Жаңалықтар

ВАРШАВА, ВЕНА және АСТАНА

ашық дереккөзі

ВАРШАВА, ВЕНА және АСТАНА

Шолу конференцияларының әлемдiк маңызы неде?

Астана Саммитiнен екi ай бұрын басталған Шолу конференциялары оған 3 күн қалғанда аяқталды. Әуелгiсi, Варшавада 30 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өткiзiлдi. Екiншi конференция Вена қаласында 18-26 қазан аралығында өттi. Ал соңғысы, үшiншi конференция Астанада 26-28 қарашада өткiзiлдi. Осылайша, бас-аяғы 21 күнге созылған, үш қаланы қамтыған Шолу конференциялары өз жұмысын Саммит қарсаңында аяқтады.

ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерi үшiн Шолу конференциялары – ағымдағы жұмыстарды електен өткiзiп, қорытындылаудың, Саммит қарсаңында әрiптестiк бойынша iс-әрекеттер жөнiнде кеңесудiң жақсы мүмкiндiгi.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо айтпақшы, шолу конференциялары өткен жетiстiктердi електен өткiзуге ғана емес, болашақтағы өсу жолдарын ойластыруға бағытталған. Оның айтуынша, осы конференциялар кезiнде ұйымға мүше мемлекеттер өз азаматтарының және бiр-бiрiнiң алдында ұйым мүшесi ретiнде мойнына алған мiндеттемелердiң орындалуы жөнiнде есеп бередi.

Варшава конференциясында адамзаттық өлшемдер саласындағы өзектi мәселелер қамтылды. Сондай-ақ, мүше мемлекеттердiң ұйым аясында өз мойнына алған мiндеттерiн орындау барысы да сөз болды.

Варшавада үшiншi себет мәселелерiне көбiрек назар аударылған: 56 мемлекет өкiлдерi ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерiндегi демократиялық құндылықтардың даму қарқыны, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, төзiмдiлiк қағидаларын тарату мәселелерi жөнiнде пiкiр алысты.

Вена конференциясы әскери-саяси және экономика-экологиялық мәселелерге арналды. Сондай-ақ осы жиында ЕҚЫҰ құрылымы, оның құзыреттерi, басқа ұйымдармен әрiптестiк мәселелерi, құқықтық базасы талқыланды. ЕҚЫҰ болашағы да осы конференциясында сөз болды.

26-28 қарашада өткен Астанада адами өлшемдерге назар аударылды.

Варшава мен Венада өткен шолу конференцияларына жалпы саны 400-ге жуық үкiметтiк емес ұйым мүшелерi қатысты. Олар жұмыс сессияларында үкiмет мүшелерiмен тең дәрежеде өзектi мәселелер бойынша ой айтуға мүмкiндiк алды.

Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде конференция сессияларына белсене қатысып келедi. Шолу конференцияларына келген делегациялардың iшiнде қазақстандықтардың саны басым. Бiр ғана Варшава конференциясына Қазақ елiнiң атынан барған делегацияның құрамында мемлекеттiк органдардан 320, үкiметтiк емес ұйымдардан 80-нен астам өкiл барған екен.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Варшава конференцияда сөйлеген сөзiнде өзi басқарып отырған ұйымды "тiрi жобаға" балады. Оның айтуынша, бұл жоба ұжымдық теңдiк және қауiпсiздiк негiзiнде ұдайы өзгерiске түсiп келедi. "Болашаққа сенiммен қарау үшiн ЕҚЫҰ бұдан да күштi, бұдан да тиiмдi және бұдан да жақсырақ жабдықталған құрылым болуы тиiс" дедi ол.

ЕҚЫҰ соңғы саммитi 1999 жылы Стамбұлда өткенi белгiлi. Он бiр жылдан берi ғаламдық қауiпсiздiк саласында қордаланған мәселелер жеткiлiктi. Ұйымдасқан қылмыс, киберкеңiстiктегi қылмыстар, адам саудасы сияқты трансұлттық қауiп-қатердiң саны артты.

Дегенмен, ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық және еуразиялық кеңiстiктегi қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Вена конференциясында сөйлеген сөзiнде Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгi ЕҚЫҰ департаментi директорының орынбасары Ерболат Сембаев ұйымның ғаламдық қауiпсiздiкке қосқан үлесiн атап көрсеттi: "Қару-жарақты шектеудi бақылау жөнiндегi тарихи келiсiм-шарттар мен сенiм және қауiпсiздiк шараларын қалыптастыру ЕҚЫҰ аясында жүзеге асты. Еуропада бүгiнгi таңда жарыса қаруланудың толастауы – бiздiң ұйымның еңбегiнiң нәтижесi. Оның үстiне, соңғы 20 жылда ЕҚЫҰ кикiлжiңдердiң алдын алудың көптеген механизмдерiн жасады, бұл әлемдегi ең ауқымды шаралар. Бұл бәрiмiз мақтан тұта алатын мұра" дедi ол.

Шолу конференцияларында экономикалық қауiпсiздiк мәселелерiне айрықша көңiл бөлiндi. ЕҚЫҰ аясында қабылданған мiндеттемелердiң бiрi – ашық теңiзге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттерге қөмек көрсету едi. Мұндай елдер үшiн халықаралық рынокқа шығу жолдарын табу әдетте оңайға соқпайды.

Қазақстан ашық теңiзге шығатын жолы жоқ елдердiң бiрi, бiрақ Еуропа мен Азияның түйiсер тұсында орналасқандықтан, кешендi еуразиялық трансконтиненталды көлiк қатынасын қалыптастыуға күш салуда. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттiк дәлiзiн салу мен қалпына келтiру жұмыстарын осыған жатқызуға болады. 20 қазанда Вена конференциясының "Экономикалық кластер" сессиясына қатысқан Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң халықаралық әрiптестiк департаментiнiң директоры Манат Бибасов бұл жоба ЕҚЫҰ аймағындағы экономикалық дамуға үлес қосады деп мәлiмдедi.

Шолу конференцияларын алдағы Астана саммитiне дайындық деп атауға болар.

Мәселен, осы конференцияларында талқыланған адами өлшемдер Астана саммитiнде басты тақырып болары сөзсiз.

Палермода өткен ЕҚЫҰ Парламенттiк Ассамблеясының кезектi сессиясында қаралған мәселелердiң көпшiлiгi Астана саммитi қарауына ұсынылмақ.

Осы жиында сөйлеген сөзiнде ҚР Мемлекеттiк хатшы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев: "ЕҚЫҰ орасан еуроатлантикалық және еуроазиялық кеңiстiктегi қауiпсiздiк пен әрiптестiктiң ең маңызды мәселелерiн шешудегi басты фактор болған, солай болып қала бермек. Қазақстан өзiнiң қысқа мерзiмдегi төрағалығы тұсында ортақ Ұйымымызды нығайтуға және дамытуға, оның бұдан гөрi қауiпсiз әрi жақсы әлемдi қалыптастырудағы ролiн арттыруға айтарлықтай үлес қосуға барынша тырысты" дедi.

Иә, Астана саммитi – Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығының әрi жемiсi, әрi қорытындысы болмақ. Сарапшылар Қазақстан төрағалығының басты жетiстiгi ретiнде "Корфу" процесiндегi белсендiлiгiн атайды. Тiптi, Саммиттi 11 жылдан соң шақыруға үшiн ұйымға мүше 55 мемлекеттiң барлығының келiсiмiн алудың өзi – осы жұмыстың жемiсi де, жетiстiгi де.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо бұл оқиғаны "Қазақстанның iрi жетiстiгi" деп бағалады. Оның айтуынша, "Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ға жаңа күш-қуат, жұмысына соны қарқын бердi".

Сондай-ақ Қазақстанның еуропалық қауiпсiздiктi орнатуға қатысты ашық түрде пiкiрталасқа шақыруы, бар жұмысты ЕҚЫҰ қағидаларына сүйене отырып ұйымдастыруы да еуропалық дипломаттардың көңiлiнен шықты.

Қазақстанның төрағалығы Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымының 35 жылдығымен тұспа-тұс келгенi белгiлi. Осы орайда, Астана саммитi қарсаңында тағы бiр мерейлi күндi атап өтудiң сәтi түстi. Осыдан тура 20 жыл бұрын қараша айында өткен Париж саммитiнде Жаңа Еуропаға арналған хартия қабылданған едi. Тарихта "Париж хартиясы" деп аталған құжаттың маңызы бүгiнде арта түскендей. Осы оқиғаға орай өткен кездесуде Париж хартиясының еуроатлантикалық және еуразиялық кеңiстiктегi қауiпсiздiктi сақтаудағы ықпалы зор екенi айтылды. "Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi кеңес мүшелерi қол қойған, Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясы Еуропадағы теке-тiрестiң, ыдырау дәуiрiнiң аяқталғанын бiлдiрiп, ЕҚЫК-тiң ЕҚЫҰ-на айналуына сеп бердi" дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Алдағы Астана саммитiнде осы Хартияда белгiленген қағидаларға сүйене отырып, Батыс пен Шығысты жақындастырудың жолдары талқыланбақ. "Ванкуверден Владивостокқа дейiнгi" кеңiстiктегi қауiпсiздiк тұжырымдамасы талқыланған соң, жаңа тарих оқулықтарында "Астана лебi" бейбiтшiлiк пен келiсiм рухын себеледi" деп жазылғай.

Көлбай ЖЕҢIС