ЖАПОНИЯДАҒЫ МЕШIТТЕР
ЖАПОНИЯДАҒЫ МЕШIТТЕР
Екi ғасыр бойы жабық мемлекет болып келген Жапония ХIХ ғасырдың соңына таман сыртқы әлемге есiгiн айқара ашты. Мұсылман елдерiмен алыс-берiсi де дәл осы кезеңнен басталады. Малайзия мен Түркиядан барған мұсылмандар Күншығысқа тұрақтаған тұста Коматсу Акихито ханзаданың Ыстамбұлға сапар шегуi ел тарихындағы маңызды оқиға болды. 1890 жылы Түрiк мемлекетi құрмет белгiсi ретiнде Жапонияға арнайы кемесiн жiбередi.
ЖАПОННАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ҚАЖЫ
Өзiн "мұсылманмын" деп жариялаған алғашқы жапондардың денi – саудагерлер. 1890 жылдары Үндiстанға сауда жасау мақсатымен барған Бунпачироу Арига өз есiмiн Ахмед Арига деп өзгертсе, алғашқы қажылардың бiрi Ямада Тоаджироу 1892 жылдан бастап 20 жыл бойы Ыстамбұлда сауда жасаған. Өз заманында "бейресми консул" деген атқа ие болған Ямада Тоаджироу (Абдул Халил) Отанына ораларда Меккеге барып, бес парыздың бiрiн өтеген екен.
Жапон тарихындағы тұңғыш қажы – Котароу Ямаока. Омар есiмiне ие болған ол Абдурашид Ибраһим деген түркi тектi жазушымен дос болған деседi. "Қара айдаһар" қауымдастығының қолдауымен Орыс-жапон соғысы кезiнде Манъчжурияда болған Ямаоканың арқасында Токио мешiтi салынған. Құрылысы 1938 жылы аяқталған бұл мешiттi салдыру үшiн Ямаока бiрталай елдерге сапар шегiп, 1910 жылы Түрiк сұлтанының ресми рұқсатына қол жеткiзген.
Токиодағы Камий мешiтi 2000 жылы Түркия мен Сауд Арабиясының қаржылай қолдауымен күрделi жөндеуден өтiп, қайта ашылды. Құрылысына Жерорта теңiзiнiң мәрмәрi пайдаланылып, түркиялық мешiттердiң үлгiсiмен салынған Камий мешiтiнiң имамы – Түркия азаматы. Бұл мешiтте неке қию рәсiмi, ас берумен қатар дiни тақырыптағы театрландырылған қойылымдар көрсету, мұсылман елдерiмен таныстыратын көрмелер өткiзу сияқты iс-шаралар атқарылады. Токиодағы Камий мешiтiне әр жұма сайын 500-ге жуық адам келiп, намаз оқиды. Олардың арасында Пәкiстан, Түркия, Индонезия, Малайзия, Иран, Үндiстан, Африка және Араб елдерiнен Жапонияға жұмыс iстеуге келген мұсылмандар да бар.
Токио мешiтiнiң алғашқы имамы Абдурашид Ибраһим (1857-1944), одан кейiн Абдулһай Корбангалы (1889-1972) болған.
Ал тұңғыш жапон имамы – Шейх Ибраһим Савада. Ол Токиодағы "Аһлулбай" Ислам орталығын басқарған.
ЖАПОН МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ АССОЦИАЦИЯСЫ
1930 жылы құрылған бұл мекеменiң мүшесi ретiнде алғашында 65 адам тiркелiптi. 1945 жылға дейiн аталмыш ұйымның қолдауымен мұсылман дiнi туралы 100-ден астам кiтаптар мен дiни журналдар шығып тұрған. Сол кезеңде мұсылмандықты ту еткен "Аджиагикай" ұйымының да рөлi зор болды. Ал "Ахмадия мұсылмандар қоғамының" iргетасы 1935 жылы қаланды.
Жалпы мұсылман ұйымдары Жапонияның мемлекеттiк қауiпсiздiгiне қызмет еткендiгiне тарихи деректер дәлел болады. "Аджиагикайдың" жетекшiлерi мұсылман дiнiн Буддизм, синтоизммен қатар ұлттық тұтастықтың ұйытқысы деп бiлген. "Мұсылмандар ассоциациясын" басқарғандардың бiрi Умар Мита "Manshu Railway" компаниясында қызмет атқарды. Ассоциация қолдаушыларының бiрi боған бұл компания жапон жерiн Солтүстiк Шығыстағы Қытай провинциалары арқылы бақылаған. Соғыс бiткенде елiне оралған Умар Мита Меккеге барып, қажылық парызын өтеген соң Құранды тәржiмалаған. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн қажы атанған алғашқы жапон – Умар Мита. Ал Құранды ең алғаш Күншығыс мұсылмандарына жеткiзген – Шюмэй Окава. Ол қасиеттi кiтапты аударумен қатар шәкiртi Тошихико Идзутсумен бiрге мұсылман дiнi туралы бiрнеше еңбек жазған болатын.
НАГОЯ МЕШIТI
1937 жылы салынған бұл мешiт Нагоя префектурасының Чикуса деген ауданында орналасқан. Мешiт бой көтерген жылы Нагоядағы түркi-татарларының ассоциациясы ағылшын, жапон, татар тiлдерiнде "Нагоя мұсылман мешiтi" деп аталатын кiтап шығарды.
Аталмыш еңбекте Қазан төңкерiсiнен кейiн Орта Азиядан барған көптеген мұсылмандардың жапон жерiнде тұрақтап қалғандығы, олардың мешiттер салуға зор үлес қосқандығы туралы жазылған. "Ең алғаш 1920 жылдардың iшiнде Ресейден шыққан татар азаматы Нагояға келiп, жергiлiктi мұсылман бауырлармен бiрге ассоциация құрған" делiнген аталмыш кiтапта.
1988 жылы жарыққа шыққан 300 беттiк "Нихонисрамуши" (Жапониядағы ислам тарихы) деген кiтапта (авторы Мұхаммед Мұстафа Комура Фуджио) "Нагоя мешiтiнiң аумағы, бар болғаны – 40 шаршы метр" деген дерек бар. Бұл мешiтте түркi балаларына арналған дiн сабақтары да өткiзiлген. Жұма намазына Нагоя қаласында тұратын 20 түркi азаматы қатысқан екен.
Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Нагоя мешiтiнен жұрнақ та қалмайды. 1945 жылдың 14-мамырында, таңғы сағат 8 жарымда, Американың В-26 ұшағы мешiттi жермен-жексен етедi. Тек қырық жылдан астам уақыт өткенде Нагояда жаңа мешiт бой көтердi. 1989 жылдың 24 шiлдесiнде ашылған жаңа ғимарат төрт қабаттан тұрады. Бiрiншi қабатында дiн орталығы орналасқан. Екiншi қабат әйелдердiң намаз оқуына, үстiндегi екi қабат ерлер үшiн арналған.
ЙОКОХАМА МЕШIТI
200 шаршы метр жердi алып жатқан мешiтке жұма сайын 70-ке жуық адам келедi. Былтырғы жылдың жазында жеке тұлғаның қолына көшкен мешiт үйi күрделi жөндеуден өттi. 2006 жылы жергiлiктi мұсылмандар қауымдастығы бетоннан салынған қосымша екi үйдi 100 миллион иенге сатып алып, мешiтке қосқан екен. Мешiт аумағының кеңеюiне Осака, Нагоя, Тояма, Ниигата, Хоккайдо, т.б. аймақтарында тұратын мұсылмандар да қолдау көрсетiптi. Бұл мешiтте балаларға арналған Құран дәрiстерi де өткiзiледi. Мешiт тарапынан тұрмысы төмен тұрғындарға тұрақты түрде көмек көрсетiледi.
БАТЫС МҰРАҒАТЫНДАҒЫ ҚҰПИЯ ҚҰЖАТ
Қазан төңкерiсiнен кейiн Ресейден көптеген тегi түркi мұсылмандардың Жапонияға барып орналасу үрдiсiн Батыстың барлау мекемелерi барынша бақылағанға ұқсайды. "Токио" журналының 2006 жылғы тамыз айындағы санында "Жапониядағы мұсылмандар және жапон мұсылмандары" деген мақала жарияланды. Бұл мақалада АҚШ Барлау қызметiне қарайтын Стратегиялық зерттеулер орталығының мұрағатында 1943 жылы тiркелген құпия дерек келтiрiлген. Сол кездегi Батыс саясаткерлерiнiң пiкiрiнше, "Жапонияда бiрiнен кейiн бiрi ондаған мешiттiң салынуы Хирохито императордың мұсылман болғандығына дәлел болады". АҚШ-тың аталмыш мекемесi "Жапонияның мұсылмандар арқылы әлемдiк деңгейге көтерiлуi" деген тақырыпта мәлiмдеме жасаған. "Жапонияда мұсылман миссионерлерiнiң уағыз жүргiзуге мүмкiндiгi мол болды. Оған император Хирохитоның өзi жол ашты. Ел көсемi мұсылман дiнiн ұстанған" (19-23 беттер) делiнген аталмыш құжатта. Бұл мәлiмет 61 жыл бойы құпия сақталып, тек 2004 жылы ғана Ұлыбританияның ұлттық мұрағаты арқылы жария етiлдi.
ДIН-РУХАНИ ДIҢГЕК
Бүгiнде Жапонияда қырық шақты мешiт бар. Егер 1930-1940 жылдары – 1000, ал 1980 жылдары – 30 мың адам мешiтке барса, қазiргi таңда намаз оқитындардың саны 100 мыңға жетедi. Осы көрсеткiштiң неше пайызы шет мемлекеттерден барған мұсылмандар, неше пайызы жергiлiктi жапондар екенiн айыру, әзiрше мүмкiн емес. "Асахи" басылымының журналисi Каваками Ясуюридiң жазуынша, Жапониядағы мұсылмандардың бiр бөлiгi 1980 жылдары Азия мемлекеттерiнен жұмыс iздеп немесе университетте бiлiм алу мақсатымен келiп, тұрақтап қалғандар. Яғни, кәсiпкерлер, инженерлер, т.б. саланың адамдары. Бұл елдегi мұсылман ұйымдары келешекте жаңадан мешiттер салуды жоспарлап отырған көрiнедi. Мұсылман ұйымдары негiзiнен Хирошима, Киото, Нагоя, Осака және Токиоға шоғырланған. Шет елдерден келген мұсылмандардың балалары жапон мектептерiнде оқиды. Олар қосымша мешiттердегi дiн сабақтарына қатысады. Канагава префектурасындағы Эбина мешiтiнде 10 жастан асқан балаларға арналған араб тiлiнiң курсы жұмыс iстейдi. Сондай-ақ, бұл мешiтте күн сайын төрт сағаттық Құран сабағы бар. Йокохама префектурасындағы мұсылман отбасылары да балаларын жергiлiктi мешiттегi дiни сабақтарға қатыстырады.
Жапонияда дiн идеология емес. Буддизм, синтоизм немесе ХVII ғасырда Батыс миссионерлерiмен бiрге келiп, бүгiнде ұстанушылардың саны халықтың 1 пайызын құрайтын христиан дiнi туралы немесе ислам хақында сөз қозғап, сан-алуан пiкiрлер бiлдiру жапон қоғамына жат әдет. Яғни, жапон танымындағы дiн – жариялылықты қажет етпейтiн әр адамның жүректегi сенiмi.
Буддизм мен синтоизм – жапон ұлтының мыңдаған жылдардан берi келе жатқан рухани дiңгегi. Тағдырдың жазуымен Жапонияға Азияның әр аймағынан жиналған мұсылмандар да мұсылмандық дiңгектi сақтап отыр. Жапониядағы мешiттер соның айқын айғағы.
Шарафат Жылқыбаева