң де рөлiн қазақ сахнасының талай марғасқа актерлерi сомдады. Ыдырыс Ноғайбаев, Бекен Римова сияқты өнер шеберлерi де "Еңлiк-Кебектен" айналып өте алмаған.

Мұхтар Әуезовтiң "Еңлiк-Кебек" пьесасының жөнi де, жолы да бөлек. Оны ойнау да, оның сахналық қойылымын көрерменге ұсыну да қиынырақ тиетiнi белгiлi актерлер үшiн. Бiр кездерi ұлы Мұхаңның өзi аталмыш пьеса жөнiнде: "Поэзиялық күшiн арттырдым, толғау түрiн кiргiздiм, ойсыз монолог, бойсыз-болымсыз монолог, сондықтан монологты өңдеп, жас қойшының монологын кiргiздiм. Бұл әрi күнәсiз бала, әрi фантазер, әрi философ емес пе?" – деп шаттанған екен. Ал, толғау түрiн жетiлдiргенiн абыз монологы арқылы түсiндiрген.

Расында да, "Еңлiк-Кебек" драматургия мен поэзияның егiз екенiн дәлелдеген туынды. Бiр кездерi Еңлiк рөлiн ойнаған Қазақстан Республикасының Халық әртiсi, талантты актрисамыз, марқұм Бикен Римова: "Мұқаң "Еңлiк-Кебекке" үлкен өзгерiстер енгiзiп, қайтадан өңдеп әкелдi. Бұрынғы Абыз таяғының басына әлем-жәлем қызыл-жасыл шүберек пен сылдырмақ байланған бақсы-балгер түрiнде көрiнетiн. Ал, бұл жалпы Абыз ел бiрлiгiн ойлаған ақылгөй, қобызына қосылып күй күңiренткен сазгер халықтың болашағына көз жүгiрткен дана қарт ретiнде көрiнедi" деген екен.

Осылайша, театрға "Еңлiк-Кебек" қайта жасарып, жаңарып келдi. Еңлiк бұрын аң қуып жүрген, Кебек батырдың үйiне қонуға келгенде, түнде өзi тұрып оятатын, бұйығы мiнез, көз жасын төккен мұңшыл қыз болатын. Бұл жолғы Еңлiк махаббат отын лаулатып сүйе бiлетiн, өмiрдiң кейбiр ауыр азабын өткерсе де, өкiнбейтiн өжет, қажет болса, сүйгенi үшiн өлiмге де тайсалмай бара алатын қайсар қыздың бейнесiнде көрiнедi. Еңлiктi сомдаған Зәуре Көпжасарова осы бейненi ұстануға тырысыпты. Қойылымның өзгешелiгi де осында жатса керек. Әрине, бұл жолы Еңлiк бейнесiн театрдың екi бiрдей актрисасы сомдап отыр. Оның бiрi – Зәуре Көпжасарова болса, екiншiсi – Баян Қажынәбиева. Екеуi де – Еңлiктiң өжеттiгiн, нәзiк сезiмiн, қайсарлығын бейнелеуге тырысқан. Екi бiрдей Еңлiк, екi бөлек бейне… Көрермен үшiн қайсы Еңлiк көңiлден шықты, мәселе онда емес. Ең бастысы, спектакль көрерменiне ой сала бiлдi. Спектакль осынысымен құнды.

Кебек те сойыл қара күш иесi, шолақ батыр ғана емес, таза жанды, нәзiк сезiмдi, ақын жанды адам. М. Әуезов адал махаббаты үшiн бастарын өлiмге қиған Еңлiк пен Кебектiң бар асыл қасиеттерiн терең ашып, олардың бейнелерiн жарқыратып көрсеттi. Қазақ драматургиясында "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" Шиллердiң "Зұлымдық пен махаббатына" тең, "Еңлiк-Кебек" Шекспирдiң трагедияларымен деңгейлес.

Кебектi Әуезов театрының екi бiрдей актерi, Азамат Сұрыпбаев пен Еркебұлан Дайыров сомдады. Кебек бейнесiн ойнау актерлер үшiн де оңайға соқпаған тәрiздi. Өйткенi, ол жай Кебек емес, ұлы Мұқаңның 1917 жылдан 1956 жылға дейiн үзбей жазып, бес нұсқасын дайындаған ерекше шығармасы. Мұхтар Әуезов "Еңлiк-Кебектiң" бес бiрдей нұсқасын жазды. Неге? Оның бiр себебi – Мұқаң үшiн "Еңлiк-Кебек" – тарихи шығарма. Тарихи шығарманы жазу қаламгерге оңайға соқпаған. "Еңлiк – Кебек" оқиғасының өзi, ақиқатында, Матай мен Тобықты арасындағы дүркiреп өткен жесiр дауы ғой. Еңлiк – Матайдың қызы. Кебек – Тобықтының батыры. Қазақы дәстүрге сай, сонымен бiрге Еңлiк – Найманның жесiрi де. Соңы драмаға ұласқан жанжалды оқиғаның себептi салдары осы. Яғни, тарихта болған оқиға.

Тарихи шығармаға өзек болған махаббат ғана емес, сол кезеңдегi қоғамның көрiнiсi де емес пе? Би сөзiне тоқтап, би шешiмiнен аса алмаған екi рулы елдiң адамдарына тоқтау қоя алмаған нәрсе не? Атойлап жауға қарсы шығатын батырының бiр тентектiгiн кешiре алмаған билер ақырында өлiмге қиды. Бiр кездегi батыр, ендi "шiрiген жұмыртқа". Кебектiң ашу-ызасын да тудырғаны осы нәрсе. Бiрақ, биi тоқтам айта алмады, бидiң сөзiне тоқтай қалатын Есен жоқ. Сонда кiнәлi кiм? Махаббаттың жалынына шарпылған екi жас па, екi рулы елдiң арасындағы дауды өршiтпейiк деген билер ме? Шешiмдi қалай айтса, дұрыс болады? Спектакльдiң жан-дүниеңе қозғау салатын тұсы да осы. Шешiмiн таба алмай, сарсаңға түсуiңiз…

Ал актерлердiң ойыны… Қай актер немесе қай актриса қаншалықты көңiлге қозғау сала бiлдi? Мүмкiн оны спектакльдi бiрнеше рет тамашалаған соң ғана баға бере алатын шығармыз. Әзiрге сахнадағы көрiнiс ғана көңiлде қалды. Ойынның осыншалықты әсерi болмаса, көрерменнiң мұншалықты көңiлiнде қалмас па едi, бәлкiм?! Демек, мұның да басты сыры, актерлердiң шеберлiгiнде жатқан шығар…

Гүлзина Бектасова