Жаңалықтар

МҰХАҢНЫҢ ҮЙIНДЕ

ашық дереккөзі

МҰХАҢНЫҢ ҮЙIНДЕ

…Баукең асықпай орнынан тұрып, жазу үстелiнiң үстiнде жатқан ақ папкiнi алды.

– Мә, оқы! – деп сарғыш тартқан екi парақ қағазды ұсынды. – Бұлар менiң соғыс даласынан жазған хаттарымның көшiрмесi.

Баукең "трам-там-трарам" деп әндете басып, бөлмеден шықты. Мен Баукеңнiң майданнан жолдаған екi хатын оқуға кiрiстiм.

"Ардақты Мұхтар аға!

"Абайдың" бiрiншi кiтабының жарыққа шығуына өте қуаныштымыз. Бұл хабар қазақ әдебиетiнiң тұңғыш ұл баласының қайта туғанындай болып естiледi. Амандық болса, оқып көрiп, пiкiрiмдi адал ниетпен айтармыз деп үмiттенемiн" (18.08. 1942 ж.)

"Тайгасовтан берiп жiберген "Абайды" алдым. Өте көңiлдi. Сiзге бас иiп, рахмет айтамын. Уақтылы-уақтылы терең оймен жұмырылып оқымасам да, ат үстiнен шетiнен кемiрiп жүрмiн. Сынауға, мiнеуге, оны терең ойлауға уақыт керек қой. Әсiресе, кәсiби сыншы, мiншi емес, әдебиеттен тысқары қара бұқара адамға . Сөйтсе де "Абайға" беретiн менiң бұқаралық бағам мен және мен сияқты оқушылар бұрын "орта жастағы Абайды", "жасы келiп қалған Абайды", "қарт Абайды" ғана танитынбыз.

Сiзге таныс та, тамыр да емеспiн. Қошемет етiп жалпаштанар жайым жоқ. Мен солдаттың ерлiгiне, ептiлiк шеберлiгiне, әдiс-айласына дұрыс, әдiл баға берiп үйренген солдатпын. Мен Сiзге, Сiздiң жазған тарихи "Абайға" көзқарасымды өзгертiп, ұстаған жолымнан таймақ емеспiн, көргенiмдi өзiмше айтпақпын.

"Абай" өте көркем шеберлiкпен, арғымақтай сынды, тап-тұйнақ, пысық, қысқа, өте мазмұнды (артық сөзсiз) қазақтың жалпақ әдемi тiлiмен жазылыпты. "Словам тесно, мыслям просторно" деген екен баяғыда бiр оқыған. Бұл сiздiң талантыңыздың табысы екендiгiнде сөз жоқ. Егер де "Абайдың" екiншi кiтабын сiздiң кейбiр бiрадырларыңыз жаза қойған болса, былжыратып, аз дегенде "Құрандай" етiп жазуы да сөзсiз.

Зере мен Ұлжан Абайдың ғана емес, барлық халық анасы, аналық (халыққа) сезiмi мол, елдiң мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетiлген. Оларға қарсы мейiрiмсiз, қатыгез, қатал, деспот Құнанбайға жолыққанда денең түршiгедi. Бала Абай осы екi оттың – екi ықпалдың арасында толығынан көрсетiлiп, тарихи анық айқындалған. Мен "Абайды" таныдым, көптен бергi сұрақтарыма сiзден мазмұнды, мәдениеттi, тарихи шын жауап алдым. Қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы толық, айқын, көркем суреттелген (мен олардың шет жағасын көргенмiн, сондықтан түсiнiп, бiлiп отырмын, тек айтылған сөз деп таппаңыз). Қоғамдық жұрт мәселелерi жағына Сiздiң еңбегiңiзге "Слог охаректеризует не только человека, но и общества данной эпохи" – деген Гогольдiң айтқанынан басқа айтарым жоқ.

Әзiр "Абайды" оқып, парақтап отырып, ең аяғында "мазмұны" деген беттi оқып отырып, бiраз кейiн шолып қарасам, "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Өрде", "Қияда" деген аттар тек жазушының қоя салған аты емес көрiнедi-ау. Оларда мән бар екен. Оныңызға да аз ғана болса да түсiнгендей болдым-ау деймiн. Бұрын олар ойыма келмептi ғой. Жаңа ғана бiлсем не iстерсiз?

Менiң қысқаша пiкiрiм осындай. Б. Момышұлы. (18. 10.1942 ж.)

Баукең бөлмеге енiп:

– Оқып бiттiң бе? – дедi.

– Иә.

– Қалай түсiндiң, ол өз шаруаң.

Орнына жайғасқан соң, бурыл шашын саусақтарымен кейiн қарай тарай отырып:

– Сен Мұхаңды көрген бе едiң? – дедi маған барлай қарап.

– 1961 жылы Шымкент қаласының Мәдениет сарайында "Абай жолы" романы бойынша оқырмандар конференциясы өттi. Конференцияда Шымкент педагогика институты филология факультетiнiң екiншi курсында оқып жүрген мен "Абай образының кейбiр жасалу ерекшелiктерi" деген тақырыпта ( Абай бейнесiн Навои, Тоқай, Пушкин, Грибоедов туралы жазылған романдардағы басты кейiпкерлер бейнелерiмен салыстыра зерттеген) баяндама жасадым. Баяндама жасаудың алдында Мұхаңа арнаған "Шәкiрт сөзi" деген өлеңiмдi оқыдым.

– Сөйлеп бiттiң бе?

– Бiттiм.

– Онда тыңда. Әскери академияда сабақ берiп жүргем. Он шақты күнге Алматыға келдiм. Мұхаң менi дұрыс көретiн, кейде жек те көрiп қалатын. Түс қиыса бiздiң үйге келдi.

– Жамаш қарындасым, мен әдейi Бауыржанға келдiм. Үйге ертiп барайын. “Өзi кеп шақырды десiн” деп әдейi соқтым. Ана тамақты өшiрiп қоясың ба, балаларға бересiң бе, өзiң бiл. Сен де жүр, – дедi.

– Ойбай, Мұха, мен бара алмаймын. Үйге қазiр туыстарым келмекшi едi. Баукең бара берсiн. Мұхаңның үйiне кеттi деп айтармын, – деп рұқсат еттi. Бардым. Барсам, томпиған бiр орта бойлы қара әйел, екi ұл бала жүр. Валентина Николаевна күлiмсiрей амандасты.

– Валя, не спеши, я должен поговорить с Баурджаном. Через полтара часа мы должны сесть за столом, – дедi.

Кабинетiне кiрдiк. Отырмыз. Ләйла ол кезде кiшкентай. Оған Мұхаң:

– Позави ее, – дедi. Ләйла тарпақ, орта бойлы қара әйелдi ертiп келдi.

– Отыр, мына кiсiнi танисың ба?

– Естуiмiз бар ғой, Бауыржан аға ғой.

– Ал бұл кiсiнi сен естiп, танысаң, бұл кiсi сенi танымайды, – деп Мұхаң маған қарады. Бұл менiң қызым болады. – Мен таң қалдым.

Әңгiмемiздiң арнасы халық творчествосына қарай ойысты.

– Абайды алып қараңыз, Абайдың да шығармасының тереңдiгi, тамыры халықта жатыр. Пушкиннiң, Лермонтовтың туындылары ше? Мұха, осылай тексере берсеңiз, ешкiм аспаннан түспеген. Эпос жағынан бiз түрiктектес халықтар арасындағы ең бай халықпыз. Эпостық шығармаларымыздың авторы болмады дегенге мен сенбеймiн. Әрине, олар қалбырдан өттi.

Эпоста редакторлар да, цензура да болған. "Ой, сын айтқаны дұрыс емес, былай айтқан жөн", – деп өңдеген.

– Мен сенiң пiкiрiңе қосылам, Бауыржан. Бiрақ сол жекелеген авторлар жалғыз өзiнiң көзқарасын, ұғымын емес, бүкiл елдiң көзқарасын, ұғымын бiлдiрушiлер. Сол себептi ауызша әдебиеттiң шығарушысы жалпақ ел деймiз. Мұны бүкiл бiр елдiң жалпы дүниеге көзқарасы да, өткен өмiрдi түсiнуi де бiр-ақ түрде болғанынан кейiн, кейiнгi буын өмiрдi айнақатесiз алдыңғы буынша түсiнiп, соларша тәрбиеленгенiн көремiз. Жалпы ауызша әдебиет туындыларын елдiң белгiлi салты, әдет-ғұрпы, дiни нанымы туғызады.

Мұхаң көсiле, шешiле сөйлеп, ауыз әдебиетiнiң бұрың-соңды мен бiлмеген қырлары мен сырларын жарқырата ашып бердi. Ескi заман тарихи қойнауларына саяхат жасап, жан-дүниемдi нұрландыра байытып, ойымды өсiрiп тастады. Бiлiмiнiң тереңдiгiне, кеңдiгiне iштей таң қалдым әрi қызыға сүйсiндiм.

– Көп сөйлеп кеттiм бiлем, Бауыржан. Кешiр, бүгiн сенi тыңдасам деп едiм, – деп бiр кезде Мұхаң маған мейiрлене, елжiрей қарады.

Мен iркiлгенiм жоқ.

– Мұха, көңiлiңiзде жүрген сұрағыңыз болса, қойыңыз?

– Ұстаздарың туралы айтшы?

– Бiрiншi ұстазым – әжем, екiншi ұстазым – әкем. Ал өзге ұстаздарым тiптi көп. Олай дейтiнiм, маған ой салғандардың бәрi ұстаз, Мұха. Менiң ойымша, ұстаз адал болу керек, адал емес адам ұстаз бола алмайды.

– Тұжырымың – ғылыми тұжырым, Бауыржан.

– Әдебиеттегi ұстаздарымды айтсам, Махамбет, Абай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Тұрар Рысқұлов, Қасым Аманжолов. Сiз әдебиет теjриясын жақсы бiлесiз, мен әскери адаммын. Одан хабарым жоқ. Мұнымен келiсесiз бе?

– Келiсем, Бауыржан. Ойыңды бөлмей айта бер.

– Мен Мәскеуде Александр Блоктың әйелiмен таныс болдым. Александр Блок жас кеттi ғой. Ол кiсi, өзiңiз бiлесiз, орыс поэзиясын Пушкин, Лермонтовтан кейiн көкке көтерген кiсi. Бiр өлеңiнiң мына жолдары есiмде қалыпты.

"– Да, скифы – мы!

Да, азиаты – мы, – дей келiп:

– Да так любить, как любить наша кровь

Никто из нас давно не любить!

Забыли вы, что в мире есть любовь

Которая и жжет, и губить!"

Менiң ойымша, бiздiң Мағжанға Александр Александрович Блоктың әсерi көп. Өзiңiз бiлесiз, Мағжан көп оқыған, аса бiлiмдi кiсi. Бiр өкiнiштiсi, оның толық ашылуына мүмкiндiк бермедiк.

– Бұл пiкiрлерiңдi келешек Мағжанды зерттеушiлер ескерер деген ойдамын, Бауыржан. Сөзiңдi бөлгенiм үшiн кешiр.

– Жүсiпбек Аймауытов та солай. Ол кiсiнiң "Ақбiлек" романының астарына ой жүгiртiңiзшi? Халқымыздың құлдыққа қалай айналып бара жатқанын шебер бейнелеген.

Жүсiпбек те нағыз ақын, нәзiк суреткер, драматург, педагог, психолог. Мен ол кiсiден сабақ алғандардың бiреуiмiн. Ол кiсi мен оқыған мектептiң директоры болды. Ол кiсiден Әбдiлда Тәжiбаев, Төлеген Тәжiбаев, Құрманбек Сағындықов, Мәулен Балақаев, Тәңiрберген Отарбаев, Әлiшер Бейсенов, Сейiлбек Үсенов, Григорий Горшков, Андрей Агаев, Петр Чеховцов, Елена Степановна Проценко, Мария Ивановна Фоменко, Андрей Александрович Коненько оқыды. Тiрiлерiмiз ол кiсiнi осы уақытқа дейiн еске аламыз.

Жуковский, Державин, Пушкин, Мопассан, Гете, Гюго, тағы басқаларды бiз Жүсекең арқылы танығанбыз. Он был очень высокообразованным человеком.

Өзi қыр мұрынды, орта бойлы, реңдi кiсi едi. Оны да "ұлтшыл" деп қателесiп, аттырып жiбердiк. Өзi орыс тiлiн тамаша бiлсе керек. "Инетрнационалды" аударғанда он сегiз жаста ғана екен. Осы күнде он сегiздегiлердi, Мұха, бала деп жүрмiз ғой. Сол он сегiз жасар Жүсiпбектiң халық психологиясын соншалықты терең бiлгенiне мен осы күнге дейiн таң қаламын. "Никто не дасть нам свободу, ни бог, ни царь, ни герой" деп келетiн "Интернационал" сөзiн Жүсекең "Бостандық бiзге ешкiм бермес, патша да, бай да, батыр да" деп аударған. Орысшасындағы Құдай да деген сөздi әдейi қалдырып кеткен. Ол кезде қазақтар дiншiл, елдi босқа ашындырып аламыз деген. Он сегiз жасар ақын қандай психолог десеңiзшi?

Мұхаң маңдайын ұстап, үндемей отырып қалды.

– Мен ұстаздарым туралы қысқа сөйлеп отырмын. Оның себеп-сырын түсiнерсiз, Мұха?

– Түсiнем…

– Санжар Жапарұлы Асфендияров деген кiсi туралы естуiңiз бар ма?

– Аздап.

– Ол кiсi Ташкент қаласындағы кедей әскери тiлмаштың отбасында дүниеге келген. Реальды училищенi бiтiрген соң, әкесiнiң болмашы жалақысына қарамастан Петорбордағы медициналық академияны тауысқан. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста патша армиясының полк дәрiгерi болған. Ол оңай нәрсе емес, шырағым. Сөйтiп жүрiп, жау қоршауында қалып, тұтқынға түскен. Немiстер адамды таниды. "Е, мынау дәрiгер ғана емес, барлық жағынан бiлiмi бар кiсi екен" деп, оны Лейпциг университетiне оқытушы етедi. Құдай бiледi, өзi бұрын немiсше бiлетiн болу керек. Дәрiгерлiгiн қойып, Санжар Жапарұлы тарихшы болады. Немiс тiлiнде "История казахов из древних времен до наших дней" деген кiтап жазады. Шығыстың, Россияның тарихынан лекция оқиды. Немiс, ағылшын, араб, парсы, орыс тiлдерiн жетiк меңгерген, қытай жазуын да оқып, түсiнген Санжар Жапарұлы түркiтектес халықтар тiлiнде де ойын еркiн жеткiзген. Қызметтес жандардың айтуынша, ол кiсi: “Тарихты жақсы бiлу үшiн зиялы қауым көп тiл бiлу керек” – дейдi екен.

Санжар Жапарұлы Түркстан АССР-i Денсаулық сақтау халық комиссары, Түркiстан АССР-нiң Егiн шаруашылығы халық комиссары, Түркiстан АССР-i Орталық партия комитетiнiң жауапты хатшысы, кейiн Мәскеудегi Шығыстану ғылыми зерттеу институтының директоры болады. Тағы басқа да жауапты қызметтер атқарады. Германияда жазған кiтабын орысша жазады. Ол бiзде “Қазақстан тарихының очерктерi” деген атпен кiтап болып шықты. Мен алып оқыдым. Қалың кiтап едi. Мүмкiндiгiң болса, таныссаң, таң қаларлық жай.

Ол кiсiнiң ислам тарихы, пайғамбарымыз Мұхаммед өмiрi, халқымыздың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi туралы жазғандарын да оқыдым. Менiң тарихтан бiлiмiм алғаш Санжар Жапарұлының еңбектерiнен бастау алды.

Сталиннiң оған Қазақстанға Денсаулық сақтау халық комиссары болып баруды ұсынуы да қызық. Сонда жарықтық:

– Бұл қызмет маған аз,– дептi. Сталин ашуланып:

– Ендi Исаевтың орнын алмақшысың ба?– десе:

– Жоқ, ол орынға мен жарамаймын,– дейдi.

– Ендi неге аз дейсiң?

Орталық партия комитетiнiң бюро мүшелерi түгел тыңдап отыр.

– Аз дегенiм, Қазақстанда медициналық институт жоқ. Мен дәрiгермiн. Оны бiлесiз ғой?

– Иә, бiлемiз.

– Менi Денсаулық сақтау халық комиссары етулерiңiзге қарсылығым жоқ. Сонымен бiрге әлi құрыла қоймаған медицина иститутының директоры да болайын.

“Институтқа менi директор ет” дегенiне отырғандар ду күлiптi.

Сталин ұзын мүштегiн кеудесiне жақындата ұстап:

– Орынды, өте дұрыс шешiм. Сiз жоқты бар етiп жасамақсыз. Дәрiгерсiз, профессорсыз. Мен сiздi түсiндiм,– дейдi.

…1933 жылы мен Алматыға оқу iздеп, сандалып келiп қалдым. Сонда Санжар Жапарұлын көрдiм. Ортадан биiктеу бойын тiк ұстап, асықпай адымдайды екен. Маңдай тұсынан екiге жарыла таралған қою қара бұйра шашы көз қуантар көркiне ерекше жарасатындай. Кигенi қонышы қысқа, табаны жалпақ етiк, галифе шалбар, тiк жағалы гимнастерке, белiн жiңiшке белдiкпен буған.

Ол кезде жеңiл машинадан хабар жоқ. Алматының көшелерiнде үйдей-үйдей тастар жататын.

Осы күнгi 28-шi панфиловшылар паркiнде 400-500 көрермен сыятын кiшкене клуб бар едi. Демократияның күштi кезi. Кешке сонда келiп, кино көремiз. Елдiң бәрi "паркке барып, кино көрдiк" деп мәз. Паркке кiргенiмiз үшiн бүгiнгiдей ақша төлемеймiз. Жан-жағы шарбақпен қоршалған мiнбе бар. Шам жанулы.

Кешке қарай Министрлер кеңесiнiң төрағасы, министрлер көпшiлiктiң арасында серуендеп жүре беретiн. Әйелiмен серуендеген Ораз Исаевты, Ораз Жандосовты бiрнеше рет көрдiм. Бәрiнен Санжар Жапарұлының бойы биiк едi.

Бiр қызық деталь. Бәрi жексенбi күнi кешке қарай жеке дара серуендейтiн. Жас баламыз, бiзде қызығушылық басым. "Мынау кiм?" – деп сығалап қараймыз. Ол кезде галстук тағу ерсi болатын. Сталин кителiндей китель киiп жүретiн. Галстук таққанды буржаузиялық қалдық дейтiн.

Бiрде паркке Қазақ ССР-i халық ағарту комиссары Темiрбек Қараұлы Жүргенов китель киiп, таяқ ұстап, жалғыз келдi. Мүмкiн жасырын күзетi бар шығар. Ол кезде одан бiздiң хабарымыз жоқ едi.

Мiнбеге шығып сөз сөйледi. Өте ақылды кiсi екен. Сол кездегi бiр ерекшелiк, орыстар да қазақшалап сөйлейтiн.

Темекең аласа бойлы, қараторы өңдi, сымбатты, сұсты кiсi едi. Ол кiсi сөйлегенде күллi парк жиналатын. Бұған дейiн Өзбекстанда Халық ағарту комиссары болыпты. Ол кезде қазақ қағаз деген сөздiң мағынасын түсiнбейтiн. Оны өзбекше былай дейдi деп, өзбекше айтқанда ел қырантопан күлетiн. Қазақша бiрнәрсенi айтып келедi де, мұны өзбекше былай дейдi дейтiн.

Темекеңнiң сөзiн мен үш-төрт рет тыңдадым. Керемет шешен кiсi едi. Жұртты күлдiрiп сөйлейтiн. 1936 жылы әдебиетiмiз бен өнерiмiздiң Мәскеуде өткен онкүндiгiн ұйымдастырған Темiрбек Қараұлы ғой. Ол тұңғыш драмалық театрымызды құрды, мәдениетiмiздiң негiзiн салды. Сол кезде жасы шамамен отыздан асқан едi. Қалжыңға өте ұста болатын.

Санжар Жапарұлы Асфендияровтың сөзiн бiр-ақ рет тыңдадым. Орыс, Европа тәрбиесiнiң әсерiнен болса керек, сөйлеу мәнерi бөлек едi. Лектор ретiнде онша жарқырай қоймағанымен ойын еркiн айтып түсiндiрдi, парктегi кездесуде сөйлеген кiсiлердiң ең бiлiмдiсi екенi танылып тұрды.

Ол кiсi аудиториямен байланыс жасай алмады, ал Жүргенов жасады. Бұл Санжар Жапарұлын кемiткенiм емес, әркiмнiң мектебi, сөйлеу мәнерi бар ғой.

Ораз Кәкiмұлы Жандосовтың шешендiк өнерi де менi магнитше тартатын. Ол кiсiнiң жұртты өзiне алаңсыз ұйытып, баурап алуы Темiрбек Қараұлының шешендiк өнерiнен аспаса, кем түспейтiн. Орекең ұзын бойлы, мұрны таңқиған, аса сүйкiмдi кiсi едi.

Бүгiн өткен күндерге ой жiберсем, Темiрбек Қараұлы мен Ораз Кәкiмұлының жұртты күлдiрiп, көңiлдендiрiп, шешен сөйлеуiне халқымыздың тәрбиесi, әсiресе, ауылдарымыздағы ойға, тiлге бай, әзiлге ұста ақсақалдарымыздың әсер-ықпалы көп болғанға ұқсайды. Әлде қателесермiн. Қателессем, дәлелдеңiз…

Маған көп ой салған кiсiлердiң бiрi – өзiңiзсiз, Мұха. Сiз туралы жақ ашпай отырғанымның сырын түсiнерсiз. Сiзден кейiн аса қадiр тұтатын ақындарымның бiрi – Қасым Аманжолов. Салыстырыңыз! Қасымның өлеңдерi өз замандастарының өлеңдерiнен қанша биiкте тұр?! Кейбiреулер өздерiнше "классикпiз" дейдi. Қайдағы классик?!

Жәкең (Жамбыл) соғыста болған жоқ. "Ленинградтық өрендерiм" деген Жәкеңнiң шығармасын алып қараңыз. Күллi Кеңес поэзиясында дәл осындай ақсақалдық қайғы кездесе ме?

– Бүгiн бiр жақсы кеш болды, Бауыржан, екеумiз алаңсыз сырласқан кеш. Iркiлме, құлағым сенде.

– Бiздiң батырлар эпосы, халық жыры, Мұха, түркi тектес Орта Азия халықтарының iшiнде бiрiншi орын алады деген ойдамын, – деп бастапқы тақырыпқа қалай ойысқанымды өзiм сезбей де қалдым. – Эпос жағынан бiзбен бiр түркi халқы жарыса алмайды. Бiздiң эпостың тiлi, образдары классикалық дүние. Может этим завидовать любой классик и притем классики Азии и Африки. Рас, бiр кемiстiгiмiз, шетел тiлдерiн бiлмеймiз. Егер жақсы, жеткiзе аудара алсақ, арабтардың өзi таң қалар едi. Мысалы, "Қыз Жiбектi", "Қобыландыны" алып қарасаңыз, ғажап қой. Соларды бiз осы уақытқа дейiн басқа елдердiң тiлiне дөп аудара алмай қор болып жүрмiз. Егер эпостық шығармаларымызды жақсы аудара алсақ, дүниежүзi классикасында бiрiншi орыннан кем орын алмас едiк. Бiздiң образымыз, образды ойлауымыз, суреттеуiмiз басқа тiлде кездеспейтiн нәрселер. Сондықтан басқа тiлге аударуымыз қиын. Аударғанымызбен басқалар оған түсiнбейдi. Тiптi күлуi де мүмкiн.

Мұны кейiнгi талапкерлер тексерiп талдар, оған бiз әлi жеткен жоқпыз. Неге десеңiз, өзiмiздi өзiмiз менсiнбеймiз. Бұл үлкен ауруымыз, оған қашан ем қонары да белгiсiз. Мiржақып Дулатовтың:

“Үш жүзге бiздiң қазақ бөлiнедi.

Осылай шежiреден көрiнедi.

Жазылмайтын қазақта бiр ауру бар,

Iстеуге өз қызметiн ерiнедi,” – дегенiнде терең шындық жатқандай.

Қысқартып айтсам, Мұха, қазекең әр елден өзiне керегiн ала бiлген, пайдаланған. Оған мысал көп. “Қазақтар – сауатсыз, надан-падан” деген сөз – өсек. Оған бiр дәлел, бiздiң эпостың тiлi, образдары классикалық биiкте жасалған.

Бiздiң эпосымыздағы Қобыланды, Алпамыс, Тарғын, тағы басқа батырларға қыздар ғашық болған ғой, Мұха. Олар нағыз ақылды, асыл қыздар. Қыз Жiбектер көзiн сатып қылымсыған емес. Олар ер азамат, батыр үшiн жанын, арын, намысын қиған әулие қыздар, халықтың адал қыздары. Ата-бабамыздың не бiр қадiр-қасиетiн бойларына жиып, әдептi өскендер.

Тоқетерiне келсем, Мұха, ғашықтық – әйелдiң адалдығы, ерлiгi жағынан бiздiң қазақтың эпосы жержүзi деп айтуға аузым бармайды, түркi тектес халықтардың арасында бiрiншi орын алады.

"Руслан-Людмиланы" классика деймiз. Ол бiздiң "Қыз Жiбекке" қарағанда жұпыны. Бұл жағынан мен қазақтың поэзиясы, көркемдiк ойлай бiлуi жоғары тұр деп санаймын. Егер қателессем, дәлелдеңiз, кешiрiм сұрауға дайынмын.

Қыз Жiбек образын алыңыз. Ол асылдардың асылы.

"Өлгенi-ай, Төлегеннiң рас болса,

Құдайым Қыз Жiбектi неге алмайды? – дейдi ол. Мен бiраз халықтың фольклорын бiлем. Мұха, бiрақ мұндай сөздi олардан кездестiре алғаным жоқ.

Қыз Жiбектiң бұл сөзi – классика! Мұндай сөздi айтқан Еуропа, Азияда бiр қыз жоқ, тiптi бiр жесiр бар ма?

"Өлгенi-ай, Төлегеннiң рас болса,

Құдайым Қыз Жiбектi неге алмайды?"

Неткен құдырет?! Қазақты надан-падан дегендерiңiзге мен сенбеймiн, көнбеймiн! Әдiлетке жүгiнелiк, наданның аузынан осындай сөз шыға ма? Шықпайды. Мен "ұлтшылмын". Бұл сөздi дұрыс түсiне бiлу керек, Мұха. Өз әкесiн, өз шешесiн сыйламаған бала бала емес, өз елiнiң, өз жерiнiң, өз халқының қадiрiн бiлмеген адам адам емес. Әйелiн сыйламаған еркек еркек емес, туысқандарын сыйламаған кiсi хайуанмен тең. Иә, Мұха, солай! Мұның бәрiн мен жүрегiмде ұзақ жыл сақтап келдiм. Бiр сөзбен айтқанда, менiң халқым – надан емес!

– Айтқаныңның бәрi дұрыс, Бауыржан. Бiрақ неге мұнша шамырқанып, шамданып отырсың?

– Мұха, кiм көрiнген намысымызға тиiп жатқан кезде қалай шамырқанып, шамданбайсыз?!

Әңгiме арнасы бiрте-бiрте ел iшiндегi ашу-араздыққа, жаулыққа ауысты.

– Қазекеңдердiң бiрiн-бiрi көре алмайтын әдетi бар ғой, Мұха, әлде жоқ па? – дедiм мен сабырлы күйге көшiп.

– Бар. Мен саған үндi халқының "Қызғаншақтың әрдайым ызалы, күйiктi болатыны несi дегенге: оның өз мiнi, жаманшылығы өзiн қинау үстiне өзгенiң артықтығы, игiлiгi де оны азаптайды" – дегенiн еске сала кетейiн.

– Бiрiн-бiрi көре алмаушылық осы уақытқа дейiн бар. Жәкеңнiң (Жамбылдың) ауылынан Саурық, Сұраншы деген батырлар шыққанын бiлесiз. Екеуi де жаумен соғыста қайтыс болған. Соны бiр ақын Жәкеңмен айтысқанда: "Сенiң Саурық, Сұраншың түкке тұрмайды, жаудан өлген" деп мiн етiп таққан. Сонда:

"Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген.

Халық үшiн шейiт боп жанын берген.

Елдi қорғап өлгеннiң арманы не,

Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген", – дей келiп Жәкең: "Сенiң мақтаған батырың үйде жатып, шытыр жеген өгiздей аунап өлген" – дегенде:

– Әй, сен жеңiлдiң! – дейдi қарсыласының биi. – Кешiрiм сұра! – Ана ақымақ ақын, амал жоқ, жеңiлгенiн мойындап, Жәкеңнен кешiрiм сұрайды. Қалай сұрамасын?! "Шытыр жеген өгiздей аунап өлген" деген образ ғой, Мұха. Жай образ емес, нағыз образ! Мұны маған айтып берген әкем марқұм едi. Ал, Мұха, естiген құлақта жазық жоқ деген, мен сiзге естiгенiмдi айтып отырмын.

"Шытыр жеген өгiздей аунап өлген" деген кiмнiң болса, соның аузына түсе бермейдi. Бұл – нағыз ақындық тапқырлық! Анау тұмсықты көздеп жүргенде, Жәкең оның тұмсығының быт-шытын шығарған.

– Мұха, Сурков екеуiңiз қарсы алдымда тыңдап отырдыңыздар. Анау менi дiрiлдетiп, әкесiн танытайын деп:

– Сiздiң ұстазыңыз өмiр бойы неге старшина? – дедi кiнәлап. Құдай аузыма салды ма, мен оған:

– Бұл сұрағыңызды Кеңес үкiметiне қойыңыз? – деп тастадым ғой. Менi полковник, дивизия командирi, ал ұстазым Рединдi старшина еткен Кеңес үкiметi ғой, Мұха.

Ана байғұс не дерiн бiлмей қалды. Есiн жиып, бiр нәрсе дейiн деп келе жатыр едi, Сурков:

– Жолдас, отырыңыз, – деп тастады. Өзiңiз естiдiңiз ғой.

Мұхаң қабағы жазыла күлiмсiреп:

– Айта бер, айт, – дедi. Екеумiз вестибюльде тұрмыз.

– Ұстазым Рединнiң командирiм болғаны рас. Қатал командир едi, алдына дiрiлдеп барушы едiм деп жасырмай жазамын ғой. Ол адал соғысты. Ауыр жараланып, өлiм аузында жатқанында:

– Бауыржан, сен келдiң бе? – дейдi.

– Иә, Николай Васильевич.

Сол сөздерiмiзде қанша психология бар. Сонда мен Рединнiң адамгершiлiгiн көрсеттiм. "Е, баяғыда мұрынбоқ едi" деп ол маған билiк жүргiзген жоқ. Бұл қарапайым орыс адамының, орыс халқының ұлылығы, Мұха. Соны түсiнiп, еске қалдырып жазу деген қалай? Үлкен жазушысыз, психологсыз, өзiңiз бағалаңыз. Қайтыс боларынан бiраз күн жақсылық iстегiм, яғни сақтап қалғым келiп:

– Наубайханаға барыңыз, сонда жiберем, – дегенiмде, Редин бас тартты ғой. "Оның көңiлiне тиiп қойдыңыз, адаммен сөйлесе бiлмейсiз", – деп дивизияның комиссары Коньков маған кiнә тақты.

Мұха, менiң генералдардан да ұстазым болды. Бiрақ бар ұстазымнан Николай Васильевич Редин артық, бар шығармамнан "Помкомвзвода Редин" жақсы. Көлемi тiп-титiмдей ғана.

Бұл өмiрде шын болған нәрсе. Ойдан қосу, тойдан қосу деген атымен жоқ. Оған талдау жасасаңыз, кез келген шығармамнан артық болмаса, кем емес. Онда орыс пен қазақтың қарапайым екi адамының жиынтық образы жасалған десем, мақтанғандығым емес.

Сiбiрде Рединнiң тұқымдары тұрады екен. Тұқымы болғанда Сiбiрдiң бiр селосында жиен қызы мұғалима екен. Оның да жасы келiп қалыпты. Жиеншары маған хат жазыпты. Ол өзi жетiншi кластың оқушысы екен. "Осылай сiздiң кiтабыңызды оқыдық. Николай Рединнiң түрi, аты, әкесiнiң аты – бәрi бiздiң бабамызға дәл келедi. Ол кiсiнiң соғысқа кеткенi де рас. Бiрақ анам қайда екенiн бiлмейдi. Анама оқып берiп едiм, жылады. Бiр қиыны ол кiсi сiздi бiлмейдi екен. “Жазушылар ойдан шығарып жазады екен” деп едiк, анам ұрсып: “Оның дәл осылай әрекет жасайтынына сенем" дедi.

Сiз шындықты жазып отырсыз ба, әлде ойдан шығарып отырсыз ба? Жазушылар қиялдан қосып жаза бередi деп естимiн. Екеуiңiздiң бiрге түскен суретiңiз жоқ па? Болса, бiзге салып жiберсеңiз?"

Өкiнiшке қарай, Мұха, бiз суретке бiрге түспеппiз. Оқып, ойпырмай деп жауап жаздым. "Қарағым, мұнда ешқандай өтiрiк жоқ. Ол кiсiнiң соғыста қолымда өлгенi рас. Дивизия командирi едiм. Қызыл Ту орденiне ұсынғанмын. Ол бауырластар зиратына жерлендi. Оны жеке жерлеген жоқпыз. Оның менiң ұстазым екенi рас.

Сiздiң әжеңiздiң айтқаны толығымен шындық. Мұнда ешқандай қоспа жоқ." – деп хат жазып жiбердiм. Оған жауап алған жоқпын.

Мұхаң тұнжырай ойға енiп, сөзiме араласпай үнсiз тұрып қалды.

Кенет:

– Кешiрерсiз, Мұха, сiз "Помкомвзвода Рединдi" оқып па едiңiз? – дедiм. Ол кiсi шошына, жақтырмай қарап, орнынан қозғалып кеттi. Менiң сұрағым қаскөй сұрақ қой.

– Оқымасам, саған ренжiр ме едiм?

– Онда, Мұха, қайта оқып шығыңыз.

Тоқтай қалып, көзiмен ата қарады. Мен де тоқтадым.

– Николай Редин өмiрмен қалай қоштасты? Есiңiзде бар ма?

– Кеңес Одағына қызмет етемiн деп қоштасты емес пе?

– О, дұрыс, Мұха, оқығаныңызға ендi көзiм жеттi. "Мен өлiп бара жатырмын, маған қиын, ойбай, ойбай" деген жоқ қой.

Ауыр жаралы кiсi өлер алдында да, өлдiм деп айқайлаған жоқ. Сондағы екеумiздiң әңгiмемiз есiңiзде бар ғой?

Мұхаң үндемей, маған сынай қараған күйi тұр.

– Сiзге рақмет, қызметiңiзге, – деймiн ғой. Соған қатты риза боп:

– Сен солай ойлайсың ба? – дейдi байғұс. Мұха, бұл: "Дивизия командирi осылай ойласа, мен Кеңес Одағының жаман азаматы болмағаным, түсiнгенiңе рақмет" – деген сөз. Ақтық демi бiтер сәтте: "Кеңес Одағына қызмет етемiн" – деп өлуi де оңай емес. Бұл атан түйе көтере алмас ауыр сөз, Мұха. Мұны сiз түсiнедi деп ойлаймын. Оны тағы сапта емес, өлер алдында айтты. Сiз деген жоқ, сен дедi. Шын мәнiнде ол иманды болып өлдi. Мен, Мұха, осылай ойлаймын. Соны ана солақай сыншы түсiнбестен, "Николай Редин неге Кеңес Одағының батыры емес, қолбасшы емес, неге шәкiртi дивизия командирi? Бұл – жалған, бiздiң өмiрiмiздiң шындығына жала" дедi ғой. Соған сiздер бiр ауыз сөз айтпадыңыздар. Мен не деп сөйлемекпiн? Бар ой-ниетiмдi бiр сөзбен бiлдiрдiм емес пе?

Редин ақымақ адам болса, ауыр жараланып жатқанда мұң шағып, "ой, халiм ауыр" – дер едi. Ол өйткен жоқ. Ол өмiрден үлкен азаматтық ерлiкпен өттi. Өзiн ең соңғы сын минутында да лайықты ұстай бiлдi.

– Бала-шағам бар едi-ау, – демеуi де ерлiк, үлкен ұстамдылық, саналылық! Ол, түсiнсеңiз, пенделiктен жоғары тұрған нағыз қаһарман!

Сомдау дегендi бiлесiз, Мұха. Мен мұршам келгенше естелiк-әңгiме жаздым. Онда қалай жинақтадым, қалай сомдадым, оған мен төрешi емеспiн. Оның төрешiсi – оқырмандар ғана. Мысалы "Помкомвзвода Редин" дегендi қайта оқып шығыңыз. Мен – дивизия командирiмiн, ол – старшина. Қолымда өлдi ғой. Өлгенде жылап қоштасамын. Бұл бiздiң адамдық қарым-қатынасымыздың көрiнiсi. Бұл, Мұха, "өлiмге қимайтын ұстазым" едi" деген жан-дүниемнiң айқайы.

Мен ауыр жаралы, қиын хал үстiнде жатқанында барғанмын:

– Бауыржан, сен келдiң бе? – дейдi. Осы сөзiнде көп мән жатыр. Сонда менi келедi деп ойламау керек. Мұның бәрi, Мұха, сомдау ма, сомдау емес пе?

– Айна-қатесiз сомдау, Бауыржан, – дедi Мұхаң.

– Сәл қызметтен көтерiлсе, ешкiмдi танымай құтырып кететiндер бар ғой. Бiз азаматтық, адамдық қасиеттi сақтай бiлгенбiз.

Әрине, соғыс оңай емес, өзiңнен төмен кiсiлерге тiлiмдi ал демеске болмайды. Неше айтқанмен соғыстың аты соғыс. Кей кезде адамгершiлiк қатынасты соғыс бүлдiредi.

Әр солдат өз орнында, әр солдат өлiм аузында жүр. Өлiм аузында жүру – оңай нәрсе емес, Мұха. Азаматтықты ұстау – одан да қиын. Соған көбiмiз шыдадық, кейбiр шыдамаған кiсiлер де болды. Мұнда бiздiң солдаттың 99 пайызы Отанға берiлгендер едi.

Николай Редин кiм, мен кiммiн? Оны ойланып көрiңiз, Мұха. Өмiр толқыны менi былай iстейдi, ол кiсiнi олай iстейдi… Оған екеумiз де кiнәлi емеспiз.

"Жонарқа" әңгiмемдi алып қараңыз. "Көкiректiң ерлiгiне қорқа томпайған жон айғақ болады" деген сөзiм есiңiзде бар ма? Бұл әңгiменi жазғаныма мен осы уақытқа дейiн өкiнемiн. Мүмкiн бұл керек болар деп жазған шығармын. Бiрақ сол мезетте бiр журналистiң, бiр жазушының қырағы көзi менiң жонарқамды бақылап тұрмағаны өкiнiштi, Мұха. Мұны айтудағы себебiм, капитанның жонарқасы туралы жаздым да, өзiмнiң жонарқам туралы осы күнге дейiн жаза алмай жүрмiн. Мүмкiн менiң жонарқам оның жонарқасынан нашар болар?

Мұхаң дауыстап күлiп жiбердi.

– Бауыржан, менi кешiр, сенi әлi күнге дейiн түсiне алмай келiппiн, – дедi қолымды алып. – Жүр, бiрге тамақтанайық. Кiтаптарыңды, сөз жоқ, қайта оқып шығамын.

Рестораннан тамақтандық. Одан кейiн қояр да қоймай бөлмесiне ертiп барды… Сенiңше қалай екенiн бiлмеймiн, менiңше, ол кiсiнiң маған ағалық iлтипат көрсеткенi риза болғаны ғой деймiн.

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы