"ЕР АТАСЫ – МАХАББАТ, ӨМIР АТАСЫ – ХАЛЫҚ"
"ЕР АТАСЫ – МАХАББАТ, ӨМIР АТАСЫ – ХАЛЫҚ"
"Жұмыстан кешiктiм" деген оймен қолымдағы сағатыма қарасам, уақыт зырылдап барады. "Әй, кешiккенiм үшiн сазайымды тартатын болдым-ау, мына лифтiсi құрғырда келетiн түрi жоқ" деп, iштей қамығып тұрғанымда, жаныма есiмi елге белгiлi ақын ағаларымның бiрi келе қалды. Амандасып үлгергенiмше болған жоқ, әлгi ағам өз-өзiне: "мұны да батыр деп, даурықтырып бiттi-ау. Батыр болса, сол кездерi Совет Одағы батыры атағын неге алмады екен? "Батыр" деп, "Қаһарман" деп, асқақтатып жүрген, өздерiнiң руластары ғой" деп күбiрлей жөнелсiн. Сөйтсем, қабырғаға "Ұлтын сүйген ұлы адам" деген атпен Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай өткiзiлейiн деп жатқан конференцияның хабарландыруы iлiнген екен. "Ағамның" көңiл-күйiн бұзған сол хабарландыру болса керек…
Баукеңе батырлықты қиғысы келмеген әлгi ағаның пiкiрi маған үлкен ой салды. Қазақта батыр аз ба? Көп. Қазақта ақын аз ба? Жетедi. Бiрақ, Абай жалғыз тобықтының ғана мұңын мұңдап, зарын жоқтады ма? "Оның да iшкен уы – қазақтiкi" емес пе едi? Махамбет ше? "Ереуiл атқа ер салдырып, егеулi найза қолға алдыртқан" Махамбеттiң жыры кiмге арналды? Қазаққа емес пе? Ендеше, неге бiз Бауыржан Момышұлына батырлықты қия алмаймыз? Кеңес үкiметi қимаған батырлықты Баукеңе халқы қиған жоқ па? Елбасымыз батырдың жұлдызын өз қолымен тапсырмап па едi. Мейлi, Кеңестер Одағының батыры болмай-ақ қойсын?! Бар дүние атақ-даңқпен, соғыста алынған орден-медальдермен есептеле ме екен. Шындығында, қазақтың ерлiгi "бiлегi мен жүрегiнде". Баукеңдi батыр, патриот, отансүйгiш еткен де, халқын сүйген жүрегi, ұлтына деген қамқор тiлегi. Отбасынан алған тәрбие мен алашшыл азаматтардың өр рухы емес пе едi. Баукеңдi батыр демей көрiңiзшi. Жуырда ғана 100 жылдыққа арналып, арнайы "Өнер" баспасынан шығарылған отыз томды парақтаған әрбiр адам оның қаншалықты отанын сүйгенiне, оның қаншалықты ұлтын сүйгенiне куә болады. Ендеше бiз неге батырды халықтан, ұлттан бөлектеймiз? Батырдың қиын-қыстау жылдардағы рухани болмысын бiлгiсi келген әрбiр азамат "Москва үшiн шайқасын" оқыса жетiп жатыр?! Батырдың ұлтын қаншалықты сүйгенiн бiлгiсi келген әрбiр азамат "Ұшқан ұяны" парақтап көрсiн. Ұлтшылдықты, намысшылдықты, батырлықты бiлгiсi келген әрбiр азамат Бауыржан Момышұлының отыз томын ақтарып көрсе, өздерi-ақ куә болады.
Бүгiнгi бiздiң оқырман назарына ұсынып отырған дүниелерiмiз де Батырдың отыз томдық жинағынан алынған үзiндiлердiң бiр парасы ғана…
* * *
"…Тек оқта-текте ауылдың үстiн, тау бөктерiн тұнжыр бұлт торлайтын. Бұлт сонда үн-түнсiз шаруақор менiң әкеме ұқсайтын. Ал, күн күркiресе, апамның ересек балаларына ақырып зекiргенi есiме түсiп, жым боламын. Жаңбыр жауса, жас баланың көз жасындай, кiмдi аяйтынымды бiлмеймiн, әлдекiмге жаным ашып, жаңбыр жауса, жылағым келер. Биелер шұрқырап, құлындар құтырып, ауылды айнала шауып ерiксiз елеңдетедi. Ала құйын айдалаға сен де жүгiре жөнелгiң келедi. Ендi бiрде аспанға аң-таң боп қаласың. Буда-буда бұлттар жалы желбiреп шауып бара жатқан асау айғырлар сияқты. Кейде шөгiп жатқан түйелер сияқты. Кiшкентай қолдарыңды созып, сол керемет дүниеге ұшып барып, әлгi қанатты тұлпардың жалынан сипалағың келедi. Баланың бақытты шағы сол кереметке сенгенiнде шығар. Кейiн есейе келе, әлгi бұлттың су екенiн, күннiң қызуымен бу болып ұшатынын бiлу қандай қатал. Ертексiз өскен бала – рухани мүгедек адам. Бiздiң қазiргi балаларымызға әжелерi, не шешелерi ертек айта бермейдi. Содан қорқам. Менiң қазiргi келiндерiм немерелерiме бесiк жырын айта бiлмейдi. Бесiкте жатқанда құлағына анасының әлди әнi сiңбеген баланың көкiрегi кейiн керең боп қалмаса деп қорқамын. Ал, менiң кәрi апам Қызтумас маған ертектi көп айтатын, әлди әндi көп айтатын. Арада неше заман өттi! Қызтумас апамның сүйегi әлдеқашан қурап кеттi, ал әлди ән айтқан үнi әлi тұр құлағымда…"
* * *
"…Әкем маған ата-тегiмiздiң аты-жөнiн үйретушi едi.
– Кiмнiң баласысың? – деп сұрайтын ол.
– Мен Момыштың ұлымын.
– Момыш кiмнiң баласы?
– Момыш – Имаштың баласы.
Осылайша жетi атаға дейiн жетелеп отырып санатады. Ал келген қонақ алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менiң жетi ата жөнiндегi бiлiмiмдi тексеретiн. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кiм бiлген".
("Ұшқан ұя", 1-том)
* * *
"… Жыл мезгiлiнде күздiң бәрi күз. Бiрақ 1941 жылғы күз Ресейдiң мәңгiлiк есiнде қалар сұрғылт, мейiрiмсiз күз едi. Ресейдiң жерiн шекарадан бастап бомба, снаряд, миналардың орындары шешектей ойып таңбалаған күз. Орлар қазылып, танктердiң жылан бауыр iздерi жер жүзiн тырнап тыртықтаған күз. Шекарадан бастап, Москваның дарбазасына дейiн орақшы бау байлағандай жауынгерлер қабiрi аяқ асты төмпештеле тiзiлген күз. Асығыс шегiнуде боздақ кеткендердiң шала-шарпы топтап бетiн жапқан бейiттер толған күз.
"Өмiрдiң рақатын надан ғана көредi, азабы болса – ердiң сыбағасы" деп ата-бабаларым айтып кеткендей, сол күзде ел үшiн, Отан үшiн азап көрiп, көпке шыдап, борыштарын қанмен жуып, майдан алаңында жантәсiлiм еткен, ананың ақ сүтiн ақтаған адал жолдастарымыз да көп-ақ едi: орыс Иван Иванович Иванов, тунгус пен қазақ, кавказдықтар мен қырғыз, удмурттар мен өзбек, татарлар мен түрiкмен, молдаван мен украин, тағысын-тағылар…, жер жүзiндегi ең аз ру халықтың ұлы караим Сұлтанмахмуд Шапшал… Олардың қабiрлерiн әлдеқашан жусандар басты. Олардың iстерi, төккен қандары болашаққа игiлiктi нұрлы жауындай төгiлдi. Бүгiнгi гүлдер солар болмаса өсер ме едi, құлпырып тұрар ма едi".
* * *
"…Алдымда қағаз, қолымда қалам, кейде ойлап, кейде жазып отырмын. Қарасай, Қобыланды, Алпамыс, Исатай, Амангелдiлер бұрын өткен едi. Сауыт киiп, қалқан ұстап, найза алған батырлар жондардан жорытып, белдерден асып барады… Мiне, көз алдымда Павлодардың жiгiтi – Андрей Алешин. Өзi де, аты да бекзада емес, кәдiмгi көптiң бiрi. Ауылдағы тек мал басындағы шаруаның баласы. Түнгi сұрапыл боранда құрыш болатпен жекпе-жек араласып, оны шегiндiредi деген кiмнiң ойында бар едi? Бiздiң жеңiстегi оның сыбағасы мол.
Мiне, Лениногордағы қорғасын ерiткен жай жұмысшылардың бiрi, жап-жас қазақ жiгiтi – Төлеген. Екеуi де бұқара жауынгер едi. Екеуi де жаңа өспiрiм, әлi қабырғалары қатпаған жiгiттер едi.
Ең ақырғы тынысын дұшпанға шоқпар етiп жұмсау үшiн қандай кектi жүрек, қандай айбынды күш керек! Оларды тербеткен, оларды қозғаған күштiң тамыры қайда жатыр!
Бiз – Совет адамдарымыз, бiздiң салт-санамыз жаңа. Бiз де сүйек, еттен жаралған жанбыз. Бiздiң жанымызды тебiренте соққан жүрек болаттан құралған емес, бiрақ бiздiң жүрек – отты жүрек. Оның оты болатты ерiтiп, жаңқадай жандыратын от. Бiздң жүрегiмiзде қауiп-қатердi көтерiп, өлiмдi жеңетiн бiр жарақ – ана сүтiн ақтап, туған елдi, Отанымызды сүю сезiмi. Бiзде ер атасы – махаббат, өмiр атасы – халық, ел намысы – ер қолында, ер намысы – ел қолында. Бiз намысты елдiң ұлымыз. Жеңiлмес күшiмiз сонда".
* * *
"…Барлық жер тегiс бола бермейдi. Соғыс майданында да көпiрте сөйлеу, бояп, борандата мақтау, "жоғалған пышақты алтын сапты" ете салу сияқты өтiрiктер атам заманнан бергi келе жатқан емi жоқ аурудың бiрi. Мен солардан сау болғым келедi. Өтiрiк мақтау – қиянат. Қиянатпен елдi алдап, қылмысты болғым келмейдi. Елге ер туралы шын айтсам, шынды сыр етiп, шынықтыра айтсам деген ниет ойымда. Шыным мен сырым Төлегендей таза, ақ пейiл, ақ ниет болса, ақ қағазға түсiрiп, елге сөз жеткiзсем мен Төлегеннiң қарызынан құтылған болар едiм".
("Москва үшiн шайқас", 3-том)
* * *
"…Смерть – это врожденное право каждого. "Бiреудiң ажалы оқтан, бiреудiң ажалы оттан" дейдi қазақ. Бiз одан неге қорқамыз? Бiзден жақсылар да, бiзден ержүректер де өлген жоқ па, бұл соғыста? Желание жить, бороться за жизнь до последнего вздоха тоже врожденное право каждого живого! Это весьма сложный процесс прежде всего приметов природного инстинктов: самосохранение, потребление, отправление, разумножение…"
* * *
"…Бұл – соғыс бiздiң жiгiттердiң жалпы батырлық, батылдық көрсеткiшiнiң бiр дәлелi.
Бұл – соғыста дұшпанға жем тастап, жемтiкке тоя бергенде, аз күшпен желке бүйiрлерiнен соғып, жеңiсiн, жегенiн желкесiнен шығарған тактикалық әдiстiң сәтi түсе қолданылған iстiң бiрi.
Бұл соғыс – дұшпанның араны ашылған басқыншылық мiнез-құлқын өзiне таяқ етiп жұмсаған ұрыстың бiрi.
Бұл соғыс – ата-бабамыздың айтып кеткен "бiлек -бiрдi, ақыл-айла – мыңды жеңедi" деген мұра, соғыс дәстүрiнiң халық тәжiрибесiнен шыққандығында".
("Музей апа" 6-том)
* * *
"…Академияда шығыс халқынан мен-ақ оқыдым. Бiтiргеннен кейiн маған шығыстың бес одақтық республикасынан орын табылмады, тимедi. Менi Азияға жолатпады. Шығыстан менен кейiн он бес-жиырма жылдың iшiнде мен оқыған академияға еш адам түсе қоймады. Ол ашулы, зарлы шындық, бiздiң халық соғысқа ерлiкпен қатысты, бiрақ оның құны өте қымбат. Осы күнi ауыл толған жесiрлер мен жетiмдер. Соғысқа барған жүз қазақтың жетпiс-сексенi қайтқан жоқ, себебi маған айқын – әскери тәжiрибе, әскери тәрбиенiң дағдылану нашарлығы. Бiздiң кеңес өкiметi кезiнде мұғалiмдер, дәрiгерлер, агрономдар, соттар, тағы басқалар шықты, ал, әскери соғыс мәселесi – осы уақытқа дейiн ескерусiз, еленбей келе жатқан бiр бағыт. Мен соларды майданда көрдiм, талдап тексердiм, өксiп жыладым, қорландым. Мен қалған өмiрiмдi, алған тәжiрибемдi, бiлген бiлiмiмдi жастарға, халқыма арнағым келiп едi. Қызмет етiп, халқыма әскери ғылымды таратқым келiп едi. Барымды елге берсем деп едiм. Егер де болашақта бiр әйел жесiр, бiр бала жетiм қалмауына менiң еңбегiм себеп болса, армансызбын деген ниет едi. Қысқасы, менi, менiң ойымды, ниетiмдi тупость и невежество қапасқа салып, бенде еттi. Менi терiс түсiндi, ұқпады. Өгiз мойындық iстедi. Осындағы майдалар менi сүзбелеп шетке шығара бердi. Жақындарына жылы орын үшiн менi аямады. Кiшiрттi, қудалады. Жабылып әлi жеткенi мен болдым. Ғапу етiңiз, мен кек сақтап айтып отырғаным жоқ. Әр өнер, әр бiлiм, әр ақ ниет сал болуды тiлемейдi. Құл болуды тiлейдi. Мен тұла бойыммен халқымның құлымын. Қайда жүрсем де елiмнiң қызметкерiмiн. Халқыма жаман атақ еш уақытта да алып бергiм келмейдi, алып бермеймiн. Мен күн көрудiң адамы емеспiн. Мен дүние жинаған пасық, сараң, өзiмшiл де емеспiн".
* * *
"…Казахи говорят, что "если достойный сын родится, свой народ он потянет в гору, если недостойный сын родится, он потянет в могилу". Я могу сказать, что на полях отечественной войны – сыновья 16 отау, все сыны тянули свой народ в гору. Честь своего отау являлась знаменем не формальным, а знаменем в сердце.
Ер намысы – ел намысы. Ел намысы – ердiң туы болып, жақсы жiгiт елiн өрге, жаман жiгiт елiн көрге сүйрейдi деп қазақ айтпақшы, жiгiттердiң көбi ата күшiн, ана сүтiн ақтап, елiн өрге сүйредi. Халқымның қалпына қара таңба бастырмаймын, ел намысына кiр жұқтырмаймын, еркiме ен салдырмаймын деген ниет арпалыста медет те, қуат та болды".
* * *
"…Оқиғаны ой болжайды, ой ырғағын сөз жеткiзедi, сөз ырғағын қалам желiсi, заман, дәуiр желiсi етiп, ақ қағазға түсiредi. Саналы ер сөзсiз санасын салмақтайды, зерек зерттейдi. Бiреу келiп, бiреулер кетедi. Жылдан жыл түлеп, өзгередi, өседi. Қысқа айтқанда, ой ырғағына, сөз ырғағы мен қалам желiсi, көркем шеберлiк, данышпандық жолдас болса ғана заман ырғағын ұрпаққа жеткiзе айта алмақпыз. Әрине, ол әркiмнiң қолынан келе бермес, бiрақ та талап етiп, қолын айға созу – бiздiң заманның ақындарының мiндетi. Жығылсаң, арпалыса жығыл, құласаң, нардан құла.
Ұрпақ:
Суреттi – сырымен,
Ақынды – жырымен,
Әншiнi – үнiмен,
Шеберлiктi – iсiмен,
Жүйрiктi – шабысынан,
Сұңқарды – алысынан танитын етiп дастан жазу – әдебиет, мәдениет қайраткерлерiнiң алдындағы үлкен, қиын, қасиеттi мақсат".
* * *
"…Актердiң сөздi жаттап айтуы – тотықұстың қайталауы сияқты әсерсiз, жасанды шығады. Мәселе сөздiң, автор ойының түп қазығының табиғатын көпшiлiктiң алдына ашып жеткiзуiнде, актердiң сол ондық iшiне кiруiнде жатады.
Бұл дәрежеге еш артист өз бетiмен жете алмайды. Командирсiз армия еш уақытта болмайды. "Жаман солдат жоқ, жаман командир бар. Жаман шәкiрт жоқ, жаман мұғалiм бар" деп Макаренко айтқан. Сол себептi театрдың, киноның командирi – режиссер. Режиссер – артистке ұстаз, жетекшi, үлгi. "Сен былай түсiн, былай ойна" деп мәселенiң табиғатын жете түсiндiру – режиссердiң мiндетi".
* * *
"…Менiң өз шығармаларыма оқырмандардан ешбiр наразылық естiмедiм. Оның өзi үлкен баға. Мен осыған өте ризамын. Естiртiп айтпасам да, iшiмнен азаматтық борышымды орындағаннан ғой деп ойлаймын…
Бiзiдң заман, бiздiң дәуiр өте ауыр болды. Соның барлық ауыртпалық салмағын менiң замандастарым көтердi.
– Еңбекте де, қырғын соғыста да, соғыстан соңғы қиыншылық кезде де бар ауыртпалықты бiздiң ұрпақ көтердi. Бұл менiң өзiмдi мақтауым емес, бiздiң ұрпақты мақтап отырған сөзiм.
Мен кiммiн?! Мен олардың қатарындағы қарапайым бiр кiсiмiн. Азаматтық арымды сақтағандардың бiрiмiн. Шынымды айтайын, қарағым, көп жылдардағы қиыншылық жағдайда менен артық кiсiлер аз болған жоқ. Осы күнде ойлансам, аты аталмай кеткен батырлар аз емес. Соғыстың аты соғыс, оқ қағыста таңдап атады. Бiрақ атылғандардың аты қала бермейдi. Бұл соғыстың қатыгез заңы. "Ерлiк елеусiз қалмасын" деген қазақта мақал болатын. 40 жыл қырғында елеусiз қалған ерлiктер толып жатыр. Бұл – соғыстың қатал, ойпатты заңының кесiрi".
* * *
"…Обалымызға қарай, бұлт жай емес, қопарыла төңкерiлдi. Жасым отызда едi. Ел қатарына соғысқа аттандым. Партияда жоқ кезiм. Әскери атағым командирлiк жағынан кiшкентай ғана. Мен батальон командирi, полк командирi, комдив болдым. Мақтаулар көп болды – оларға мен мастанған жоқпын. Сағынғандарым, сенгендерiм халықтың адал ұлдары, шын жүрек пен ақ ниеттерi болды. Алдыңғы шепте өзiмдi аяғаным жоқ. Жауынгерлермен қатар тұрған дұшпанмен жағаластым. Халық ұлдары жаумен жағаласқанда, оларға мен сендiм, олар маған сендi. Жауынгер аты, командир аты екеуi басын қосып, қиын жағдайда абыройға ие болдық.
Менен бiрнеше рет жалынды, менен бiрнеше рет ақылды ел азаматтары – сабаздар қан майданда қайтыс болды. Көпшiлiгi мүгедек болып елге қайтты. Олардан мен әулие емеспiн. Мен аман қайтқандардың қатарында жүрмiн. Мен "қырық жыл қырғында" аман қалғандардың бiреуiмiн.
Мен жауынгер жолдастарыма қарыздармын, парыздармын. Ол қарызымды, ол парызымды мен ол дүниеде, бұл дүниеде еш уақытта ұмытпаймын. Сол себептi майдан шебiнде соған түсiнер-түсiнбесiмдi бiлген кезiмде: "Найзадан қол босаса, қалам алдым…" деп жазғанмын. Солардың ерлiгi, батырлығы, батыр ерлiгi, ардағы, адамгершiлiгi әрқашан да есiмде".
("Айтылмаған ақиқат", 9-том.)
* * *
"– Демек, әскерге ұзақ уақыт кетедi екенсiң ғой, шырағым, – дедi әкем. – Сөз саптауыңа қарағанда, сенiң басшыларың өзiңе де, бiзге де қамқор бiреу ғой деп шамалап отырмын. Сондай жанашыр адамның қарамағында қызмет ететiнiңдi жанымызға медеу тұтамыз да. Солар айтып, сол екi бастығың да ақыл-кеңес берсе, бiз туралы толғанса, өзiңдi де iштартқаны ғой.
Құлақ сал, балам. Есiңде жүрер бiр жай болсын. Ертеде бiр бишара кемпiр өлер алдында жақындарымен арыздасып қоштасып жатады. Осы сәтте ардың-гүрдiң, әумесер ұлы сырттан кiрiп келiп, көзiне жас алып, анасының тiзесiн құша құлапты. Кешiрiм сұрай жылапты. Сонда ашулы ана былай деген екен: "Найза алып жауға бармадың, қамшы алып дауға бармадың, қос айдап егiн екпедiң, құрық ұстап малға кетпедiң, қан сасып бiр көрден шығып ең, мен сенiң неңе мақтанбақпын, мен сенiң неңдi кешiрмекпiн?" деген екен. Әз ана соңғы демi бiткенше, баласының ынжық боп, қор боп қалып бара жатқанына күйiнiп айтқаны ғой.
– Өзiң үлкен сапарға шығарда, мен саған бар үмiтiмдi арнадым, ұлым. Жаман атың шыққан жоқ едi. Сол жақсылығыңнан танба. Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сенi қолдасын. Жақсылық үшiн тiрессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жiгiтке бәрi сын. Қиындық көрсең, мұқалма, ауырлық көрсең, жұқарма, қамқоршы боп кiшiге, үлкендi үлгi тұт алға.
Әкем осылайша бар тiлеуiн алдыма үйiп-төгiп, бауырына басып, маңдайымнан сүйiп қоштасты".
("Айтылмаған ақиқат",10-том )
* * *
"…Отан деген түсiнiк адамның ұғымына ананың ақ сүтiмен бiрге сiңедi. Ата баласын әлдилейдi. Ағалары мен апалары баланы аймалайды. Тiл үйретедi. Сүйiнудi үйретедi, күйiнудi үйретедi. Бұл – ұя. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың. Отан ошақ басынан басталады. Менiң Отаным әуелi менiң зергерлiктi кәсiп еткен әкем, менi ана орнына арқасына салып көтерiп өсiрген әпкелерiм едi. Ауылдас ағайындар. Көкпар тартысқан шалдар. Айнала асқар таулар. Сылдырап аққан бұлақтар. Азынап соққан ақ боран. Көмкерiлген кемпiрқосақ. Бұл менiң туған ауылым. Бұл менiң Отаным едi. Ес бiлгенде мен соны түсiндiм".
("Соғыс қателiктi кешiрмейдi", 14-том)
P.S. Бiз алғашқы 14 томынан ғана үзiндiлер алып отырмыз. Одан бөлек, он алты томның iшiнде де қаншама сыр-дария жатыр. Батырдың 100-жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан отыз томдық шығармалар жинағы әр қазақтың төрiнде сақталса, құба-құп болар едi. Бiрақ, азын-аулақ, 2-3 мың таралыммен ғана шыққан кiтаптар бүкiл Қазақстанға жете бермейтiнi тағы бар. Сондықтан, басылымды таратушылар кiтаптардың таралымын көбейту жағын тағы бiр рет қарастырғаны жөн болар едi деген ойымыз бар.
Гүлзина Бектасова