Жаңалықтар

ЕҚЫҰ ЖӘНЕ "ЕСКI ЖАРА"

ашық дереккөзі

ЕҚЫҰ ЖӘНЕ "ЕСКI ЖАРА"

Аймақтық кикiлжiңдердi басудың талпыныстары

ЕҚЫҰ Астана Саммитi өттi, Қазақстанның төрағалық жылы да аяқталуға жақын. Бұдан соң осы оқиғалардың салдарлары мен сабақтары саралана беретiнi сөзсiз. Осындай салдарлардың бiрi – “Астана Саммитiнде Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының аймақтық кикiлжiңдердi басуға құзыретi жете ме?” деген мәселе көтерiлдi.

Шындығында, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, "Әрине, түйткiлдi мәселелердi түгел шешуге деген ұмтылыс болды. Бұл өте нәзiк қылды этносаралық мәселелерге қатысты болғандықтан, оның күрмеуi қашан да қиын болған. Әрбiр тараптың өз шындығы бар, олардың көзқарас-ұстанымдарын бiр-бiрiне бейiмдеу – қиынның қиыны. Осы жердегi айтылған сөздерден кейбiр көзқарастардың бiр-бiрiне мүлде қарама-қайшы екенiн аңғарған боларсыздар. Бұл түсiнiктi ғой, ескiден келе жатқан жара көп, бiр жыл iшiнде бұл мәселелер шешiлмейдi".

Жалпы, ЕҚЫҰ аясында аймақтық кикiлжiңдердi басу қалай жүзеге асады? ЕҚЫҰ құрамында Кикiлжiңдердiң алдын алу орталығы бар екенi белгiлi. Құрамындағы 56 мемлекеттiң әрқайсысының мүддесi үшiн кикiлжiңнiң неғұрлым ертерек алдын алу, дағдарыстарды жою мен кикiлжiң басылғаннан кейiнгi қалпына келтiру жұмыстары осы Орталықтың мiндетiне кiредi. Құрамында 50 халықаралық қызметкерi бар Орталықты қазiргi кезде елшi Херберт Зальбер басқарады.

Аймақтық кикiлжiңдердiң алдын алу мен оларды басу үшiн негiзiнен саяси диалог әдiсi қолданылатыны да жасырын емес. ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерi арасындағы бiр-бiрiне деген сенiмдi нығайтудың маңызы зор. Сондай-ақ, "далалық операциялар" жүргiзудi жоспарлап, құрылымдардың күнделiктi жұмысына қол ұшын беру де – Орталық мамандарының жұмысы.

Орталықтың тәжiрибесiнде екi мемлекет арасында әлдеқандай дау-дамай туындаған жағдайда iске қосылатын механизмдер бар. Әрiптес мемлекеттер арасында сенiмдi нығайту үшiн күн сайын 56 елдегi әскери-саяси шаралар туралы 16 дүркiн ақпарат алмасуды қамтамасыз етедi. Бұл мәлiметтердiң барлығы Орталыққа келiп түседi, сарапшы мамандар осы деректердiң негiзiнде салыстырмалы баяндама жасайды.

Тоқсаныншы жылдардағы Балқан түбегiндегi қақтығыстар аймақтық кикiлжiңдердi басудан гөрi олардың алдын алудың маңызы жоғары екенiн көрсетiп бердi. Осы кезден бастап бұл Орталық ЕҚЫҰ аясында еуропалық қауiпсiздiкке төнген жаңа қатерлердiң алдын алуға жұмылдырылды.

Алғашқы "далалық операциялар" 1992 жылдың қыркүйегiнде Косовода, Санджак пен Воеводинде ұйымдастырылған екен. Осы жылы бұрынғы югославтық Македония мемлекетiндегi Скопьеде де құрылды. Бас-аяғы бес жыл iшiнде бұл аймақтардағы құрылым саны 3-еуден 16-ға өстi.

Бүгiнде ЕҚЫҰ-ның 19 құрылымында 2800 қызметкер жұмыс iстейдi. Олар Еуразияның 17 мемлекетiнде орналасқан. Жергiлiктi жерлерде осы құрылымдардың мұқтаждықтары үшiн ұйым бюджетiнiң 70 пайызы бөлiнедi. Жергiлiктi жерлерде бұл құрылымдар қауiпсiздiк мәселелерi бойынша қолдау көрсетедi, сондай-ақ заңдылықты сақтауды, кикiлжiңдердiң алдын алу мен оларды реттеу мәселелерiн жергiлiктi билiктiң неғұрлым тезiрек өз қолына алуына септiгiн тигiзедi.

Кикiлжiңдердiң алдын алу орталығы далалық операциялар кезiнде жергiлiктi жерлердегi құрылымдарға барынша көмек берiп, олардың ЕҚЫҰ басқа құрылымдарымен байланысына дәнекер болады.

Бұл орталық ЕҚЫҰ аясында ұдайы саяси мониторинг жүргiзедi. Оның үстiне, барлық мүше мемлекеттерге дер кезiнде есеп дайындап, әлдеқандай аймақта дағдарыстың пайда болуы жөнiнде құлағдар етедi. Аймақтық мәселелер жөнiндегi мамандар саяси, әкiмшiлiк-шаруашылық мәселелер бойынша жергiлiктi құрылымдарға кеңес берiп отырады.

Қыркүйек айында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо мырза: "Ресей мен Грузия арасындағы шиеленiстi жағдай Астана Саммитiнiң ойдағыдай өтуiне кедергi болуы мүмкiн" деп мәлiмдеген болатын. Шындығында, бұл саяси мәлiмдеме емес, ЕҚЫҰ Кикiлжiңдердiң алдын алу орталығы мамандары сараптамасының нәтижесi едi. Шындығында, Ресей-Грузия текетiресi төрт ай бойы дайындалған Астана декларациясының Iс-шаралар жоспарын қабылдауға кесiрiн тигiзгенi белгiлi. Ендеше, Жетiншi Саммиттен екi ай бұрын айтылған сөз Ұйым төрағасына жасалған нұсқау ретiнде қабылданғаны заңды да.

Орталық мамандары далалық құрылымдардың ең сәттi жобаларының нәтижелерi мен қорытындыларын құжаттамаға тiркеп қояды. Ол кейiннен пайдалануға болатын үлгi ретiнде ұсынылады.

2003 жылы ЕҚЫҰ мүше мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлерi "ХХI ғасырда қауiпсiздiк пен тұрақтылыққа төнген қатерлерге қарсы тұру стратегиясы" атты құжатты қабылдау жөнiнде өзара келiскен болатын.

Сол уақыттан берi Орталық мамандары қару-жарақты таратпау мәселесiнде бiрқатар тәжiрибе жинақтады. ЕҚЫҰ аясында көмекке мұқтаж мемлекетке басқалардан көмек сұраудың да жолы қарастырылған. 2003 жылдан берi Әзiрбайжан, Албания, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжiкстан, Өзбекстан, Украина, Черногория мемлекеттерiнiң өтiнiшi бойынша басы артық қару-жарақты жоюға қатысты ұсыныстар жасау үшiн осы мемлекеттерге арнайы мамандар тобы аттандырылған.

Сондай-ақ, шекара маңында тыныштықты сақтау үшiн 2007 жылдан берi Орталық Азия аймағында жұмыстар жүргiзiлуде. Тәжiкстан мен Өзбекстан мемлекеттерiнiң өтiнiшi бойынша, бұл Орталық ЕҚЫҰ қол ұшын беретiн жағдайды анықтау үшiн арнайы топты жөнелттi. Орталық өкiлдерi Орталық Азия аймағындағы шекара қауiпсiздiгiн сақтау саласында жұмыстарды одан әрi жалғастыра беремiз деп сендiредi.

Сондай-ақ, ЕҚЫҰ құрамында Полициялық iс-әрекетiнiң стратегиялық мәселелерi жөнiндегi бөлiмi бар. Полициялық құрылым ЕҚЫҰ мүше мемлекеттердiң iшкi iстер органдарына қолдау көрсетудi мақсат еткен. Бұл бөлiм барлық мүше мемлекеттердегi заңдылықтың, демократияның негiзгi қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуге қолдау көрсетедi. Заңның сақталуы мен құқық қорғау жүйесiнiң мызғымас берiктiгi бүгiнгi таңда демократияны қамтамасыз етудiң бiрден бiр құралы болып отыр.

2008 жылы ЕҚЫҰ полиция қызметi Косовода, Черногорияда, Сербияда, Молдовада, Грузияда жүзеге асырылды. Ал Орталық Азия бойынша Ашхабадта, Астанада, Бiшкекте – Орталықтар, Тәжiкстанда – Бюросы, Өзбекстанда – Жобалар үйлестiрушiсi табан тiредi.

Қырғызстанның ұлттық қауiпсiздiгiнiң мемлекеттiк органының мәлiметiне қарағанда, бiр ғана Ош қаласында 2000-нан астам суық қару жергiлiктi азаматтардың қолында жүр. Бұл қару-жарақ негiзiнен құқық қорғау орган қызметкерлерiмен, шекара және әскери қызметкерлермен қақтығыс кезiнде күшпен тартып алынған.

Осы атылған жағдайларды ескере отырып, шiлде айының ортасында Бiшкекке ЕҚЫҰ Кикiлжiңдердiң алдын алу орталығының директоры Х.Зальбер бастаған бағалау тобы барып қайтқан болатын. Бұл сапардан соң Қырғызстанға Полициялық консультативтi топты аттандыру туралы мәселе көтерiлдi. Сол кезде Тұрақты кеңестiң шешiмi шыққанына қарамастан, қараша айының соңында ұйымға мүше мемлекеттердiң барлығы Қырғызстан мемлекетiндегi iшкi жағдайды ескере отырып, бұл шешiмге бiрқатар өзгерiс енгiздi.

"Азаматтық қауiпсiздiк бастамасы" атты жоба аясында ЕҚЫҰ Қырғыз Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне бiр жыл бойы көмек көрсететiн болды. Қырғызстанның түкпiр-түкпiрiнде 31 халықаралық қызметкер жұмыс iстемек. ЕҚЫҰ Полиция мәселелерi бойынша аға кеңесшi Кнут Дрейер былай дейдi: "Халықтың барлық бөлiгiнiң сенiмiне ие болған полиция қызметi – мызғымас тұрақтылықтың басты тетiгi. Осы бастама аясында Қырғызстанға осындай сенiмдiлiкке негiзделген қарым-қатынас орнатуда барынша қолдау көрсетiледi". Халықаралық қызметкерлерге 27 жергiлiктi iшкi iстер органы қызметкерлерi көмектеспек.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аяқталса да, Қырғызстандағы жағдай Ақорданың назарынан тыс қалмақ емес. Оның бiр дәлелi – келесi жылдың басында Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрындық болуымен арнайы халықаралық донорлық конференция өткiзiледi.

Сондай-ақ, Қазақстан "Корфу процесi" бойынша келiссөздерге одан әрi атсалысады.

2011 жылы ЕҚЫҰ төрағалық тiзгiнi Литваның қолына өткенiмен, "Үштiк" деңгейiнде Қазақстан ЕҚЫҰ аясында өзi мұрындық болған Еуроатлантикалық жән Еуразиялық қауiпсiздiк қауымдастығын құруға үлес қоспақ. Ендеше, "ескi жара" – аймақтық кикiлжiңдер өртi бiртiндеп басылады деген үмiт бар.

Гүлбиғаш Омарова