Жаңалықтар

ШИЕЛЕНIСКЕН ТҮЙIНДЕР САРЫАРҚА ТӨСIНДЕ ТАРҚАСА ДЕП...

ашық дереккөзі

ШИЕЛЕНIСКЕН ТҮЙIНДЕР САРЫАРҚА ТӨСIНДЕ ТАРҚАСА ДЕП...

Астана ядролық қарудан азат әлемдi қалайды

"Қазақстан Иранды тек бейбiт мақсатта ғана ядролық жарылыстар жасайтынын әлемге дәлелдеп беруге шақырды, – дедi Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев", – деп хабарлады әзiрбайжандық "TREND" агенттiгi. "Мен ылғи да Иранды тек бейбiт мақсатта атомдық зерттеулер жүргiзетiнiн күллi әлемге дәлелдеуге шақырамын. Бiз Солтүстiк Кореяны да қордаланған мәселелердi бейбiт келiссөздермен, дипломатиялық жолмен шешуге шақырамыз", – дедi Н. Назарбаев ЕҚЫҰ Саммитiнiң қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында. Президент "соғыстың ешқашан да мәселенi шешпегенiн, ал жеңген тараптың мәңгi жеңiмпаз болып қалмағанына" екпiн түсiре сөйледi. "Қазақстан ядролық қарусыздануды қалайтын ел. Бiз БҰҰ-на ядролық қарудан азат әлем туралы жалпыға ортақ декларация қабылдауды ұсындық. Мен бұл ұсынысымызды осы саммитте де жария еттiм. Өйткенi, Қазақстан – ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқан жер бетiндегi жалғыз мемлекет" дедi ол.

"Қазақстан әлемде ең бiрiншi болып Семей ядролық полигонын жапқан ел", – дей келе ол Астананың ядролық қарусыз әлемге жол салғанын атап айтты. Ал Астана Саммитiнен 7 күн бұрын, яғни, 23 қарашада оңтүстiк кореялық Йонпхендо аралы ҚХДР аумағынан атыс нысаны болғаны мәлiм. Ресми Сеул бұл оқиғаға Пхеньянды айыптады. ҚХДР болса, солтүстiк корей әскерилерiнiң өз аумағындағы суға оқу-жаттығулары кезiнде снаряд түсiп кеткенiне оқ жаудырумен жауап қатқанын мәлiмдедi. Жанжалдың нәтижесiнде төрт адам опат болды. Астана Саммитiне қатысқан Оңтүстiк Корея сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ким Сун Хван Йонпхендодағы жанжалды өз елiнiң "БҰҰ-ның жарғысын, екi Корея арасындағы татуласу туралы және басқа да тиiстi келiсiмдердi ашық бұзатын iзгiлiкке және заңға қарсы жасалған актi" деп бағалайтынын жеткiздi. Аралдағы атыстан бейбiт тұрғындардың қаза тапқанын "Оңтүстiк Кореяға жасалған арандатушылық" деген дипломат ашынып сөйледi. "Көптеген баспаналардың қирауына, жазықсыз жандардың ажал құшуына алып келген бұл оқиғаны ештеңемен ақтап алу мүмкiн емес. Бұл әрекеттi iске асырғандарды қорқақтар және адамдықтан безiнгендер деп қарастырған жөн. Әлемдiк қауымдастық Солтүстiк Кореяны айытпап, мұндаймен келiсуге болмайтынын мәлiмдеуде. Олай болса, ЕҚЫҰ-да Солтүстiк Кореяның тарапынан болатын кез келген күш көрсетуге түпкiлiктi көзқарасын бiлдiруi керек. Солтүстiктегi көршiмiздiң уранды байыту бағдарламасының жалғасын табуы әлемдегi жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөнiндегi келiсiмдi бұзып, мұның соңы күллi әлемдегi тұрақтылық пен қауiпсiздiктiң шайқалуына алып келуi ғажап емес. Сондықтан да, Солтүстiк Корея алтытараптық келiсiмге қатысуы керек", – деп мәлiмдедi Ким Сун Хван.

– Ядролық қарудан жаппай бас тарту мәселесiне келгенде Қазақстанның өте маңызды рөл ойнайтыны айдан анық, – деп мәлiмдедi Астанадағы жаһандық жиында БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун. "Мен барлығыңызға ядролық полигонның үнiн өшiрiп, ядролық әлеуетiнен толық бас тартқан Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгi алуды ұсынар едiм. Президент Н. Назарбаевтың жетекшiлiгiмен Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы ядролық қарудан азат аймақ құра бiлдi. Алдағы уақытта БҰҰ ядролық қарудан азат әлем құру мәселесiне келгенде Қазақстанмен ынтымақтастық қарым-қатынастарын сәтiмен жалғастыра беретiнiне зор сенiмдiмiн!", – дедi БҰҰ-ның басшысы.

Ал, Ислам Конференциясы Ұйымының бас хатшысы Экмелиддин Ихсаноғлының пiкiрiнше, ядролық қарудан бар тартуда жер-жаһандағы ядролық мемлекеттердiң Қазақстанды үлгi тұтқаны абзал. "Сол кезде бүкiл әлем ядролық қарудан толық тазарып, еркiн тыныстар едi. Әрине, дүние жойқын ядролық қарудан тазарса, адамзат баласына төнетiн қауiп азайып, алдағы күнiне деген үмiтi арта түсетiнi сөзсiз. Алайда, ең өкiнiштiсi сол, әзiрше жалғыз Қазақстан ғана ядролық әлеуетiнен бас тартып отыр", – дедi Э. Ихсаноғлы.

Әрине, ЕҚЫҰ-ның 7-шi Саммитiнiң негiзгi жетiстiгi – Астана декларациясының қабылдануы. "Бiз барлық кереғар көзқарастарды жеңiп, ортақ келiсiмге келiп, Астана декларациясын қабылдадық. Әрине, түйiнi тарқатылмаған мәселелердi түпкiлiктi шешуге деген ниетiмiз болды. Бiрақ, ұлтаралық қатынастар дегенiмiз – өте өткiр, өте күрделi мәселе. Бұл әбден асқынған аурулар. Оның емiн тауып, бiр жылда жазамыз деу қиындау", – деп атап өттi Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев Саммиттiң қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында.

Иә, Астана Саммитiнде Ауғанстан мен Қырғызстандағы ахуалға, армян-әзiрбайжан жанжалына, Гүржiстан мен Ресейдiң "салқын" қарым-қатынастарына, Днестр бойындағы ұзаққа созылған дағдарысқа қатысты елең еткiзерлiк оқыс мәлiмдемелер де, кереғар пiкiрлер де аз болған жоқ. Ең бастысы, ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның сөзiмен айтсақ, "алқалы жиындағы талқылаулар мен пiкiрлер қайшылығын сенсация деп қабылдай беруге болмайды". "Менiң ойымша, ЕҚЫҰ-ның кез келген мүшесiнiң өкiлi сiзге: бiз бейбiтшiлiктi қалаймыз, бiз жанжалдарды бейбiт жолмен шешкiмiз келедi, өйткенi тыныштық пен татулық болған жерде әлемге де қауiп төнбейдi. Бiз қандай да бiр ұйымды алға шығарып, жапатармағай жарнамалаймыз", – деп мәлiмдедi бас хатшы.

Жаһандық жиынның мәртебелi қонақтарының бiрi – АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтонның пайымдауынша, Астанадағы Саммитте қабылданған құжаттар бойынша бағаламау қажет. "Ең бастысы, сол құжаттардың алдағы уақытта жүзеге асырылуына назар аударғанымыз абзал. Сондықтан да, мен Хельсинки принциптерiнiң iс жүзiне асқанын жақтаған едiм. Бiз осы iстiң әлсiз жерлерiн анықтап алып, iс-әрекеттерiмiздiң жүйелi жоспарын жасағанымыз жөн. Сонда ғана қордаланған мәселелердi тез шешемiз", – дедi Ақ үйдiң өкiлi өз сөзiнде.

Әрине, Астанадағы мыңжылдық саммитiнiң қорытындылары жөнiнде айтылатын әңгiме әлi алда. Ең бастысы, негiзгi мақсатқа қол жеткiзiлдi. Яғни, Астана декларациясы жер-жаһандағы iзгi ниеттегi мемлекеттердiң жаңа қауымдастығын құруға жол ашып бердi. Қазақстанның Орталық Азиядағы және әлемдегi көшбасшы елдердiң бiрiне айналғанын ғаламшардың жарты жұрты мойындады. – Менiң жуырдағы ЕҚЫҰ-ның 11 жылдағы алғашқы саммитiне қатысу үшiн Астанаға барған сапарымның барысында Қазақстанның жеткен жетiстiктерiнiң нақты нәтижелерiн өз көзiммен көрдiм, – деп ағынан жарылыпты АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Клинтон ханым елiмiздiң Тәуелсiздiк күнiне орай жолдаған құттықтау хатында. – Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету және оның саммитiн өткiзу Қазақстанның аймақтық және әлемдiк көшбасшы ретiндегi дамуындағы маңызды тарихи кезеңдердiң бiрi болды. "Тәуелсiздiгiн жариялағаннан кейiнгi уақытта Қазақстан көптеген жетiстiктерге жеттi. Соның дәлелi: екi елдiң халқы бiрқатар бағыттарда тығыз ынтымақтастық қарым-қатынастарды жалғастырып келедi. Ол – экономикалық байланыстар, болашақтағы сенiмдi энергетикалық жобаларды жасау, аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, ядролық қауiп-қатердi төмендету сияқты бағыттар. Құрама Штаттар тұрақты, қауiпсiз, демократиялық қоғам құруға талпынған елдiң азаматтық ұйымдарымен және жекеменшiк секторымен жұмыс iстеуге мүмкiндiгi бар екенiн мақтан тұтады. Бiздiң стратегиялық әрiптестiгiмiз ортақ мақсатымыз – Қазақстан мен оның халқының жарқын болашағына жету жолында әрi тереңдеп, әрi нығая түсетiнi сөзсiз", – дептi өз құттықтауында Хиллари Клинтон.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ