Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНАН ТАБЫЛҒАН ҚАЛАЛАР

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНАН ТАБЫЛҒАН ҚАЛАЛАР

Өткен аптада Елордадағы Ұлттық кiтапханада "Мәдени мұра" бағдарламасына қатысты қорытынды жиын өттi. Басқосудың басты мақсаты – 2009-2011 жылдарға негiзделген ұлттық жобаның биылғы жылды қалай тәмамдағанын, нендей жетiстiкке жеткенiн бағамдау. Талқылауға түскен тақырыптар негiзiнен үш бағытта өрбiдi.

Бiрiншiсi, бағдарлама аясында қолға алынған Дамаск қаласындағы әл-Фарабидiң мәдени орталығының құрылысы. Сосын Сұлтан Бейбарыс кесенесiн қалпына келтiру жұмыстарының барысы туралы. Екiншi тарау – ұлттық мұраларымыз туралы түсiрiлiп жатқан деректi фильмдер хақында, ал соңғы парасы – археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесiне тоқталды.

Жалпы, "Мәдени мұраның" мақсаты – көмескi тартқан кешегiнiң бар жәдiгерiн Алаш жұртымен жақындастырудан бөлек, әлем халқының бiздiң ұлт жайындағы ақпарын кеңейту, көшпендiлер өркениетiн жаһанға жар ету. Бұл бағытта кешегi өткен Саммиттiң де көмегi зор.

"Қазақ мәдениетiн таныту үшiн, қазақ мәдени мұрасын таныту үшiн бiраз жұмыстар жасадық. Арнайы жоспар түзiп, мұражайларды аралаттық. Сондықтан Саммиттiң кезiнде сiздердiң жұмыстарыңыз айтылып жатыр", – дедi жиын барысында сөз алған ҚР Президентi әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев.

Қалың топырақ арасынан қазына қазып алып, қазақта қала болғанын айдай әлемге танытып жүрген отандық археология мен қайта жаңғырту iсi – отырыста талқыланған алғашқы тақырыптың бiрi болды. Жиында сөз алған қазақ реставраторлары бұл бағытта бiраз жұмыстың атқарылып жатқандығын да тiлге тиек еттi. Түркiстанның төрт қақпасы жөндеуден өтiп, тарихи көне мешiт-медреселер әспеттелiп, әйнектелiп, бұрынғыдай жұртшылықтың көп жиналатын орындарына айналдырылыпты. Жүзге жетер қала табылыпты алаштың даласынан. Бұл да алаш жұрты үшiн үлкен жетiстiк.

Жетi жылдық тәжiрибесi бар "Мәдени мұра" ендi қағаз қарап, архив ақтарудан тыс, телеарналарда да бiраз шаруаны қолға алмақ. Әзiрге "Қазақфильм" қызу iске кiрiстi. "Қорқыт. Күй тарихы" және "Көшпендiлердiң музыкалық мұрасы" атты туындылар дайын. Ендiгi мақсат – жалпы жұртқа арнап тарихи-фильмдер түсiру. "Қазақфильм" әзiрлеген "Мың бала" киносы – сол мақсатта қолға алынған жобалардың бiрi.

"Жоңғарларға қарсы мың баладан тұратын жасақ құрған. Әке-шешелерiн жоңғарлар өлтiрген, жетiм қалған балалар әскер қатарында жүр. Сартайды бiз "даланың Робин Гуды" деп отырмыз. Аңыздардан құралғандықтан, өзiндiк жанр жасап отырмыз. Отансүйгiштiкке, патриотизмге құрылған фильм", – дейдi Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президентi Ермек Аманшаев мырза.

Аз-аздап болса да, қазақ мәдениетi мен руханиятына қатысты тұщымды дүниелердi жинаумен айналысып жүрген бұл бағдарлама 2009-2011 жылдарға арналғанымен, осымен аяқталады деген сөз емес. Бағдарлама әлi де жалғасын табуға тиiс.

Едiге БЕКТАС