Жаңалықтар

ЕКI АЙДА – 134 НЫСАН

ашық дереккөзі

ЕКI АЙДА – 134 НЫСАН

Оңтүстiкте халықтың әлеуметтiк қажетiн өтеу үшiн атқарылып жатқан оңды iстер аз емес. Былтыр облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың бастамасымен құрылған арнайы жұмыс топтары өңiрдегi 900-ге жуық елдi мекендi аралап, жергiлiктi тұрғындармен кездескен болатын. Құрамына жауапты лауазымды азаматтар, сала мамандары кiрген топ мүшелерi проблемаларды ауылдағы ағайынның өз аузынан естiген едi. Оларды шешу мақсатында сараптама жұмыстары жүргiзiлiп, маңыздылығына қарай ең өзектiлерi биылғы жылдың бюджетiнде көрiнiс тапты.

Мәселен, үстiмiздегi жылдың соңғы екi айында облысымызда 134 әлеуметтiк нысан ел игiлiгiне берiледi деп жоспарланған. Бұл нысандарды салуға республикалық бюджеттен 6 014, 132 млн. теңге, ал облыстық бюджеттен 9 472,5 млн. және жергiлiктi қазынадан 1 333,16 млн. теңге бөлiнгенi белгiлi. Тарқатып айтсақ, бiлiм беру саласы бойынша 38 нысан салу межеде бар. Оның 23-i мектеп, 4-i балабақша және сыныптарға арналған қосымша 11 ғимарат. Қазiргi таңда бұлардың бiршамасы пайдалануға берiлiп, көпшiлiктi қуанышқа бөлеуде.

Жуырда Мақтарал ауданындағы Қарақай ауылындағы М. Мәметова атындағы 350 орындық орта мектеп пен Сарыағаш ауданы Ащыкөл елдi мекенiндегi 300 оқушыға арналған бiлiм ұясының тұсауы кесiлдi. Ендiгi жерде шәкiрттер заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған сынып бөлмелерiнде оқитын болады. Бұдан бөлек, облысымызда "сақалды" құрылысқа айналған талай нысандарға "жан" бiттi. Оған дәлел Жетiсай қаласындағы 1176 оқушыға арналған мектептiң құрылысы 2005 жылы басталғанымен, мердiгер компанияның жауапсыздығынан тоқтап қалған болатын. Биыл оған облыстық қазынадан 103,1 млн. теңге қаралып, жұмыс қайта жанданды. Бұл бiлiм ұясы таяу күндерi пайдалануға берiлмекшi.

Жоспарланған 45 бiлiм ошағының жыл соңына дейiн 24-i пайдалануға берiлсе, қалған 21-i келесi жылдың еншiсiне тиесiлi. Сондай-ақ, облыста 3 ауысымды мектептердiң құрылысына да қатты көңiл бөлiнуде. Мәселен, тұрғындары тығыз орналасқан Сайрам ауданында 7 мектеп жанынан қосымша ғимараттар салынып, мұнда аталған проблема биыл толық шешiлдi. Облыс басшылығы өңiрiмiздегi 3 ауысымда оқытатын бiлiм ұяларының мәселесiн 2011 жылы түбегейлi түйiндеудi жоспарлап отыр.

Күнгейде денсаулық сақтау нысандарының қатары да күн санап толығып келедi. Жер-жерлерде жаңадан дәрiгерлiк амбулаториялар, емханалар, ауруханалар бой көтеруде. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адамның болмайтынын ескерсек, бұған халық, әсiресе ауылдағылар қатты қуануда. Созақ, Ордабасы аудандарында алғашқы жәрдем көрсететiн медициналық бекеттердiң тұсауы кесiлсе, Сайрам ауданында 60 науқасқа шақталған туберкулезге қарсы аурухананың құрылысы бiттi. Жылдың соңғы екi айында денсаулық сақтау саласы бойынша 78 нысанды ел игiлiгiне ұсыну мақсат етiп қойылған.

Бiр сөзбен айтқанда, қазiр Оңтүстiк өңiрде экономикалық-әлеуметтiк өрлеу қызу қарқынмен жүрiп жатыр.

Ербол ЕРМЕНТАЕВ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы