“ЕЛIМ!” ДЕП СОҚҚАН ҰЛЫ ЖҮРЕК
“ЕЛIМ!” ДЕП СОҚҚАН ҰЛЫ ЖҮРЕК
Алматы қаласында Мiржақып Дулатовтың атын иемденген айтулы мектеп бар. Байзақов көшесiнiң бойында орналасқан аталмыш мектептi Алаш қайраткерiнiң атына лайық iс тындырып жатқан мектеп деп мақтанышпен айтуға болады.
Өткен аптаның бейсенбiсiнде аталмыш мектепте "Ел-шежiре" Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Мiржақып Дулатовтың 125 жылдығына орай "Елiм!" деп соққан ұлы жүрек" атты ғылыми-практикалық конференция өттi. Конференция басталар алдында қонақтар Мiржақып Дулатовтың мұражайының табалдырығынан аттады. Кең бөлменi жасақтап, мұражайға айналдырған екен. Бөлменiң бiр қабырғасын Мiржақып Дулатов мұрасы иемденiптi. Одан бөлек, қазақтың ұлттық салт-дәстүрiне қатысты рухани дүниелерi де осында жинақталған екен. Оқушылардың дүниетанымына ерекше әсер беретiн кез келген ұлттық дүниелердi мұражайдан табуға болады.
Конференция балалардың тәуелсiздiк күнi қарсаңында ұйымдастырған патриоттық әндерiмен басталды. Одан соң, сөз тiзгiнi аталмыш конференцияның өтуiне мұрындық болған "Ел-шежiре" Қоғамдық қорының төрағасы, жазушы Дидахмет Әшiмханұлына тидi. Қаламгер алаш арысының рухани мұрасы туралы келелi ой қозғай келе, мектеп ұжымына Алаш қайраткерлерiнiң жинақтарын тарту еттi.
Белгiлi ғалым Айгүл Iсмақованың "Мiржақыптану" iлiмi туралы айтылған ойлары да сәттi шықты. "24 жасында кiтабын шығарып, газет ашқан. Қуғындалып, сотталып кете жаздаған. Сондағы бар кiнәсi, ұлттың қамын жегенi. Қара басының қамы үшiн емес, халқының қамын ойлады. ХХ ғасырдың басындағы "Өркениеттi елдердiң қатарына қосыл!" деген ұран тастағаны үшiн кiнәлi болған" деп бастады ғалым әңгiмесiн. "Алаш қайраткерiнiң атын иемденген мектептiң де түлектерi осал болмауға тиiс" дейдi ғалым.
Сол күнi "Оян, қазақ" деп ұлтын оятқан өршiл ақын, жазушы, қоғам қайраткерiнiң мұрасы туралы конференцияға жиналған қонақтар кеңiнен сөз қозғады.
Едiге БЕКТАС