Дүние жалған
Дүние жалған
ТАЛАНТТАР ТАБЫТҚА СЫЙМАЙДЫ
Құдаш!
Құдайдың құлы едiң, алты алаштың аузындағы ұл едiң. Сахнада түледiң, сахнаның гүлi едiң. Сабағыңнан үзiлдiң. Құдайдың өзi жаратып, өзi алады деймiз-ау. Ажалға араша бар ма?!
Ғұламалардың ғұмыры қамшының сабындай неге қысқа? Саттар Ерубаев небәрi 23-ақ жыл өмiр сүрдi. Лермонтов – 27, Сұлтанмахмұт пен Шоқан – 30, Пушкин – 38, Мопассан – 40, Махамбет – 42, Чехов – 44, Кеңшiлiк – 43, Мұқағали – 45, Оралхан – 49, Ломоносов – 55, Абай – 59…
Сен, Құдаш, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жасында дүниеден өттiң. Таланттар табытқа сыймайды. Артыңда iз қалды. Ұрпағың бар – Еркебұландай ұл мен Ботадай қыз қалды. Халқыңмен сыйласып өткен, сырласып өткен "Сiз" бен "Бiз" қалды. Ең бастысы, сенi iздейтiн елiң бар, сағынатын жұртың бар.
"Тамашаның" табытқа түскен тарландары Берқайыр, Оспанхан, Шона, Лұқпан, Тоқсын, Уайс, Мейiрман, Жарасқан, Марат, Басқарлармен Кеңсайда жатып, кемсеңдеген ел-жұртыңа егiлме дешi, Құдаш!
"Бiз де сiздей болғанбыз, сiз де бiздей боласыз" дейсiң бе?
О, жалған дүние-ай!
Көпен ӘМIРБЕККҮЛКI КӨЗ ЖАСЫН ТӨКТI…
Ажалға қарсы дау айта аласың ба? Жымысқы қадаммен мысықтабандап жетiп үлгередi. Арыстай азаматты қас-қағым сәтте қапы соқтырып, әкетiп үлгередi. Бұл жолы да сөйттi. Қазақтың қою күлкiсiн көкiректi қарс ұрғызған сұрапыл қайғыға ұшыратып кеттi.
Құдайберген Сұлтанбай сынды жүрген жерiн жайдары күлкiге, шуақты әзiлге, қажет кезде усойқы сын-сықаққа бөлеп кететiн ерекше тұлғаны арамыздан аяусыз жұлып алды.
Қапысыз оқ тигендей отбасы қалды аңырап…
Сәт сайын күлкiсiн күтiп отыратын көрермен қалды күңiренiп…
Бауырын жұлып алғандай құрдастар қалды құса боп…
Қалжыңымен шөл басқан қалың қазақ жұрты қалды қайғы жұтып…
Дүние-ай, десеңшi!
Құдайберген Сұлтанбай жаңадан жарқ еткен "Тамашадан" жасындай жарқ еткенде студент едiк. Соңғы курстарда оқып жүргенбiз. Ауылдан келген шешемдi алып бардым "Тамашаға". Онша-мұншаға езу тарта бермей, мұрнын шүйiре қарайтын, өзi де ешкiмге есе жiбермейтiн тiлi тiкенектей жарықтық апамның сонда рахаттанып күлгенiн көрдiм. Құдекең дәу сары кемпiрдiң образына кiргенде, тiптi, iшек-сiлесi қатты. Өйткенi, ол шешемнiң туған жеңгесi, менiң нағашы Қойтай апамның ролiн ойнап жүрген сияқты едi.
Кейiн "Тамашаға" автор болдық. Шығармашылық тұрғыда араластық. Өзi алғаш рет театр құру әрекетiне кiрiскенде менi редактор болуға шақырды. Көп еңбектендiк. Ойы да толып қалған екен. Ол идея ұсынады, мен жазам. Бiрақ соның барлығын жүзеге асыра алмады. Ұйымдастыру жұмысынан қолы босамай, талай өзектi нәрселер айтылмай, орындалмай қалды. Әртiс Құдайберген мен депутат Құдайбергеннiң монологын жаздым. Уытты жерi көп едi. Екеуiн де екi түрлi мiнезбен бiр мезгiлде мың құбылып өзi ойнауы керек-тiн. Ол нөмiр сахнаға жетпедi. Себебi театр құру шарасы қомақты ортаазиялық күлкi фестивалiн өткiзуге ұласып кеттi де, өзiнiң шығармашылық шаруасына уақыт қалмады. Кейiнiрек Құдекең ұсынған идеямен "Қазақ пен кәззап" деген өлең де дүниеге келдi, кiтапқа кiрдi.
Жолыққан сайын шығармашылық жайында сөйлесетiнбiз. Соңғы кездегi сатиралық театрлардың әртiстерi шығып жатқан сатиралық дүниелермен таныс еместiгiн айтудан гөрi "Қазiр сатира жоқ!" деп үзiлдi-кесiлдi ұран салуға бейiм. Құдекең барды оқып тұратын. Оқығанын бiлдiрiп, пiкiр айтып тұратын. "Қансорғыш машинаңды" орындап жүрмiн" деп қоятын.
Соңғы кездескенiмiзде "Жас алашқа" шыққан бiр әңгiмемдi оқығанын айтты. "Дайын комедия екен, осыны комедия етiп жазсаңшы" дедi. Әрине ондайда iшiң жылып қалады. Жылыды. Жылып тұрып "Осыдан жазбасам ба!" дедi iшкi ойым да жылы ғана.
Дәрiгердiң алдында ұшырасып қалған бiр жанкүйерiмiздiң: "Ойбай-ау, сатириктер де ауыра ма екен, күлкiнiң iшiнде жүрiп науқастанғаны несi?" деп әжептәуiр кейiгенi бар. Осы жағдайды құлақ шалғанда "Ойпырмай, Құдекеңнiң хабарын естiген ол жанкүйер қандай халде болды екен?" деген ой санама бiрден сап еттi.
Иә, қазақтың сахналық күлкiсi ойсырады. Мейiрман, Тоқсын, Уайс… ендi мiне…Құдайберген.. Өз ойыңнан өзiң шошисың. "Құдайдың өзi бердi, құдайдың өзi алды" деп бiр-бiрiмiздi алдаусыратармыз.
Қалтай Мұхамеджанов ағамыз "Ара" журналына жабылар қауiп төнгенде: "Ара" жабылғаны – қазақ күлкiсiнiң қара жамылғаны" деген өткiр ой айтып едi.
Құдайбергеннiң кеткенi – күлкiнiң көз жасын төккенi… деймiз, қайтемiз?!
Жатқан жерiңiз жәннатта болсын, Құдеке!
Толымбек ӘЛIМБЕКҰЛЫ