Жаңалықтар

БАЛАБАҚШАДА – ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕРI

ашық дереккөзі

БАЛАБАҚШАДА – ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕРI

Кез келген мемлекеттiң iргесi берiк болуы үшiн оның болашағы – жастардың ертеңiн қамтамасыз ету басты мақсат болуы тиiс. Осы мақсатпен биыл арнайы мемлекеттiк "Балапан" бағдарламасы қабылданып, елiмiзде балабақшалардың, соның iшiнде, қазақтiлдi балабақшалардың санын көбейту көзделiп отыр.

Ақын, мемлекет және қоғам қайраткерi Мұхтар Шаханов 1991 жылы Қазақстанда мектеп жасына дейiнгi балаларды тәрбиелеудiң 8881 нысаны болғандығын айтады. Оның таза қазақ тiлiнде тәрбие беретiнi – 4734 болыпты. Ал, 1997 жылы тек қана қазақ тiлiнде тәрбие беретiн балабақша саны 1100 болса, 2005 жылы ол көрсеткiш 335-ке дейiн құлдыраған. 2010 жылдың алғашқы айларындағы ақпарат бойынша, 648 қазақтiлдi балабақша бар екен.

Қазiр елдегi балалардың барлығын балабақшамен қамтамасыз ету мәселесi қолға алынуда. Осы мақсатта ауылды жерлердiң өзiнде балабақшалар қайта iске қосыла бастады. Мұхтар Шахановтың мәлiметi бойынша, жабайы жекешелендiру жылдарында түкке тұрғысыз қаржыға елiмiзде 3000-нан астам балабақша жекешеленген екен.

Осындай қиын-қыстау кезеңде жекешелендiрудiң жойқын тасқынына төтеп берiп, өз дәрежесiн сақтап қалған бiрлi-жарым балабақша да болды. Соның бiрi – Алматы қаласының Алмалы ауданына қарасты №8 балабақша. Бұл – Алматыдағы аз ғана қазақ балабақшаларының бiрi. Ол 1981 жылдан жұмыс iстеп келедi. Қазiр 260 бала тәрбиеленедi. Бүкiл балабақша күн көре алмай жаппай жекешеленiп жатқан тұста №8 балабақшаның қалай сақталып қалғандығы жайында мекеме меңгерушiсi Күлдархан Кәрiбаева ой бөлiседi:

– Бiздiң балабақшаның бiр қанатында колледж орналасқан. Нарықтың өтпелi тұсында осы балабақшаның сақталып қалуына әсер еткен де осы колледж болса керек. Өйткенi, қандай бiр жолмен күн көру қажет болды ғой, – дейдi Күлдархан Баймаханқызы. Әрине, Күлдархан Кәрiбаева бұл кездерi аталған балабақшада қызмет етпегендiктен, оның жай-күйiн таратып айта алмайтындығын жеткiздi.

Қазiргi кейбiр мәлiметтер бойынша, 700-800 мыңдай бала балабақшаға зәру. Дегенмен, кезек күтiп тұрған қанша сәби бар екенi әзiр беймәлiм. Биыл қыркүйек айынан балабақшаларда кезекке тұру тәртiбi өзгерген. Бұрын балабақшаға келiп жазылатын болса, ендi халыққа қызмет ету орталықтарында (ЦОН) кезекке тұрып, кезегi жеткен кезде "жолдамамен" сол аудандағы балабақшаларға жiберiледi. Бiрақ, аудандық әкiмшiлiк бұл балабақшаларда орын жоғын бiледi, сондықтан да, әзiрге ешкiмге жолдама бере алмайды.

Күлдархан Кәрiбаева №8 балабақшада әрбiр топта 39-40 баланың бар екенiн айтады. Ал, заң бойынша бiр топта 20-25 бала болуы тиiс екен. Алмалы ауданы бойынша қазақ балабақшасы үшеу, оның екеуi бүгiнгi таңда күрделi жөндеуге жабылған.

– Оларда тәрбиеленiп жатқан балалар уақытша бiзге қатынайды. Жаңа жылдың алдында бұл балабақшалардың жөндеу жұмыстары аяқталып, балаларын қайтарып алады. Сол кезде жүктемемiз сәл жеңiлдейтiн шығар, – дейдi Күлдархан Кәрiбаева.

Қазiр "Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде" екенiн түйсiнген өзге ұлт өкiлдерi де балаларын қазақ балабақшаға берудi үрдiске айналдыра бастаған. №8 балабақшада бүгiнде 6 өзге ұлт өкiлi тәрбиеленедi. Балабақша – тәрбие бұлағы десек, мемлекеттiк тiлдiң уызына жарытатын да осы жер. Сол себептi де, өзге ұлт өкiлдерiнiң балабақшада тәрбиеленуiне ұмтылуы да заңды құбылыс. Өкiнiштiсi сол, сұранысқа сай, ұсыныстың болмауы себептi, өзге ұлт өкiлдерi түгiлi қазақ балаларының өзiн тұтастай дерлiк балабақшамен қамту мүмкiн болмай отыр.

Балабақшадағы ең басты мәселе – жас жеткiншектерге ұлттық рухта тәрбие беру, баланың зердесiне ұлт құндылықтарын сiңiру. Бүгiнгi бала – ертеңгi азамат екенiн басты нысанда ұстау. Осы тұрғыдан алғанда, №8 балабақша да балалардың елiн сүйген саналы азамат болып өсуi үшiн мемлекеттiң басты құндылықтарын дәрiптеуде. Бүгiнгi таңда балалардың таңертеңгiлiк гимнастикасы "Қаражорға" биiмен ашылады. Музыка сабақтарында балалар халықтық күйлердi тыңдайды, сол арқылы халқының, ұлтының нағыз жауһарларымен танысады, ұлттық ерекшелiктердi бойына сiңiредi.

Мекеме басшысы қызметiн атқарғанына 2-3 айдың жүзi болған Күлдархан Кәрiбаева келе салысымен, осы мәселелерге ерекше назар аударуды қолына алғандығын айтады:

– Аз уақытта балабақшада "Қазақфильмнiң" мультфильмдерiн көрсетiп жатырмыз. Балалар күнi бойы жат жұрттықтар түсiрген санамызға жат мультфильмдердi тамашалайды. Сөйтiп, қазақ менталитетiне жат әлеммен тәрбиеленедi. Бiз олардың санасына ұлттың ерекшелiктерiн сiңiру мақсатында қазақ мультфильмдерiн кең экранда көрсеттiк. Өкiнiшке қарай, "Қазақфильмнiң" туындылары тым көп емес қой, – дейдi Күлдархан Баймаханқызы.

Әрине, елiмiздегi "еңбегi еш, тұзы сор" халықтың бiрi – мұғалiмдер мен тәрбиешiлер. Бiз бұл туралы талай айтып, жазғанымызбен, осы сала қызметкерлерiнiң жалақысы мандымай-ақ қойды. Мұғалiмдердiң жалақысы қызмет еткен жұмыс өтiлiне, категориясына орай әрқилы болып келедi. Бiрақ, ары кеткенде 30-40 мың теңгеден аспайды. Ал, Қазақстандағы орташа жалақы – 70-80 мың көлемiнде. Алайда, соған қарамастан осы бiр қасиеттi мамандықтың тiзгiнiн ұстап, талай ұл мен қызды тәрбиелеп, ұядан ұшырып жатқан жандар жетерлiк. Ел ертеңiнiң тiзгiнiн ұстап отырған мұғалiмдердiң жалақысы мен дәрежесiн өсiрiп, осы салаға елiмiздегi стратегиялық сала ретiнде назар аударатын кез жеткен сыңайлы.

Есенгүл Кәпқызы