Жаңалықтар

"ЖЫРАҚТА ҚАЛҒАН ТАҒДЫРЛАР"

ашық дереккөзі

"ЖЫРАҚТА ҚАЛҒАН ТАҒДЫРЛАР"

Жуықта белгiлi журналист Есенгүл Кәпқызының "Жырақта қалған тағдырлар" атты публицистикалық мақалалар жинағы "Жалын" баспасынан Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлiгi, Ақпарат және мұрағат комитетiнiң "Әдебиеттiң әлеуметтiк маңызды түрлерiн басып шығару" бағдарламасы бойынша жарық көрдi.

Кiтап екi бөлiмнен тұрады.

Бiрiншi бөлiм "Қазақ мұраты" деп үкiленген екен. Онда қазақтың көкейкестi арманы, ұлттың ұлы мұраты – ұлт болып ұйысудың жолдары, қазақ мәселесi, тiлiмiз бен жырым-жырымы шыққан жерiмiздiң тағдыры жайындағы ой толғамдары енiптi. "Әрине, ұлт тақырыбын әркiм қозғайды. Әркiм өзiнше ой түйедi. Бiрақ, бәрiмiздiң мақсатымыз бiреу, ол – қазақ ұлтының мәңгiлiк тарих сахнасында қалуы, ұлы империялармен терезесi тең елге айналуы" дейдi автор. Елiмiздiң әлем картасынан ойып орын алғанына 20 жылға тақау уақыт болды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның қол жеткiзген жетiстiктерi, төл тарихын түгендеуде, ұлттық мұратын ұлықтау мен әтеген-ай дегiзетiн кемшiлiктерi журналистiң өзiндiк сараптауынан өткен. "Қазақ мұраты не?" деген сұраққа жауап iздейдi

Кiтаптың екiншi тарауы "Қазақтар әлемде" деп аталыпты. Онда алыс-жақын шет елдерден тарихи отанына оралғандар тағдыры да орынды орын алған.

Бүгiнде әлемнiң 44 мемлекетiнде қазақтар өмiр сүредi. Олардың әлемге тарыдай шашырауының түрлi мәнi бар. Әркiм бұл тақырыпты өзiнше қозғайды. Өзiнше ой толғайды. Бiрақ, бiр нәрсе айқын. Ол – қазақтың шетке кетуiне империялардың қазақ жерiн бөлшектеу мүддесi түрткi болғандығы. Ал кiтап оқырманға шеттегi қазақ жайында мол мағлұмат бередi әрi олардың мақсат мұратын ашып көрсете алған.

"Түркiстан-ақпарат".