Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ ТЕХНИКА – ӨНДIРIСТЕ

ашық дереккөзі

ОТАНДЫҚ ТЕХНИКА – ӨНДIРIСТЕ

Елiмiзге 50 пайыз электротехника Ресейден әкелiнедi

20 желтоқсанда ҚР өндiрiстiк секторына инновациялық IТ және химия-технологиялық зерттеулердi енгiзу туралы ғылыми-практикалық конференция өттi. Аталмыш жиында мұнай-газ, металлургия және электр техникалары, сондай-ақ химия саласы бойынша баяндамалар оқылып, Қазақстан ғылымындағы жетiстiктер көпшiлiк назарына жария етiлдi.

Ғылым мен тәжiрибенi бiрге алып жүрудi алға қойған ҚБТУ ректоры Е.Бейсембетов: "Биылдан бастап ҚБТУ құрамына А.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты мен Сокольский атындағы электрхимия және органикалық катализ институты кiрiп отыр. Осы аталған институтта ғылыми жаңалықтар көп, бiрақ қоғаммен байланыстың жоқтығынан тәжiрибеде қолданылмаған", – дедi.

Осынау салалар бойынша 50-ден астам компаниялар, яғни жаңа технология құрастыруға маманданған институт жетекшiлерi мен ғалымдардың еңбектерi оқылды. Бұл жиынның көздегенi елiмiздiң индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа өнiмдердi ұсыну мен өндiрiс саласында еңбек өнiмдiлiгiн арттыру арқылы техниканың барлық мүмкiндiктерiн пайдалану. Осы мақсатта ҚБТУ басшылығы мен бiрнеше өндiрiстiк өнеркәсiп арасында бiрлесiп жұмыс iстеу Меморандумына қол қойылды.

ҰҒА президентi М.Жұрынов Қазақстандағы ғылымның дамымауы қаржыландырудың төмендiгiнен емес, ғылымға деген қажеттiлiктiң жоқтығынан дейдi. Бүгiнде заманауи жаңалықтарды меңгерiп, өндiрiсте ғылыми технологиялық жаңалықтарды iске асырмай, елiмiздiң шетелдiк нарықта бәсекелестiгiн арттыру мүмкiн емес. Конференцияда сөз алған А.Б.Бектұров атындағы химия ғылыми институтының бас директоры Е.Ерғожин гидрометаллургия, отандық электротехникалық өндiрiстегi ашылулармен бөлiстi. "Бүгiнгi таңдағы полимер өнiмдерiнiң жоқтығы – химиялық өнiмдердi жасауға тұсау болып отыр. Бiздiң институт таза ауызсу алу жүйесi және мұнай өндiруде қолданатын рассол жасадық. Бұл өнiмдер АҚШ, Еуропа және Жапонияда әлемдiк сарапшылар назарына ұсынылды. Бүгiнде 300 патент алып, таза ауызсу алу жүйесi тәжiрибеде сыналды", – деп бiрқатар жаңа техникаларды таныстырып өттi.

Расында, елiмiз электротехникалық тауарлардың 40-50 пайызы Ресейден әкелiнедi екен. Сондай-ақ, фармацевтика және дәрi-дәрмектердiң жаңа түрлерi туралы баяндама жасаған А.Б.Бектұров атындағы химия ғылыми институтының бас директорының орынбасары К.Пiрәлиев шетелден келетiн кейбiр дәрiлердiң орны залалы аз отандық өнiммен алмастырылғанын айтты.

Сонымен қатар мұнай-газ саласындағы дәстүрлi бұрғылаудан гөрi, жұмысты жеңiлдететiн жаңа технологиялар ендiрiле бастаған. Мәселен, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы мұнай бұрғылаудың көлденең тәсiлiн қолдану жер қыртысында жарықшақтардың пайда болуынан сақтайды. Мiне, осы тектес отандық өндiрiстегi ғылыми жаңалықтар осы саладағы мамандарына таныстырылды. Ал конференция ұйымдастырушылары "Самұрық-Қазына", "Kazenergy" және "ҚазМұнайГаз" жаңа техниканы өндiрiске енгiзудi өз мойнына алып отыр.

"Түркiстан-ақпарат"