«ҰЙҚЫДАҒЫ» ҰЙЫМНЫҢ ОЯНУЫ

«ҰЙҚЫДАҒЫ» ҰЙЫМНЫҢ ОЯНУЫ

«ҰЙҚЫДАҒЫ» ҰЙЫМНЫҢ ОЯНУЫ
ашық дереккөзі
Хельсинкидiң рухы Астанада жаңғырды
 

Аралықтағы 11 жылдық үзiлiстен кейiн Астанада өткен Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше мемлекеттердiң жаһандық жиынында қорытынды құжат – "Астана декларациясы" қабылданды. Бұл стратегиялық құжат бiртұтас еуроатлантикалық және еуразиялық қауымдастық құрудың негiзiн қалады. Ең алдымен, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылығы мен iскерлiк күш-жiгерiнiң арқасында ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдiң өкiлдерi бiр пәтуаға келгенiн айтуымыз қажет. Беделдi ұйымға қанша мемлекет мүше болса, соншалық мүдделердiң көп болатыны да заңдылық. Содан шығар, Саммиттiң екiншi күнгi алқалы жиыны түн ортасына дейiн созылды. Бiр кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Делегация басшыларының қарсылығы бар ма? Жоқ… Егер қарсылық жоқ болса, құжатты бiрауыздан қабылдауды ұсынамын… Құжаттың жобасы бойынша ортақ пәтуаластыққа келдiк деп санауыма бола ма… Қарсылық жоқ! Олай болса, Астана декларациясының қабылданғанын жариялаймын!" деген дауысы естiлдi. Бұл – ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттер үшiн де, әрбiр қазақстандық үшiн де ұмытылмас тарихи сәттердiң бiрi.

Әдетте Саммиттердiң тиiмдiлiгi онда қабылданған қорытынды құжаттармен, ал беделi – оған қатысушылардың саны мен деңгейiне қарап бағаланатыны белгiлi. Бұл тұрғыдан алғанда, Астана Саммитiне ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекетпен қоса, Австралия мен Тайланд сияқты әрiптес елдер де, БҰҰ, ЕуроОдақ секiлдi беделдi халықаралық ұйымдар да қатысты. Екiншiден, ұзын-саны 30-ға жуықтаған қадiрлi қонақтардың iшiнде "Үлкен сегiздiктiң" өкiлдерi – Ресей президентi Дмитрий Медведев, АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон, Германия канцлерi Ангела Меркель, Италияның премьер-министрi Сильвио Берлускони; БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, ЕуроОдақтың президентi Херман Ван Ромпей, ЕҚЫҰ-ның Парламенттiң ассамблеясының төрағасы Петрос Эфтимиу, Францияның премьер-министрi Франсуа Фийон және т.б. әлемге танымал тұлғалар болды. Яғни, Саммит өткен екi күн бойына бiздiң астанамыз жаһандық геосаясаттың көрiгiн қыздырған орталыққа айналды. Осы жиында мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшiлерi жаһандық қауiпсiздiкке қатысты өткiр пiкiрлерi мен ұсыныстарын ашық бiлдiрдi. – Астана Саммитi арқылы ұйымның ауқымы ғана емес, саяси сипаты да өзгерiске ұшырады. Бiз дүниеге Батыс пен Шығыс, Түстiк пен Терiстiк деген кереғар түсiнiктер ғана емес, ендiктер мен бойлықтар үндескен бiртұтас әлем ретiнде қарауымыз қажет. Сондықтан, бүгiн Астанада еуроатлантикалық және еуразиялық бiртұтас қауiпсiздiктi қалыптастыру жолында батыл қадам жасадық. Дана халқымызда "Кемедегiнiң жаны бiр" деген ұлағатты сөз бар. Егер ұрпақтарымызға жарқын болашақты мұра етудi қаласақ, онда ортақ кеңiстiгiмiздiң қауiпсiздiгiн бiрге ойлағанымыз жөн. Хельсинкиден басталып, бүгiн Астана көгiне қалықтаған iзгiлiк рухы бiздi осыған жетелейдi, – дедi мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Шабыт" шығармашылық үйiнде өткен саммиттен кейiнгi журналистермен жүздесуiнде. Ақиқатын айтар болсақ, Астана Саммитiнде ЕҚЫҰ кеңiстiгiндегi созылмалы қақтығыстарды тоқтату және олардың алдын алу мәселелерi терең талқыланды. Мәселен, Әзербайжан Таулы Қарабақ мәселесiне қатысты Арменияны бейбiт келiссөздерге шақырып, арадағы жанжалды шешуге үмiт артты. "Армения iзгiлiк жолымен келiссөздердi жүргiзудiң орнына, ылғи да атысты тоқтату режимiн бұзып, өзi басып алған аумақта әскери жаттығулар өткiзедi. Бiзден басып алған қалалар мен ауылдардың тарихи атауларын өзгертуге, сондай-ақ жазықсыз халықты қоныстанған жерiнен заңсыз көшiруге әрекеттенуде. Арменияның келiссөздер процесiндегi әрекетi оның бейбiтшiлiкке ұмтылғанын көрсетпей отыр, олар басып алған аумақты босатуға да ұмтылмайды. Яғни, келiссөздер процесiн ешқандай нәтижесiз аяқтауға тырысып бағуда", – деп мәлiмдедi Әзербайжан президентi Ильхам Әлиев Астанадағы саммитте. "Егер де Әзербайжан Таулы Қарабақтағы әскери агрессиясын тоқтатпаса, Арменияның Қарабақтың тәуелсiздiгiн мойындаудан басқа лажы болмайды", – дедi оған жауап ретiнде армян басшысы Серж Саргсян. Атап айтарлығы, Астана саммитiнде Таулы Қарабақ мәселесiне орай бестараптық мәлiмдеме қабылданды. Яғни, бiрлескен мәлiмдемеге Армения, Әзербайжан, Ресей президенттерi, Франция премьер-министрi және АҚШ мемлекеттiк хатшысы қол қойды. Онымен қоса, Астана декларациясында ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел мұндай қақтығыстарды тек қана бейбiт келiсiмдер арқылы БҰҰ-ның және Хельсинки актiсiнiң жарғысында бекiтiлген халықаралық нормалар мен принциптердi толық сақтай отырып, реттеу керектiгiн атап көрсеттi. Қалай десек те, Астана Саммитi Батыс пен Шығыстың үнқатысуы уақыт өткен сайын маңыздырақ бола түскенiн дәлелдеп бердi. Тiптi, Қап тауындағы (Оңтүстiк Осетия мен Абхазия) созылмалы қақтығыстарға Ресей мен Еуропаның екi түрлi көзқараста екендiгi де анық байқалды. Бұл жерде әлемге және ондағы жанжалдарға әртүрлi көзқараспен қараудың өзi тараптарды диалогқа үндейтiнi анық. Алайда, сорақысы сол, Батыс пен Шығыс әлемдегi жағдайдың байыбына бармай, өз көз алдындағыны ғана көретiнiнде. Мысалы, Ресей Қап тауындағы ахуалға қатысты өзiнiң табанды ұстанымда қалатынын бiрден сездiрдi. "Бiз бiрқатар Батыс елдерiнiң делегациялары басшыларының "Гүржiстандағы жанжалдар" тақырыбын қозғап, Оңтүстiк Осетия мен Абхазия осы мемлекеттiң аумағында қалатыны, Мәскеу мен Тбилисидiң арасында жанжал жалғасып отыр дегенiн естiдiк. Бұған жауабымыз – Ресей президентi Д. Медведев Астанадағы саммитте ашық мәлiмдегендей, Ресей мен Гүржiстанның арасында ешқандай да қақтығыс жоқ. Ол жердегi ахуал 2008 жылы тамызда Гүржiстанның Оңтүстiк Осетияға арандатушылық басқыншылық әрекетiнiң нәтижесiнде қалыптасып отыр. Бұл әрекетi арқылы Гүржiстан Хельсинки актiсiн, ЕҚЫҰ-ның басқа да құжаттарын бұзды. Сондықтан да Ресей сол кезде бiтiмгерлердiң өмiрiн, Цхинвали мен Оңтүстiк Осетияның өзге де елдi мекендерiнiң бейбiт тұрғындарының өмiрiн сақтау үшiн белгiлi бiр iс-әрекеттердi жүзеге асырды. Осыған орай, ол шекарада Гүржiстанның аумақтық тұтастығы жөнiнде ешқандай да әңгiме болмауы керек", – деп мәлiмдедi Ресейдiң сыртқы iстер министрi Сергей Лавров. Ал Гүржiстанның президентi Михаил Саакашвили оңтүстiкосетин жанжалын бейбiт жолмен шешуге Ресеймен бiр мәмiлеге келуге дайын екенiн жасырмай айтты. Сонымен қатар, Астанадағы саммитте Ұлыбританияның премьер-министрiнiң орынбасары Николас Клег пен Германияның федералдық канцлерi Ангела Меркель Гүржiстанның егемендiгi мен тұтастығын қолдайтындарын айтып, ЕҚЫҰ-ның Гүржiстанда толық орнығуы тиiстiгiн жақтады. Яғни, Астана өз миссиясын абыроймен атқарды. Қалғанына төрешi болатын – уақыт. Бiр сөзбен айтқанда, тарихи жиында орнықты ойлары мен идеяларын ортаға салған мемлекет басшылары алпауыт елдердi геосаяси бәсекелестiк мүддесiнен гөрi, ортақ қауiпсiздiк механизмдерiн ойласуға шақырды. "Бiз Хельсинки процесiнiң қағидаларын кiм көбiрек бұзды дегендi доғарайық. Одан ешқандай пайда жоқ. Оның орнына геосаяси аймақтардың өмiрлiк маңызы бар мүдделерiн байыптап, қауiпсiздiктiң ортақ ережелерiн iздестiрейiк", – дедi Словакияның президентi Иван Гашпарович өз сөзiнде. Ең бастысы, алқалы отырысқа арнайы келген мемлекет және үкiмет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшiлерi Астана саммитiне "қазақ дипломатиясының зор жеңiсi" деген баға бердi. Тiптi, ресейлiк сарапшылар ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитiн "Қазақстанның имидждiк үлкен жеңiсi" деп бағалады. "Астанадағы Саммиттi көзiмен көргендер кейбiр батыстық болмысты да, екiншi жағынан шығыстың бiрегейлiгiн де анық аңғарды. Мiне, осы Саммиттен өте жағымды, ұнамды әсер қалды", – дейдi саясаттанушы Людмила Әдiлова. ММУ-нiң посткеңестiк зерттеулер орталығының жетекшiсi Алексей Власовтың пiкiрiнше, Саммитте Ресейдiң үнi қатты естiлмедi. "Бұл жерде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тек осы ұйым үшiн емес, халықаралық қатынастардың толық жүйесi үшiн айтарлықтай оқиға болғанын айту керек. Бұл оқиға басты диалог алаңы үшiн ғана емес, алдыңғы қатарлы халықаралық интеграциялық құрылымдар үшiн де өзгерiстер кезеңi туатынын көрсетiп бердi. Хельсинки актiсiнен кейiн 35 жыл өткенде, бiз "Кәрi құрлықтан" Орталық Азия мен Қап тауын бөлiп қарамай, еуразиялық кеңiстiктегi қауiпсiздiк туралы әңгiме қозғауымыз қажеттiгiн түсiндiк", – дейдi ресейлiк сарапшы. Оның айтуынша, "ұйқыдағы" ұйымның iшкi күштерiн ояту үшiн саяси ерiк-жiгер керек болды. Яғни, бiр үстел басына жиылып, "ойын тәртiбiнiң" ортақ ережелерiн келiсу үшiн, ортақ қауiп-қатерлерге бiрлесiп қарсы тұру үшiн жаңа құралдарды пайдалану қажеттiлiгi туындады. "Мiне, осы мақсатты посткеңестiк кеңiстiкте алғаш рет ЕҚЫҰ тiзгiнiн ұстаған ел – Қазақстан асқан абыроймен атқарды. Бұл жерде Астана Батыс пен Шығыстың қарым-қатынастарындағы тепе-теңдiктi сақтай отырып, дұрыс жолды таба бiлдi. Әрине, мұндай жеңiске жетерде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "еуразиялық диалогтың" кәнiгi менеджерi екендiгiн жоққа шығаруға болмас. Тiкелей қазақ көшбасшысының ерiк-жiгерiнiң арқасында ЕҚЫҰ-ның тамырына қайта қан жүгiртiп, өзара үнқатысуға мүмкiндiк жасалды. Менiң ойымша, Нұрсұлтан Назарбаевтың Саммиттiң ашылуында жария еткен ұсыныстарының барлығы пәтуаластық негiзде қолдау тапты. Әрине, бұл ЕҚЫҰ-ның болашағында ешқандай мәселе болмайды деген сөз емес. Көптеген мәселелерге келгенде пiкiр алуандығы бар. Бiрақ, жүйелiк жақындасуға деген қадам жасалды. Астана Саммитiнiң маңыздылық мәнiнiң өзi осында жатыр", – дейдi А. Власов.
Тимур СӘДУАҚАСОВ,
Астана қаласы