Жаңалықтар

“БАТЬКАНЫҢ” ТӨРТIНШI ЖЕҢIСI

ашық дереккөзі

“БАТЬКАНЫҢ” ТӨРТIНШI ЖЕҢIСI

Лукашенко тағы да президент болып сайланды

Белоруссия халқы президентiн қайта сайлады. 19 желтоқсан күнi өткен сайлаудың нәтижесiнде елдiң тiзгiнiн 17 жылдай ұстап келген Александр Лукашенко өзiмен бiрге түскен сегiз үмiткердi шаң қаптырып, төртiншi мәрте президент тағына жайғасты. Бiр қызығы, Лукашенкомен бәйгеге түскендердiң ешқайсысы 5 пайыз да дауыс жинай алмаған.

Атап айтқанда, Андрей Санников – 2,56%, Ярослав Романчук – 1,97%, Григорий Костусев – 1,97%, Владимир Некляев – 1,77%, Виталий Рымашевский – 1,1%, Виктор Терещенко – 1,08%, Николай Статкевич – 1,04%, Алесь Михалевич – 1,2% және Дмитрий Усс – 0.48% дауысқа ие болған. Ал, "Лукашенконы халықтың 80 пайызға жуығы қолдап, келесi мерзiмге қалуын құп көрдi" деген пiкiрмен келiспейтiндiгiн бiлдiрген оппозиция жақтастары Минскiдегi Тәуелсiздiк алаңына жиналып, дауысты қайта санау жөнiнде талап қойды. Олар тiптi, бұл шарт орындалмайтын болса, үкiмет үйiн басып алуға сақадай-сай екендiгiн де жасырған жоқ. Алайда, Iшкi iстер министрлiгi әскерi мен құқық қорғау қызметкерлерi әп-сәтте 30 мыңға жуық адамды күшпен ығыстырып, алаңдағы бей-берекетсiздiктi тоқтатуға кiрiскен. Кейбiр мәлiмет бойынша, шеру кезiнде 500-ден аса адам тұтқындалғанмен әзiрге олардың саны көбеймесе, азаяр емес. Себебi, қамауда отырған дос-жарандары мен туыстарын босатуды сұраған шерушiлер алаңға шығуын тоқтатқан жоқ.

Белоруссияда президенттiк билiктi көздеп жүрген оппозиция өкiлдерi Лукашенконың жеңiсiн мойындағысы келмейдi. "Сайлау қорытындысы бұрмаланды" деген олар ендi "Ұлтты құтқару үкiметiн" құратынын мәлiмдеп, тәуелсiз экзит-полдың жасаған қорытындысын жария еттi. Президенттiкке үмiткер ретiнде сайлауға түскен Николай Статкевич Лукашенконың 30,5 пайыз ғана дауысқа ие болғанын айтса, Беларусьтiң бұрынғы сыртқы iстер вице-министрi, Лукашенконың қарсыласы, саясаткер Андрей Санников: "Кез келген өркениеттi елде осыншама көп кандидат қатысқан сайлаудың екiншi кезеңiн ұйымдастыруға болар едi. Бiрақ Лукашенконың сайлау нәтижесiн бұрмалап, дауыс бюллетенiн 80 пайызға жеткiзуi әбден мүмкiн", – дейдi. Президенттiк сайлауда бағын сынаған келесi бiр үмiткер, "Шындықты айт!" оппозициялық қозғалысының жетекшiсi Владимир Некляев: "Бұл сайлауда дауыс берушiлердiң құқығы ескерiлмедi. Олар өз құқын талап ету үшiн алаңға шығуы қажет" деген ойын бүкпесiз жеткiздi.

Бiрақ та, оппозицияның бұл әрекетiн бассыздыққа теңеген Лукашенко: "Мен бүлiкшiлермен, бандиттермен сөйлеспеймiн. Бiзде ойы iсiмен қабысатын оппозиция жоқ. Президенттiкке үмiткер ретiнде түскендердiң iшiнде жеке пiкiрi бар адам аз" деп өзiн басқалардан биiк тұрғанын тағы еске салды. Ол сондай-ақ, заңсыз акция ұйымдастырушыларға қарсы қолданатын арнайы заң бар. Сол бойынша бұзақылар өз жазасын алады дедi. Айтпақшы, сайлау қорытындысын қуанышты көңiлмен хабарлаған ОСК төрайымы Лидия Ермошина да: "Оппозицияның сайлауды әдiлетсiз өттi деп баса сынап, мәлiмдеме жасауы үйреншiктi көрiнiс. Бұл кәдуiлгi бәйгеде бағы жанбай, көштiң соңында табандап қалған қарсыластарының ашынған мiнезi ғой" деген баға бердi.

Минскiде оппозиция жақтастары ұйымдастырған шерудiң салдарынан "Жаппай бей-берекетсiздiк" бабы бойынша қылмыстық iс қозғалды. Белоруссия Iшкi iстер министрi Анатолий Кулешовтың сөзiне қарағанда, заңсыз акция нәтижесiнде шамамен 30 милиция зардап шексе, ал Ресейдiң Белоруссиядағы елшiлiгi бас ал десе, шаш алатын жергiлiктi құқық қорғаушылардың ресейлiк тiлшiлердi соққыға жыққандығын сын тезiне алды. "Октябрь" алаңындағы наразылық акциясы кезiнде "Russia Today" телеарнасының екi операторының, РЕН және "Новая газета" тiлшiсiнiң, сондай-ақ, американдық, польшалық БАҚ өкiлдерiнiң таяқтың астында қалғаны белгiлi болған. "Сайлаудың жай-жапсарын жазуға келген тiлшiлердiң түр-түсiн киiмiнен, бейджiнен ажыратуға болатын ғой" деген елшiлiк қызметкерлерi жергiлiктi "жендеттердiң" бұл әрекетiн әшкере түрде айыптады.

Сонымен, Белоруссия президентi төртiншi мәрте өкiлеттiгiн сақтап қалды. Алайда, сайлау қорытындысы белгiлi болса да, елде әлi күнге наразылық шаралары жалғасып жатыр. Лукашенконың саясатына қарсылық танытып келген оппозиция бұл жолы да қатты алданғанын сезбеген сияқты. Бұған дейiн Ресей мен Беларусь президенттерiнiң арасындағы ақпараттық соғыс өршiп кете жаздағанда, тықырдың таяғанын пайымдаған Лукашенко Ресей президентi Медведевпен тез арада татуласып үлгерген болатын. Соған қарамастан, Ресей белорустық оппозицияға қаржылай және саяси көмек берiп, Лукашенконы тақтан тайдыру үшiн бiрлесе жұмыс iстеймiз деп сендiрген. Бiрақ, ресейлiктердiң уәдеге берiксiздiгiне ашынған оппозицияның тақырға отырудан басқа амалы жоқ.

Сайлауда жеңiске жеткен Александр Лукашенконы ұлықтау рәсiмi 19 ақпан күнi өтпекшi. ОСК төрайымы Лидия Ермошинаның айтуынша, заң бойынша ұлықтау шарасы екi айдың iшiнде болуы тиiс.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ