Жаңалықтар

ЕЛЖАНДЫ ӘКIМНIҢ ЖАҢА БАСТАМАСЫ

ашық дереккөзі

ЕЛЖАНДЫ ӘКIМНIҢ ЖАҢА БАСТАМАСЫ

Тәуелсiздiктiң тойына тарту көп болды. Халқына еңбегi сiңген азаматтарымыз да елеусiз қалмады. Мұны қазақ халқының аса бiр қастерлi де, қасиеттi мерекесi – Тәуелсiздiк күнi қарсаңында мәдениет пен ғылым, бiлiм мен денсаулық саласында абыройлы iс атқарып жүрген азаматтарымыздың өлшеусiз еңбегiне деген шынайы ризашылықтың белгiсi ретiнде берiлген қошемет деп қабылдағанымыз абзал.

Салтанатты жиын басталды. Жиында сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымды ұлық мерекемен, яғни Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 19 жылдық мерейтойымен құттықтады. "Осындай айрықша мерекенiң алдында елiмiздiң жоғарғы дәрежелi марапаттарына ие болу, ол – сiздер үшiн қос бiрдей қуаныш болып саналады. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын!" – дедi Елбасы.

II дәрежелi "Барыс" орденiн кеудесiне қадағандардың қатарында Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов те бар. Астана саммитiн өткiзу үшiн жар құлағы жастыққа тимей, күнi-түнi жүрiп еңбек еткен қала әкiмiнiң "Барыс" орденiне лайықты өлшеусiз үлесi бар. Астана қаласы соңғы жылдары көркейген үстiне көркейе түспесе, бiр мысқал да кемiген жоқ. Қала халқы да әкiмiне дән риза.

Жалпы, өзге әкiмдердi кiм бiлсiн, Иманғали Нұрғалиұлының қолы тиген әрбiр қала, әрбiр облыстың өзгерiп сала беретiндiгiн несiне жасырамыз?! Iскер, iсмер азаматтың күндiз-түнi ойлағаны да қаланың әлеуметтiк-экономикалық жағынан өрлеп-өркендеуi. Қала тазалығынан бастап, көше жарықтарына дейiн бекiтудi қолға алатын әкiмнiң тынымсыз еңбектенетiнiне ел-жұрт куә.

Кез келген шаруаны қолына алса, аяқтамай отыра алмайтын Иманғали Тасмағамбетов ендi Астанадағы газет-журнал дүңгiршектерiн де көбейту жағын қолына алыпты. Бұрыннан Иманғали Нұрғалиұлының қазақтiлдi басылымға бүйрегi бұрып тұратынына журналистер қауымы дән риза едi, ендi БАҚ-ты тарататын дүңгiршектердiң жұмысын қолына алғанына тiлшi қауым тағы бiр сүйсiнiп қалды. Қаладағы көптеген дүңгiршектер газет-журнал сатумен емес, қай-қайдағы темекiлердi, көр-жердi сатып жатқандығы туралы Парламент мәжiлiсiнде сөз болғандығы белгiлi. Бүгiнде қала әкiмi газет-журнал дүңгiршек құжаттарының қаншалықты дұрыс-дұрыс еместiгiн анықтауға арнайы тапсырма берiп, Астана қаласының мемлекеттiк жоспарына енгiзiп жiбердi. "Егер дүңгiршектердiң рұхсат етiлген құжаттарының уақыты бiтiп қалған болса, олардың лицензиясын созбайтын боламыз. Сонымен бiрге, дүңгiршектер өз талаптарына сәйкес жұмыс iстемейтiн болса, онда оларды жауып тастаймыз" деген қала әкiмi жоспар бойынша, алдағы уақытта елiмiздiң астанасында, қаланың әрбiр аудандарында газет-журнал сататын 600-ге жуық дүңгiршектердiң ашылатындығы жөнiнде де мәлiмдеп үлгердi. Әзiрге, Астана бес жүзге жуық басылымдар сататын дүкендер мен дүңгiршектер жұмыс iстеп келедi. Мұның өзi қазақтiлдi, орыстiлдi басылымдардың дер кезiнде оқырманға таратылуына көп мүмкiндiк бередi.

Гүлзина Бектасова