Жаңалықтар

КРЕМЛЬДIҢ СОЛАҚАЙ КАДР САЯСАТЫНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ

ашық дереккөзі

КРЕМЛЬДIҢ СОЛАҚАЙ КАДР САЯСАТЫНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ

Әбiлбек Тобағабылов сынды ағаларым мен замандастарым туралы

Әлi есiмде… 1953 жылы мен Аякөз аудандық Жастар Одағының бiрiншi хатшысы болып жүрген кезiмде, Алматыда өткен Қазақстан Жастар Одағының IV съезiне делегат болып қатыстым. Съезден кейiн Қазақстан Орталық Партия комитетiнде П.Пономаренко, Л.Брежнев, М.Сужиков, Ә.Қанафиндердiң қабылдауында болып, Орталық Партия комитетiнiң сол кездегi бiрiншi хатшысы П.Пономаренконың 1,5 сағаттық сөзiн естiдiк.

Сонда ол 1953 жылғы Тың және тыңайған жерлердi игерудегi Қазақстанға жасалып жатқан материалдық және кадрлық көмектердi жiпке тiзiп соның арқасында тың даласында жаңа 360 совхоз орнағанын, 70 мыңдай механизатор жастардың Украина, Молдавия, Белоруссия елдерi мен Орталық Ресей қалаларынан келiп, қазақтармен қоян-қолтық еңбек етiп жатқанын, осы елдерден Қазақстанға келген бiр топ орыс кадрларының партия, совет, шаруашылық қызметтерiне орналасу науқаны жүрiп жатқанын ұзақ айта келiп, таяуда болып өткен СОКП Орталық Комитетiнiң саяси бюросында Қазақстанда тың көтеру мәселесiнiң ерекше сөз болғанын, Қазақстан Орталық комитетiнiң Бiрiншi секретары Ж.Шаяхметовтың кадр мәселесiнде жiберген "өрескел қателiктерiн" алға тартқан. Оған мысал ретiнде 1943 жылы СОКП Орталық Комитетi соғыста әке-шешелерi қаза тапқан жетiм балаларды Москва, Ленинград, Свердлов, Новосибирск т.б. Ресей қалаларына мемлекет қаржысы есебiнен әртүрлi мамандық бойынша оқуға жыл сайын 100 жас қыз-жiгiттердi жiберiп отыру туралы қаулы қабылдағанын, осы қаулы бойынша соңғы он жылда 1000 қазақ жастарының бiлiм алып, түрлi мамандыққа ие болып шыққаны, бiрақ олардың iшiнде бiрде-бiр орыс, украин, белорусь т.б. ұлт өкiлдерi балаларының жiберiлмегенiн саяси айып етiп тақты. Бiз осы сөздi жаңа келген Орталық Партия Комитетiнiң бiрiншi хатшысының аузынан естiп, тiксiнiп қалдық. Себебi кадр мәселесiмен комсомолдар айналыспайды. Бiзге бұл мәселенi айқындап айтудың астарында елiмiзде кадр мәселесi жөнiндегi жаңа науқанның басталуы мүмкiн екенi сезiлiп тұрды.

Көп кешiкпей республикалық министрлiктерде кадр мәселесiнде үлкен өзгерiстер басталды. Айналасы бiр жылда Қ.Бутин, С.Даулыбаев, Ж.Жанғозин, А.Закарин, Ә.Сембаев бастаған 7-8 қазақ министрлерi орнынан алынды. Олардың орнына Украина, Белоруссия, Ресей қалаларынан екiншi қатардағы партия, кеңес, шаруашылық кадрларын топ-тобымен әкеп, басқару қызметтерiне қою науқаны қызу жүрiп жатты. Тiптi, кезектi тағайындауды тосушы келiмсектер Орталық Қазақстанның әр қалаларындағы қонақ үйлерде айлап жатып, жаңа қызметтi тосумен болды.

Осы солақай кадр саясатының салдары Семей облысын да айналып өткен жоқ. Оған дәлел 1947-1954 жылдары Семей облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылары болған Т.Қойшыбаев, М.Сужиков, С.Дәуленовтер, одан кейiнгi П.Пономаренко, Л.Брежнев кездерiнде келген С.М.Новиков, М.П.Корпенколар iскер қазақ жiгiттерiне қырғидай тидi.

Облыстық мекемелерде басшы қызметтерде ұзақ жылдар жемiстi еңбек еткен К.Дәукеев, Н.Машпиев, Н.Қойшыбаев, Н.Түменовтер түрлi болмашы себептермен орындарынан босатылып, басқа жұмыстарға ауыстырылды.

Сондай-ақ С.Қуанышбаев, Т.Серкешев, Г.Асанов, К.Нұрбаев, Ә.Тобағабылов, Т.Самаев сияқты аудандық партия комитеттерiнiң бiрiншi хатшылары болмашы "себептермен" жұмыстан босатылды да, олардың орнына Ресейден екiншi қатардағы қызметте болған П.М.Рымаренко, Н.И.Акуленко, П.А.Крылов, В.П.Гитенко, И.А.Запоржцев т.б. әкелiп қойылды.

Облыстық партия комитетiнiң жаңа басшыларының жергiлiктi ұлт кадрлары жөнiндегi басбұзарлық әрекеттерiне басу айтпақ болған Семей облыстық Кеңес атқару комитетiнiң төрағалары: М.Хасенов пен Е.Қашағановқа ашықтан ашық шабуыл жасап, ақыры оларды құртып тынды. Жаңа келген облыстың бiрiншi басшыларына жергiлiктi орыс кадрлары түрлi консультациялар берiп, ұлт кадрларына қарсы айдап салып отырды. Сөйтiп, Семей облыстық партия комитетiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi секретары Н.И.Акуленко, өндiрiс және транспорт жөнiндегi секретары А.А.Тупицын, партия бөлiмiнiң меңгерушiсi П.А.Крылов, идеология жөнiндегi секретары Т.М.Хряпов, Семей қалалық партия комитетiнiң бiрiншi секретары И.С.Запорожцев ойына келген ойранын iстеп, қазақ кадрларын ойыншыққа айналдырды.

Мiне, осының бәрi ұлт саясатын көпе-көрнеу бұрмалаған СОКП Орталық комитетiнiң Бiрiншi секретары Н.Хрущев бастаған ұлы орысшыл-шовинистердiң бүкiлодақтық жүйеге айналған ауруы едi. Осындай солақай саясаттың әсерiнен жазықсыз жапа шеккендердiң бiрi – қазақтың адал қайраткер ұлы Әбiлбек Бейсенұлы Тобағабылов болды. Семей облыстық партия комитетiнiң кадр мәселесiне арналған 1956 жылы өткен бiр пленумында обкомның үгiт және насихат бөлiмiн ұзақ жыл басқарған ұлтжанды қазақ қызы Ф.Халитова екi мәрте Қазақ ССР Жоғары Кеңесiне депутат болып сайланған Аякөз аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы ӘбiлбекТобағабыловқа үзiлiсте келiп жолығып: "Әбеке, мыналар бар қазақты жазықсыз қырып барады ғой. Бiрдеме деп тойтарыс бермейсiздер ме?" деп өтiнiш бiлдiрсе керек. Әбекең сол пленумда партияның кадр жөнiндегi саясаты интернационализм рухына негiзделетiнiн айта келiп, облыстық партия комитетiнiң жергiлiктi басшы кадрларды халықтың салт-дәстүрiн, шаруашылық кәсiбi мен тұрмыс-тiршiлiгiн, тiлiн жетiк бiлмейтiн басқа жақтан келгендермен орынды-орынсыз алмастыра берудiң қателiк екенiн сыпайылап жеткiздi. Осынысы көңiлiне жақпаған Облыстық партияның бiрiншi басшысы С.М.Новиков 1956 жылдың күзiнде Аякөз аудандық партия комитетiнiң конференциясында Ә.Тобағабыловты бiрiншi хатшылыққа сайлатпай тастауға әрекет жасап, облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Қ.Байғожиндi арнайы тапсырмамен жiберiп, Әбекең "Қарақол" совхозының директорлығынан әкеп өзi өсiрген кадры П.А.Горбачевтi бiрiншi хатшы етпек болады. Бiрақ конференция делегаттары: подполковник Ә.Қазыбеков, темiржолшы ардагерлер: И.Г.Радионов, Н.П.Макеев, шаруашылық басшылары: Х.Галиев, Ә.Сүйiндiков, Кеңес қызметкерлерi: С.Қалиев, Ж.Сәрсекеев т.б. делегаттар шығып сөз сөйлеп, Әбiлбек Бейсенұлының аудан шаруашылығын басқарудағы табысты еңбектерiн, кадрларды өсiрудегi өнегелi iстерiн бағалай келiп, қайтадан аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы етiп сайлауды ұсынды. Пленумда дауыс екiге бөлiнiп, Ә.Тобағабыловқа 39 адам, П.А.Горбачевке 31 адам дауыс берiп, көпшiлiк дауыспен аудан активтерi обкомның ұсынысын қабылдамай тастады. Обкомның айтқанына бағынбау бүiл Қазақстанды қайдам, Семей облысында алғаш рет болған ерекше оқиға едi.

Мен ол кезде Аякөз аудандық Кеңес атқару комитетiнiң оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет және сауда iстерi жөнiндегi орынбасары қызметiн атқарамын. Ол кезде Балқаш бойынан қамыс шауып, қашар салатын қамыс тақталар даярлау iсi қолға алынып, Семей облысының солтүстiк аудандарынан 500-дей адам тракторларымен Таңсық совхозының Қазбек учаскесiнде жұмыс iстеп жатқан болатын. Райком соны басқаруға өкiл ретiнде менi 1 айға жолсапарға жiбердi. Пленум өткенiне 3 күн болмай жатып, менi тез қайтып келiп Пленумға қатысуға шақырды. Мен райвоенком Ә.Қазыбековтен телефон арқылы сөйлесiп, не болып қалғанын сұрадым. Әлекең маған қалжыңдап, "Тобағабыловты қолдағандарды партиядан шығарғалы жатыр" деп шошытты.

Сөйтсек мәселе былай болыпты: С.Новиков обкомның ұсынысын өткiзе алмадың деп Қ.Байғожинге жабық бюрода сөгiс жариялапты. Жарғының талабы бойынша сайланатын адам қатысушылардың үштен екi дауысына ие болуы керек екен. Бұл жағдайда Ә.Тобағабылов та, П.А.Горбачев те толық дауысқа ие емес. Сондықтан пленумды қайта өткiзiп, "Ә.Тобағабыловтың өзiн бiрiншi хатшыға ұсыну керек" деп қаулы алыпты.

Ә.Тобағабылов халыққа жайлы, iстiң тетiгiн бiлетiн, кадрларды дұрыс iрiктеп бағалай алатын сабырлы да сарабдал басшы бола бiлдi. Оның басшылығымен Аякөз ауданы мемлекетке астық, сүт, ет, жүн өткiзудiң жоспарын жыл сайын артығымен орындап, республикалық социалистiк жарыста алдыңғы қатарлы аудандардың бiрi болды.

Сол жылдары ауданның экономикасымен бiрге мәдениетi де өркендеп көркейдi. Әр колхоз, совхоз орталықтарында стандартты орта мектеп үйлерi, мәдениет сарайлары мен кiтапханалар, тас жолдар салынып, электр жарығымен қамтамасыз етiлдi.

Әбекең Аякөз өңiрiнде жолсапармен болған қазақтың аса көрнектi жазушылары – академик Мұхтар Әуезов, Қазақ ССР Жоғары Кеңесiнiң депутаты, көркем сөз зергерi Ғабиден Мұстафинмен үнемi сырласып, сыйласып жүретiн.

Әбекең Аякөз ауданында 10 жыл бiрiншi басшы болып тұрған кезде бiрде-бiр шаруашылық басшылары партиядан шығарылып, сотты болған емес.

Комсомолда 3 жыл бiрiншi хатшы болып iстеген менi 1953 жылы Әбiлбек Бейсенұлы жастығыма қарамай 24 жасымда Аякөз аудандық Кеңес аткомы төрағасының орынбасарлығына ұсынып, бюрода бекiттi. Сақалы шықпаған ақ уыз жас әкiмдi сақал-мұртын қырау шалған, кәртамыс колхоз бастықтары мен совхоз директорлары бiрде менсiнiп, бiрде менсiнбей жүре тыңдайтын болды. Iштей өмiр көрмеген "боқмұрын" бала неғылып көсемсiп тұр деп миығынан күле қарайтын кездерiн де iштей сезетiнмiн. Соған қарамастан, бiрде олардан үйренiп, бiрде өз бiлгенiмдi оларға үйретуге тырысып бақтым. 1955 жылы Қытайдан көшiп келген 17 мың оралман отбасын үймен, отын-сумен, киiм-кешекпен қамтамасыз ету, мамандықтары бойынша қызметке орналастыру, балаларын мектеп-интернатқа орналастырып оқуға тарту, дәрiгерлiк көмек ұйымдастыру сияқты қыруар iстердi атқаруға тура келдi. Автоклубтар мен мәдени бригадалар құрып, ауыл-ауылдарды аралаттық. Дәрiгерлер, лектор, ойын-сауық әуесқойларын тарту, мәдени, сауда iстерiн ұйымдастырумен шұғылдандық. Егiс даласы мен ауыл-село, қалаларды көгалдандыру, ағаш отырғызу iстерiн қолға алдық.

3-4 жыл әкiмдiк қызметтi атқарған кезiмде өзiм сүйiп қалаған ұстаздық қызметке қайтып барғым келе бердi.

1957 жылы аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Әбiлбек Бейсенұлына барып, қаладағы №8 темiржол орта мектебiне директорлыққа жiберуiн өтiндiм. Әбекең "әлi жассың, өсесiң, партия мектебiне оқуға жiберемiз. Кейiн аудандық Кеңес аткомының төрағасы боласың" – деп үгiттедi. Мен Абай атамыздың:

Түбiнде баянды еңбек егiн салған,

Оқу оқып, өнермен бiлiм алған.

Би болған, болыс болған мақсат емес,

Өнердiң бұдан өзге бәрi жалған, – деген өсиетiн тiлге тиек етiп, алған бетiмнен қайтпай Әбекеңдi көндiруге тырыстым. Әбекең мәселенi байыппен шешетiн ақылды азамат едi. Ол кiсi бюро мүшелерiн жинап, ақылдасты да менi Темiржол орта мектебiне директорлыққа жiбердi. 1700 оқушысы, 80 мұғалiмi, 200 балалық қоғамдық интернаты бар темiржол орта мектебiн басқару алғашқыда оңайға соқпады. Бұрын осы мектепте әр жылдары директор болып қызмет атқарған 5 директормен жұмыс iстеуге тура келдi. Жақ-жақ болып айтысып, арыз жазысып үйренiп қалған ұжымды iске жұмған жұдырықтай етiп ұйымдастыру үшiн күндiз-түнi бар күшiмдi жұмсадым. Алғашқыда "7-8 жыл оқу-ағарту iсiнен қол үзiп кеткен жас директордан не шығар екен" – дейтiндер әр iсiме сын көзiмен қарайтын болды.

Педагогикалық кеңесте баяндама жасау үшiн 10-15 күн бойы бар педагогикалық газет-журналдарды оқып, жақсы ойларды терiп алып, оны мектеп мұғалiмдерiнiң күнделiктi iс тәжiрибесiмен байланыстырып, қатынасқан сабақтардан үзiндiлер келтiрiп, мұғалiмдердiң жетiстiк-кемшiлiктерiне талдау жасадым. Баяндамамды алдын ала даярлап, әлгi 5 директордың әрқайсысына оқып берiп, пiкiрлесiп, оларды өз жақтаушым етуге тырыстым.

Оқушы жастардан үрмелi аспап оркестрiн, хор, ән-би ансамбльдерiн құрдық. Жас мұғалiмдердi ұйымдастырып пьеса қоятын болдық. Ата-аналардың, жоғары сынып оқушыларының, Локомотив депосы сияқты шефтiк мекеменiң күшiмен ағаш, темiр, тiгiн шеберханаларын, 150 шаршы метрлiк жылыжай, спорт алаңдарын тегiн салдық. Оқушыларды өнiмдi еңбекке үйретiп, токарь, слесарь, тiгiншi, аспазшы, шофер мамандықтарын қоса меңгерттiк. Жылыжайда көкөнiс өсiрiп, қысы-жазы интернат балаларын көкөнiспен қамтамасыз еттiк. Қалалық парктi қамқорлыққа алып, ағаш отырғызу, гүл өсiру iсiмен айналыстық. Оқушыларды қоғамға пайдалы iстерге үйретуде мектебiмiз КСРО Қатынас жол министрлiгiнiң III дәрежелi дипломы мен құрмет грамотасын және ақшадай 10 мың сом сыйлықты жеңiп алдық.

1966 жылы Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына сырттай оқуға түсiп, КСРО Педагогика ғылымдар Академиясының академигi, филология ғылымдарының докторы, Кеңестер Одағының батыры М.Ғабдуллиннiң жетекшiлiгiмен "Ғ.Мүсiрепов творчествосын орта мектептерде оқыту" деген тақырыпта 1971 жылы Қырғыз мемлекеттiк университетiнiң ғылыми Кеңесiнде педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесiн қорғадым. 1972 жылы қазанда Қазақ темiржолы оқу бөлiмiнiң бастығы қызметiне тағайындалмақ болып Москваға, Главкаға бекiтiлуге бара жатқанымда Түркiстан стансасында Әбiлбек Бейсенұлын ойламаған жерден кездестiрдiм. Әбекең 1960 жылы Семей облыстық партия комитетi қуғындай берген өзi арыз берiп, бiрiншi хатшылықтан босап, туған өлкесi Оңтүстiк Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына аудандық Кеңес атқару комитетi төрағасының орынбасары қызметiне ауысып кеткен болатын. Бiраз жылдан кейiн ол қызметтен босап, Түркiстан аудандық партия комитетiне нұсқаушы, кейiн Түркiстандағы қазақ үй жасау фабрикасында директор болып iстеп жүр екен. Түркiстандағы темiржол мектеп-интернатының директоры Ә.Жұмасейiтовтың финанс жұмысы жөнiнде оқу бөлiмiнiң Советiнде мәселе қаралып, бөлiмнiң бұрынғы бастығы П.Н.Чепраков оны орнынан босатпақ болғанда мен ара түскемiн. Әбекеңе сол жөнiнде айтып берсе керек. Әбекең "Ол Аякөздiң жiгiтi, мен тәрбиелеген кадрым" десе, Жұмасейiтов Ол кiсi ендi бiздiң бастық болғалы Москваға МПС-қа бекiтуге бара жатыр", дейдi ғой.

Поезд түскi 12-де Түркiстанға келiп тоқтай қалды. Ойламаған жерден Әбекеңдi перонда кездестiрiп, құшақтап амандастық. Әбекең Москвадан қайтар күнi телеграмма бер. 1-2 күн Түркiстанға аялда", – дедi. Москвада МПС-та қабылдауда болып, 5 күннен кейiн қайтарда Түркiстанға түстiм. Әбекеңнiң үйiнде қонақта болып, Кентау, Түркiстан қалаларын аралап қайттым. Әбекең Арқа жiгiттерiнiң азаматтығына дән риза екендiгiн айтып, өткендi еске түсiрдiк.

Әбекеңнiң о дүниелiк болып кеткенiн екi-үш жылдан кейiн ғана естiдiм. Жақсы адам қай өңiрде жүрсе де жан-жағына шуақ шашып, соңынан жақсы iз қалдырады екен.

Әьiлбек ағада жайсаң, исi қазақ қадiрлейтiн, оның iшiнде өзi ұзақ жылдар еңбек етiп, тер төккен Павлодар, Семей, Оңтүстiк Қазақстан өңiрi аса құрмет тұтатын ардақты азамат, көрнектi қоғам қайраткерi едi.

Серғазы ҚАЛИҰЛЫ, педагогика ғылымдарының докторы