Жаңалықтар

ҚАЙДА ҚАЗIР «АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР»?

ашық дереккөзі

ҚАЙДА ҚАЗIР «АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР»?

Медицина саласында кемшiлiктер көбейiп барады

Iлгерi даму кеңiстiгiн бағдар тұтқан iлкi мемлекет пен өркениеттi қоғамда түрлi салалардағы статистикалық көрсеткiштер мен нақты мәлiметтерге иық сүйеу әрi ауқымды iс-шараларды осындай деректерге негiздеу күнделiктi өмiрдiң айнымас салты. Құрғақ, жансыз цифрлар сезiмдi селт еткiзбегенмен, қоғамда қалыптасқан ахуалды прагматикалық тұрғыдан мейлiнше айқын, айна-қатесiз сипаттайтын, бұзылмайтын барометр.

Ол ол ма, тiзбеленген цифрлар: пайыздық көрсеткiштер мен дәйектер дүрмегi, сан қилы схемалар мен өрнектi сызықтар қарапайым адамдар үшiн iс пыстырарлықтай мәнсiз әрi мүлдем түсiнiксiз болып көрiнсе де, кейбiреулер үшiн асқақ әуен, сырлы әуез. Әрине, белгiлi бiр елдегi қалыптасқан iшкi жағдайға дәл әрi объективтi баға беруден жалтармайтын озық мемлекеттерде статистикалық деректер дәлелдi қажетсiнбейтiн догмаға айналған. Есесiне, керi көрсеткiштердi қоғамнан, жұртшылық назарынан бүгiп қалуды кәсiби шеберлiктiң шыңы санайтын, күлбiлте мен көлгiрсудi биiк деңгейге көтерген посткеңестiк елдердiң бәрiнде дерлiк мұндай статистикалық деректерге сенiм аз. Тiптi, ресми мәлiметтерге ден қойып, шын иланатындар жоқтың есебi. Ғабит Мүсiрепов өз уағында: "Бұл кездегi басты ауру – өз халқына өзi сенбеу. Өз халқының момындығына, енжарлығына сүйенiп үнемi өтiрiк айту. Осы екеуi қисыны келiп тұрмаса да, қайбiр басшылардың бiрiншi құралы" – деп, кеңестiк кезеңнiң дауасыз дертiне дәл диагноз қойған болатын. Бұл iндет қазiр одан әрмен асқынып бара жатқан сияқты.

Осыдан бiраз бұрын Ресейдiң президентi Дмитрий Медведев мырзаның өзi де статистикалық мәлiметтерге онша сене бермейтiнiн ашық бiлдiрдi. "Статистика у нас лукавая" дедi ел басшысы қамығып. Әрине, ХХI ғасырда мемлекет басшылары аса маңызды iс-шараларды түбi күмәндi статистикалық мәлiметтерге негiздейтiн болса, өркениет, iлгерi даму туралы ойлаудың өзi күпiрлiкке саяды. Бiздiң Қазақстанның жағдайы бұдан тәуiрiрек деуге де ауыз барар емес. Жергiлiктi, аймақтық статистикалық деректердiң бәрi дерлiк жағымды формуламен түзiлiп, жақсы нәтижелермен ғана әдiптелетiнi әркiмге белгiлi болса керек. Ал, бұндай дерт елiмiздiң денсаулық сақтау саласын да айналып өтуi мүмкiн бе? Ал бұл сала соңғы жылдары ұйыққа белшесiнен батқаны белгiлi. Оған Қазақстан медицинасының тұралаған хәлi, денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың ауыздық бермей бара жатқаны нақты мысал болса керек. Ең өкiнiштiсi, статистикалық мәлiметтердiң кереғарлығынан елiмiздегi өмiр сүру жасының ұзақтығын дәл анықтаудың өзi де мүмкiн болмай отыр. Мәселен, 2009 жылдың тамыз айында көптеген ақпарат құралдарында: "Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда адам өмiрiнiң орташа ұзақтығы – 66 жас" деген өкiнiшке толы деректер келтiрiлдi. Iле-шала Өзбекстан ғалымдары тасбақа қанынан адам жасын аз дегенде 100 жылға дейiн жеткiзетiн препарат жасапты-мыс деген ақпарат шартарапқа жайылсын. Көп ұзамай-ақ, яки 2010 жылдың мамыр айында ҚР Парламентi Сенатында 2009 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебiнде Қаржы министрi Болат Жәмiшев: "2009 жылы елiмiзде медико-демографиялық жағдайдың одан әрi жақсара бастағаны байқалды. Мәселен, есептi кезеңде елiмiздегi адамның өмiр сүруi 68,5 жасқа дейiн ұзарады," – деп қуанышпен жар салды. 2010 жылғы 5 қарашада Статистика жөнiндегi агенттiктiң жауапты хатшысы Юрий Шокманов мырза: "Статистика жөнiндегi агенттiктiң мәлiметтерi бойынша, Қазақстандағы соңғы екi жылда өмiр сүру жасының ұзақтығы 2,3 жылға өскен. Бұл көрсеткiштi Денсаулық сақтау министрлiгi де растап отыр", – деп мәлiмдедi. Екi жылда 2,3 жасқа өстi дейдi. Геометриялық өсу! Осымен бiрге Қазақстанда 2015 жылы өмiр сүру ұзақтығын 70 жасқа жеткiзу амалдары да жан-жақты қарастырылуда. Ал жоғарыда айтылған мәлiметтердi негiзге алатын болсақ, алдағы бес жылда қазақтардың өмiр сүру жасы небары 1,5 жылға емес, 5-6 жылға ұлғаюы тиiс секiлдi. Бiр өкiнiштiсi, бiздiң елде ұзақ жасағандар тiзiмi қысқа жiптiң үзiгiндей ғана. Мәселен, Қазақстанда 100-ден асқан небары 25-26 адам ғана бар. Құдайға тәубе, солардың басым денi, тiптi барлығы дерлiк сүйегi асыл әжелерiмiз.

Хош, ресми деректерге осы жолы иланайық, қазақтардың өмiр сүру жасы әжептәуiр өсiп келедi деп сенейiкшi. Қуанышты хабарға шүкiршiлiк етейiк.

Амал қанша, арамыздан Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлiбаев мырза сияқты кiсiлер табыла кетедi де, әйелдер мен ер азаматтардың зейнетке шығу жасын теңестiру керек деп "жалынды" ұран тастайтынын қайтерсiз. "Неге десеңiз ерлердiң өмiр сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда, бiршама төмен… Өйткенi көптеген әйелдер зейнетке шықса да жұмыс iстеп жүр" деп өкiнiшiн бiлдiредi ол. Әлiбаев мырза ерлердiң зейнетке шығу жасын төмендетудi ұсынып отырған жоқ, керiсiнше әйелдердiң зейнетке шығу жасын ұлғайту жағында. Тiптi, Қаржы министрi Болат Жәмiшев мырза да елiмiзде зейнеткерлердiң саны соңғы жылдары тым көбейгенiн айтып, көкiрегiнен жалын ата күрсiнгенi де көз алдымызда.

Ал ресми деректерге сенсек, Қазақстандағы перизаттардың 70 пайызының денсаулығында айтарлықтай ақау бар, дiмкәс. Бұл – биiк мiнберлерден айтылған, түрлi үкiметтiк емес ұйымдар жиi талқыға салып жүрген нақты мәлiмет. Ол ол ма, телеарналарда үнемi көрсетiлiп жүрген жарнамаға қарағанда, елдегi бибiлердiң 50 пайызының асқазаны iске алғысыз көрiнедi.

Осыған орай бiз перизаттардың зейнетке шығуын кешеуiлдетудi емес, ардақты қазақ аналарының денсаулығын жақсарту жөнiнде аттандап дабыл қағуға тиiспiз. Ағзасында кiнәрат бар аналардан денi сау, күш-қайраты тасыған ұрпақ дүниеге келе алмайды. Яғни, елiмiздегi аналар жаппай дiмкәс болса, ұлттық генофондқа да зор қатер төнiп тұрғаны аян. Ал адамдардың денсаулығына қамқор болуға тиiстi медицина саласын жуық маңда былықтан арши алар түрiмiз жоқ. Денсаулық сақтау саласына жыл сайын аса қомақты қаржы бөлiнiп отырғанына қарамастан жағдай оңалар түрi жоқ. Тiптi, 2011 жылы Қазақстан IЖӨ-сiнiң 1,8 пайызы осы салаға бағытталғалы отырғаны белгiлi. Аса қомақты қаржы! Және бөлiнетiн қаржы одан кейiнгi жылдары да үстемелеп өсе түспекшi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, осы аса маңызды салада жағдай түбегейлi жақсарып кетедi деген ешқандай сенiм болмай тұр. Өйткенi… Сонау бiр жылдарда медицина қызметкерлерi туралы титiмдей ғана хабар жазғандардың да кез келгенi "Ақ халатты абзал жандар" деген жаттанды тiркестi орайы келсе де, келмесе де тықпыштап, оқырман қауымды мезi еткенi есте. Жазыла-жазыла жауыр болған тақырып едi. Қазiргi уақытта көптеген мақтаулы медиктердiң иығында ақ халаты ғана қалып, абзалдық пен имандылықтан ада-күде қол үзгендей. Ал абзал жандар дегенiмiз кiмдер? Ол – кәсiби бiлiктi, Гиппократ антына адал, жүрегi мейiрiмге толы, науқас қана емес, айналадағы әрбiр адамға жан шуағын шашуға дайын, iшкi мәдениетi аса жоғары кiшiпейiл жан. Шапағатты кiсi. Бiрақ, қазiргi ақ халаттылардың көбiсi осындай қарапайым талаптарға да сай еместiгi мәлiм. Тiптi, дәрiгерлердiң дөрекiлiгi, науқастарға жаны ашымайтындығы, өз кәсiбiне жауапсыз қарайтындығы туралы сан алуан аңыздар ел iшiн кезiп кеткелi қашан. Қарапайым адамдар үшiн медицина қызметкерлерiнiң кейбiрi қазiр шыбын жанын, ар-ожданын Iбiлiске сатқан Мефистофель сияқтанады. Медик өмiрiнiң альфасы мен омегасы – ауырған жанға шипагер болу десек те, кейбiреулерi қазiр тек ақшаға табынады.

Мәселен, жуырда Алматы қаласындағы №1 перзентханадан жаңа туған сәби ұрланғаны қоғамда аса ауыр әсер қалдырды. Тосын жайт, перзентхана қызметкерлерiнiң өз мiндеттерiн дұрыс атқармайтындығынан туындаған әрi тұла бойды түршiктiрер оқиға! Еш кедергiсiз сырттан енген әйел қызылшақа сәбидi қаудырлаған пакетке салып, далаға алып шыққан. Осынау ұрлық ел арасында түрлi қауесет, алып-қашпа әңгiмелердiң отына май құйған болатын. Құқық қорғау қызметкерлерi жар құлағы жастық көрмей, жаппай iздестiру жұмыстарын жiтi жүргiзiп, ұрланған сәбидi тез арада iздеп тапты. Құдайға шүкiр! Осы кезде көзге түскен полицейлердiң бiразы iле-шала қала әкiмдiгi өкiлдерiнiң қолынан марапат қағазын, түрлi сый-сияпат алды. Бұл да мақұл, өздерiнiң кәсiби мамандықтарының майталмандары екендiгiн дәлелдеген құқық қорғаушылардың қиын еңбегi биiк бағаланғаны орынды. Ал дәрiгерлер ше? Аталмыш перзентханадағы бiрнеше адамның, төменгi лауазымды пақырлардың қызметпен қоштасуы, олардың үстiнен қылмыстық iс қозғалуымен бұл мәселе жабулы қазан жабулы күйiнде қала бермекшi ме? Осыдан екi-үш жыл бұрын да дәп осы перзентханада жаңа туған сәби жоғалған едi ғой. Бұл ешкiмге сабақ болмағаны ма? Жалпы елiмiздегi, облыс орталықтарындағы перзентханалардың жағдайы қандай? Олардан да болашақта сәбилер ұрланбайтындығына қандай кепiлдiк бар? Осындай сандаған сауалға әлi ешбiр нақты жауап берiлген жоқ.

Жазға салым Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада жиен қарындасым емделiп шықты. Кәдуiлгi соқыршекке қарапайым операция жасалған. "Жедел жәрдем" машинасымен жеткiзiлген жас қызға операция жасауды сағызша созған ақ халатты хирургтер алақанына ақша салуды тұспалдап, табандап тұрып алса керек. Амалы таусылған күйеу балам Р. деген дәрiгердiң қолына 30 мың теңге ұстатуға мәжбүр болыпты. Бұл жайтты кешiрек естiгеннен кейiн журналистiгiмiздi пайдаланып, сол ауруханадағы адам төзгiсiз ахуалды жазғымыз келген. Дәрiгерлер арасында тамыр жайған парақорлықты әшкерелемек болдық шама-шарқымызша. Амал қанша… "Қоя сал, қызымның денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Соның амандығы үшiн берген садақам деп сана! Ақшасы құрысын, тек қызым аман болсын", – деп күйеу бала етегiмiзден басқан. Бәрiн бiлiп тұрып бармағымызды шайнадық. Өйтетiн жөнiмiз де бар едi. Жиен қызымыз: "Қайта маған жақсы қарады ғой. Ал сондай ақша берген палаталас қыздың жарасынан су шықса да, ешкiм емдемей қойды", – деп шошытқан. Дәп сол күндерi қан қысымының көтерiлуiнен әлгi ауруханаға түскен әйел екi-үш күн ес-түссiз жатып, ауыр қиналыспен көз жұмыпты. Үш тәулiк бойы жанына еш дәрiгер жақындамаған. Ем қолданбаған. Әлгi әйел қайтыс болған күнi жақын iнiлерi емдеушi дәрiгердi аямай соққыға жығып, төсек тартқызса керек. Бәлкiм, әлгi дәрiгер айтарлықтай жарақат алмаған да болар. Бар бәленi байғұс әйелдiң туған-туыстарына жауып, қара басын арашалап қалу үшiн ойлап тапқан амалы шығар. Әйтеуiр, жиен қызымыз ақ халаттылардан шошынып келдi, бiздi шошыта келдi. Бұл – өркениетке бiр табан жақын делiнетiн Алматыдағы бiз бiлетiн өрескел жағдай ғана. Ал жергiлiктi жерлердер ахуал бұдан да мүшкiл екенiне еш күмән жоқ. Ең бастысы, адам денсаулығын сенiп тапсырған дәрiгерлерiмiз осындай садақа алуды қашан доғарады?…

Медицина саласындағы келеңсiздiктер туралы бас ауырып, балтыры сыздап, дәрiгерлердiң алдына барған әрбiр адам талай-талай үрейлi хикая айтып беретiнi де аян. Бүгiнгi күндерi Алматы қаласында ВИЧ дертiмен науқастанған 8 жасқа дейiнгi 73 бала бар. Атының өзi кiсiнiң төбе құйқасын шымырлататын емi жоқ дерт. Аянышты тағдырлар. Мұның өзi аз болғандай әлдекiмдер таяуда қаламыздың әсем мүйiсiне iрге тепкен, туберкулезбен ауырған балалар емделетiн "Шымбұлақ" шипажайының ғимаратына СПИД орталығын қосымша орналастырғаны жөнiнде газетiмiз дабыл қаққан болатын. ("Түркiстан" газетi, №47, 25 қараша, 2010 жыл. "Шипажайдың шырылы") Кейбiр мамандар мұндай көршiлiктiң балалар денсаулығына еш зияны тимейтiнi түсiндiрiп әлек. Солайы солай шығар, бiрақ дауа таптырмай отырған "ғасыр дертiнiң" атына орай туындайтын үрей, ата-аналардың психологиялық қорқынышын ешкiм қаперге алмайтын сияқты. Тiптi, аса iрi мегаполисте СПИД орталығына басқа жерден титтей қуыс табылмай қалды дегенге кiсi сене ме? Осындайда медицина саласындағы кейбiреулер мемлекет беделiн түсiру үшiн қасақана әрекет жасайтын секiлденедi. Адамдардың өмiрiмен тiкелей байланысты осынау аса маңызды әлеуметтiк салада қалыптасқан адам төзгiсiз жағдай мемлекетiмiздiң атақ-абыройы мен беделiне де қара күйе болып жағылары түсiнiктi. Сондықтан медицина саласындағы iлгерiлеу, жағдайдың оңалуы жөнiндегi статистикалық мәлiметтерге жұртшылықтың сене бермейтiн де сондықтан. Ал статмәлiметтерi шындыққа жуыспайтын мемлекеттi өркениетке сай деуге ауыз бара қоймайды емес пе?!.

Жаңабек ШАҒАТАЙ