Жаңалықтар

АЛТЫН «АСҚАРДЫҢ» ОҚИҒАСЫ

ашық дереккөзі

АЛТЫН «АСҚАРДЫҢ» ОҚИҒАСЫ

Жаңа жыл қарсаңында көрермен назарына "Алтын "Асқардың" оқиғасы" атты жаңа телевизиялық фильм ұсынылмақ. Фильм жаңа жыл түнi "Еларна" телеарнасында өтетiн Санжар Мәдиевтiң "Көгiлдiр алау" бағдарламасы аясында көрсетiледi. Бұл "Қазақфильм" киностудиясы мен "Еларна" телеарнасының бiрiккен жобасы. Фильмдегi басты екi бiрдей егiздердiң рөлiн, шоу-бизнесте танымал болған Қазбек Қасым ойнайды. Ал фильм режиссерi, көрерменге "Сардар", "Қаладан келген қыз", "Секер" фильмдерiнiң операторы ретiнде танылған Ренат Қосай. Жаңа жылда тұсауы кесiлетiн бұл фильм туралы Ренат Қосайға бiрер сауал тастаған едiк.

– Сiздi көрермен қоюшы оператор ретiнде кеңiрек таниды. Сiздiң режиссураға бет бұруыңыздың себебi неде?

– Өз басым режиссурамен жас кезiмнен бастап үнемi айналысып жүретiнмiн. 2001 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын "Режиссура" мамандығы бойынша аяқтағаныммен, негiзiнен деректi фильмдер, жарнамалық роликтер мен бейнеклиптер түсiрiп, операторлықпен кеңiрек айналыстым. Операторлықпен он жылдай айналысқандықтан, фильмнiң барлық техникасы мен қыр-сырын үйренiп, фильмде ең басты рөл атқаратын – идея, драматургия және актер ойыны екендiгiне көзiм жеттi. Бұл фильм менiң көркемсуреттi кинодағы дебюттiк жұмысым болмақ. Фильмнiң тақырыбы қызықтырғандықтан түсiруге келiсiмiмдi бердiм. Ең басты ұстанатын қағидам, егер ұсынылған тақырып маған ұнамаса, ол тақырыпқа мен мүлдем бармаймын. Мен үшiн фильмнiң фестивальден жүлде алғанынан гөрi, ең бастысы көрерменнiң ыстық ықыласына бөленгенi маңыздырақ. Егер фильмдi көрiп отырған көрермен онымен бiрге күлiп, қайғырып отырса, мен үшiн бұл үлкен жеңiс.

– Фильм туралы нақтырақ айтсаңыз… Фильмнiң идеясы кiмдiкi, жанры қандай және қай тақырыпта түсiрiлген?

– Фильмнiң негiзгi идеясын Марат Әлiпбаев айтты. Бiрақ, фильмнiң кейбiр оқиғаларын екеумiз бiрлесе отырып ойлап тауып, сценарийдi бiрiгiп жаздық. Бұл фантастика элементтерi бар лирикалық комедия жанрындағы жаңа жыл тақырыбына түсiрiлген қысқаметражды фильм. Фильм оқиғасы екi егiз бауырлар аясында өрбидi. Бiрi – ғылыммен айналысып, өсiмдiктерден түрлi зерттеулер жасап жүрген "оқымысты" Жандос болса, екiншiсi – нәзiк жандылардың назарын жақсы көретiн продюсер, "шоумен" Мақсат. Мақсат – Алматыда тұрады, ал Жандос – Астанада тұрады. Бұрын Мақсат бауыры Жандосқа кiшiгiрiм мүсiн сыйлаған болатын. Жаңа жыл қарсаңында Алматыда "Асқар" сыйлығын ("Оскар" сыйлығына пародия) тапсыру салтанаты өтпек, сондағы тапсырылатын ең басты сыйлық – "мүсiн" табан асты жоғалады. Егер мүсiн табылмаса, бар бәле Мақсатқа үйiрiлмек… Мақсат дереу Жандосқа телефон соғып: "мен саған сыйлыққа берген мүсiндi алып тездетiп жет, әйтпесе маған жаман болады" – дейдi. Ал, Жандос дәл сол күнi өзiнiң сүйiктiсiнiң үйiне барып, ата-аналарымен таныспақшы болған. Бiрақ, ол бауыры үшiн бәрiн тастап жолға шығады және жол бойында оның басынан түрлi қызықты оқиғалар өтедi.

Ең бастысы, фильмдегi басты екi кейiпкердiң екi түрлi мiнезi арқылы, бауырға, досқа деген шынайы адалдықты, махаббатты көрсеткiмiз келдi.

– Сiз бұл фильмде өзiңiз операторсыз ба?

– Негiзiнен бұл фильмдi дебютанттардың өнiмi десек те болады. Өйткенi, басты рөлдердi ойнаған Қазбек Қасымнан бастап, түсiрiлiм алаңындағы мамандардың барлығы дерлiк кинодағы алғашқы қадамдарын жасаған жастар. Фильмнiң қоюшы операторы – Самат Шарипов. Ал, фильмге халыққа танымал актерлерден Қадiрбек Демесiнов, Санжар Мәдиев және "Ойпырмай" фильмiнде Майраның рөлiн ойнаған Рая Адинғалиева тартылған.

– Бас кейiпкердiң рөлiне таңдауыңыз не себептi Қазбек Қасымға түстi?

– Қазбектi бұрыннан берi, яғни жарнамалық роликтер, бейнеклиптер түсiрiп жүрген сәтiмнен бастап бiлемiн. Жұмыс барысында оның өте алғырлығын, пысықтығын байқайтынмын. Сол себептi Қазбектi фильмге түсiру туралы ой келдi. Қазбек актер ретiнде экранда қарама-қайшы екi кейiпкердiң характерiн жақсы берiп, өзiнiң дебюттiк рөлiн көңiлден шығарлықтай тамаша алып шықты. Ол өзiнiң бет-бейнесiн, қарапайымдылығын жоғалтпаған жан-дүниесi таза және өте көрiктi жiгiт. Көрiктiлiк кинода да маңызды рөл атқарады.

– Жұмысыңызға қаншалықты көңiлiңiз толды?

– Ең қатал көрермен режиссердiң өзi болуы керек. Сол себептi фильмнiң жақсы шығуына күш салдым. Бiрақ, басты бағасын көрермен өзi берер.

– Болашақта режиссураға толыққанды бет бұрасыз ба?

– Менiң жаңа жылға фильм түсiруiмнiң өзi келешекке белгi тәрiздi. Продюсер болдым, жарнамалар мен бейнеклиптер түсiрдiм, оператор болдым. Ендiгi кезекте осы он жылдық шығармашылық тәжiрибемдi режиссураға арнап, фильмдер түсiргiм келедi. Қазбекпен ақылдаса келе алдағы уақытта бұл фильмдi үлкен экранға лайықтап, толықметражды фильм ғып түсiрмекпiз. Алайда, толықтай режиссураға кетiп, операторлықты мүлдем тастап кетем деп айтпаймын. Өйткенi, Өнер академиясында өзiмнiң операторлық шеберханам бар және жетекшi ретiнде студенттерiме бағыт-бағдар беруiм керек. Студенттерiмнен болашақта жақсы операторлар шығады деп үмiттенемiн. Қазiрдiң өзiнде олардың барлығы "Жаным", "Айналайын", "Жасұлан" телехикаялары мен "Ликвидатор", "Мың бала" сынды iрi жобаларда оператор болып, тәжiрибе жинақтауда. Қазiргi заманда қандай да мамандық болмасын, бағың жану қиын. Сол себептен ерiнбей еңбек етiп, тек алға қадам басу керек.

Айдана ШIБIКЕЕВА, ҚазҰӨА-ның студентi