Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЗАҢДЫ ҮКIМЕТ ОРНАДЫ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЗАҢДЫ ҮКIМЕТ ОРНАДЫ

Осы аптада Қырғызстанда заңды Үкiмет жұмысына кiрiстi. Республиканың президентi Роза Отынбаева өз қызметiне қоса биылғы 27 маусымнан бастап үкiмет басшысы қызметiн уақытша атқарып келген премьер-министрге билiктi тапсырды. Техникалық үкiметтiң мүшелерi өз жұмыстарын тоқтатып, жаңа министрлерге өз кабинеттерiн босатып беруде.

Президенттiң мандаты бойынша, депутаттардың көпшiлiгiнен коалиция құру уәзипасын мойнына алған "Республика" партиясының лидерi Өмiрбек Бабанов Қырғызстан социал-демократиялык партиясынан (ҚСДП) және "Атажұрт" партиясынан Парламентке сайланған депутаттардың тiлiн тауып, коалицияны жасақтады. Жоғарғы Кеңештiң кезектi сессиясында осы партиялардың ұсынысымен, Қырғыз Республиканың Жоғарғы Кеңешiнiң төрағалығына "Атажұрттың" лидерлерiнiң бiрi – Ақматбек Келдiбековтiң, Премьер-министрлiкке ҚСДП-ның лидерi Алмазбек Атамбаевтың талапкерлiктерi дауысқа қойылған едi. Бұл жолы үмiткерлердiң айы оңынан туып, олар аталған қызметтердi иеленiп қалды. Коалицияны құрудың ұйытқышысы Ө. Бабанов еншiсiне тиген вице-премьерлiк қызметтi қанағат тұтты.

Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ақматбек Келдiбеков – 44 жаста. Жоғарғы Кеңештiң екi шақырылуында депутаттыққа сайланып, сондай-ақ, бiрқатар мемлекеттiк жоғары лауазымды қызметтерде iстеп, тәжiрибе жинақтаған.

Премьер-министр Алмазбек Атамбаев – 54 жаста. 2007 жылы сегiз ай Премьер-министр қызметiнде болып, қатты дүрдараздасып тұрған билiк пен оппозицияны аз да болса ымыраға келтiрiп, екi ортаға "көпiр" болғаны бар. Сол кездегi мемлекет басшысы оны қызметiнен алып жатып, бекерден-бекер "Дәнекер" орденiмен марапаттамаса керек-тi. Көп ұзамай, ол көпiрдiң арғы жағындағы оппозицияға қосылып, оның белсендi жетекшiлерiнiң бiрiне айналған. Биылғы сәуiр ереуiлi А.Атамбаев жетектеген "Форум" кәсiпорнының жанына елдiң жиналуынан басталған.

Қырғызстанның жаңа Конституциясына сәйкес, өлкенiң атқару билiгiндегi ең жоғарғы лауазымды қызмет үкiмет басшысы болып есептеледi. Конституцияның және заңдардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатын анықтау сияқты өзектi мәселелер Үкiметке жүктелген. Барлық мемлекеттiк органдар және мекемелер: министрлiктер, комитеттер, агенттiктер, облыстық, қалалық, аудандық, округтiк әкiмшiлiктер – Үкiметтiң құзырында.

Дегенмен, өлкенiң парламенттiк республикаға айналғанына қарамастан, Президенттiң бiр топ құзiреттерi сақталып қалды. Кейбiреулерiн атай кетсек, ол – мемлекет басшысы, халық пен мемлекеттiк билiктi бiрiктiрушi тұлға. Президент елдiң iшiнде және сыртқы дүниесiнде өте маңызды саналатын мәселелердi республиканың атынан көтерiп шыға алады. Ол – республиканың Қарулы Күштерiнiң бас қолбасшысы. Президент Үкiмет құрамындағы қорғаныс және қауiпсiздiк министрлiктерiнiң жетекшiлерiн тағайындайды және босатады. Президент Роза Отынбаеваның бұл лауазымдағы қызметi 2011 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады және ол 2011 жылдың аяғына таман өтетiн президенттiк сайлауда өзiнiң талапкерлiгiн президенттiкке қоя алмайды. Конституцияда осылай деп жазылған. Сондай-ақ, Конституцияның үшiншi, төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетiншi және сегiзiншi бөлiмдерiндегi ережелерге өзгерiстердi кiргiзу мәселесi 2020 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап қана iске асырыла бастайды. Бұл бөлiмдерде мемлекеттiң түзiлiсi қарастырылған, яғни, өлке аталған мезгiлге дейiн парламенттiк республика болудан қалуға тиiс.

Сонымен, Үкiмет жасақталып, министрлер және мемлекеттiк комитеттердiң жетекшiлерi Президенттiң жарлығымен қызметтерiне бекiтiлдi (егер үш күннiң iшiнде Президент жарлыққа қол қоймаса да бұлар бекiтiлдi деп саналады). Президенттiң құзiретiндегi қорғаныс және қауiпсiздiк органдарының басшылары орындарында қалды. Парламенттегi 27 депутат айымның бiреуiне де Үкiметтен кресло бұйырмапты (министр болу үшiн депутат болу мiндеттi емес, бiрақ олардың талапкерлiгiн талқыға Парламенттегi фракциялар ұсына алады). Бұрынғы Үкiметтерде әлеуметтiк саланы көздеген вице-премьерлiк қызмет әйел затына жүктелiп келген және бiрнеше министрлiктi нәзiк жандар басқарып отырған едi. Бұл гендерлiк теңсiздiкке "сыныққа сылтау iздеген" үкiметтiк емес ұйымдар дабыл көтерiп шыққаны болмаса, депутат айымдар онша өкпелi емес сыңайда. Өйткенi, жаңа Үкiметтiң жүгi тым ауыр екенiн – экономикасы сазға батқан өлкенi одан суырып шығу, елде тұрақтылық пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң оңай шаруа еместiгiн көзiқарақты жандардың бәрi де айқын сезiп отыр.

Үкiметтiң құрамы жасақтала салысымен, жетекшi коалицияға кiрмей қалған "Ата Мекен" және "Ар Намыс" фракцияларының депутаттары Үкiметтiң алғашқы қадамын сынға алды. "Ар Намыстың" лидерi Феликс Кулов. Үкiметте осыншалық көп – 18 министрлiк пен 2 комитеттiң құрылғанына, онда әйел жолдастарға орынның болмағанына және Үкiметтiң құрамына республикадағы 80 этностың iшiнен қырғыздан басқа ұлттың өкiлi кiрмегендiгiне көңiлi толмағанын ашық айтты. Сондай-ақ, ол Жоғарғы Кеңештiң комитеттерiнiң жетекшiсi қызметтерiне азшылық болып қалған фракциялардың өкiлдерi тартыларына сенiмi аздау екендiгiн жасырмады. Еске сала кетсек, Қырғыз Республикасының Конституциясында "… парламенттiк оппозицияның өкiлдерi бюджет және құқық тәртiбi мәселелерi бойынша комитеттердiң төрағалары болып саналады" деп жазылған.

P.S. Мақаламыздың тақырыбын "Қырғызстанда заңды Үкiмет орнады" деп қойғанымыздың мәнiсi бар. 7 сәуiр оқиғасы кезiнде оппозицияда жүрген 14 адам бiрiгiп, Уақытша Үкiмет құрған. Оларға ешкiм (айталық – халық) құзiрет берген емес.

27 маусымда өлке Президентiн бүкiлхалықтық сайлаудан және Конституцияны қабыл алудан кейiн Президент Роза Отынбаева Уақытша Техникалық Үкiметтi құрған. Парламенттiң жоқтығынан ол бекiтiлген емес. Осылайша, бiраз үзiлiстен соң, Қырғызстан заңды Үкiметке ие болып отыр.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi