Жаңалықтар

YКIМЕТ ЖЫЛЖАБАР ЖИЫНДЫ ӨТКIЗДI

ашық дереккөзі

YКIМЕТ ЖЫЛЖАБАР ЖИЫНДЫ ӨТКIЗДI

Арнайы экономикалық аймақтар саны көбеймек

Сейсенбiде Министрлер кабинетi мен облыс әкiмдерi қатысқан жиында жылдық қорытынды жасалды. Жаңа технологиялық байланыс пайдаланылған басқосуда Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов өткен жылға өкпесi жоқтығын жасырмады. "Барыс" жылына ризалығын бiлдiрiп, елiмiз үшiн табысты жыл болғанын атап өттi.

– Жалпы, атқарушы билiк органдарына кiретiн барлық азаматтарға биылғы жылы жүргiзiлген жұмыс, еткен еңбек, алынған асулар үшiн алғысымды бiлдiргiм келедi. 2010 жыл бiз үшiн көп жағдайда, табысты әрi бетбұрысты болды. Президенттiң көшбасшылығымен жүзеге асырылған жұмыстар жемiстерiн берiп, жағымды нәтижелерге қол жеткiздi, – дедi Үкiметбасы Кәрiм Қажымқанұлы.

Әлбетте алға қойылған мәселелердiң бастысы осы екпiндi жоғалтпау деп ескерттi Премьер-министр. Осы жылы атқарылған iс шаш-етектен. Үдемелi индустриалық-инновациялық бағдарлама аясында 150-ге жуық өндiрiс орындары ашылып, жаңа құрылыстар басталып, аймақтардағы жергiлiктi халық жұмыспен қамтыды. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ Саммитiнiң Астана қаласында өтуi елiмiз үшiн үлкен сынақ болғаны мәлiм. Мiне, осы қарқыннан айрылмай, алдағы 2011 жылға жоспарланған iстердi қолға алу басты мiндет. Осы орайда өңiр басшылары мен министрлер пiкiрiне құлақ асқан Премьер-министр 2011 жылдың басты мақсатын анықтап бердi.

Министрлер кабинетi "Арнайы экономикалық аймақтар туралы" заң жобасын қайта-қайта қарап, мақұлдаған көрiнедi. Бұрын бекiтiлгендей елiмiзде 6 АЭА болса, соның төртеуi ғана өз жұмысын тыңғылықты атқарған. Мәселен, "Астана – жаңа қала" (Астананың жаңа әкiмшiлiк орталығы) мен "Ақтау" теңiз айлағы, сонымен қатар Ақпараттық технологиялар паркi және "Онтүстiк" экономикалық аймақтары өздерiн оң қырынан көрсете алған. Ал "Бурабай" мен Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопарк әлi де қаз-қаз тұрудан алысқа бармаса керек. Осынау жүйеленген экономикалық аймақтардың жұмысына көңiл бөле отырып, Үкiмет 2011 жылдан бастап тағы да екi АЭА-н iске қоспақшы. Олардың негiзгi мiндетi мен өлкесi де анықталып қойған. "Назарбаев университетi" кешенi бойынша жаңа экономикалық аймақ құрылып, 2011 жылы өз жұмысына кiрiседi деп жоспарланып отыр. Ендеше бiлiм және ғылым саласындағы заманауи төңкерiстер аталмыш экономикалық аймақ аясында жүзеге асады. Ал екiншi аймақ ретiнде "Қорғас" шекаралық қызметi алынды. Қазақстанның Кедендiк одаққа мүше болуы, Қытаймен сауда-саттықтың айтарлықтай кемуiне алып келдi. Ендеше бұл АЭА осы айналымды жақсарта түсу мақсатында жұмыс iстемекшi. Сондай-ақ, "Қытай мен Батыс Еуропаны бiрiктiретiн логистикалық тiрек" жобасы осы аймаққа жүктелiп отыр.

Иә, жоғарыда елiмiздегi арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы мен болашақ жоспарлары туралы сөз еттiк. Осы орайда Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Альберт Рау бұрыннан қалыптасқан АЭА қызметiне көңiлi толмайтынын жеткiздi. Оның айтуынша, жыл бойында белгiленген бағдарлама бойынша ревизорлар АЭА жұмысын тексерiп шыққан. Көңiлге қонымды нәтиже таппаса керек. Мәселен, инвестиция тарту, бюджеттен бөлiнген қаржыны орынды пайдалану, жаңа өндiрiс орындарын ашу және жергiлiктi халықты жұмыспен қамту жұмыстары мүлде жүргiзiлмегенi анықталған. Сондықтан республика аймағындағы АЭА-ларда бұдан былай жаңа басшылық орнайды, яғни басқару органы тәжiрибелi жекелеген компаниялардың қолына берiледi екен.

Сонымен жылжабар жиыны қуанышты хабарлармен қатар жылдың "әттегенайларын" да тiзiп шықты. Десе де жаңа жылға артылған жұмыс көп. Соның шет жағасын Әдiлет министрi Рашид Түсiпбеков айтып қалды. 2011 жылы жаңа 36 заң жобасы қабылдануы мүмкiн. Осылайша Үкiмет жұмысына елеулi жаңалықтар енiп, жаңа бетбұрыс болмақшы.

Ақниет ОСПАНБАЙ