ЖАС КАДРЛАРҒА ЖОЛДАМА
ЖАС КАДРЛАРҒА ЖОЛДАМА
Өткен аптада "Жас Отан" ЖҚ "Жастар кадрлық резервiне" түлектердi iрiктеу сыны аяқталды. Мемлекеттiк басқару жүйесi мен қоғамдық қызметке атсалысқысы келетiн 710 түлектiң құжаты қабылданды.
Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттiк қызмет пен бизнес саласына жастарды араластыру қажеттiгiн "Жас Отан" жастар қанатының I съезiнде қадағалап айтқан болатын. Осы мәселеге орай 2000 арыздың iшiнен 710 түлек қабылданып, жас кадрлар қоғамдық қызметке бiлек түрiп кiрiсуге сақадай-сай отыр.
Бiлiм және ғылым министрлiгi мен "Болашақ" стипендиясы түлектерi Ассоциациясының қолдауымен қазiр стратегиялық жоспарлау, жеке тиiмдiлiктi басқару, инновациялық белсендiлiктi арттыру, функционалдық презентацияны дайындау қабiлетi алға қойылған едi. Мiне, осы қырларды меңгерген жас кадрлар мемлекеттiк басқару iсiнде қызмет етуiне жол ашылады. Осы мақсатта арнайы семинар да ұйымдастырылған болатын. Түрлi саланы дамытуға бағытталған 69 жоба мен эсселер үздiк деп танылды. Осы орайда, "Қазақстанға бiлiмдi, интеллектуалды кадрлар өте қажет. Бiздiң экономикамызға, әсiресе, IТ-технологияда, нанотехнологияда, инжинирнгте әлеуеттi жас мамандар жетiспейдi. Ағымдағы жылы 1200-ден астам түлек оқуын бiтiрiп, елге оралады", – деп "Болашақ" қауымдастығы кеңесiнiң төрағасы Б.Байбек жалпы заманауи кадрлар мәселелерiн атап өттi. Сондай-ақ, жиын соңында осы жоба негiзiнде қызметке тұрып, қоғамдық iске араласқан мамандар аталмыш жобаның маңызды екенiн баса айтты.
"Түркiстан-ақпарат"