Жаңалықтар

СЫЙЛАШЫ ЖҰЛДЫЗДАРЫН ЖАНАРЫҢНЫҢ...

ашық дереккөзі

СЫЙЛАШЫ ЖҰЛДЫЗДАРЫН ЖАНАРЫҢНЫҢ...

Көкжиек қызыл шымылдық қымтана бастады. Сол шымылдықтың етегiне оранып, маужырап қисаюға айналған бүгiнгi күнмен екеумiз үнсiз ғана қоштастық.

Аспан ашық, ауа тымық едi. Тымық ауа күндiзгi шiлiңгiр ыстықтан iш тартып, ендi бойына қоңыржай леп сiңiре бастаған сыңайлы.

Артымыздағы ауыл кешкi қарбаластың быжынаған шуына қанығып, бұл күндi де ризалықпен ұзатып жатыр. Машинаның гүрiлi, сиырдың мөңiреуi, үйрек-қаздың қаңқылы мен "әукiм-әукiмдеген" әйел дауысы бейбiт кештiң құлаққа етене құжынаған ырғағы. Әне, ауыл шетiнде велосипедтерiнiң рулi батар күнмен жалт-жұлт ойнап, безiп бара жатқан балалар, алаяқ торысын жетектеп, өзенге еңкейген менiң атам.

Төбесiне қара түтiн лақтырып, шайқалақтаған "Беларусь" қырдан ылдилады. Шөптен ерте қайтқан тракторшы бүгiн бiр жақсылап тынығайын деп аптығып келе ме? Мүмкiн, оның көңiлiн дәйектетпей қуалап әкелген алып-қашпа жүрiс көршiмiздiң күлiмкөз, қызыл шырайлы қызына деген азын-аулақ сағыныштың садағасы-ақ шығар. Тұтасып кеткен шаруа науқанының жiгiн тауып, еншiлеген өлшеулi уақытын жүрекпен жазып, жанымен оқыр сыршыл шаққа ғана бағыштағысы келе ме?

Бiз екеумiздiң де жұмыс уақыты аяқталысымен, аптығып келiп асыға табысқанымыз әлгiнде ғана. Қысқа ғана тiл қатысқаннан кейiн, сұқтанған көген көздерден аулақ ауыл сыртына, кеңпейiл табиғаттың мамыражай төрiне және ең бастысы сол табиғат-ананың аясындағы тыныштық әлдиiне асыққанбыз. Бет алғанымыз – селдiр-селдiр талдардың арасы.

Аттаған сайын қоңырқай балтырыңды әбден пiсiп, бүршiктенген шөп бастары қағады. Түбiнен бiр буып, бос тастаған қолаң шаш екi жауырынға кезек аунап, тыным таппаса, сыртқа қашқан бiрен-саран талдары құбыланың қызылын жұтып, құбылып қалады. Мен үшiн осының бәрi сән, осының бәрi жазылған ән-сынды.

Тұла бойың кешкi арайға малшынғанда, езуiнде қауыз жарған гүл-жымиыс шаршаңқы жанымды жадыратып, көтерiңкi көңiл-күймен қауыштырды менi.

Осы жұпыны қалпыңда-ақ ет жүрегiмдi исiндiрiп, бұйығы сезiмге "әуез тамызып", тек жақсылыққа талпындыратының қандай тамаша?!.

Балапан қиялдарымды баулап, сезiмiмдi күнәсiз кештiң сәби жырларымен сусындатасың сен.

Сенiң балғын мүсiнiңдi көзiме қанар жалқы көрiнiс етiп келе жатып, ой құшағынан одағай шыға алсамшы. Бәрi басқаша басталып едi-ау!

… Оқуға түсе алмасам да, қалаға байланып, екi жыл сандалдым. Ауылға құрқол, салбырап қайта оралудан қаймыққандық емес, қызығы мен шыжығы жетерлiк шаһар өмiрiнен шеттегiм келмеген. Мен ғана емес, оқуға түсе алмай, ауылдан оқшауланып шыққан талай жас сiңiп кетiп жатқан жер. Жұмыстан да береке таппай, қашанғы жүрерiм белгiсiз едi.

Ауылға баруға мүлде құлықсыз едiм. Қаладағы бiр қадiрмендi ағайдың айтқанынан шыға алмадым. Сыйлайтын адамым ғой, көкейiме қонбаса да, берген ақылының ығында кеттiм. "Екi жыл текке сенделгенiң жетедi. Ауылға барып, құрыса бiр жыл жұмыс iсте. Сосын сол жерден жолдама алып, ауылшаруашылық институтына кел. Еңбекпен жеген нанның дәмi өзгеше болады. Бұлғақтама, жөнел". Амалсыз жолға шығуға тура келдi.

Ойда-жоқта салаң етiп жетiп келгенiм үй-iшiн елең еткiздi. Әке-шешеме аман оралғаным шүкiршiлiк. Не оқуға түсе алмай, не дым бiтiрмей, босқа уақыт өлтiрiп, құнсызданған сүлдерiмдi қайта көрсеткенiме, әсiресе, iнiм ренжулi. "Неменеге қаңғисың, түк бiтiрмесең? Елдi ұятты қылғанша".

Сөйтсем, мақтаншақ неме жолдастарына "ағам қалада, үлкен оқуда" деп, дабырайтып жүредi екен ғой. Мен келiп, оны жерге қаратыппын. Онымен қоймай, бел шешiп қара жұмысқа кiрiспекпiн.

Әкемнiң де ренiшi бiртоға мiнезiмен қымтаулы екен, сыздықтатып шетiн шығарғаны. "Бала, сымпиып кейпiңе келiп қалыпсың. Бәсе, неғып қаладан шықпайды бұл бала десем, әлеулайым болуға талап қылып жүр екенсiң ғой. Әке-шешенiң тапқан-таянғанымен бұзықтыққа жетiп болсаң, тiрлiкке кiрiс ендi".

Дау айтуға дәрмен қайда? Шет жағалап кеңсе, мекеме маңынан жұмыс iздеген болдым. Ыңғайлы орын табылмады. Кiмнiң баласы екенiмдi, қайдан келгендiгiмдi бiлiсiмен-ақ, үстi-басымды көздерiмен шимайлап, тайсақтай бередi бәрi. Тiкмiнез бiреулер көмейiндегiсiн iрiкпей, бетiме салық қылды:

– Ендi мұнда жетпегенi – сен сияқты селтеңбай едi. Әке-шешенiң арқасында қиындық көрмей, қалада өсiп ең. Жеңiл жұмыс iстегiң келедi, ә? Мұндағы жұмыс саған қол бола қояр ма екен?

Менiң қағаз қызметiн қарастырып жүргенiмдi бiлгенде әкемнiң қысық көздерi өңменiмнен өтiп, зәрленгенi-ай! Даусы да мұнша ащы болар ма:

– Әй, ендi қалмағаны осы ма едi? Бәленшенiң ұлы қалада қаңғып жүр деген ат алғанымыз аз болғандай. Айналып-үйiрiлiп жаманатың бiзге шоқпар болып тиедi жер ортаға келгенде. Қиқаңды қой да, ел құсап қара жұмыс iсте. Бәлем, қолыма тидiң, ендi табаныңды тiлiп тұрып, айдаймын. Осыдан көр де тұр. Ойыңа кiрiп-шықпайды екен еңбек ету. Осы жасқа келгенше өбектенгенге тойынған екенсiң…

Әке ашуының көптен запыран болып, кеудесiн қыжылдатып жүргенi анық. Мiндi үнсiз мойындап, бас шұлғи бергеннен бөтен амал жоқ. Басыма бастапқыда келгенi – "Не болса да, айтқан жерiне барайын, артын көре жатармын" деген ой ғана.

Осы жасқа келгенше бұл менiң ауыл жұмысына алғаш араласуым едi. Мектептi қаладағы интернатта бiтiргенмiн. Оқуға түсе алмай, әскерге аттандым. Қайта келген соң қалада қалып, тағы екi жыл сандалғаным рас.

Не оқу, не жұмыс жоқ болып, көше таптаған көп күндерiм мұндағы елдiң ойына кiрiп-шықпаған оқиғаларға толы. Бұл уақыттың iшiнде бiр жұмыстан шығып, екiншiсiне кiрiп, өзiм сықпыттанған серi жiгiттердiң желеуiнде қаншама қаңғырдым десеңiзшi. Үй iшiн оқуда жүрмiн деп алдаған кезiм есiме түссе, жерге кiрердей боламын әлi де. Әйтеуiр қысылғанымда тарықтырмаған – ата-ананың ай сайынғы қаражаты. Ол қаражатты қыздармен қыдырып, жолдастармен iшiп, судай шашқанымнан да бұл кiсiлер хабарсыз. Бiр-екi рет ессiз қалып, айықтырғышқа түскенiм, топ төбелеске қатысамын деп, он бес тәулiктiк түрмеде түгендеп шыққаным да әлi беймәлiм болуы керек.

"Ауылдың жұмысы не тәйiрi. Бұл бас – не көрмеген бас. Үйренiп аламын" дегенiм астамшылық екен. Мен келгенде жұрттың бәрi шөп шабу науқанына жұмылдырылыпты, әкемнiң сiлтеуiмен шабындықтан бiр-ақ шыққам. Бригадир: "тепсе, темiр үзетiн тың азамат келдi" деп жонымнан қақты да, айыр темiрдi ұстатты қолыма. Мiндетiм – престелген бума шөптердi тракторға тиеу. Келдiм де, қатулы қарттың ырқынан шыға алмай, қара жұмысқа кiрiстiм. Екi жылғы селтеңбай тiрлiк бос белбеу етiп жiберген бе, қара жұмысқа да қарайып қалыппын. Алдымен шөп тасушыларға қосылған. Бума көтерiп, тiркемеге тиеуден-ақ титығым құрыды.

Өзiм сияқты жiгiттердiң қалай төтеп жүргенiн қайдам, намысқа тырысып, төрт күнге әзер шыдадым. Бел мен бiлек сыр бердi алдымен. Алақаным да күлдiреп ойылып түстi.

Бесiншi күнi сынған айырды сылтау етiп, бригадирмен боқтастым да, сызып бердiм. Үйге барғаным жоқ. Әке сыры белгiлi. Шеше де қайбiр жетiсер дейсiң.

Ақыры он шақты күн қаңғып жүрiп, аудан орталығындағы жылжымалы құрылыс бригадасына кiрдiм. Онда да әке ашуынан қорыққандықтан. Арнайы мамандығым жоқ болса да, әскерде құрылыс жұмысында iстегенiм бар.

Қара жұмыстың аты – қара жұмыс. Мұның да жеңiл ештеңесi көрiнбейдi. Әйтеуiр, көбiне түзде жүрiп, елдi мекеннен тыс жердегi қыстау, қырман, база сияқты оқшау объектiлердi жөндеуден өткiземiз. Елсiз далада кiрпiш көтерiп, лай илеп жүрiп, мұндай сорлы қылған тағдырыма назаланып, лағнет айтамын. Бұрын да боқтампаз едiм, ендi тiптi нағыздың өзi болып алдым. Қалалық ақшыл өңiм күреңiтiп, модалы ұзын шаш бiлте-бiлте болып, ұсқынымнан да айырылдым.

Өмiрiмде тұңғыш рет еңбек қиыншылығын, тiршiлiк тауқыметiн тарттым. Аз күнде азып-тозып кеткендей сезiндiм. Алғашында тырмысып-ақ едiм. Қалай екенiн қайдам, ел қатарлы қимылдасам да, тез болдырттым. Болдырған соң, қозғалуға да құлқың кемидi. Бiр-екi рет "жалқаусың" деген сөздi естiп, кекселеу бiр жұмысшымен түс шайысып алдым. Өлiп-талып, ендi болғанда бұл жерден де тайып тұрсам қайтедi деп ойлай бастағанмын. Арты не боларына көз жүгiртпестен, ойға алған нәрсемдi дереу iске асыра салу – қалыптасқан әдетiм.

Совхоздың көкөнiс еккен бақшасының басындағы қалқиған жалғыз тамды жөндеуге кiрiскенбiз. Күн торғайдың миы қайнаған шiлiңгiр. Ай дала. Әшейiнде төнiп тұрған таулар да бұлың-бұлың сағымға iрiп, көкжиекке қарай жүзiп кеткен. Совхоз орталығы сонау ойда. Одан бергi алқап – бөлiмшенiң бау-бақшасы. Қошқыл жапырақтардың арасында қалқып, шөп отап, жемiс түптеп жүрген әйелдер.

Көптен табиғаттың бел ортасында болып, бой үйретпегендiк пе, көз жетерлiк кеңiстiк тым кеңейiп кеткендей. Далиып, көкжиектi әрi тартқан байтақ әлемде қайнаған жанды тiршiлiк осы маңайда ғана қалған сыңайлы. Қаншама мың адам қаптап келсе де, мына жалпақ жазира жым-жылас сiңiрiп алып, төңiректi иесiз етiп көрсететiн секiлдi.

Уақыт керi шегiнiп, менi тарихтың қайдағы бiрi артқы белесiне шығарып тастағандай. Әр сағатынан ғасыр тынысы, дүбiрлi өмiр арыны адуындаған қала, цивилизацияның өмiршең өзегi мүлде сезiлмейдi. Жанталасқан тоқтаусыз қозғалыс, құбылған алуан түс пен қилы дыбыстар ырғағын аңсап, көңiлiм құлазыды. Быжынаған тiршiлiк дүбiрi әлдеқайдан әбден талып естiлiп, ерiксiз елегiзiтедi.

Қаланып жатқан қабырғаның күннен таса көлеңкесiн пана тұтып, есiнеп отырғанымда, қиялымды баурап әкететiн – тағы да қала тiрлiгi. Кеберсiген таңдай бұлақ бастауының мұздай суын мiсе тұтпай, қашаннан дәмдес сыралғы сыраны көксейдi. "Шiркiн-ай!", – деп ойлаймын қалқа болар қауқары жоқ тамның түбiнде күнге шыжғырылып отырып. – Неменеге сандалып келе қалдым екен мұнда? Өзiмдi өзiм азапқа байлап берiп… Қазiр ғой, қаладағы достарым Маркел мен Рафик қыздарды қасына алып паркте жүр… Ал сен энтузиаст отыр осылай сорың қайнап!".

Терезенiң кәсегiн қиыстырамын деп жатып, бармағымды балтаға жаншып алғаным. Терiсi мылжаланып, қан қақсады. "Осыны сылтау етiп, кешке қайтайын, – деп шештiм. – Сонан соң бұл жердi желкемнiң шұқыры көрсiн!"

Пұшайман болған бармағымды шүберекпен орап алып, iлбiп қозғалғансып жүрдiм.

Күн тақ төбеден шақырайғанда бақша жұмысшылары түскi тамаққа қайта бастады.

Асты шифер лапастың астында iшемiз. Құрылысшылар бiр бөлек, бақшашылар бiр бөлек. Манадан бiр жағы өзегiм талып, әрең отыр ем, әйелдердiң келе жатқанын көрiп, бұрынырақ орын алуға ұмтылдым. Менiң жаланып жетiп келгенiмдi аспаз әйел жаратпады. Ыдыс сүртетiн орамалмен лапас астындағы шыбындарды желпи жүрiп, көз қиығын қиғаштай тастады:

– Немене, әкетiп бара ма? Алдымен ана бақшашылар iшедi. Еркек басыңмен итiнiп келiп тұрғанын. Қатыннан арман әлжуаз болармысың.

Анадай жерде ошарылып тұрған жiгiттер сылқ-сылқ күлiстi. Өздерi де тықыршып тұр, сонда да әдеп сақтаған түрлерi.

– Ол – городской. Байқап сөйлеңiз, апай.

– Е, городской болса, одан әрмен. Бәсе, шашы жалбырап… Одан да мына баспананы бiтiрмеймiсiң? Елдiң жатар орны жоқ.

Шыдауын әрең шыдадым. Шаршаңқы кейiпте әйелге бұрылдым да:

– Көп айқайламаңызшы. Менiң шаруам жоқ онда. Қазiр тамақ iшiп аламын да, кетемiн, – дедiм салғырттау ғана. Ақырын айтсам да, ермек қып екеумiзге қарап отырған құрылысшылар да елең ете қалды. Наразы болатыны белгiлi. Құрылыс бiтпей, кiм жiбере қоюшы едi менi?

– Не болып қалды? – деп, шар еткен үн аспаздiкi.

Одырайып маған қарап тұр.

– Саусағын ауыртып алып едi. Соған бола! Хе, хе.

Мұртты құрылысшы мазақ қылғандай кеңк-кеңк күлдi. Өзгелер де iлесе жымыңдайды:

– Әшейiн айтады. Қалжыңы ғой…

– Қараңыз да тұрыңыз, қалай кетпес екем. Ауырып әкетiп барады. Жiбермеймiз дейдi еще!

Қиқарлығым ұстап, қиқайып отырмын. Әлгiнде ғана осы маңда менен жаман адам жоқтай бiраз жерге апарып тастаған аспаз әйел орамалын желпiп, қасыма жетiп келдi. Қоңырқай қатпа өңi сараң тершiп, кiшiрек көздерiне шiлiңгiр ыстықтың бiр тамшысы дарығандай, жылып қоя берген:

– Қай жерiң, қане, көрсетшi.

Мен кiр шүберекпен добалдай ғып ораған қолымды жеңiме басып, далдалаған болдым.

– Бұны ауырсынатын кiм деп тұрсыз? Бiрақ кiрпiш көтеруге жарамайды.

Әйел қоярда қоймай орауды шешiп, етi мылжаланған бармағымды көрдi.

– Қазiр марганцовкамен жуып, орап берейiн, – дедi сосын. Сол екi арада бақшашылар да шайынып, үздiк-создық берi қарай беттеген. – Бұрын мұндайды көрмеген бота тiрсексiң ғой тегi.

Аспаз тамақ қамымен болып кеттi де, бригадирiмiз маған шұқшиды:

– Әй, сенiң жаңағың не сөз, ойының ба, шының ба?

– Сiзбен ойнап маған не көрiнiптi. Дәрiгерге қолымды көрсетем. Екеумiздiң керiлдескен үнiмiз столға жайғасқан әйелдердiң де назарын аударды.

– Не боп қалып едi? – деген әуесқой сыбыр да құлаққа тиiп жатыр.

Жаңағы аспаз сорпа-суын таси жүрiп, дауыстап қояды. Сөз мәнiне қарағанда ендi менi жақтаса қалыпты.

– Өздерi жетпегендей қолы ауырған баланы да жұмысқа қуалап…

– Қайтер дейсiң!.. Ер жiгiт. Iстесiн. Мына қыз бала құрлы жоқ па? – дедi толықтау кексе әйел. – Таңертең тәпкiмен аяғын ұрып алып едi. Демал десек, болмай, ақсаңдап жұмыс iстеп жүр. Қалай өзi әлi ауырмай ма? – деп орындық шетiнде бiр қырына жайғасқан қара қызға бұрылды. Жасы менен кiшiлеу болар, қысықтау көздерiн мен жаққа елеусiз тастап, орамалын желпiнген күйi басын шайқап қояды.

Бәрiне қолды бiр сiлтеп, кете берер ме едiм, қайтер едiм, егер де сол жерде сен кезiге кетпесең.

Жаншылған бармағымды сылтауратып, қасымдағы жiгiттерге кететiнiмдi сездiрiп ем, наразы үндерден бас көтере алмай қалдым.

Бақшашы әйелдер де бейсаубат керiске әуестене зер салды:

– Мына қыз құрлы жоқ па? Сомадай болып алып, қарашы өзiн. Жiбермеңдер. Құрығанда жатын орынды жөндеп кетiңдер.

Мәселе мен күтпеген жерден, аяқ астынан шешiле кеттi.

Түс қайта мен iшiне шаң толтырып салдырлаған "Уазик" машинасының iшiнде селкiлдеп кетiп бара жаттым.

Бригадир екi күнге жiбердi. Сөз ләмiнен белгiлi болғандай, оның түпкi мақсаты менi қайырып әкелiп, қайтадан жұмысқа қосу. Машинаның менi селкiлдетiп отырып әкелiп, тастап кетуге тиiстi жерi – совхоз орталығындағы дәрiгерлiк пункт. "Иә, әкеңнiң басы, барар Шөдең ол фельдшерiңе. Машинадан түскесiн, шаңымды бiр-ақ бұрқ еткiзермiн" деген ойды бригадирге айтып жындымын ба?

Айтпақшы, манағы аяғын жаралап алған қызды да менiмен бiрге машинаға салып жiберген. Жолға шыққаннан кейiн неге екенiмдi бiлмеймiн, манадан ширығып тұрған жүйкем босап, өзiмнен өзiм көңiлденiп сала бердiм. Көңiлденгенiм сондай, көлiк iшiндегi тағдырлас бойжеткенмен тiл қатыса бастадым. "Бойжеткен" дегенге аһ бiр сұлу екен деп, үмiттенiп қалудың керегi шамалы-ау осы. Әкетiп бара жатқан ештеңесi жоқ, ауылдың кәдiмгi тәмпiш танау, бидай өңдi қызы. Бидай өңдi болғанымен, күнге күйiп, жел қағып дегендей, бетiнiң әр жерi қарала-торыалау көрiндi. Тек көз тоқтатуға жарайтын мүшесi– үлкендеу қоңыр жанарлары. Әуелiде маған ұзын кiрпiктерi бұзаудiкi сияқты көрiнетiн. Ендi қарасам, ештеңесi жоқ, кәдiмгi қою кiрпiк. Бiрақ неге екенiн қайдам, өзi ұялшақтау. Ұялшақ адамдар көбiне тартыншақ келедi ғой, жаңа әйелдер жабылып жүрiп, өзiн машинаға әрең мiнгiздi. Сондағы уәжi: "Бармай-ақ қояйыншы, өзi-ақ жазылып кетедi". Менi ғой, бригадир жiбермей жатыр, ал мына қыз болса, кежегесiнен кейiн тартып, осынау ит байласа тұрғысыз айдалада өл десе, соны орындай салуға құлшына ұмтылатын түрi бар. "Дәрiгерге көрiнбесе болмайды, гангрена болып кетсе, қайтесiң? Сенiң жарақатың үшiн мен басыммен жауап беремiн" деп тұрып алды бақшашылар бастығы. Бiрдеме етiп мына уазиктi шақыртқан да сол көрiнедi. Мiне, қайырымдылық деп осыны айт, бiздiң бригадир ғой, жұмысшыға жаны бар адам деп емес, тек қара күштiң иесi өгiз деп қараудан арыға бара ма десеңшi.

Бiр қоста бес-алты күн бойы қатар еңбек етiп жүрiп, осы қызды неғып байқамағанмын? Өзi былай ажары орташа, қалпы бостау, момақан болса да, адамға жұғымы бар жан ба деймiн. Әлде осылайша тым жақын қатар отырып қалғаннан кейiн бе екен?

Әйтеуiр онша жарасып кетпесек те, екеумiз әңгiме тиегiн әжептәуiр ағытып тастадық. Бiздi арлы-берлi лақтырып әкеле жатқан шоқалақ жолдың тез бiтiп қалғаны әлде сондықтан ба екен?

Уазик шоферының:

– Әй, сачоктар, түсiңдер! – деген жарқышақтау даусы шыққан кезде шаң басқан әйнектен сыртқа қарай сығаласам, ауыл ортасында тұрған сияқтымыз. Тiптi, дәрiгерлiк пункттiң тура алды болмаса неғылсын. Манағы "Түскеннен кейiн бiр жөнiмдi табармын" деп, өзiме өзiм берген уәдемнiң қайда кеткенiн бiлмеймiн, бiркезде қарасам, Арыскүлге (тәмпiш танау қыздың аты) iлесiп, мен де дәрiгерлiк пунктiң iшiне кiрiп кетiппiн.

– Сiз бiрiншi кiрiңiз, – дейдi қыз менi алдыға жiберiп. Баяғы ұялшақтығына басып именiп тұрғаны белгiлi. Жұрттар жақтырмай, көкжалқау, сачок деп кемiтсе де, жiгiт атым бар емес пе, әйел баласының алдына түсiп, менi не қара басыпты?..

Қолымды тазалатып, байлатып, қайта шықсам, дәлiзде бiрге келген тағдырлас бойжеткеннiң көлеңкесi де жоқ. "Менi тосуға ұялып тайып тұрған ғой. Әлде түсiнiгi осындай топастау ма екен? Сау бол деуге де мәдениетi жетпегенi ме?" деген оймен, сыртқа шықтым. Жан-жағыма қарап шамалы тұрдым да, iлби басып жүре бергем. Сөйтсем, анадай жердегi шағын дүкеннен шығып Арыскүлiм келе жатыр. Жаралы башпайлары ауырта ма, аяғын бiр түрлi имене басады.

Кейiн бiлдiм, қыз менi тосып тұруға шынында да ұялып, әдейi дүкенге кiрiп кеткен екен ғой. Соның iшiнде тұрып, көзiнiң бiр қиығымен дәрiгерлiк пунктiң есiгiн күзеткен. Оны маған кейiн Арыскүл емес, дүкеншi әйел айтты.

– Қане, маған сүйенiп жүр, – деп, қызды қолтығынан демеп, икемдей бердiм. Сол-ақ екен, қолын шоқ басып алғандай ары қарай шоршып түскенi. Екiншi қайыра талап қылғанымда:

– Арман, керегi жоқ. Ауыл iшi ғой, жұрт көрiп қояды, – дедi шынымен қысылған түр танытып. Жаңағы қолына тиген шоқ ендi алыстан шарпып кеткендей лез арасында бидай өңi қызғылттанып шыға келдi. Менiң ықыласыма бар берген жауабы – қолындағы түйiншегiн ұстатқаны.

Бiрi қолын, екiншiсi аяғын ораған екi жаралы ауылдың шаң басқан көшесiмен асықпай аяңдап келемiз. Абырой болғанда, көшеде ошаң еткен тiрi жан көрiнсе неғыл дерсiз. Жан-жағыма жiтi көз тастап келемiн. Бiр кезде анадай жердегi көлденең қисық көшеден бiр арбалы қиыстап өте бердi. Боқтампаздықтан әбден жуандап кеткен зор дауысымды аяймын ба, айқайлап, солай қарай тұра жүгiрдiм. Қалпақ киген екi бала екен, өздерi пысынап терлеп отыр, бiреуi күнге әбден тотығып, қап-қара болып кетiптi.

Арыскүлдi арбаға демеп отырғыздым да, делбенi алып, қағып-қағып жiбердiм…

Қаладан жаңа келген жiгiттердiң бiр әдетi – аяқтарының басы қайқайып, ауыл қыздарын менсiнбей қалады ғой. Шәрлi жердiң көлеңкеде өсiп, тал бойын күтумен айналысатын кербез сұлуларымен салыстырады да, ауылдың шаруа баққан балпыаяқтары көздерiне тым жадағай, жұпыны болып көрiнедi. Мұны айтып отырған себебiм, өз басымда бар жағдай. Дала қосында жүрiп алғашқыда Арыскүл сияқты қыздарға анадайдан пысқырып қарамауымның себебi де осында жатыр-ау.

Сол күнi кешкiсiн Арыскүлдiң үйiн төңiректедiм. Бригада басына қайта келуiме кiм себеп болғанын ондағыларға жария етпегенiм ақылдылық болды ғой деп ойлаймын.

Екеумiз кешкiсiн қыдыруға шығамыз. Қыдырғанда қаладағыдай мұнда саябақ немесе гүлзар бар дейсiң бе? Үстi-басымызды шыбын-шiркейге, масаға шақтырып, пiсiп кеткен шалғынды жапыра әрлi-берлi жүре беретiнiмiз сондықтан.

Көкiрек қамауында дүбiрлескен қос жүрек өзiндiк дiлмен екеуара ғана үндесiп, ұғысып жатқандай. Байып батқан күн сұлудың құбақан нұрын ашқарақ аспан жұтып қоймай тұрып, келбетiңнiң көз қуандырар құдiретiне қанып қалмаққа тырыстым.

…Көңiлiңе келмесiн, керемет дейтiндей көрiктi емес едiң. Ер атаулы ессiз емiрене, ерiксiз тамсана сұқтанар үр сипатты сұлулық үстiрт қана сылап-сипап өте шығыпты. Ұшыратқанымда – алғаш айқын аңдай алмаған екенмiн: болмыс-бiтiмiң, жүрiс-тұрысың жасандылық атаулыдан алыс, көңiл иiтер iзеттiлiкке бейiм екен. Мен сол жолы сенiң тұла бойыңдағы бұйығып жатқан, селқос сезiмдi сергiтiп жетер әдемiлiктiң негiзiн тек жұғыса келе, түсiнгенiмде, қайран қалғаным жадыма оралса, қазiр де қарадай қысыламын.

Сенi ұшырату арқылы мен өзiмдi өзiм ендi танығандаймын. Баяғы ұрда-жық сотқар, парықсыз да жауапсыз Арман қайда кеткен десеңшi. Менiң осы аз уақытта өзгерiп шыға келгенiме себепкер жан… ендi осыны атап айту керек пе? Сенi қаншама жақсы көрсем де, жiгiттiк намыс дегеннiң желкемнен тартып жiбермей жатқанын көрмеймiсiң. Кейбiр жiгiтсымақтардың сезiмталдығына жоғарыдан мысқылдай қарап, мимырт тiршiлiктерiне, мияулаған қалыптарына мысқылдай күлушi едiм. Ендi келiп сол кептi өзiм кигенiм қалай?..

Жұмсақ жымиыспен шырайланған күнқақты өңiнде әлi оянбаған уыз таңның шапағатты тазалығы тұнып тұр екен. Қазақ қыздарының көбiне тән дөңгелек жүзiнiң қызғылтым әрi шымылдығына әлгiнде ғана жасырынған күн сұлудың аманат жұғыны iспеттi. Күн ұзақ далада жүрiп, қарасуыққа қақталған бетiңнiң ұшы аздап жарылыпты.

Қолыңды ұстадым: қара жұмыс қажаған алақандарың қатқылдау, әрi ыстық та: сен дәл осы тұрған қалпыңда да мынау күллi тiрлiк иелерiнiң бастау-байлығы табиғат ананың өз алақанында әлпештеп өсiрген аяулы бойжеткенiсiң. Осы жұпыны күйiңде-ақ маған қымбатсың.

Еңбек есейткен қимыл-қозғалысың көктемнiң көкiрек сарайыңды ашар ерке самалындай желпiнген еркiндiкке толы.

Сен күлсең, маржан тiстерiңнiң арасынан шадымандық әуезiн айналаңа шашу етiп, алаңсыз ақтарасың. Жадырап атқан көктем таңындай жан қуантар сәтiңнiң бiрi осы.

Сен қабақ шытсаң, нөсер үйiрген қара бұлттай қошқыл түске қасындағыларды да амалсыз кiрiптар етесiң. Қысқасы, бар бiтiмiң ару табиғатпен ажыраспастай болып астасып жатқандай көрiнiп едiң маған.

Егер қазiргi күн мен түн орын алмасып жатқан бейуақ шақта да жалт берiп жоғалсаң, төңiрек өгейсiп, елегiзiп қалардай.

Кеш аунап барады. Бейуақ шақтың салқын самалы шайып, тоңази бастаған бiлегiңе алақанымды жылжыттым: терiсi шытынап, жарылса да, түрпiдей жайсыз тиген жоқ. Керiсiнше, жұмыспен жұмырланған қоңырқай бiлек қуатты қарапайымдылықты, қарапайымдылықтың сұлулығын ұрандамай, ұяла жария ететiндей.

Кешкi тылсым шақтың қымсыныңқы құпиясын көмкерiп үлгерген қою кiрпiктi жанарларың жiгiт бойындағы жалған, лақпа сезiмдердi жұлып тастау үшiн жаралғандай едi.

"Асылы бояуға үйiрсек болу сұлулық мұқтаждығынан туатын құбылыс-ау" деп ойладым мен. Жiгiт жанын жадыратар табиғи тазалығыңа (ол тазалық дегенiмiз сұлулық серiсi емес пе) опа-далапты жуытпай, аман сақтағаның үшiн; жан дүниеңдi жасандылыққа жаулатып алмай, ақ шаңқан қалыпта кiрпияз күткенiң үшiн; адамгершiлiк асылдарын шашау шығармай, пәктiк шарасында мөлдiреткенiң үшiн… үздiге ынтықпасқа, ынты-шынтыммен рухани байлығыңа ұмтылмасқа шарам қайсы?

Ымырт үйiрiлдi. Кеш артын қуалай жүгiрiп өткен сусыма самал сылаң қағып барып тыншыған. Қоңыр кештiң аспан етегiнде аялдап тұрған соңғы шұғыласы түн аранына жұтыла берiп, жақұт жұлдыздар шашты.

…Осылай тұра берсек деп ойладым. Сенi сүймей, тiптi құшырланып құшақтамай да, ашық әлемдi жамылған күйi екеумiз ғана егiз тұра беруге құлықтымын. Дәл қазiр қандай да бiр қимыл жасасам, осы әдемi күйдi күйретiп, тұнық сезiмдердi шайқап алардай шайлығатын секiлдiмiн. Бар бiтiрген шаруам түнгi қарашықтарға имене үңiлгенмiн: төбемiзде быжынап жатқан сансыз жұлдыздың қос ұшқыны жанарыңда дiрiлдеп тұр екен.

Жеңiл ғана күрсiндiң де, басыңды иiп әкеп, кеудеме тапсырдың…

Нұрдәулет АҚЫШ