Жаңалықтар

ТЕКТIЛIК ТҰҚЫМ ҚУА МА?

ашық дереккөзі

ТЕКТIЛIК ТҰҚЫМ ҚУА МА?

Екiншi дүниежүзiлiк соғыс аяқталғаннан кейiн iле-шала американдық ғалымдар нацистiк өлiм лагерлерiнде жұмыс iстегендердiң әлеуметтiк тегiн анықтауға кiрiсiптi. Жарты жылдай сараптау жұмыстарын жүргiзген соң, өте таңданарлықтай тұжырымға тоқтаған. Құлақ естiп, көз көрмеген қылмыстар жасап, қолын қанға бояғандардың iшiнде бiрде бiр немiс ақсүйегi жоқ екен. Шетiнен жұмысшылар мен шаруалардың, қала бердi қасапшылар мен бақалшылардың ұл-қыздары…

Орыс жазушысы Борис Полевойдың "Ең ақырында" ("В конце концов") атты соғыс жылдарына арналған кiтабында қолға түскен немiс тұтқындарының өз ұлтының руханиятынан мүлдем хабарсыз екенi егжейлi-тегжейлi баяндалған. Мәселен, немiстiң ұлы ақыны, ислам дiнiне бас ұрған Гетенi сұраса, бiр тұтқын: "Бiздiң көшедегi қасапшы ғой" деп, тегi соған ұқсас бiреудi атаған. Бетховен мен Бахты бiлмек түгiлi естiмеген немiстер де аз болмапты. Қазiргi немiс жастарының бiразының да соларды бiлетiнi күмән туғызады. АҚШ пен Батысқа күлетiн жәйiмiз жоқ, қазiргi талай қазақ жастарының парасаты да дабыл қағарлықтай дәрежеде.

Ал немiс ақсүйектерi: Фридрих фон ("фон" сөзi немiс тiлiнде тектiлiктi бiлдiредi) Паулюс, граф фон Шуленбург, Клаус фон Штауфенбергтер заманының парасатты жандары болған-ды. Соңғы екеуi Гитлерге қарсы қастандыққа қатысқаны үшiн ажал құшты. Әрине, оларға көпшiлiкпен бiрге бұғып қалып, нацизмнiң ақырын күтуге болатын едi. Олай iстей алмады. Ар-ождандары маза бермей, немiс халқын масқарашылықтан құтқару жолында жандарын құрбан еттi. Жалпы нацизмге қарсы немiстiң Қарсыласу қозғалысының шежiресiн оқысақ, кiлең ақсүйектердiң аты-жөндерiнен көзiң сүрiнедi…

Ал осындай ақсүйектер, яғни, ұлтының жарқын келешегi үшiн күрескен, аянбай еңбек еткен жандар бiзде болды ма? Әлбетте! Қазақтың ең соңғы қаһарман ханы Кенесарының бiр өзi неге тұрады?! Отаршылдар оны алдап та, арбап та көрдi. Көнбедi. Ақыры наркескенiн қолына қыса ұстап, кескiлескен майданға шықты. Ақыры алпыс екi айлалы әккi жауы сатып алғандардың қолынан қаза тапты. Қу басы әлi елiне оралған жоқ. Ресейдiң көрнектi бiр орнында бұйым ретiнде тұр деседi.

Арада бiр ғасырдай уақыт өткен соң, Кенесарының ерлiгiн дәрiптеп, 31 жасында ғылым докторы атанған Ермахан Бекмахановты қалайша "тектi" демеске?! Сөз жоқ, ол ғылыми еңбегiнiң қарақан басына қатерлi екенiн түсiндi. Басқа бiр бейтарап тақырып алып, оны қорғап, "ғалым" атанып, көп тобырдың iшiнде жүре беруге болатын едi ғой. Алайда аяулы азаматтың тектiлiк түйсiгi бәрiнен басым түсiп, ғалым Кенесарының ұлт-азаттық қозғалысын тек ақиқат мағынасында ашып, қисын мен шындыққа қиянат жасаған жоқ. Сол үшiн айыпталды, түрмеге қамалды, ең тамаша жылдарын қапаста өткiздi. Бiрақ рухы өшпедi, қайтпас қайсар болмысымен мәңгiлiкке аттанды.

Отаршыл және өктем билiктiң талай теперiшiн көрген Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев, оның бергi жағында Асқар Сүлейменов және Мұқағали да тектi жандар едi. Оларды тасыр билiк табанына салып таптаса да, сағын сындыра алмады. Аталған тұлғалар мен бiзге белгiсiз талай жандар жан дүниесiнiң тәуелсiздiгiн сақтап, өр күйiнде өмiрден өтсе де, ел жадында сақталып қалды.

Бұдан 1200 жылдай бұрын өмiр сүрген, арабтың атақты жазушысы әл-Жаһиз (775-868) таңдана суреттеген түркiлердiң бүгiнгi ұрпақтары қандай? Тектi туған ата-бабаларымыздың атына сай ма? "Түркiлер, – деп жазыпты араб жазушысы сол заманда. – Жалтақтауды, жалынуды, жылтыр сөздi, опасыздық, сатқындықты, өтiрiк айтуды, сенген адамдарына тәкаппарлық көрсету мен жамандық жасауды, арам ойлауды бiлмейдi". Қазiр осындай қасиеттер көп қазақтың бойында бар ма?

Қайдам… Тек жағымсыз қылықтар ғана болмаса… Әрi қарай. "…Түркiлер әрқашанда ар-намысына өте берiк. Соғыста да, бейбiт өмiрде де айлакерлiк пен арамдықты бiлмейдi. Арам пиғылдан туатын мүмкiндiктердi де өз пайдасына бұруды намыс санайды" дептi әл-Жаһиз. Осы орайда бiрiн-бiрi түрткiштеуден ләззат алатын әлдебiр пенделер ерiксiз есiңе түседi. Ал тағы бiр ақсүйек, генерал Шарль де Голль ("де" сөзi французда тектiлiктi бiлдiредi) саяси қарсыласымен күресте жиiркенштi тәсiлдi қолданудан үзiлдi-кесiлдi бас тартқан. Кейiн сайлауда жеңiлiп қалса да. Мiне, нағыз азамат, мiне, нағыз тектiлiктiң үлгiсi!

Мына мәселенiң басын ашып алайық. Бiз "ақсүйек" саналатындардың бәрi бiрдей "тектi", тектiлiкке тән қасиеттерге ие деуден, яғни, сыңаржақ дарвиндiк көзқарасты ұстаудан аулақпыз. Бiрiншiден, сан жылғы коммунистiк көзқарастың үстемдiгiнен "ақсүйектер" мен қарапайымдар мидай араласып кеттi. Екiншiден, "тектiлiк" ұғымының өзi сол заманда аяусыз тәрк етiлдi. Соның салдарынан, тек қазақ қана емес, көршi орыс та бүгiнде олқылықтың орнын толтырып, осыдан оншақты жыл бұрын "Дворяндар жиналысын" қалпына келтiрдi. Ендi Голицындар мен Трубецкойлар сынды орыс ақсүйектерi де тегiн түгендеуге кiрiстi. Бұдан басқа, қарапайымдардың тектiлiк қасиеттерден ада емес екенiн ескертуiмiз қажет. Адамның барлық адами қасиеттерi мен қылықтары белгiлi бiр тарихи кезеңге сай құбылып тұратын сыңайлы. Солай десек те, 1789-1794 жылдары француздардың, 1917-1922 жылдары орыстардың өз ақсүйектерiн аяусыз қырып салғаннан ұтқаны жоқ, ұтылғаны көп. Осы тарих тағылымынан тәлiм алсақ, кәне?!

Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – әлi күнге дейiн арамызда тегiне немесе дәулетiне қарап, адамның адамға өшпендiлiгiн ояту жәйттерi сирек болса да, қылаң берiп қалады. Тегiне немесе байлығына қарамастан, барлық жұмыр басты пенде Алла мен заң алдында тең және бiрдей. Бұл-дәлелдеудi қажет етпейтiн ақиқат. Бiрақ тексiздiк те жақсы емес.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ,

Орал қаласы