ҚАЗАҚ ФЛОТЫНЫҢ КЕЛЕШЕГI ҚАНДАЙ?
ҚАЗАҚ ФЛОТЫНЫҢ КЕЛЕШЕГI ҚАНДАЙ?
Елбасы Н.Назарбаевтың осыдан бiраз жылдар бұрын: "Орасан зор Еуразия құрылығындағы орталық кең байтақ алқапты алып жатқан сайын дала мен құмды шөлдерде көшпелi ұлы мемлекеттер пайда болды. Мiне, тап сол кеңiстiк Қазақстан жерiне сәйкес келедi" дегенi есте. Қазақстан туралы айтқан кезде ең әуелi сайын дала мен құмды шөлдер, iшiнара асқар таулар туралы сөз ауызға бiрiншi iлiнерi заңдылық та. Өйткенi, қазақ даласында су тапшы, айдынында iрi кемелер жүзетiн терең теңiздер жоқтың қасы.
Өйткенi, елiмiздегi ең iрi су айдындары жалпы аумағы 374 мың шаршы шақырым Каспий теңiзi, 46,6 мың шаршы шақырым Арал теңiзi мен Балқаш (18,2) жер бетiндегi ең iрi көлдер қатарына ғана жатқызылады. Яғни, Қазақстан туралы сөз қозғағанда теңiз флотын әңгiме етудiң өзi де әшейiн сөз секiлдi көрiнуi ықтимал. Тiптi, кәдуiлгi қалтылдақ қайыққа мiнiп, ескек есе бiлемiз дейтiндердiң әңгiмесi қарапайым адамға кiсi сенбейтiн аңыз сияқты естiлетiнi де рас. Дегенмен Қазақстан соңғы жылдары әскери-теңiз және сауда флотын құруды шұғыл қолға алуда.
АҚ АЙДЫНДАҒЫ АЙБАРЛЫ КЕМЕЛЕР
Көне замандарда дөңгелектi арбамен-ақ көршiлерi зәре-құтын ұшырып, тұтас Еуразия құрылығын дүр сiлкiндiрген далалықтарға терең сулар мен шалқар дариялар да тосқауыл бола алмағанын тарихшылардың бәрi таңдана жазатындығына көзiмiз үйренiп, етiмiз өлiп алғаны сонша, "Бұл қалай?" деп те өзiмiзге сұрақ қоймаймыз, өкiнiшке қарай. Ал кейбiр тарихшыларымыз жазып жүрген жайт: далалықтардың үрген қарын, ауа толтырылған терi тұлыптар арқылы асау дарияларды жүзiп өтуi жайындағы "оқиғалар" адам сенбес аңыздар ғана. Сақтар мен сарматтардың ауыр қару-жарақты салт атты әскерлерiнiң арналары қазiргi кездегiден әлдеқайда кең, ағысы қатты өзендердi, шалқар көлдердi мұндай қарабайыр тәсiлмен жүзiп өтуi ешқандай қисынға келмейдi. Тiптi, далалықтардың кемемен жүзе бiлудi жақсы меңгергенiн моңғолдардың Жапон теңiзiн көктей жүзiп өткенi де дәлелдесе керек.
Әлемдi дүбiрлеткен далалық жаһанкездердiң тiкелей ұрпағы болып саналатын қазақтардың бойында көк теңiзге құштарлық, шетсiз-шексiз айдынға көз сүзу әлi күнге сақталған. Сондықтан да соңғы жылдары Қазақстан Каспий теңiзiндегi аумағының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жолында өз әскери-теңiз флотын құруды басты мiндет етiп отыр. Қазақстанның әлемдiк мұхит айдынына тiкелей шығу мүмкiндiгi болмауына қарамастан, қазақ мемлекетi қарулы күштерiнiң аса маңызды бөлiгiн нығайту арқылы әлемдiк аренада өз беделiн өсiре түсудi көздеуде. Бұл оп-оңай жүзеге асырылатын жоспар емес. Адам ресурстарын, бiлiктi маман кадрларды қажетсiнетiн, ең бастысы, қомақты қаржы шығындауды талап ететiнi күмәнсiз. Егер Қазақстанның бұрын айтарлықтай теңiз флоты, оның iшiнде әскери-теңiз флоты болмағанын ескерсек, қазiргi қолға алынып отырған iстер XVII ғасырдағы Ресей императоры I Петрдiң орыс флотын жасақтауды ойға алғанымен шендестiруге болатын. Яки Тәуелсiздiк қазақ мемлекетiнiң алдында жаңа кеңiстiктер ашумен бiрге заманауи жаңа мiндеттер де қойып отыр. Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет ретiнде аймақтағы қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елiмiздiң елеулi үлесi бар екен белгiлi. Сондықтан Қазақстан 2010 жылдың соңына қарай алты әскери кеме сатып алуды жоспарлаған болатын. Озық технологияларға сай жасақталып, осы заманғы ең үздiк құрал-жабдықтармен жарақтандырылған үш корвет және үш күзет кемесiнiң басты мiндетi – елiмiздiң Каспий теңiзiндегi аумағын күзету.
Әскери сарапшылардың мәлiмдеуiнше, жаңа кемелер елiмiзге Каспий теңiзi жиегiнен 150 шақырым аумақты қамтитын кеңiстiктi бақылауға мүмкiндiк жасайды. Қазiргi күндерi елдiң жағалау күзет қызметi теңiз бетiндегi 25 шақырымдық аумақты ғана қамтып отыр. Бұл шаралардың мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн күшейтумен қатар, жақсы жарақтанған әскери-теңiз флотын қалыптастырудың экономикалық, саяси тұрғыдан да елеулi маңызы бар. Қазақстанда мұнай өндiру көлемi жыл сайын ұлғая түсуiне орай теңiз бетiнде салынған көмiрсутек қорларын өндiретiн бұрғылау құрылғыларын қорғау мiндетi туындайды. Оның үстiне экологиялық тұрғыдан аса нәзiк экожүйе болып табылатын Каспий аумағындағы қалыптасқан тепе-теңдiктi, ең бастысы, ежелгi Атыраудың аңызға айналған бекiресi мен қызыл балығын қорғау жыл өткен сайын оңайға түспей отыр. Экономикалық тұрғыдан елiмiзге орасан зор пайда әкелетiн, әлемде алтынға пара-пар бағаланатын аталмыш балықтардың уылдырық шашу кезiнде көршi елдердiң, турасын айтсақ, Ресейдiң заңсыз балық аулаушы браконьерлерi Қазақстанға орасан зор шығын әкелуде. Жүйрiк, ықшам, қайықтарға мiнген мұндай қылмыскерлерiне көбiне шекарашыларымызға құйрықтарын сипатпай қашып кетуде. Оның үстiне Каспий жағалауындағы бес мемлекеттiң әлi күнге дейiн көк айдынды бөлiсу, яғни халықаралық шекараның қалай жүргiзiлуi керектiгi жөнiндегi ортақ мәмiлеге келе алмауы Қазақстан үшiн елеулi қиындықтар тудырып отырғаны жасырын емес. 2010 жылы Кедендiк одақтың табалдырығын қол ұстасып бiрге аттаған алып Ресейдi былай қойғанда, Қазақстан, Әзiрбайжан және Түркiменстанмен достық қарым-қатынаста. Ал, әлемдiк деңгейде өз ұстанымы бар, экономикалық әлеуетi соңғы жылдары қарыштап өскен және әскери күш-қуаты мен мүмкiндiгi тұрғысынан жетекшi орынға көтерiлген Иранның жөнi бөлек. Тегеран өзiнiң мемлекеттiк мүддесiн қорғау әрi шекаралас көршiлерiне сес көрсету үшiн әскери флотын қолданудан тайынбайтынын талай рет аңғартқан. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Каспий теңiзiндегi бiрнеше бұрғылау қондырғылары үшiн ресми Бакумен жүз шайысып, әскери катерлердiң көмегiмен қоқан-лоқы жасағаны ұмытылған жоқ. Бұл кикiлжiңнiң соңы аймақтық қарулы қақтығысқа ұласа жаздады. Түркiменстанмен арадағы жағдайы да шайдай ашық деуге келе қоймайды.
Тiптi, 2001 жылы Иранның әскери-теңiз кемесi зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген ВР Аmосо компаниясының кемесiн тоқтатып, зерттеу кемесi Әзiрбайжан территориялық суларының аумағынан асып кеттi деген желеумен керi қайтарды. Ал ресми Баку Каспий теңiзiндегi әскери-теңiз флотының аса қуатты болуына мүдделi екендiгiн тәуелсiздiк алған бiрiншi күннен бастап еш бұлтақсыз мәлiмдеп, осы үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасауда. Түркiменстан президентi Гурбангулы Бердiмұхамедов қаңтар айында 2015 жылға қарай елдiң әскери-теңiз флоты болатынын мәлiмдегенi белгiлi. Ешқандай әскери блоктарға қатыспайтын, өздерiнiң бейтараптығын мақтан тұтатын түркiмен елiнiң бұл саяси қадамы әлемдiк сарапшылардың пiкрiн сан-саққа жүгiрткен. Теңiз аймағында қалыптасқан жағдайдың бәрiн жан-жақты сарапқа салған Қазақстан 2010 жылдан бастап әскери-теңiз флотын күшейтудi мықтап қолға ала бастаған сияқты. Маусым айында Орал қаласындағы "Зенит" кеме жасау зауытымен келiсiмшартқа қол қойылып, үш күзет кемесiн жасауға тапсырыс берiлдi.
Қазақстан БАҚ-тарының ақпараттарына жүгiнсек, биылғы жылдың аяғына таман елiмiз корвет кемелерiн жасау жөнiндегi тағы бiр келiсiмшартқа қол қоюға тиiс болатын. Iрi тонажды кеме жасауға маманданған STX француз-оңтүстiк кореялық консорциуммен жүргiзiлген келiссөздердiң нақты нәтижелерi әзiрге белгiсiз. Бiр анығы, жоспарланған корвет кемелерiнiң "Экзосет" зымырандармен жасақтандырылуы тиiс екендiгi. Әскери сарапшылардың ортақ пiкiрiне қарағанда, мұндай қуатты корвет зымырандары жау кемелерiн суға бiржола батыру үшiн қолданылады. Жаз айларында Қазақстан әскери-теңiз флотының қолбасшысы, бiрiншi рангалы капитан Жандарбек Жанұзақов мырзаның: "Егер белгiсiз бiр кеме стратегиялық нысанға таяп келiп, бiздiң байланыс орнату жөнiндегi белгiге жауап бермесе, бiз онда кеменi жойып жiберуге мiндеттiмiз", – деп мәлiмдеуi жай айтыла салған сөз болмаса керек. Қазақстан Ақтау қаласының iргесiнде салынып жатқан әскери-теңiз базасын неғұрлым тезiрек аяқтауға мүдделi екенi айтпаса да түсiнiктi. Сонымен қатар, теңiз офицерлерiн Ресей мен Түркияда, АҚШ, Германия, Оңтүстiк Корея сияқты жетекшi теңiз державаларында жеделдетiп оқытуда.
ТАНКЕРЛЕР БАР ТҮПСIЗ ТЕРЕҢ ЫДЫСТАЙ
2005 жылдың мамыр айының соңына таман Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев "Қазтеңiзтрансфлот" Ұлттық теңiз-көлiк компаниясы акционерлiк қоғамының Ақтау теңiз айлағында "Астана" атанған алғашқы танкердiң тұсаукесерiне қатысқан болатын. Салтанатты жиында Елбасы: "Бүгiн тәуелсiз Қазақстан тарихындағы есте қалар күн, теңiзге түсiрiлетiн "Астана" танкерi Қазақстан теңiз флотының алғашқы қарлығашы", – деп атап өттi толқынысын тежей алмай. Және Қазақстанның алғашқы танкерi "Астана" деп аталғаны үшiн алғысын айтып, мұның өзi жақсы ниет екенiн жасырған жоқ. Жағымды жаңалықты сол күндерi Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары жұртшылыққа жарысы жеткiзгенi күнi кеше ғана сияқты едi. Одан берi де бақандай бес жыл өтiптi-ау. Ал қазiр Қазақстанның танкерлерi туралы ақпар алу оңай емес, тым мардымсыз. "Алғашқы қарлығаш" деу орынды болғанымен "Астана" танкерiн көзге сүйкiмдi, құйтақандай қасиеттi құспен салыстыруға мүлдем келмейдi.
"Астана" танкерi Ресей Федерациясының "Выборг" кеме жасау зауытында 2003-2004 жылдары жасалған. Кеменi жасауға 12 ай уақыт жұмсалып, бiр ай бойы Балтық теңiзiнде жан-жақты сынақтан өткiзiлдi. Қазақ елiнiң ең алғашқы танкерiнiң сыйымдылығы 12 мың тонна. Ол Каспий теңiзiнде Ақтау-Махачкала, Ақтау-Баку бағытында айына 7-8 рет қатынап, жылына 1 миллион тоннаға жуық мұнай тасымалдауға қабiлеттi. "Астананың" жалпы ұзындығы 149, 35 метр, енi – 17,3 метр, бортының биiктiгi – 10,1 метр. Мiне, бұл осындай "қарлығаш"!
Дәп осы жылы "Қазтеңiзтрансфлот" компаниясы экологиялық қауiпсiздiк талаптарына сай, жаңа заманға лайықты теңiз танкерлерi флотын жасақтауға бел шеше кiрiсiп, бұдан да қуатты екi танкер жасауға тапсырыс бердi. Бұл жоба халықаралық қаржы көздерiнен және Қазақстан Даму банкiсi арқылы қаржыландырыла бастады. Бұл жаңа iстiң басы ғана болатын. 2008 жылы Қазақстан мен Ресей үкiметтерi арасындағы теңiз көлiгi саласындағы қатынастарды реттеу мен дамыту, кеме қатынасындағы тиiмдi үйлестiрудi қамтамасыз етудi көздейтiн ынтымақтастық туралы келiсiм нақтылана түстi. Бұл келiсiмге орай, теңiз сауда флоты және айлақтарын тиiмдi пайдалануға, теңiздегi қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге және теңiз ортасын қорғауға қос мемлекет те мүдделiлiк танытқаны мәлiм. Осыдан бес жыл бұрын Қазақстан 60 миллион тоннаға жуық мұнай өндiрсе алдын-ала жоспарлау бойынша 2010 жылы, 100 миллион тонна мұнай өндiру көзделген болатын. Өмiр өз өзгерiстерiн енгiздi.
Әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыс елiмiздегi мұнай өндiру көлемiнiң өсуiне өз ықпалын тигiзгенi сөзсiз. Кейбiр деректерге жүгiнсек, 2010 жылы Қазақстанда жалпы көлемi 80 миллион тонна көлемде көмiрсутектi шикiзат өндiрiлген. Бүгiнде сыртқа экспортталатын қазақ мұнайының 15 пайызы теңiз арқылы тасымалдануда. Ал, 2020 жылы бұл көрсеткiш 40 пайызға жеткiзiлмек. "Қазтеңiзкөлiкфлоты" Ұлттық компаниясының бас директоры Марат Ормановтың айтуынша, 2010 жылы аталмыш компания меншiгiндегi кеме саны 17-ге жеткен. Оның 4-i танкер, 5-i буксир. Биылғы жылы сыйымдылығы 13 мың тонналық екi танкер сатып алу жоспарланған болатын. Ал 2015 жылға қарай елiмiздегi кемелердiң саны 400-гежеткiзiлмекшi.
Қазiргi уақытта "Қазақтеңiзкөлiкфлоты" Ұлттық теңiз кеме қатынасы" акционерлiк қоғамы "Ақтау" халықаралық сауда порты арқылы алыс-жақын шетелдерге теңiз жолы арқылы мұнай өнiмдерi мен құрғақ жүк тасымалдаумен қатар, Түпқараған шығанағының шығыс жағалауындағы Баутино кентi аумағында қуаты айына 250 мың тонна жасанды аралға база жасауды қолға алды. Тәуелсiз Қазақстанның көк байрағын желбiреткен "Астана", "Ақтау" және "Ақтөбе" танкерлерi ұлттық мақтанышымызға айналғанымен, аталмыш танкерлерiмiздi ресейлiк теңiз капитандары басқаратыны көңiлге қаяу түсiредi. Өйткенi, елiмiзде теңiз мамандығы бойынша кәсiби оқу орындары ендi ғана қалыптасуда.
Қалай десек те, Қазақстанда әскери-теңiз және сауда-теңiз флотын құру мен заманға сай дамыту аса маңызды мiндеттердiң бiрiне айналғаны сөзсiз. Ал көзге соншалық сүйкiмдi әрi сұсты кемелердiң көк айдында мiнсiз сап түзеп, көк туымызды желбiрете жүзiп бара жатқанын көрген жанда арман бар ма?!. Шiркiн, шалқар теңiз…
Жаңабек ШАҒАТАЙ