Жаңалықтар

ПАТРИОТ ҰЛ ЕШКIМГЕ ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ

ашық дереккөзі

ПАТРИОТ ҰЛ ЕШКIМГЕ ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ

Қазiргi қазақ үшiн патриотизмнен өзектi тақырып жоқ. Өйткенi қазаққа қазiргi таңда патриот болмасқа қайран жоқ. Ендiгiде патриот болу – ұлт үшiн ел болу-болмау мәселесiне бара-бар нәрсе.

Патриотизмнiң қатыспайтын саласы жоқ. Сыбайлас жемқорлықты жеңу керек пе – патриот болу керек. Елдi, халықты, ұлтты қарынның қамынан артық сүю керек. Жердi қорғау керек пе – патриот болу керек. Ұлтарақтай жердi жалаң кеудесiмен қорғаған бабалар ерлiгiн еске алып, тәубе ету керек. Тiлдi сақтау керек пе – патриот болу керек. Мемлекеттiк тiлдi бiлмеудi – азаматтық сана-сезiмнiң төмендiгiне балап, намыс көру керек. Әскердi күшейту керек пе – патриот болу керек. Жауынгер ата-бабаның даңқты ерлiктерiнен өнеге алып, рухты атойлату керек. Қоғамда әдiлдiктi сақтау керек пе – патриот болу керек. Осы мемлекеттiң, осы қоғамның өркендеп дамуын ынты-шынтысымен тiлеу керек. Азаматтық жауапкершiлiктi қалыптастыру керек пе – патриот болу керек. Бүгiнгi тiрлiгiмiздiң былығы ертеңгi ұрпаққа жүк болмасын тереңнен ойлау керек. Жалпы, қоғамда тым өзектi болған нәрсенiң елесi аралайтыны белгiлi жайт қой. Бардың бағасын бiлмей жүрiп, жоқты түгендеуге асықпыз. Патриотизм қазiр қоғамның әрбiрiнiң мүшесiнiң ойында, дуалының – аузында. Тiптi аулада баласын ойнатып жүрген жас келiншектердiң өзi баласын қалайша дұрыс тәрбиелеймiн деп бас қатырады. Лауазым иелерi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын да, Астанада ЕҚЫҰ Жетiншi Саммиттiң өткiзiлуiн де патриотизмдi дамытуға бағытталған шараларға жатқызады. Шын мәнiнде, патриотизм неге сүйенуi тиiс? Бiздiң бала кезiмiзде патриотизм Коммунистiк партияны, "Күн көсемдi" сүюден, оларға адал қызмет етуге ант беруден басталатын. Отан дегенiмiз – Коммунистiк жүйеде құрылған мемлекет болғандықтан, отансүйгiштiктiң советтiк-коммунистiк идеяларға адалдықпен өлшенгенiнде тұрған еш әбестiк жоқ едi. Қазiргi таңда жас ұрпаққа бiр партияны немесе атқарушы билiктi сүй, оған адал бол деп айта алмайсың. Қазақстан Конституциясына сәйкес, билiктiң қайнар көзi – халықтың өзi. Ендеше, халық ең әуелi өзiн-өзi сүюi, құрметтеуi керек шығар, бәлкiм? Өзiн-өзi құрметтеу – ұлт, мемлекет ретiндегi айшықтайтын белгiлердi, рәмiздердi құрметтеуден, қадiрлеуден басталады. Ұлтты ұлт ететiн – тiл. Ұлттық сана-сезiм, салт-дәстүр, тарихи таным тiл арқылы көрiнiс табады. Ендеше, ХХ ғасырда қазақтың ұлт ретiнде сақталуы қазақ тiлiнiң өз жерiнде мемлекеттiк тiл мәртебесiне лайық болып, дамуында, ғылым мен техника тiлiне айналуында, күнделiктi тұрмыстық өмiрде бұқпанталамай, бөгет көрмей кең қолданысқа енуiнде. Қоғамдық көлiк иелерiнен қағажу көрген қазақ тiлi тұрмыстық деңгейде дамып жатыр деп кiм айта алар? Мемлекеттiк ономастика мекемесi бекiткен көше атаулары өзге тiлге бұрмаланып, қазақтың ардақты ақындарының аты қазақша дұрыс айтылмай жүргенi тiлдiң шалажансар күйiн танытпай ма? Алматы сияқты iргелi, көзi ашық, көкiрегi ояу зиялы қауым көбiрек шоғырланған қалада отбасылық дастарқан үстiндегi әңгiме шала қазақ тiлiнде өрбiсе, ата – немересiмен, шеше – баламен шүлдiрлеп өзге тiлде шүйiркелессе – "қазақ тiлi тұрмыстық деңгейде қалды" деп байбалам салудың ретi бар ма? Әлде "қазақ тiлi тұрмыстық деңгейде қолданудан да қалып барады" деген қауiптiң басы қылтия ма? Ақорда мен Үкiмет үйiндегi шенеунiктердiң екi ауыз сөздi қазақша айтқанына қуанудан бұрын, бала бақшадағы бүлдiршiндердi шұрайлы да бай қазақ тiлiне баулу керек шығар, бәлкiм? Ұлтты сақтайтын тағы бiр дiңгек – дiн. Дiнге қатысты қоғамда қолдан жасалған плюрализмге қарамастан, бәрiмiздiң пiкiрiмiз бiр ойда тоғысатыны рас, ол – дiн, әсiресе, Ислам дiнi ең әуелi имандылыққа үндейдi, тәрбиелейдi. Ал имандылық – ең әуелi, ұят, намыс, жауапкершiлiк. Бұрын қазақ қызы туралы қоғамдық пiкiр қандай едi? "Тәрбиелi, ұяң, қажет болса, намысын қорғау үшiн өлуге даяр, көрегендi ұлттың қызы" едi. Ал қазiр ше? "Қазақтың қыздары жеңiлтек, икемге оңай көнедi" дейдi қандас бауырлар. "Сырт көз – сыншы" болғанмен, ұдайы шыншыл емес. Бүгiнгi барша қазақ қызына жала жабудың ретi жоқ. Дегенмен, атеистiк қоғам "тәрбиесiнiң" бiр салдары – кiндiгi ашылған қыздар мен жаулық жамылмайтын әжелер екенiн көзiмiз күнде көрiп жүр. "Балама қандай тәрбие беремiн?" деп мұңға батқан келiншектiң уайымы – барша ұлттың басындағы мүшкiлдiктiң белгiсi сияқты көрiнедi маған. Теледидар, интернет, "сары жағал" басылымдар – зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, қулық-сұмдық, ұрлық-қарлық, арамдықтың сан түрiн құбылтып, "құлпыртып", күн сайын көз алдыңа көлдеңдеп тоса берсе, оның ықпал-әсерi болмайды деп кiм айта алар? "Тамшы су тас теседi" дейдi қазақ мұндайда. Қазiр бұғанасы қатпаған жастар арасында өзiне өзi қол салушылар көбейдi. Өмiрде әлi жамандықтың да, жақсылықтың да дәмiн татпаған, оңы мен солын айырып үлгiрмеген жеткiншектiң өзiн өлiмге қиюының түп себебi неде? Қоғамның жаппай тығырыққа тiрелуi ме, әлде Өмiр алдындағы әлсiздiк пе? Бәлкiм, ұлттық тәрбиенiң жетiмсiздiгi шығар? Дүние есiгiн ашқаннан мәпелеп өсiрген ата-ананың еңбегiн, үмiтiн арқалатқан елiнiң келешегiн, өзiнiң жеке тұлға ретiндегi амбициясын, Алла берген бейiмi мен ерiк-жiгерiн, тағы басқа бiз санап тауыса алмайтын қисапсыз көп игiлiктердi қиып, о дүниеге аттанып кете бару… Жас сананың осындай шешiмге келуiнiң себебiн психолог мамандар табуы керек-ақ. Мұны әлеуметтiк құбылыс ретiнде зерттеу қажет. Дегенмен, бiр нәрсе айқын – жас сана Алла, Ата-ана, Отан алдындағы жауапкершiлiк сезiмiнен жұрдай. Осыдан 19 жыл бұрын дүниеге келген, Тәуелсiздiгiмiзбен түйдей құрдас жастарымызға бiз ең басты қасиеттi – патриотизмдi әлi сiңiре алмаппыз… Елбасы биылғы балаларға арналған Жаңа жылдық шырша мерекесiнде патриотизм тұрғысынан ой қозғады. "Қазақстанды нағыз патриоттар ғана бұдан гөрi күштi, өркениеттi әрi сыйлы мемлекеттер қатарына қоса алады" дедi Президент. Жаңа жылдық шыршаның шамдары үлкен саясатпен жымдасып жағылуының өзi – Патриотизмге әбден сусағандығымыздың белгiсi емес пе? "Бiздiң мемлекет – үлкен тату отбасының жарқын үлгiсi, мұнда әр түрлi ұлт өкiлдерi өмiр сүредi, жұмыс iстейдi. Осы достықты сақтаңдар!" дедi Назарбаев балаларға. Қазақстандық патриотизм бала бақшадан, отбасыдан басталады. Ал оны егетiн – мемлекет. Қолын жүрек тұсына қойып, Қазақстан мемлекетiнiң Әнұранын айтып тұрған бүлдiршiн шын мәнiнде тәуелсiз қазақ елiнiң азаматымын дегендi сезiнiп өсе ме? Туған тарихын ардақтап, туған тiлiн құрметтеп, дәстүрiн мақтаныш ете ме? 19-дағы жiгiттiң қандай болмағы, 19-дағы мемлекетiмiздiң қандай болмағы – бiзге, бүгiнгi тiрлiгiмiзге, үйде, балабақшада, мектепте балаларымызға қандай тәрбие берiп жатқанымызға байланысты. Құл емес, ұл тәрбиелеу қолымыздан келе ме, жоқ па?

Гүлбиғаш Омарова