ҚОС КОРЕЯНЫҢ АРАСЫ УШЫҒЫП ТҰР
ҚОС КОРЕЯНЫҢ АРАСЫ УШЫҒЫП ТҰР
Оңтүстiк Корея мен Солтүстiк Корея арасындағы дау үлкен жанжалға айналды. Естерiңiзге сала кетсек, ағымдағы жылдың қаңтар айында бауырлас елдер арасында атыс болып, қарым-қатынас одан әрмен ушыға түскен едi. Бұл кезде атыс-шабысты Солтүстiк Корея жағы бастаған болатын. Iле-шала оңтүстiк кореялық әскери-теңiз күштерi қатарынан 100 ескертпе оқ атқан.
Шын мәнiнде, екi көршi ел арасында қару қолданбау және басқыншылық жасамау туралы келiсiм бар. Алайда, сарапшылар бұл келiсiмдi Солтүстiк Корея жағы өрескел бұзып отыр деп айыптауда. Көп ұзамай жойқын атыс қайта қылаң берiп, екi елдiң құтын қашырды. Бұл жолғы шиеленiс тез арада реттеле қоймайтын сияқты. Солтүстiк Корея 23 қараша күнi Оңтүстiктiң Йонпхендо аралын атқылап, екi сарбаз бен екi бейбiт тұрғынды өлтiрген соң қақтығыс үдеп кеткен. Жаттығулар қарсаңында Оңтүстiк Корея билiгi Солтүстiк тағы оқ атуы мүмкiн деп аймақтағы тұрғындарды қауiпсiз жерге көшiрудi бұйырды. Оңтүстiк Корея тарапы тағы бiр соғыс ошағы тұтанып кететiн жағдай болса, әскери ұшақтарды сақадай дайын ұстап отырғанын ескерткен.
Солтүстiк кореялық бұқаралық ақпарат құралдары Оңтүстiк Корея мен АҚШ-тың бiрлескен теңiз жаттығуларын аймақты соғыс ошағына айналдырып, қайғылы оқиғаға әкелетiн арандатушылық әрекет деп жазып жатса, Оңтүстiк Корея президентi Ли Мен Бак: "Солтүстiк тағы да жаңа шабуылдар жасайтын болса, оның ауыр зардабын өздерi тартатын болады" деп ескерту жасады. Президент Ли Мен Бак жақында ғана халыққа арнаған жолдауында Солтүстiк Корея аралға оқ атқанда оңтүстiк кореялықтарды қорғай алмағаны үшiн жауапкершiлiктi өз мойнына жүктейтiндiгiн баса айтты.
Сөйтiп, Солтүстiк Кореяның бiр мезетте төрт адамның өмiрiн қиғаны оңтүстiк кореялықтар үшiн ащы ыза мен үлкен кек туғызды. Алдын ала сақтануды көздеген Оңтүстiк Корея жаңа әскери жаттығуларын бастағанда Пхеньян мұны соғыс бастауға талпыныс жасау деп бағалапты. Оңтүстiк Корея қорғаныс министрi болып тағайындалған Ким Хван-Чин егер Солтүстiк Корея Оңтүстiк Кореяны тағы да атқыласа, Сеул әуеден соққы бередi деп мәлiмдегенi халық есiнде. Қысқасы, екi ел бiр-бiрiне ескерту жасаумен келедi. Ал, жақында Пхеньян Сеулге: Егер Оңтүстiк Корея шекаралық аралда жоспарланған әскери жаттығуларын өткiзсе, Пхеньянның жазасы өткен айдағы шабуылдан да күштiрек болады деп сес көрсеттi.
Қазiргi кезде екi елдiң арасындағы жанжалдың бетiн берi қаратқысы келген көршi мемлекеттер шама-шарқынша ақыл-кеңестерiн айтып жатыр. Алып Қытай Солтүстiк пен Оңтүстiк Кореяның қақтығысы аймақтық тұрақтылыққа керi әсерiн тигiзуi мүмкiн дей келе, екi ел үкiметтерiн теке-тiрес туғызатын әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Өйткенi, кез келген жазалау шарасы соғыс отын тұтандырып жiберуi ықтимал.
Қытай Оңтүстiк Кореяның президентiмен оңтүстiк және солтүстiк корей елдерi арасында орнап отырған шиеленiстi реттеу бойынша бiрлесе жұмыс жасауға келiскенiн айтты. Циньхуа агенттiгiнiң жазуынша, мұндай келiсiм Сеулде Қытай мемлекеттiк кеңесшiсi Дай Бингуо мен Оңтүстiк Корея президентi Ли Мен Бак арасында жасалды. Сеул Солтүстiк Кореяның одақтасы Қытайды Корей түбегiндегi жағдайды дұрыс бағалауға шақырды.
БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесi Корей түбегiндегi жағдайға қатысты нақты қарар қабылдай алмай пұшайман. Жобаға екi мәрте өзгерту енгiзiлген. Дей тұрғанмен, кеңестегi 15 ел ортақ байламға келе алмады. Көбi Ресейдiң аймаққа халықаралық қауымдастықтың арнайы өкiлiн жiберу туралы ұсынысын бiр ауыздан құптады. Оңтүстiк Корея мен АҚШ дипломаттары Сеулде бас қосып, Солтүстiктен төнуi мүмкiн агрессияға төтеп беруге байланысты келiссөз жүргiзгенi аян. Сонымен қатар, жиында коммунистiк Корея шабуыл жасаған жағдайда, америкалықтардың Оңтүстiкке көмектесу жолдары да талқыланды. Бұл уақытта Корея Республикасындағы әскери жаттығу әлi жалғасып жатыр. Оған артиллериялық әскермен бiрге танкiлер де тартылған. Қолбасшылардың айтуынша, соғыс ойындары елдiң 27 қаласында ақпан айына дейiн өтедi.
Оңтүстiктегi кәрiстер аралды шауып, төрт бiрдей азаматты оққа жыққан көршiсiн "жазаға тарту керек" деп ауқымды акция өткiздi. Олар мәселенi бейбiт жолмен шешкен жөн деп есептейдi. Дүйiм жұрт коммунистiк Кореяға қарсы ұран тастап, Ким Чен Ирдiң портреттерiн өртеуге дейiн барды. Әзiрге қақтығыстың соңы неге апарып соғатыны белгiсiз. Бiр анығы, екi көршi мемлекет те бiр-бiрiнен кек алуға бел шеше кiрiсетiн сияқты.
Динара ДҮРМӘН