РЕСЕЙ ӘСIРЕҰЛТШЫЛДЫҚТЫ АУЫЗДЫҚТАЙ АЛАР ЕМЕС
РЕСЕЙ ӘСIРЕҰЛТШЫЛДЫҚТЫ АУЫЗДЫҚТАЙ АЛАР ЕМЕС
Соңғы кезде жұрттың назары Мәскеуге ауған. Онсыз да ұлтаралық кикiлжiңдер жиi болып тұратын көршi Ресей тағы бiр оттың тұтануына жол бердi. Бұған дейiн де орыстың әсiреұлтшыл топтары түрi өзге ұлт өкiлдерiн көрсе, зорлық-зомбылық жасаудан бас тартпайтын. Тiптi Мәскеуден нәпақа iздеп жүрген қаншама тәжiк, өзбек, қырғыз, әзiрбайжан азаматтарының нақақтан-нақақ "тақырбастардың" қолынан қаза тауып жатқанда "әй" деген әже, "қой" деген қожа табылмады.
Осыдан екi-үш жыл бұрын Мәскеуге бiлiм қуып барған қазақ қызы Айнұр Бөлекбаева мен былтыр ғана қыршынынан қиылған Ерлан Әйтiмовтiң өлiмiн қайда қоясыз? Бiр өкiнiштiсi, өрiмдей жастардың ажалына кiмдердiң кiнәлi екенiн бiлсе де, мұны жұмбақ өлiмге жатқызған жергiлiктi билiк өкiлдерi жабулы қазанды жылы жауып қоюға тырысты. Есесiне, тажалға айналған тақырбастар күннен-күнге қатарын көбейтiп, басқа ұлт өкiлдерiне құтырған итше азуын батырып келедi.
Шынтуайтына келгенде, Ресей билiгiнiң қолдауына ие болған скинхедтер шектен шықты. Өздерiн Ресейдiң ұлтшыл-патриоттары санайтын олар Мәскеудi басқа ұлт өкiлдерiнен тазалауға бел шеше кiрiскен. Әрбiрден соң оларды қудалайтын мекеме де, заң да жоқ. Себебi де түсiнiктi, бүгiнде скинхедтерге Ресей билiгiнiң өзi ауық-ауық дем берiп, күштерiн жiгерлендiрiп отырғаны мәлiм.
Мәскеуде "Спартак" футбол командасының жанкүйерi Егор Свиридовтың өлiмiне 5 кавказдық жiгiттi айыптаған болатын. Осыдан кейiн жағдай мүлдем ушығып, орыстың әсiреұлтшыл топтары кавказ ұлтының өкiлдерiн тiзе бүктiруге кiрiсiп кеттi. Өрекпiп тұрған намысшыл тау халқының жастары қарап қалсын ба? Олар да "тақырбастарды" Киев вокзалы жанындағы алаңға шақырған. Iле-шала Мәскеудiң көшелерi мен метро станциялары қып-қызыл төбелес орнына айналып, екi жақтың жастары бiр-бiрiне суық қару жұмсауға дейiн барған. Ал ұлтаралық қақтығыстың нағыз көрiнiсi Манеж алаңында болды. Ресейдiң қалаларынан ұйымшыл түрде әп-сәтте жиналған скинхедтер шешен ұлтының жастарына лап қойды. Дәл сол күнi ұлты орыс емес 40-қа жуық адам соққыға жығылды. Орыс пен шешен жастары килiккен жанжалда екi кавказдық жiгiттiң қаза тапқандығы туралы дерек бар. Күнi бойы жалғасқан жаппай төбелес кезiнде тәртiп сақшылары 1346 адамды қамауға алды. Бүлiк шығарғандардың көбi "Европейский" сауда орталығы маңында, Смоленск-Сенная алаңында ұсталды. Қамауға алынған 800-дей адамнан 16 жарылғыш тапанша, 208 пышақ, тағы басқа суық қарудың түрлерi тәркiлендi. Мәскеу қалалық iшкi iстер департаментiнiң өкiлi Виктор Берюковтың айтуынша, көшеге шыққан шовинистер қолдарына балға және өзге де қауiптi заттар алып шыққан көрiнедi. Ал прокуратура мәлiметi бойынша, ұсталғандардың 37-i әкiмшiлiк жауапқа тартылған. Бiр қызығы, шовинистiк топтар өзге ұлттарға қарсы күш қолданып жатқанда Ресейдiң құқық қорғау орындары мiз бақпады. Тек жағдай қиындап кеткенде ғана ұрандатқан жастарға ОМОН қызметкерлерi тосқауыл қоюға тырысқан.
11 желтоқсаннан берi Мәскеудiң iшiнде толқулар ұйымдастырған тақырбастардың әрекетiн сырттай бақылап отырған ресейлiк билiк дымын iшiне тартып отыра беретiн бе едi, кiм бiлсiн? Бәлкiм, ел арасында "шешен жастары қайта топ жасақтап, скинхедтерге қарсы шабуыл жасайды екен…" деген әңгiменiң шетi шықпаса, төрт күн бойы ың-шыңсыз жатқан ресейлiк билiк үнсiздiгiн жалғастыра беретiн де едi. Задында, ашу мен ызаға булыққан шешен халқы жастарының беталысынан сескендi ме, Ресей президентi Дмитрий Медведев Кремльдiң қолшоқпарына айналып үлгерген скинхедтердi уысынан шығарып алғанын сезiп, кенеттен мәлiмдеме жасады. Ол Манеж алаңында болған оқиғаға байланысты бұдан әрi ұлтаралық қақтығысты болдырмауды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Ресей нелiктен шовинистердiң қаланы ойрандап, бөгде ұлт өкiлдерiне қарсы шабуыл жасауына жағдай жасайды? 15 миллион халық тұратын Мәскеудiң күнделiктi өмiрi мен тыныс-тiршiлiгi билiктiң назарында болмауы мүмкiн емес. Сонда қала көшелерi мен метро станцияларын жаппай бей-берекетсiздiктiң алаңына айналдырып жiберген басбұзарларды құрықтауы тиiс құқық қорғау мекемелерi мен сан мыңдаған тәртiп сақшылары қайда қараған? Түсiнiксiз жайттар көп. Бiрақ, қалай десек те, шовинистердiң бұл толқуы кездейсоқ туындап отырған жоқ. Ресейдiң қалаларынан бөлек, Украина, Белоруссиядағы орыс ұлтшылдарының бiр мезетте көмекке келуi ұйымдасқан түрде дайындалғанын аңғартады. Ал билiктiң ығына жығылған кейбiр БАҚ ұлтаралық қақтығысты футбол фанаттарының жәй ғана төбелесiне теңеумен болды. Алайда мұның футболға түк қатысы жоқ екендiгiн билiк тұрмақ, қарапайым халықтың өзi iштей сезсе де, жұмған аузын ашқан жоқ.
ҚЫРҒЫЗ АЗАМАТЫН ӨЛТIРГЕНДЕР ҰСТАЛДЫ
12 желтоқсан күнi кешке Мәскеуде аула сыпырушы болып жұмыс iстейтiн Қырғызстан азаматы Алишер Шамшиевке 10-15 адамнан құралған топ тап берiп, пышақтап өлтiрген. Осы қылмыстық iске қатысты қазiр 14-23 жас аралығындағы бес күдiктi ұсталды. Мәскеудiң Симоновск соты Манеж алаңында болған басбұзарлықты ұйымдастырушылардың бiрi деп тапқан скинхед Илия Кубраковты тұтқындауға санкция бердi. Оған сондай-ақ қырғыз азаматын өлтiрген күдiктi деген айып тағылуда.
Бiр айта кетерлiгi, тақырбастардың iшiнде әлi кәмелеттiк жасқа толмаған жасөспiрiмдер жетерлiк. Әлде, олар кәмелетке келмегендi жазаға тартпайды дей ме екен, қырғыз азаматы Алишер Шамшиевтiң өлiмiн "Скаут" лақап атымен танымал 14 жасар скинхед өз мойнына алған. Ұсталған күдiктiлердiң iшiндегi "Гризли" және "Гектор" атты скинхедтер "Скауттың" сөзiн қоштап, бар қылмыстық әрекеттi жасөспiрiмге жауып отыр.
Ресей Федерациясы Бас проркуратурасының мәлiметiне көз жүгiртсек, 2004 жылы Ресей аумағында экстремизмнiң 130 актiсi жасалса, 2005 жылы осындай 152 қылмыстың түрi тiркелген. Ал 2006 жылы 230, 2007 жылы 356, 2008 жылы 460, 2009 жылы 548-ке артқан. Яғни, бұл динамикалық көрсеткiш қылмыс санының жылдан жылға өсуiн дәлелдейдi. Құқық қорғау ұйымдарының бағалауынша, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекетте агрессиялық ксенофобия әрекетi бойынша 90 жағдай тiркелiп, 22 адам мерт болып, 105-i ауыр жарақат алған. Әсiресе ұлтаралық қақтығыс пен шовинистiк пиғылдағы толқулар Мәскеу және Мәскеу облысында, Нижегород, Санкт-Петербург, Ленинград облыстарында, Алтай өңiрi мен Владивосток, Ярослов облыстарында жиi тiркелген.
ПУТИН БҮЛIКШIЛЕРГЕ ДЕМ БЕРДI МЕ?
Таяуда Ресей Премьер-министрi Владимир Путин жұртшылықтың сұрақтарына 4 сағаттан астам бойы тiкелей желiде жауап бердi. Ол Манеж алаңында болған жаппай бей-берекетсiздiк жайында да өз пiкiрiн бiлдiре кеттi. "Бiзге қажетi – экстремизмнiң кез келген түрiн қатаң күшпен басып отыру. Қоғамымыз, соның iшiнде, либералдық қоғам, бiр жайтты ұғынуға тиiс. Айтпағым – тәртiп бәрiмiзге қажет. Ал, үкiмет көпшiлiктiң мүддесiн қорғау үшiн қызмет етiп отыр", – дедi Премьер-министр. Екiншi Дүниежүзiлiк соғыста орыс халқының жеңiске жеткенi туралы айтқан Путин: "Екiншi Дүниежүзiлiк соғыс статистикасына жүгiнсек, соғыста 70 пайыздан астам зардап шеккен РСФСР болған. Бұл деген сөз, ешкiмнiң көңiлiне келмесiн, жеңiс Ресей Федерациясының индустриалдық ресурстары арқасында келгенiн көрсетедi. Бұл – тарихи шындық, бұның барлығы құжаттарда бар" дедi. Путиннiң шовинистiк пиғылдыларды басудың орнына, отқа майды құя түсуi қалай? Онсыз да басқа ұлт өкiлiне әзiрейiлдей қарайтын ұлтшылдар "Ресей – орыстар үшiн!" деп ұрандатып жатқанда Премьер-министрдiң тарихи деректер мен құжаттарды бұрмалап, қазақ, өзбек, грузин, татар, бурят, якут, әзiрбайжан, армян, шешен, балқар, черкес, қалмақ және өзге ұлттық азшылдықтың ол соғысқа қатысы болмаған дегендi тұспалдағанын түсiну қиын. Сонда соғыс кезiнде миллиондап қырылып қалған қазақтың қаны кiм үшiн, не үшiн төгiлдi? Мұндай сөздiң басқа басқа, Путиннiң аузынан шығуы кiм-кiмдi де ойландырмай қоймайды.
Турасын айтқанда, Мәскеудiң Манеж алаңында болған тақырбастардың басқа ұлт өкiлдерiне жасаған бассыздығы бiраз жайттан хабар бердi. Әлiптiң артын баққан ресейлiк билiк бұл көрiнiстi бастапқыда тамашалаумен ғана отырғанмен, әрi қарай шыдамсыздана бастады. Байқап қарасақ, ресейлiк билiк орыс шовинистерi өзге ұлттарды соққыға жығып болғанша ештеңенi көрмегенсидi. Ал, оларға ашынған аз ұлт топтары қарсы әрекет жасауға талпына қалса, дереу арада тәртiпке шақырып жатады. Бұл жолы да тура осылай болды.
Әрбiрден соң Ресейдiң тақырбастары қолынан қаза тауып жатқан азаматтардың туған Отандары – Орта Азия мемлекеттерiнiң басшылары неге жұмған аузын ашпай отыр? Тiптi Ресеймен бiрге үштiк Кедендiк одаққа кiрген Қазақстан да бұл мәселеде неге үнсiз қалды? Кедендiк одаққа енiп, бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құрамыз деп құлшынып отырғанда көршi Ресейдiң шовинистерiнiң астамшыл әрекетi тыйылмаса, ертеңгi күннен не күтемiз? Осы жағын да ойланатын кез келген сияқты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ