Жаңалықтар

БАЛДЫРҒАНДАР "АЗИАДА – 2011"-ГЕ АТСАЛЫСЫП ЖАТЫР

ашық дереккөзі

БАЛДЫРҒАНДАР "АЗИАДА – 2011"-ГЕ АТСАЛЫСЫП ЖАТЫР

"Азиада – 2011" қысқы спорттық жарыстың өтуi қарсаңында Алматы қаласындағы №35 балабақшада желтоқсан айының 6-сы мен 10-шы жұлдызы аралығында балдырғандар арасында тәрбиелiк мақсаттағы бiрқатар iс-шаралар ұйымдастырылды.

"Тәрбие басы – тал бесiк" екенiн ескерсек, жас буынды тәрбиелеуде осындай бағдарламалардың маңызы зор. Яғни, әрбiр жас өскiн өзiнiң үлкен елдiң кiшкене бөлшегi екенiн балдырған шағынан сезiнетiн болса, болашақ елжанды азамат болып қалыптасары даусыз. Осы орайда елiмiздегi айтулы оқиға "Азиада – 2011" тақырыбында балалармен кең ауқымда әңгiме өткiзiлiп, оның мән-мазмұны түсiндiрiлдi. Сондай-ақ, топтар арасында арнайы спорттық жарыстар, "Қыс қызығы" тақырыбында сурет салудан байқау ұйымдастырылды. Жарыс барысында мектепке даярлық тобының Нұрқасым Томирис, Жанатқызы Амина, Еркiн Жансая, Байғабыл Елжан сынды бүлдiршiндерi өздерiнiң қылқалам өнерiне бейiм екенiн байқатты. Қысқы спорттың түрлерi туралы көрсетiлген бейнематериалдар да балаларды бей-жай қалдырмады.

Тән саулығының басты кепiлi – спортпен шұғылдану екенiн балаларға жастайынан сiңiре бiлсек, денi сау, қуатты ұлтқа айналарымыз анық.

Асылбекова Бульбар, әдiскер